Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4652 0 пікір 25 Тамыз, 2011 сағат 11:37

Бейбіт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ. Немқұрайлылық пен жалқаулықтан туған көрбақ

 

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІНІҢ НАЗАРЫНА:

Мемлекеттік тапсырыстың атауы: Алматы көшелері (Анықтамалық басылым) Таралымы - 3000 дана.

Тапсырысшы: Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы
Тел: 2716636
2716590
Орындаушы: Алматы қаласы әкімдігіне қарасты «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы
Тел: 2911513
2914223
Жұмсалған қаржы: 10 700 000 (Он миллион жеті жүз мың) теңге
Пікір-мақалалар:

1. Л.Дүйсембекова - «Ана тілі» газеті  №6 (999) 11-17 ақпан, 2010жыл

2. Л.Дүйсембекова - Abai.kz  ақпараттық порталы:  http://old.abai.kz/content/esimovtyn-syiy

3. Қ.Тілеухан - http://www.alaman.kz/?p=3259

 

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІНІҢ НАЗАРЫНА:

Мемлекеттік тапсырыстың атауы: Алматы көшелері (Анықтамалық басылым) Таралымы - 3000 дана.

Тапсырысшы: Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы
Тел: 2716636
2716590
Орындаушы: Алматы қаласы әкімдігіне қарасты «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы
Тел: 2911513
2914223
Жұмсалған қаржы: 10 700 000 (Он миллион жеті жүз мың) теңге
Пікір-мақалалар:

1. Л.Дүйсембекова - «Ана тілі» газеті  №6 (999) 11-17 ақпан, 2010жыл

2. Л.Дүйсембекова - Abai.kz  ақпараттық порталы:  http://old.abai.kz/content/esimovtyn-syiy

3. Қ.Тілеухан - http://www.alaman.kz/?p=3259

Еліміз егемендік алғалы бері сан салада әр алуан, қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ біздің сөз етпегіміз - кітап жазу, оның ішінде энциклопедиялар турасында болмақ. Түрлі сала, ведомство, министрлік, ауыл-аудан, өңірлер, рулар және тағы басқалардың шежіресінен сыр шертер, тарихын тізбелер қомақты-қомақты энциклопедиялық жинақтар жарық көріп жатыр. Жазылғаны жақсы. Олар - ертеңгі тарих. Осылай көсіліп, жақсы жақтарымызды теретін болсақ, талай параққа салмақ болары даусыз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Десек те, сол айтылғандардың «сапалық қырына үңілген жан бар ма?» деген сауал қойылғанда, оларға тікелей немесе жанама қатысы бар жандардың тосылып қалары да, жасыруға болмас, ақиқат.

Әлқисса, «Алматының көшелеріне арналған соны энциклопедия жарық көріпті» деп естігеніме біраз болып еді. Алайда, бірақ жарықтық, қолға тие қоймай, әркімнен сұрап жүріп, бір әріптес ағамның қыр соңынан қалмай жүріп, бірер күн қарап шығуға зорға сұрап алдым. Ол кісі беруге келісті. Салмақты бір шартпен. Екеуара ауызша шарт талабына сәйкес, мен энциклопедияны оқып, танысып шыққан соң, жақсылап тұрып, объективті түрде сыни мақала жазуға тиіс болдым. Мен: «Апырай, ол қолымнан келер ме екен?» - дегенімде, ол кісі: «Әуелі таныс, сонан соң ешкім зорламай-ақ, өзің де ширығып, қолыңа қалам аларыңа сенімдімін», - деді. Иә, расында да, энциклопедия деген атқа лайық салмағы бар екен, қолға алғанда байқадым. Парақтап жібергенде қағазының жылтыр (глянцевый), әрі сапалы, безендірілуі де жоғары екені бірден көзге түсті.

Жә, сезінгендерімді құрғақ та шынайы түрде сипаттасам, менімен бірге сіздің де не сезінетініңізді мөлшерлей беру қиынға соқпайды. Сонымен, созбақтамай, нақтылы дәйек-дәлелдерге көшейік, жинақтың шығуына Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы мұрындық болған. Редакциялық алқа да әжептәуір қабырғалы тұлғалардан құралған. Алқа төрағасы Алматы қаласының әкімі  - Ахметжан Есімов мырза. Ал, төрағаның орынбасары  - әкімнің орынбасары Серік Сейдуманов мырза. Бас редактор  - филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов. Алқа құрамындағылардан авторға жақсы таныс есім, әдебиеттанушы ретінде былайғы ортаға да танымал  - Мамай Ахетов мырза. Қалғандары, өтірік айтпай-ақ қояйын, мүлдем естімеген адамдарым. Фото тілші Самат Құсайынов депті. Самат інім жақсы фотограф, алайда, өткен ғасырларда өмір сүрген Клара Цеткиннің, Игорь Курчатовтың, тағы сол сияқты көптеген басқа адамдардың немесе Ресей Федерациясындағы Краснодар өлкесінің орталығы Краснодар қаласының аты берілген көше деген анықтамалық тұсында тұрған аталған қаланың басты ескерткішінің суретін түсіріп келмегені рас қой. Жарайды, ол өз алдына бөлек әңгіме. Бұл кішкене шамырқанған көңілдің сәл-пәл «ауа жайылған» тұсы. Мән бермей-ақ қойыңыз. Мәселе - басқада.Сөз болып отырған үш тілде жазылған энциклопедияны көріп, көңілі «толған» көзі қарақты оқырманның айналдырған 3-ақ мың дана таралыммен, 400 беттік болып шыққан бұл кітапқа жұмсалған 11 миллионға жуық теңгенің, «анау айтқандай», соншалықты нендей шығындарға жұмсалғанын ұғына алмай, басы қатары даусыз. Осының алдында ғана айтып кеткеніміздей, Самат фотографты Ресейдің Краснодар қаласына жіберіп алуға кетті ме екен? Қайдам? Немесе шартты атаулар берілген көшелерге лайықты табиғат көріністерін түсіріп келу үшін тау-тас кезуіне кетті ме екен? Иә, болмаса, «энциклопедияға қажетті материалды жинасын» деп құрылған редакциялық алқаның (бас редактордан бастағанда Ж. Қайсенов, М. Ахетов, С. Ақназаров, М. Тнимов, Қ. Раев, С. Оразов һәм фотограф С. Құсайыновтардың) жол-пұлы бар, күнделікті ішіп-жемі бар, тағы да сол сияқты шығындарына шығындалды ма екен, ә?
Жинақтың материалдарын теруге 2009 жылдың 25-маусымы күні, ал басуға, яғни қарапайым тілмен айтқанда, жарық көруіне рұқсат сол жылдың 24-тамызы күні беріліпті. Яғни теруге бір ай кетті дегеннің өзінде арада әлі шілде айы, яғни бір ай уақыт бар. Осы жолдар авторының осы қателерді тізбелеп, кітапты шимандай қызыл ала қылуына кеткен екі аптадан сәл астам уақыт, ниеттері болса, редакция алқасының да құзырында болды емес пе? Жинақтың басылуына рұқсат беріліп, өндіріске жіберілгенге дейін. Бір қора адам жүріп мұншалықты қатені байқамау дегеніңіз, құдды бір, суда балық жоқ дегенге ұқсас нәрсе емес пе? «Қойшы көп болса, қой арам қатады» дегеннің жайдан жай айтыла салмағанын осындай жайттар дәлелдеп тұра ма деп ойлаймын.
Алматыдағы мүйіздері қарағайдай, ертеден келе жатқан «Жазушы», «Өнер», «Мектеп» және басқа да іргелі, тіпті, беріде ғана құрылса да, кітапсүйер қауымның ықыласына бөленіп үлгерген «Атамұра» сияқты баспалар көлеңкеде қалып, энциклопедияны басып шығару құқығын ешкімге беймәлім, қашан құрылғаны да белгісіз «ИП Волошин» баспасы жеңіп алыпты.
Тоқ еткізіп бір айтып қоятын болсақ, жинақты ашып қалғаннан-ақ немкеттілік, немқұрайлылық, сүйей салды делінетін қазақтың жалқаулық пен жауапсыздықты сипаттайтын жарамсыз қылықтарының түр-түрінен құралған ұйыққа белшеңізден батып жүре бересіз. Енді соларды біртіндеп тарқата бастауға көшсек, мен грамматикалық, пунктуациялық қателерді тергілеп, сіздердің алтын уақыттарыңызды құрбан етпей-ақ қояйын. Кітапты көрген жанның өзі-ақ оларды салған жерден аңғарады. Тағы бір ескерте кетер жайт - ағылшын тіліндегі мәтіндерінің аудармасының дұрыс-бұрыстығына сын айта алмадым. Өйткені, пақырларыңыз неміс тілін оқыған еді. Десек те, кіріспе бөлімдегі ағылшынша нұсқасының Алматы қаласының 7 әкімшілік-аумақтық ауданға бөлінетіні айтылған тұсында «Алатау» ауданын «Шаңырақ» деп бергенін көзім шалып қалды. Бұл қате дегеніңіз өзі қай тілде болса да мені өзі іздеп жүретін сыңайлы. Өзіңіз жазып көріңізші, «Алатау» және «Шаңырақ» деп, латын әліпбиімен. Сонда байқайсыз, аталған қатені көріп қою үшін ағылшын тілін білудің аса қажетті емес екенін. Тіпті, шынымды айтайын, қателерін теріп, қызыл қаламмен түрткілеп шыққанымда мәтіндер құмырсқа илеуіндегі құжынаған қозғалыстарға ұқсап, көкті бұлт басқандай болып кетті. Жалпы, «энциклопедия материалдары әу баста қазақ тілінде дайындалған-ау» деп қуанып та қалдым. Себебі, кейбір мәтіндердің тұтас абзацтарын алып жатқан мәліметтер орысша және ағылшынша нұсқаларында жоқ. «Ерінген ғой, шамасы» деп ойладым да қойдым. Ал, ерінудің өзі немқұрайлылықтың әпкесі, жалқаулықтың інісі екенін дәлелдеу қажет пе?!
Жинақта кеткен қателіктер мен олқылықтар туралы, мысалы, адамдардың туған және қайтқан жылдарын берудегі дәлсіздіктер. Ж. Аймауытов ағамызды тұңғыш қазақ романының авторы етіп қою, даңғылды - көше, көшені - даңғыл етіп жіберу сияқты бірқатар жайттарды филология ғылымдарының докторы Ләззат Дүйсембекова ханым өзінің «Ана тілі» ұлт апталығы газетінің 2010 жылғы ақпанның 11-і мен 17-і күндеріндегі № 6 (999) санында жарық көрген сыни мақаласында айтқан екен. Онда айтылғандарды қайталамай-ақ қояйын деп шештім. Көңілі соққан оқырман ол материалды Аbаі.кz ақпараттық интернет-порталынан да оқи алады. Сонан соң, абстрактылы ұғымдар, жер атауы, жан-жануар, яки құстың аты көшеге атау ретінде берілгенде ескертетін «шартты атау» деген сілтеме біріне жасалса, екіншісінде «ұмыт» қалған. 37-ші беттегі Ақсұңқар көшесі деген мәтінде «Көшеге қасиетті қыран құстың санатына жататын Ақсұңқар шартты атауы» деп нүкте қойып қойған. Сонан соң барып, дұрыс мәтін азат жолдан басталып беріледі. Баса көрсетіліп отырған, артық жазылып кеткен әлгі сөйлемдегі шартты атау дегеннен басқасын сызып тастау керек еді. Төрт бірдей корректор (С. Сәкенов, С. Әбішева, Е. Жүсіпов, Қ.Бөлекбаев) отырып, олардың сыртында редакциялық алқа мен Бас редакторды қосыңыз, осыншалық қателердің кітап бетінде емін-еркін «сайран салуына» жол беруінің өзі немкеттіліктің, орысша айтқанда «себе что ли»-дің өзі екенін қозыкөш жерден «менмұндалап» айғай салып тұрғанын дәлелдемей ме? Дәлелдейді, меніңше. Ә.Әбішев атындағы көше туралы мәтіннің қазақшасында жазушының шығармашылығынан мағлұмат берер тұсы орысшасында мүлдем жоқ болса, ағылшын тіліндегісінде қысқартылып беріле салған.Көптеген мұндай мәтіндерге ортақ қателіктер осындай және не деректері берілмей, яки суреті сәйкес болмай, болмаса, көшенің өзінің орналасқан жері мен созылып жатқан аумағы туралы деректер, басқада көптеген қателер тән болып отырады.Жинақты ыждаһатпен бір шолған адам мұндай «редакциялық алқаның ортақшыл пиғылын - немқұрайлылықтың сорақы мысалдарын» аттап басқан сайын аңғаратынына қарсы айтылар дау болмаса керек. Ал, 75-ші беттегі Байзақ батыр атындағы көше туралы түсіндірменің ағылшыншасына абайсызда қарай қалдым да, қатып қалдым. Қазақша және орысша мәтіндерде батыр туралы айтылады да, ағылшыншасында дүлдүл айтыскер Иса Байзақовтың есімі жазылған. Жоғарыда айтылған әдіс бойынша, латын қарпімен оқысам - «Isa Baizakov» деп жазылы-ып тұр. Халқымыздың біртуар ұлы, композитор А. Жұбанов көшесінің мәліметі де дәл осылай өзгерген. Тек бір «бірағы» бұл жолы қызы - Ғазиза апамыз туралы мәліметтің ағылшынша мәтінін әкесінің мәліметінің орнына бере салыпты. «Әкесі мен қызы ол үшін жүз шайыса қоймас!» деп ойлаған болса керек, жинақты құрастырушылар. Тура осындай қате орыс композиторы А. Гурилев көшесі туралы мәлімет мәтінінде де жіберілген. Қазақша-орысша мәтіндерде мұның неғылған композитор екені айтылса, ағылшын тіліндегісі қайдағы бір Өзбекстан көшесі туралы сайрап ала жөнеледі. «Апырмай-ә!» деп келесі бетті ашып қалдым. «Бақсам-бақа екен» демекші, ағылшынша беріліп тұрған бұл түсіндірме 120-шы беттегі Гүлістан атауының көшеге неліктен берілгендігін түсіндіріп тұр екен. 115-ші беттегі А. Гайдар атындағы көше туралы мәліметтің екі -қазақ және орыс тіліндегілері дұрыс, ал ағылшын тіліндегісінде «Не десеңдер, о деңдер, бірақ Жер айналады» деп инквизицияның отына өртеніп кеткен астроном «Galileo Galilei» туралы ақпарат тұр. Тап сол италиялық ғалым атындағы көшенің қиылысатын көшелерін көрсетуге келгенде, кәдімгідей жасырынбақ ойнағылары келгендей - қазақшасында Рысқұлов даңғылымен (?) десе, орысшасында - Райымбек даңғылымен деп көрсетілген. Ал ағылшын тіліндегі мәтінінде мүлдем мұны көрсету қажет емес деп тапқан сыңайлары байқалады.
Атақты Әлмерек абыздың атын «А» әрпімен жазып қойыпты. Оны да қоя салайықшы. Бір әріпте тұрған не бар сол, тәйірі. Белгілі жазушы, ақын, аудармашы Сапарғали Бегалин атындағы көше қиылысады делінген көшелердің бірін Бөген батыр деп қойыпты. Журналистік қызметке орай Алматы қаласының біраз жерін жаяу да, көлікпен де шарлағанбыз. Бірақ маған кездескені - Бөгенбай батыр атындағы көше ғана еді. Ал, Қожаханов  атындағы көшеге берілген дерексымақтың 205-бетінде ол кісінің кім екенін, қашан тірлік кешкенін мүлдем айтудың қажеті жоқ деп тапқан. Сонымен қатар, күміс көмей әнші Ғарифолла Құрманғалиев көшесі жайындағы мәліметтің орысшасында адастырып әкеліп, көрнекті драматург Шахмет Құсайыновтың мәліметін бере салған. Латиф Қыдырбеков пен Балғабек Қыдырбекұлы атындағы көшелер жөніндегі мағлұматтарға да бір-біріне тонның ішкі бауының күйін кештіріп қойған.
Сондай-ақ, инженер, генерал-майор В. Дегтяревты біресе 1579-жылы туғызса, енді бірде 1879 жылы дүние есігін аштырып қояды. Атақты партизан Қасым Қайсеновпен қазақшасы мен ағылшыншасында 1995 жылы қоштасуға мәжбүр болсаңыз, орысшасында 2005 жылы қоштасасыз. Ал, мемлекет қайраткері, ҰОС ардагері Майсымхан Бейсебаевтың туған-қайтқан жылдарын қазақшасында 1808-1987 десе, орысшасы мен ағылшыншасында - 1908-1987 жылдар деп берген. «Жәрар, бір ғасырға жасын ұлғайтқанына ағамыздың әруағы аса қатты қапаланбаған шығар?» деп қойып, жинақты әрі қарай парақтап келе жатып, мұндай «технишескый» қатенің асқан өрескел мысалына келіп тірелгенде, тіптен, не айтарымды білмедім. «Мемлекет және қоғам қайраткері, 4 рет Қазақ КСР, 1 рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған қазақтың ұлтжанды қызы Балжан Бөлтірікованы (кітаптағы мәтінде тап осылай деген, апамыз туралы осылай тебіренгенде, оның деректеріне қатысты жауапкершілікті жүрек жанарларының көз жасы абайсызда шайып кеткен бе деп қалдым)» 1966-шы жылы өмірге келтіреді де, онсыз да қамшының сабындай қысқа ғұмыр-шіркінді мүлдем шұнтитып, 1971 жылы бақилыққа шығарып сала салады. Үш тілдегі мәтінде де сол дата. Сөйтіп, апамыз Алпамыс бабамыздай сағат сайын өскен де, 5-ақ жыл ғұмырында зымырандай жүйткітіп, қыруар қайраткерлік шаруаларды атқарып тастап, құйрықты жұлдыздай ағып өтіп кете барыпты. Уһ! Фантастика - адамға не істетпейсің?
Ал, енді жинақ авторлары болып табылатын редакция алқасының Сидней Олимпиадасының чемпионы, әйгілі боксшы бауырымыз, шын мәніндегі құйрықты жұлдыз Бекзат Саттархановты Сеул олимпиадасының чемпионы қылып қойған сорақы сыйы турасында журналист Қанат Тілеуханның www.alaman.kz сайтына жазған «Саттархановқа деген сорақы сый» атты мақаласынан оқуларыңызға болады.
«И, иә, ә» деп, иекті бір қасып қойдық. Қасыңда ешкім жоқ, кіммен дауласып, кімге шер тарқатасың, «еще» түннің бір уағы, қатын-бала ұйықтап қалған. Анау әлгі қашқын әкім В. Храпуновтың тұсында да үш тілде «Алматы көшелері» деген ұқсас атпен осындай орасан жинақ шыққан екен. Сол кезде сатираның апайтөс тарланы Ғаббас Қабышұлы ағамыз «Алматыда көшесі бар Ермактың» деп айғайлатып тұрып мақала жариялаған екен. Бірақ біздің «әншейінде ауыз жаппас...» ағаларымыздың ешбірінің айғайға сүрен қосып, сонылығын ешқашан жоғалтпайтын ұлт намысы, тіл тағдыры деген алқапқа түрен тартуға дәті жетпеген екен. Бұған не дерсің?! Енді мынау 11 миллионға жуық теңгені суша шашқызып қойып, жіберіп қойған балаша, көзіміз бағжаңдап, ләм деуге дәтіміз бармай, қашанғымыздай бүкшең қағып жүргеніміз. Құрғатуға өзің қам қылмасаң, қылтаңды қырқып түседі ғой, ағайын-ау!


Бейбіт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

www.mtdi.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5342