Сенбі, 23 Қараша 2024
3692 0 пікір 26 Қараша, 2019 сағат 10:33

ICIJ Шыңжаң жайлы құпия құжат жариялады

24 қарашада Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) "Қытай билігіне тиесілі" құпия құжатты жариялады. "Телеграмма" деп аталатын құжатта Пекиннің Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалатын адамдарды анықтау жолы, саяси тәрбиелеу орталықтарының қалай басқарылатыны жазылған.

ICIJ жариялаған құжатта "лагерьге түскендер қашып кетпес үшін не істеу керектігі, лагерьлердің барын құпия ұстау әдістері, ауру тараудың алдын алу әдістері, идеология жүргізу тәсілдері, қамаудағылардың дәретханаға шығатын, жақындарымен кездесетін уақытына" дейін көрсетілген.

2017 жылы "дайындалған" құжатқа Шыңжаң қауіпсіздік қызметінің жетекшісі, Коммунистік партияның Шыңжаңдағы басшысының орынбасары Чжу Хайлинь қол қойған.

ICIJ бөліскен құжаттағы деректерге қарағанда, Пекиннің Шыңжаңда үш миллионға жуық адамның әр басқан қадамын арнайы камералар және компьютерлермен аңдып отырған, лагерьге қамалатын адамдарды жеке бас деректері негізінде анықтаған.

"Құпия" деген белгісі бар құжаттағы негізгі нұсқаулықтар:

Лагерьдегілер қашып кетпеуі тиіс. Сондықтан олардың әр қадамын тәулік бойы видеокамерамен бақылау керек. Оларды жататын жерде, сабақ өтетін сыныпта, тіпті түскі ас кезінде де бақылауда ұстау қажет.

Қытай тілін меңгерсін. Бұл – басты мақсат.

Лагерь қатаң бақылануы тиіс. Әр ғимаратқа, әр есікке, әр қабатқа бірнеше есік қойып, олардың барлығын құлыптау керек. Әр ғимараттың аумағы биік қабырғамен қоршалып, кіреберіс қақпаға қатаң күзет қойылсын.

«Студенттердің» басында қанша уақытқа қамалатыны белгісіз болады. Бірақ олар кем дегенде бір жыл отырып шығуы тиіс.

Лагерьге ұпай жүйесі енгізілсін. "Студенттер" идеологиялық тәрбиесіне, тәртібіне, оқуына қарай ұпай берілсін.

Идеологиялық тәрбиені толық алып шыққандарды бірден босатуға болмайды. Оларды басқа лагерьге ауыстырып, тағы бірнеше ай еңбекке баулу керек.

Қамаудағылар жақындарымен аптасына бір рет телефонмен, айына бір рет видеомен байланыса алады. Бұл олардың сыртпен байланысатын жалғыз амалдары болады. Егер тәртіп бұзса, жақындарымен сөйлесуге тыйым салынады.

"Студенттер" ауырып қалса не басқа да төтенше жағдай болса ғана лагерьден шығарылады. Олар орталықтан шыққан кезде қызметкерлердің қатаң бақылауында болуы шарт.

Оқитындардың жататын орны, сыныптағы партасы, жұмыс үстелі, тамақтағы кезегіне дейін бекітілуі тиіс. Оны мүлде өзгертуге болмайды. Ұйқыға жататын, ұйқыдан оянатын, жуынатын, дәретханаға баратын уақытына дейін белгіленуі керек.

ICIJ қолға түсірген құжаттарлы тіл мамандары мен сарапшылар толық тексерген. SOS International LLC зерттеу ұйымының өкілі Джеймс Малвенон "Телеграмма" 100 пайыз құпия құжаттар стилінде жазылған» дейді.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да түркітілдес ұлттарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйренетін орталық" деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да түркітілдес ұлт өкілдері отыр" деп мәлімдеген.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347