Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 49661 137 пікір 4 Желтоқсан, 2019 сағат 11:22

Біз, мұғалімдер, ешкімнен «жаңартылған» оқулық сұраған жоқпыз!

ҚР Білім және ғылым министрі

Асхат Аймағамбетовтің назарына!

Жаңартылған оқу бағдарламасы: Қараңғы  бөлмеден қара мысықты іздеу немесе сауатсыз ұрпақтың обалы кімге?

Еліміздегі ең көп «реформаланған» сала, ол – білім саласы. Осы көп «реформалардың» бірде-бірі білім саласына оң нәтиже берген жоқ. Неге? Себебі, бұл реформаларға мұғалімдер қатыстырылмады. Олардың пікірін ешкім сұраған жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, ғылыми тұрғыда зерттеліп, сарапталмаған осы «реформаларды» жүзеге асыруда технологиялық мүмкіншіліктеріміз ескерілмеді. Оны ешкім есептеп, сараламады да. Үшіншіден, реформаны жүзеге асыратын ең басты тұлға мұғалімнің де, оқушының да ұлттық менталитеті мен психологиялық ерекшеліктері ескерілмеді. Төртіншіден, бұл білім реформалары оқушыға білім беру тұрғысынан келгенде қалыптасқан оқу жүйесінен әлде қайда төмен еді. Ал, реформалар сол саланы жаңартып,үздік нәтижелерге қол жеткізу үшін жасалады емес пе?! Еліміздегі білім саласының билікке тікелей тәуелді болуы себепті де, әміршіл билік жүйесі ойлап тапқан «білім реформалары» оң нәтиже бермеді. Біздегі барлық білім реформаларының авторы біреу. Ол – билік.

Айпағымыз: миллиондаған халық қаржысы шашылып, нәтижесіз аяқталған «білім реформалары» туралы емес. Бүгінгі әңгіме, тағы да сол билік жүйесі ойлап тапқан «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты соңғы білім реформасы туралы болмақ.

«Жаңа оқу жылын әлемдік білім стандартына негізделіп жасалынған «Жаңартылған оқу бағдарламасымен бастаймыз»,деп ұрандатып басталған жаңа оқу жылы мен үшін сергелдеңмен басталды. Сергелдең себебі, «Жаңа оқу бағдарламасына» сәйкес жаңаша оқуды былтыр бір жыл оқыған 8-сынып пен «Жаңартылған оқу бағдарламасын» биыл бастаған 10-сыныптың маған тапсырылуы еді. Бұрын сабақ бермеген сыныбына мұғалімнің сынай қарайтын әдетімен, сыныптың білім деңгейін тексеру мақсатында, мен де сыныптан түрлі пішімде ауызша және жазбаша түрде сынақ алуға кірістім. Бұрынғы оқу бағдарламасы бойынша, тіл білімінен 5-сынып «Фонетика», 6-сынып «Лексика», 7-сынып «Морфология», 8-сынып «Синтаксис» бөлімдерін оқитын. 5-7-сыныптарда өткен тақырыптарды ауызша сұрай бастадым. Оқушылардың жауабы мен ойын жеткізіп сөйлей алмауы көңіліме қонбады. Содан соң граматикадан жазбаша сынақ алдым. Сынақ сұрақтары бастауыш сынып пен 5-6- сыныптарға арналған «Әріп, дыбыс, дыбыстың түрлері, буын, тасымал дегеніміз не?» деген секілді өте жеңіл сұрақтар.

Жазбаша жазылған грамматикалық сынақ жұмысының нәтижесінде сынақ жазған 22 оқушыдан екі оқушы «4», алты оқушы «3», он төрт оқушы «2» деген баға алды. «5» жоқ. Бұл нәтиже мені есеңгіретіп жіберді. Ширек ғасырға жуық педогогикалық жұмыс өтілім барысында түрлі деңгейдегі сыныптардан сынақ алып жүрміз ғой. Бірақ, сыныптың тең жартысынан астамы екі деген баға алуы мүмкін емес жағдай. Өз көзіме өзім сенбедім. Келесі сабақта дәл осы сегізінші сыныптан жазбаша диктант алдым. Жеңіл түрде, жеңіл тақырыптан алайын деп шештім. Диктант алтыншы сыныпқа арналған. Жазып отырған - сегізінші сынып. Диктанттар жинағының авторы - А.Есенқұлова. Оңтүстік Қазақстан педагог кадрларының білім жетілдіру институттары ұсынған. Диктант жазған оқушылар саны 21. Оның ішінде екі оқушы «4», бес оқушы «3», он төрт оқушы «2» деген баға алды. «5» жоқ. Байқаған адамға грамматикадан жазған жазбаша жұмыстың нәтижесі қайталанып тұр. Ұзақ жылға созылған педагогикалық жұмыс барысында түрлі жағдайларды көрген мені бір нәрсемен таңқалдыру қиын. Бірақ, дәл осы жағдайдың мені таңқалдырғаны соншалық, ашық күнде төбемнен жай түскендей болды. Бір сыныптағы 20-25 оқушының ары кеткенде бес-алтауы үлгермеуші болуы мүмкін. Ал бір сыныптағы 21 оқушының жартысынан астам 14 оқушысы үлгермеуші болуы мүмкін емес. Сонда бұған кім кінәлі? Бәрінен бұрын оқушыларды, сол оқушы балалардың ертеңінен үміт күтіп отырған ата-ананы аядым. Сонша сауатсыз болып қарғысқа ұшырайтындай (мына «Жаһандану» заманында сауатсыз һәм білімсіз болуды мен қарғысқа ұшырау деп есептеймін) періштедей пәк бүлдіршіндердің күнәсі не еді? Олардың обалы кімге?

Бұлар неге сонша сауатсыз? деп бұрынғы пән мұғалімінен сұрасам ол:  «Оқушы сауатсыз болмағанда қайтеді, қазіргі жаңа оқу бағдарламасы бойынша Қазақ тілі пәнінен грамматиканы басты орынға шығарып, грамматикалық заңдылықтарлы тереңдете оқу деген жоқ. Қазақ тілі пәнінің орнына география ма, әлде биология ма, басқа пәнді оқытып отырған секілдісің. Диктант жазу деген атымен жоқ. Балаға екі қою былай тұрсын, мынауың қате деп, қатесін түзеп айтуға да болмайды»,деп соны да білмейсіз бе, артта қалып кетіпсіз ғой, дегендей жақтырмаған көзбен қарады. «Жаңартылған білім бағдарламасын» жатырқап, қабылдай алмай тұрғаны көзінен көрініп тұр. Сонда, қазақ тілі пәнінде диктант жаздырмайтын, қазақ тіл грамматикасын тереңдетіп оқытпайтын бұл қандай «Жаңартылған оқу бағдарламасы?» деп аң-таң болдым.

Қай заманда да орта білімнің ең басты мақсаты – оқушы баланы қоршаған ортасы мен қоғамы туралы өзіндік ой, пікір түйіп, сол ойды ауызша және жазбаша түрде жеткізе білуге үйрету. Егер, ол бала орта мектеп бағдарламасындағы қазақ тілі грамматикасының заңдылықтарын білмей, өз ойын сауатты түрде жазбаша жазып жеткізе алмаса, онда орта мектеп бағдарламасының ең басты мақсатының орындалмағаны. Орта мектап бағдарламасындағы қазақ тілінің ең негізгі міндеті – оқушыны сөйлеу мәдениетіне үйрете отырып, ойын сауатты түрде, жазбаша жеткізе алуы үшін қазақ тілі грамматикасын оқушыға тереңнен меңгерту. Осындай абыройлы да аса жауапты міндетті «Жаңа оқу бағдарламасы» қалай орындады екен? Дәл осындай оймен жаңа оқу бағдарламасы бойынша 8-сыныпқа арналған Қазақ тілі оқулығын қолымызға алдық. 256 беттен тұратын үлкен сары кітап екен. Бірінші беттегі басты парағында (титульный лист) Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. / Ермекова Т.Н., Ерхожина Ш.Л, Тоқбаева А.Е. - Астана: «Арман-ПВ» баспасы, 2018 - деген жазуы бар.

Мамандығымыз болғандықтан қазақ тілінің грамматикасын бір кісідей білеміз деп ойлаушы едік. Бірақ, мына кітаптың басты парағындағы «Қазақ тілі» деген сөзден кейінгі қос нүкте мен авторлық ұжымның алдына қойылған жақша болмаса жантая орналасқан сызықша мен «Астана» деген сөздің алдынан қойылған сызықша және соңынан қойылған қос нүктені – авторлық ұжым қазақ тілінің қандай грамматикалық заңдылықтарына сәйкес қойғанына еш түсінбедік. Біз білетін грамматикалық заңдылықта, кітаптың басты бетінде кітаптың шыққан жылы жазылып үтір қойылады, баспа атауы тырнақшаға алынып, содан соң кітаптың шыққан жылы жазылады. Ешқандай жақша, сызықша, қос нүкте қойылуға тиісті емес.

Менің алдымда қазақ Тіл білімі ғылымының ұлы корифейлері І.Кеңесбаев, Т.Қордабаев, Ғ.Мұсабаев және тағы да басқа бірнеше ғалымдар 1978 жылы «Ғылым» баспасынан құрастырып шығарған «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» жатыр. М. Балақаев жауапты редактор, ал редакциялық алқа мүшелері:   І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Р.Сыздықова. Дәл осы сөздіктің басты парағы мен айтқан заңдылық бойынша жазылған. Ал, енді 7-сынып әдебиеті «Атамұра» баспасы  2003 жыл, 6-сынып әдебиеті «Атамұра» баспасы 2002 жыл, қазақ әдебиеті 9-сынып «Арман-ПВ» баспасы 2013 жылғы оқулықтарының басты парағы біркелкі емес, бірінде кітап шыққан қаланың алдында сызықша қойылған, бірінде қойылмаған, әртүрлі. Басты парағынан бастап қатесі бар ол қандай оқулықтар? Кім сенеді мұндай оқулыққа? Әлде, қазақ тілі грамматика заңдылықтарына өзгеріс енді ме? Ақылдаспай, ешкіммен келіспей, тіліміздің грамматикалық заңдылықтарына өзгертулер енгізген кім? Оған қандай мұқтаждық болды? Тіл білімінің грамматикалық заңдылықтары – заң актісі секілді мемлекеттік құжат. Оны өздігінен өзгертуге ешкімнің де құқығы жоқ.

Егер, Тіл білімінің грамматикалық заңдылықтарына өзгертулер енсе, оны ең алдымен бізге, мектеп мұғалімдеріне түсіндіру керек емес пе? Себебі еліміздің болашағы жас ұрпаққа қазақ тілінің грамматикасы мен ауызша дұрыс сөйлей білуді оқытып, үйретіп жатқан мына біз, қарапайым мектеп мұғалімдері. Міне, осы мектеп мұғалімдері өздерінің мамандығына байланысты болып жатқан өзгерістер туралы еш нәрсе білмейді. Олармен ешкім ақылдасып, санаспайды да. Мұғалімдермен ақылдаспай жасалынған білім саласындағы түрлі «реформалар» соның айқын дәлелі. Осы «реформалар» мысалынан-ақ, мектеп мұғалімдеріне жоғарыдағылардың менсінбей, астамшылықпен қарайтын өктем көзқарасы айқын сезіліп тұр.

Сонымен, «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім саласындағы соңғы реформаның «жемісі» 8-сыныптың қазақ тілінің 1-бөлімін аштық. Бөлім атауы «Көне түркі жазбалары және қазақ жазуы». Содан соң «Орфография»,  «Жалқы есім емлесі», деген жазулар көзімізге шалынды. «Орфография» тіл білімінің қандай саласы, нені оқытады? Ешқандай түсінік берілмепті. Оның есесіне «Көне түркі жазбалары – баға жетпес құнды байлық» атты Ерболат Саурықовтың мақаласы беріліпті. Мектеп оқушылары ұғымына сай емес, ғылыми стильде, ауыр тілде жазылған мақала, ғылыми монографиядан қиып алып, оқулыққа енгізілген секілді әсер қалдырды. Келесі 7- бетте «Бас әріппен жазылатын күрделі атаулар» деген сөйлемнің төрт бұрышы сызықшамен қоршалуына қарағанда, бұл – грамматикалық заңдылық секілді. Мені таңқалдырған осы тақырып болды. Себебі, бас әріппен жазылатын атаулар, бұл – бастауыш 2-3-сыныптың оқу бағдарламасының тақырыптары. Аптасына екі-ақ рет болатын қазақ тілі пәнінің онсыз да аз сағатына, бастауыш сынып тақырыбы не үшін кіріктірілген? Өте түсініксіз. Жоғарғы сынып болып есептелінетін 8-сынып үшін тақырып өте жеңіл әрі 8- сынып оқушыларының психологиялық жас ерекшелігіне сай емес. Кітапты жазған авторлық ұжымның мектепте сабақ беріп, баламен тығыз жұмыс істеп көрмегені анық сезіліп тұр.

2-бөлім «Адамзаттық құндылықтар және әлем мәдениеті». Фонетика, әуен, әуез, тембр, қарқын, кідіріс, деп берілген. Мұнда да «Фонетика» тіл білімінің қандай саласы? Нені зерттейді, деген сұрақтар төңірегінде бір ауыз сөз айтылмаған. «Фонетиканың» негізгі зерттеу аймағы – дыбыс. Ал,  «Фонетика» бөлімінде – дыбыс, дыбыстың түрлері, емлесі, буын, буынның түрлері, тасымал туралы ештеме жоқ. Оның есесіне тіліміздегі «тембр»,  «қарқын», «әуез», деген ұғымдарды оқушыға түсіндіруге тырысқан. Сонда, өздеріңіз ойлаңыздаршы, мектеп оқушысына сөздердің дұрыс жазылу емлесі, буын мен дыбыстың түрлері, сөздерді дұрыс тасымалдау маңызды ма, жоқ әлде «әуен, әуез, тембр» сөздерінің мағынасын білу маңызды ма? Буынның не екенін білмейтін, сөздерді дұрыс тасымалдай алмайтын оқушы, ойын қалай сауатты түрде жазбаша жеткізе алады? Өкініштісі сол, бізде білім бағдарламасы мен оларды жоспарлау және мектеп оқулықтарын зерттеп талдайтын тәуелсіз сараптамалық орталықтар да, сараптамалық мерзімді басылымдар да жоқ. 5-10-сынып аралығындағы оқулықтарды жүйелі талдау-бір мақала көлемінде мүмкін емес.

Десек те, «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша жазылған 5-10-сынып аралығындағы қазақ тілі оқулығының біз байқаған кемшіліктері мына төмендегінше:

1. 5-10-сынып аралығындағы қазақ тілі оқулығында Тіл білімінің грамматикасын бар деп те, жоқ деп те айта алмайсыз. Себебі, «Жаңартылған бағдарлама» бойынша жазылған қазақ тілі оқулықтарында белгілі ғылыми жүйе жоқ. Мысалы: қазақ тілінің «Фонетика», «Лексика» бөлімдері 5-сыныпта да, 8-сыныпта да берілген. 5-сыныптың Қазақ тілі оқулығында тіл білімінің салалары «Фонетиканың» да, «Лексиканың» да, «Морфологияның» да басын бір жерге қосып, қойыртпақ быламық жасап жіберген. Тіл білімінің күрделі үш саласын 5-сынып оқушылары қалай бірден меңгермек?

2. Оқулықтар ғылыми негізде жазылмаған. Мектеп оқушылары тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис», «Стилистика» секілді салаларын жеке-жеке бір-бірімен араластырмай, мектеп оқушыларының жас ерекшелігі мен олардың жеке тұлға ретінде қалыптасу психологиясын ескере отырып, жеңілден күрделіге қарай кезегін бұзбай оқыту керек.

3. Қазақ тілі оқулықтарындағы грамматикалық ережелер мен анықтамалар ғылыми тілде жазылмаған. Мысалы: Бастауыш атау септігінде тұрып, іс-оқиғаның иесін білдіреді. Кім? Не? Кімдер? Нелер? Кімім? Нем? деген сұрақтарға жауап береді, деп, өте қарабайыр тілде жазылған (8-сынып. Қазақ тілі,124-бет) Мысал үшін: Сөйлемде атау септігінде тұрып, ойдың кім, не жайында екенін білдіріп, бастауышпен қиыса байланысатын тұрлаулы мүшені бастауыш деп атаймыз. Сұрақтары: Кім? Не? Кімдер? Нелер? Кімі? Несі?, деп жазса, ғылыми тілде жазылған грамматикалық ереже, оқушыға әлдеқайда түсінікті болар еді. Біз оқушыларға ғылыми тұжырым мен ғылыми тілде сөйлеуді мектеп қабырғасынан бастап үйретуіміз керек.

4. Оқулық жазуда оқушылардың жас ерекшеліктері ескерілмеген. Мысал үшін: Жоғарғы сынып оқушыларына өте ауыр «Автор сөзі, Төл сөз, Төлеу сөз және олардың тыныс белгілері», секілді күрделі тақырыптар 5-сынып оқу бағдарламасына кіріктірілген. Бұл тақырып 5-сынып оқушысы үшін өте ауыр. Дәл осы тақырыпты 8-9-сынып оқушыларының өзі үлкен қиыншылықпен меңгереді.

5. Қазақ тілін және оның грамматикасын басқа ғылым түрлерімен бірге меңгертеміз, деген ой ұстанымда болған авторлық ұжым, оқулыққа басқа пәндердің тақырыптарын енгізу арқылы оқушылар ойын негізгі қазақ тілі пәнінен мүлдем басқа жаққа бұрып жіберген. Нәтижесінде сынып оқушыларына қазақ тілі грамматикасы екінші, үшінші кезектегі мәселе секілді болып көрініп қалған.

Соңғы жазылған 5-10-сынып аралығындағы оқулықтарды зерделей отырып, қазіргі оқушылардың білімсіз де сауатсыз болуына себепкерді таптым. Ол –  «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша жазылған Қазақ тілі оқулықтары! ...Себепкер табылар-ау, бірақ сауатсыз ұрпақтың обалы кімге?

«Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша, кемшілігі әр жерден көзге анық көрініп тұрса да, қазақ әдебиетіне қарағанда, қазақ тілінің жағдайы көш іргелі деуге болады.

Ең бірінші айтпағымыз: Біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің ұлттық көрінісі баяндалатын біздің бай ауыз әдебиетіміз бен оның түрлері және олардың жанрлық ерекшеліктері туралы жаңартылған оқу бағдарламасында бір ауыз сөз жоқ. Біздің ұлттық әдебиетіміздің негізі болған, «Халық ауыз әдебиеті» деген әдебиет болмаған секілді.

Егер біз, бүкіл тарихымыз бен мәдениетіміздің өзегі – ауыз әдебиетімізді оқушыларға мектеп қабырғасынан бастап, ғылыми негізде, жүйелі түрде оқытпасақ, жас ұрпақ-мектеп оқушыларын елін, жерін, ұлтының әдебиеті мен мәдениетін сүйетін патриот етіп қалай тәрбиелейміз? Екіншіден, әдебиет – ғылым. Әдебиет ғылым ретінде «Әдебиет тарихы», «Әдебиет сыны», «Әдебиет теориясы» деген үш бөлімнен тұрады. Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша жазылған қазақ әдебиеті оқулықтарында жоғарыда аталған үш бөлімнің ешқайсысы да ғылыми негізде толық қамтылмаған. 10-сынып әдебиетінде әдеби жанрлар мен әдебиет көркемдегіш құралдарына автор шығармасымен байланыстырмай жеке-жеке түсінік бергенімен, оқулыққа енгізілген авторлар шығармашылығына тарихи-әлеуметтік тұрғыдағы сын және теориялық талдау жасалынбаған. Шығармашылық тұлғалардың өмір сүрген уақытына қарай, әдебиетті кезең-кезеңге жіктей отырып, әдебиет белгілі жүйемен ғасыр-ғасырға бөлініп топтастырылмаған. (Мысалы: «XIX-ғасыр әдебиеті», «XX-ғасыр әдебиеті» деген секілді.) Әдебиетті ғылым ретінде оқытуда қалыптасқан осындай әлемдік үрдісті авторлық ұжым ескерусіз қалдырған. Ең бастысы, мектеп окушыларына әдебиет пәнін ғылым ретінде оқытуды авторлық ұжым мақсат етпеген. Бұл – оқулықтың мазмұны мен сапасына үлкен нұсқан келтіріп, оқулықты түкке алғысыз, жарамсыз етіп көрсетіп тұр. Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша жазылған қазақ тілі және әдебиеті пәні оқулық авторларының ұстанған ең негізгі басты қағидасы, ол – жаңа оқулықтарды бұрынғы оқулықтарға барынша ұқсатпауға тырысқан секілді. Оқулық авторларының бұл әдісі – оқулықтың ғылыми негізіне үлкен нұсқан келтіріп, оның білімділік сапасын сын көтермейтін өте төменгі дәрежеге түсіріп жіберген.

Тоқсан ауыз сөзді бірер сөзбен түйіндесек: «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша жазылған 5-10-сынып аралығындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқулықтары,пән мұғалімдерін былай қойғанда, мектеп оқушыларының қарапайым сұранысына жауап бере алмайды. Біз, мектеп мұғалімдері ешкімнен жаңартылған оқулық сұрағанымыз жоқ. Сондықтан да мемлекет қаржысын бостан-босқа шаша бермей, ғылыми негізде жазылған бұрынғы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулығын қайтарып берулеріңізді талап етеміз!

Біз сөз басында жас ұрпақтың сауатсыз болуына сапасы төмен Қазақ тілі оқулығы кінәлі десек те,шын мәнінде оқушылардың білімсіз де сауатсыз болуының негізгі себепкері біреу, ол «Жаңартылған оқу бағдарламасы».

«Жаңартылған оқу бағдарламасының» теориялық негізі, Қазақстан мұғалімдеріне «Кембридждік тәсіл» деген атаумен белгілі – «Блумм таксономиясы».

«Блумм таксономиясының негізгі үрдісі, педогогика ғылымына бұрыннан белгілі – айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым десе де, негізінен американдық ғалым Блумның оқу жүйесі бойынша, сабақты мұғалім емес, оқушылар ойын түрінде бір-біріне өздері түсіндіруі керек. Ал, енді жаңа сабақ өткізгіңіз келсе, жақсы оқитын оқушыларға жаңа сабақты алдын ала тапсырма ретінде үйге беріп жібересіз. Сабақты үйде дайындап келген оқушылар, жаңа сабақты да ойын түрінде бір-біріне өздері түсіндіреді. Оқушыға екі деген баға қоюға және оның қатесін түзеуге болмайды. Шығарма, диктант жазуға рұқсат жоқ. Мұғалім оқушыға: «Сенікі дұрыс» деген сөзден бастап, өз пікірін содан соң айтуға құқылы. Оқушы өз білімін өзі бағалайды.

Шығарма және диктант жаздырмайтын, оқушы өз білімін өзі бағалап, жаңа сабақты оқушылар ойын түрінде бір-біріне  өздері түсіндірсе, онда мұғалімнің керегі не? деген сауал осындай жағдайда өзінен-өзі туындайды.

Бұрын да айтқанбыз,тағы қайталаймыз: Оқушылар өздерін-өздері оқытатын болса, олардың белгілі бір зат немесе құбылыс туралы тереңдеп ойлануы, айналасы мен қоғамы туралы ой жинақтауы, сөйлеу қабілеті қай кезде дамиды? Жаңа сабақты дайындалып келіп түсіндіретін оқушы қанша жерден дарынды болса да, ол жоғарғы білімді, көзқарасы қалыптасқан жеке тұлға, кәсіби маман емес. Сондықтан да ойын элементтері арқылы оқушылардың жаңа сабақты бір-біріне өздері түсіндіруі, олардың жаңа тақырыпты терең түсінуіне мүмкіншілік бермейді.

«Жаңа оқу бағдарламасы» бойынша оқу жоспары ҰМЖ (ұзақ мерзімді жоспар) және ҚМЖ (қысқы мерзімді жоспар) болып екіге бөлінеді. Мұғалімдер Оқу министрлігі бекіткен оқу стандартына сай ҰМЖ-ны яғни ұзақ мерзімді оқу жоспарын сағат санына ыңғайлап, мұғалімнің өзі түзгені – құптарлық іс. Ал, қысқа мерзімді оқу жоспары яғни ҚМЖ-педогика ғылымы тарихында бұрын соңды болмаған құбылыс. ҚМЖ-ы туралы айтсам мен де жылаймын, сіз де жылайсыз, күллі мұғалім жылап, жынды болуға айналды. Өзім танитын бірнеше мұғалімнің психикалық дағдарыстан бұрынғы науқастары қозып, жедел түрде ауруханаға түскендері де бар. ҚМЖ деген қысқа мерзімді оқу жоспары болса, бұрын да сабақ жоспарын жазып жүрген мұғалімге оның несі қиын дерсіз. Қиындығы сол, бұл – белгілі формада, өзіндік формуламен жазылатын оқу жоспары. Әуелі сабақ мақсаты, одан оқу мақсаты, белсенді оқыту әдістері, саралау әдістері мен критериалды бағалау түрлері және сабақтың ықпалы туралы қорытындылар, қабілетіне қарай топқа бөлінген оқушылар не үйренді т.с.с. Қысқасы қандай қимыл жасап, не істедіңіз – бәрін-бәрін хаттап жазып отыруыңыз керек. Және барлығы да өз кезегімен. Тура бір кроссворд шешіп отырғандай боласыз. Осындай жағдайда жазылып, компьютерге басылған ҚМЖ үш-төрт парақ жазу болады. Он сегіз сағаты бар мұғалім күніне үш-төрт сағат сабақ береді. Әр сыныптың деңгейі әртүрлі. Сондықтанда ол әр сыныпқа жеке-жеке ҚМЖ жазу керек. Ойланып, ақыл тезіне салып көріңіздерші. Он сегіз сағаты бар мұғалім күніне үш-төрт сағат сабақ беріп, әр сабаққа үш-төрт парақ ҚМЖ жазса, ол орта есеппен күніне 10 парақ, аптасына 50 парақ, айына 200 парақ, бір оқу жылында 1600 парақ жазу жазады екен. 1600 «А-4» парағын екіге бүктесек 3200 бет шығады. 3200 бетті 300 беттен кітап етіп түптесек, бір мұғалім бір жылда орта есеппен 300 беттік 10 том кітап жазады екен. Бұған әр оқушыдан алатын БЖБ (бөлімдік жинақтық бағалау) ТЖБ (тоқсандық жинақтау бағалауы) және ҚБ (қалыптастырушы бағалау) жазуларын қосыңыз. Мұның бәріне кететін қағаз бен оны компьютерден шығаруға жұмсалатын шығындарды мұғалім өз қалтасынан төлейді. Бұрынғы қағазбастылық деп жүргеніміз – қазіргі қағазбастылық жазудың қасында жай әшейін баланың ойыны. Қазіргі мектептегі қағазбастылық бұрынғымен салыстырғанда миллион есе өсті!

Айтудың өзі ұят қазіргі таңдағы мұғалімдердің білім жетілдіру курстары мұғалімдерге тек қана ҚМЖ, ҰМЖ, ТЖБ, БЖБ-ны жазуға ғана үйретеді. Бір ҚМЖ жазуға бір сағаттай уақыт кетеді екен. Мұғалім күніне үш-төрт сағат бойы тек қана ҚМЖ жазса, сонда ол қай кезде қосымша әдебиеттер оқып, кәсіби тұрғыда өзін-өзі жетілдіреді? Қазіргі мұғалімдерді кітап оқымайды дейміз. Оған олардың уақыты жоқ. Мектеп әкімшілігі оқу стандартына сәйкес мұғалімдерден ҰМЖ, ҚМЖ талап етуде. Заңды бұзуға болмайды, бірақ оны айналып өтуге әрқашанда болады. Мұғалімдер де қулыққа көшкен. Сағаттап отырып ҚМЖ жазып әуре болғанша, интернеттегі дайын ҚМЖ-ны тақырып қойып ала салады. Сабақ бір жақта, сабақ жоспары мен мұғалім екінші жақта жүр. Сөз басында айтып өткеніміздей, сапасыз оқулығымыздың түрі анау, «қағазбастылықпен» тұншығып жатқан мұғалімдеріміздің түрі мынау. Осындай жағдайда мектеп оқушыларынан қандай сапалы білім күтуге болады?! Қазіргі мектепте тірлігі түзу, жүйкесі бүтін бір мұғалім жоқ. ҚМЖ жазу мұғалімдерді жүйке ауруларына шалдықтырып, жынды етіп бітіретін түрі бар.

ҚМЖ-бұл методикалық нұсқау. Ал, методика ғылым емес, ол – әдіс. Қандай әдіс қолданса да мұғалім оқу стандартына сәйкес сабақ тақырыбын меңгертсе болды емес пе? Сондықтан да ҚМЖ жазып, оқушыға сабақ тақырыбын меңгерт деп талап қою, бұл – мұғалімнің кәсіби һәм адами құқығын аяққа таптап, мұғалімді қорлау! Себебі, мұғалім мемлекеттік емтихан тапсырып, мемлекеттік комиссияның  шешімімен сол пәннің мұғалімі деген дәреже алған – кәсіби маман. Мен мынадай шешімге келдім: Оқу стандарты бойынша тақырыпты меңгертемін, бірақ, ҚМЖ жазбаймын! Тақырыпты оқушыға қалай меңгертемін, ол менің кәсіби шеберлігіме байланысты өз құқығымдағы жеке шаруам! Егер, мені ҚМЖ жазуға мәжбүрлер болса, менің кәсіби құқығымды аяққа таптағаны үшін мен ол адамды сотқа беремін. Ешқандай ғылыми негізі жоқ, сауатсыз түрде мұғалімдерге зорлықпен жаздырып жатқан ҚМЖ-дан бас тартып, құтылудың өзге жолын өз басым көріп отырған жоқпын.

Қазіргі мұғалімдерді жүйке ауруына шалдықтырып жатқан тағы да бір кесел бар. Оның аты – «Күнделік kz» Мектепте интернет бар ма, мектеп компьютермен қамтамасыз етілген бе, жоқ па мұнда ешкімнің шаруасы жоқ, жаппай ұранмен еліміздің мектептерінің «Күнделік kz»-ке кіріп кеткеніне жылдан асты. Содан бері мұғалімдердің ішкені –  ірің, жегені – желім! «Күнделік kz» арқылы оқушы күнделігінің жойылып, сынып журналының электронды нұсқаға көшуі, бұл – педогогика-психологиялық тұрғыдан өте қате шешім болды. Біріншіден, журналдың болуы, журналдың соңғы парақтарындағы оқушы туралы толық ақпаратты-мәлімет және оқушыға күнделікті баға қою-мұғалімге оқушыларды психологиялық тұрғыда толық зерттеп білуіне мүмкіншілік жасайтын еді. Қазіргі мұғалім өз оқушыларын тұлға ретінде жеке зерттеуі былай тұрсын, оларды толық танып білмейді де. Оған мүмкіншіліктері де жоқ. Оқушыларды толық зерттеп білмеген соң, біртүрлі өтірік сабақ беріп жүрген секілдісің. Сыныпта журнал болса, оқушы журналға қойылған бағаны көзімен көріп, сабаққа қарай бет бұрар еді. Күнделік жоқ. Интернеттің нашар жұмыс істеуіне байланысты, ата-ана баласының тәртібі мен сабағын күнделікті тексеріп отыра алмайды. Журнал қолымызда тұрғанда, тоқсан соңында оқушыдан ауызша, жазбаша сынақ алып, егер тоқсанға « 4» не «5» шыққың келсе, мына тақырыпты оқып кел деп тапсырма беретінбіз. Бұл әдіс баланың білімге деген ынтасына әсер ететін. Қазір ол жоқ. Ең бастысы, интернет жоқ. Бүкіл мектепте интернеттің екі-үш нүктесі ғана бар. Ол жердегі мұғалімдер арасындағы кезектің өзін айтпағанда, мектептегі интернет нүктелерінің өзі күндіз нашар тек түнге қарай жақсы жұмыс істейді. Сонда мұғалім «Күнделік kz»-ті түнде толтыру керек пе? «Күнделік kz» мүмкін мұғалім мен әр оқушысы компьютермен қамтамасыз етіліп, интернеті мүлтіксіз жаксы жұмыс істейтін елдерге қолайлы шығар. Ал, біздегідей мың оқушы оқитын мектепте ары кеткенде 150-200 компьютері бар, интернеті мүлдем жоқ немесе нашар жұмыс істейтін біздің елде «Күнделік kz» мұғалім психологиясына әсер етіп, оларды түрлі науқасқа шалдықтыруда. Себебі, мұғалім жұмысы «Күнделік kz» арқылы толтырылған журнал бойынша есептелінеді.

Ақыры айтқан соң білім саласындағы шешімін таптай жүрген өзекті мәселерін түгел айтайық. Қазіргі мұғалімдердің жүйкесіне тиіп жүрген тағы бір мәселе, ол – мұғалімнің жалпы педогогикалық еңбек өтілі ескерілмей, кәсіби біліктілігін тексеру мақсатында олардан алынатын тест-сынағы. Мен ол тестті өзім тапсырып көрдім. Тест сынағынан өтіп «шебер-педагог» санатын қорғадым да. Сонда да болса айтарым: Мұғалімнің шын білім дәрежесін тест сынақтары анықтап бере алмайды. Бұл – бір. Екіншіден, мұғалімнің еңбек өтілі толық ескерілуі керек. Себебі, ол – мұғалімнің ұзақ жылға созылған ауыр еңбегінің өтемі. Дәл бүгінгі таңда ҰМЖ, ТЖБ, ҚМЖ, «Күнделік kz»-пен басы қатып жүрген мұғалімдер үшін кәсіби біліктілігін анықтау мақсатындағы тест-сынағын тапсыру – мұғалім жүйкесіне психологиялық тұрғыдан күш түсіретін үлкен жүктеме.

Қай заманда да мұғалімнің біліктілігін оқытқан оқушыларының білім деңгейімен есептеген. Жеке оқушыларының жеткен жетістігімен емес. Жеке жетістікке жеткен оқушы мүмкін, ол ерекше дарынды шығар. Менің ойымша, мұғалімнің үш-төрт жыл үздіксіз оқытқан оқушыларының білім деңгейін сынақ арқылы анықтап, сол оқушылардың сынақтан алған бағасы арқылы сыныптың орталама балын шығарып, сол балл арқылы мұғалімнің кәсіби біліктілігі анықталса. Бұл тәсіл мектеп оқушыларының білім деңгейін аз да болса көтеруге өз септігін тигізер еді, - деп ойлаймын. Бұл – менің жеке өз пікірім.

Қазіргі білім саласындағы шешімін таппай тұрған өзекті мәселелердің барлығының түп-тамыры – шегі жоқ, бітпейтін білім реформаларында. Оқушыға сапалы білім бермейтін, білім саласына да ешқандай пайдасы жоқ «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты соңғы білім реформасы кімге қажет болды?

Мен кейде ойлаймын, жемқорлыққа белшесінен батқан біздің қоғамда мемлекет қаржысын талан-таражға түсіру үшін жоғарыдағы біреулер осындай реформаларды әдейі ойлап табатын секілді. Бұл жағдайды билік басында отырған жоғарыдағылар да біледі. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан елімізде жасалынып жатқан білім реформаларын: «Миллиардтаған қаржы жұмсалса да ешқандай сын көтермейтін, «шірік қоғамның» елді құрдымға бастайтын реформасы» - деп бағалады. Депутат сөзіне біздің өз тарапымыздан алып қосарымыз жоқ.

Бір мемлекетті басып алу үшін оған соғыс ашып, бомба тастаудың ешқандай қажеті жоқ. Сол елдің білім саласын тас-талқан етсеңіз жетіп жатыр. Тәуелсіз ел болғанымызға отыз жылдай уақыт болды. Бізде әлі күнге дейін қалыптасқан білім жүйесі жоқ. Мемлекет мұнайсыз, бидайсыз күн көре алады. Ал, білімсіз күн көре алмайды. Осындай жағдайда еліміздің тәуелсіздігінің ертеңі мен ұрпақ болашағы не болмақ?

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Нұр-Отан» партиясының кезекті бір отырысында: «Қоғамдағы түрлі жағдайларды сынаушылар көп, ал, сол сынаушылардың өздері сынап отырған келеңсіз жағдайлардан шығу жолдарын көрсетпейді» - деді. Елбасы сөзінің жаны бар. Сынау әрқашан да оңай. Ал, сынап отырған келеңсіз жағдайлардан шығу жолдарын көрсету, бұл – оңай шаруа емес. Келісемін. Десек те, еліміздің білім жүйесінің дағдарысқа ұшырап, тығырыққа тірелгені, көзге айқын көрініп тұрған – ақиқат дүние! Менің ойымша, дағдарысқа ұшыраған еліміздің білім жүйесін тығырықтан шығару жолдары бар.

Осы мәселе төңірегінде менің ұсыныстарым мынау:

1.Білім саласын қалпына келтіріп, реттеп алғанша латын әліпбиін енгізуді кідірте тұруымыз керек. Себебі, дағдарысқа ұшыраған еліміздің білім саласы латын әліпбиін қабылдауға дайын емес. Білім саласының қазіргі жағдайына латын әліпбиін араластырсақ, онда еліміздің білім саласын құтқара алмай, оны мәңгілік құрдымға жібереміз.

2. Білім және ғылым туралы заң қабылдап, білім жүйесін әкімшіліктен тыс, өз алдына жеке сала етіп қайта құру керек.

3. Білім саласындағы тест жүйесін жою керек. Жаттанды білім адам бойына жұқпайды. (Ә.Бөкейхан) Қытай атомдық синтезінің бастауында тұрған, әлемдік деңгейдегі белгілі ғалым, академик Цзинь Сычжанның «Қазіргі білім мен ғылым саласының өзекті мәселелері» (Современные проблемы в сфере науки и образования) атты ғылыми еңбегіндегі зерттеуі бойынша, тестілеу жүйесін қолданатын елдердің білім деңгейі соңғы он жылда 61% пайыз құлдырап,  тестілеу жүйесінен бас тартқан елдердің білім деңгейі бір жылда 3% пайызға өскен. Менің ойымша, еліміздің білім деңгейінің құлдырауының негізгі  себебі – тестілеу жүйесінде жатыр. Сондықтан да еліміздің білім саласы тест жүйесінен бас тарту керек. Қытай, Жапония секілді дамыған елдердің білім саласы тест жүйесінен әлдеқашан бас тартқан.

4. Кеңестік оқу жүйесіне қайта оралу керек. Еліміздің бүгінгі таңдағы көрнекі ғалымдары мен ақын-жазушылары, мемлекет қайраткерлері, іс басында жүрген белгілі азаматтардың барлығы да Кеңестік оқу жүйесінің шекпенінен шыққандар. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, жиырмасыншы жылдары, Кеңес өкіметі енді орнағанда өгіз соқамен жер жыртып жүрген ел, арада отыз жыл өткенде, 1954 жылы айға Жер серігін ұшырып, атомдық державаға айналды. Ненің арқасында? Әрине, білімнің!

Білім жүйесінің бірнеше ғасырлық тарихы бар көне Англия ұзақ зерттеп, үздік білім жүйесі екеніне көзі жеткен соң Кеңестік оқу жүйесіне көшті. Бұл туралы дүние жүзі ақпарат құралдары түгел жазды. Ал, біз қалыптасқан Кеңестік оқу жүйесінен бас тартып, еліміздің білім саласын тығырыққа тіреп, дағдарысқа ұшыраттық. Еліміздің білім саласын дағдарыстан шығару үшін Кеңестік оқу жүйесіне қайта оралуымыз керек.

Осы айтылған мәселелерді жүзеге асырып, еліміздің білім саласын қалпына келтіруіміз үшін, өзегінде ешқандай білім негізі жоқ, батыс оқу жүйесінен талғамсыз көшіріліп, еліміздің білім саласына зорлықпен енгізілген «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім реформасынан бас тартуымыз керек.

Еліміздің болашағы – білімді ұрпақ, - деп ұрандатып, «Жаңартылған оқу бағдарламасы» арқылы жас ұрпағымызды білімді етеміз деп жүргенде – қараңғы бөлмеден жоқ қара мысықты іздеп жүрген Әпендені көз алдыма елестетеді. Осы орайда ұлы ойшыл Конфуцидің: «Қараңғы бөлмеде қара мысықты табу қиын, ал ол жоқ болса тіптен қиын» - деген сөзі еске түседі.

Нұрғали Махан, 

Жоғарғы санатты «шебер педагог»,                  

Түркістан облысы, Созақ ауданы. 

Abai.kz

137 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1988