Сенбі, 23 Қараша 2024
Азамат 4136 13 пікір 5 Желтоқсан, 2019 сағат 14:06

Үлкен жүректі азамат

Уақытты уысыңда ұстап тұра алмайсың. Бірақ сол уақытпен ұштаса білген адам ғана осынау өмірде жетістіктерге жете алады. Сондай жандардың бірі әрі бірегейі – белгілі меценат, қоғам қайраткері, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, «Марсель групп» компаниясының президенті, «Құрмет» орденінің иегері, Ұлттық «Алтын жүрек» және Халықаралық «Сократ» сыйлықтарының лауреаты Махмұт НӘЛІБАЕВ.

Махмұт Ыбырайханұлы – Сыр елінің перзенті. Әкесі Ыбырайхан мен ғазиз анасы Қалыкүл балаларына ешбір пенденің маңдай терімен тапқан адал табысынан артық ризық-несібеге кенелуі мүмкін еместігін жиі қайталап отыратын. «Тауға барып тас уатсаң да, табысың адал болуы тиіс» дегенді жиі қайталайтын Ыбырайхан әке өз заманында іскерлігімен, адамгершілік қасиеттерімен ел аузында қалған арда азаматтардың бірі болған. Ал анасы Қалыкүл сөз мәйегін қалқыған шешен болыпты. Төрт ұл, төрт қыз сүйді.

Сол төрт ұлдың ең үлкені Махмұт өмірге келерде 96 жастағы Баба деген шешен кейуанасы түс көреді. Түсінде Қалыкүлдің омырауына арыстан жабысып еміп жатады. Көпті көрген кейуана Ыбырайханды шақыртып, «арыстандай ұлды боласың, атын Махмұт деп қоярсың» деген екен. Арада аз уақыт өткенде өз елінің дәмі бұйырған қарт ана атамекеніне көшіп кетеді. Ыбырайхан әкей уәде бойынша, жарық дүние есігін ашқан ұлының атын Махмұт (Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) құрметіне) қояды.

Міне, ұлағатты тәрбиені ұясынан көріп өскен сол ұл бүгінде үлкен жүректі азамат болып өсті. Әр ісіне, тіпті сөйлеген сөзіне дейін өте тиянақты. Бос сөзге жаны қас. Орнықты. Жастар ол кісінің жүріс-тұрысының өзінен-ақ үлгі алуына болады.

Ол өзім деген жанның бәріне өзегін жұлып беруге дайын қамқор аға, сенімді дос, адал жар, асқар таудай әке. Өз өмірінде тек ақ сөйлеп, адал күлетіндердің жанынан табылуға ұмтылған оның асығы үнемі алшысынан түсіп жүретіні де сондықтан болар.

***

Бірнеше жоғары білімді, мамандықты қатар игерген M.Нәлібаев жиырма жылдан астам уақыттан бері Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлесін қосып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, еліміздегі бірқатар облыстың инфрақұрылымын жетілдіруге, мемлекеттің экономикалық әлеуетін нығайтуға өз үлесін қосып келеді.

М.Нәлібаевтың тікелей басшылығымен «Тереңөзек мұнай өнімдері» мен «Жосалы мұнай өнімдері» мұнай базалары (Қызылорда облысы) заман талабына сай қайта жөндеуден өтті. Елімізде алғашқылардың бірі болып «Казгермунай» БК,  «Куат Амлон Мунай» ЖШС және «Торгай Петролеум» БК-ның мұнай өнімдерін қабылдауды, өңдеуді, сақтауды және темір жол арқылы тасымалдауды ұйымдастырды.

Мұнай өндіру саласындағы шетелдік ірі-ірі компаниялармен (Еуроазиялық мұнай компаниясы, KAZGERMUNAI, Kumkol Lukoil, Қазақ-Британ біріккен кәсіпорны (KAM), Ai-Dan, Turgai Petroleum, Kuat-Amlon Munai KOR , South Oil, SSM Oil, Galaz) тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, сол аймақтың инфрақұрылымын дамытуға да қомақты үлес қосты.

Махмұт Ыбырайханұлы «Саутс-Ойл» ЖШС-ның негізін («Құмкөл» кен орны) қалағандардың бірі. Бүгінде бұл компания Қазақстандағы ірі компаниялардың ішінде 17-орында тұрғанын да айта кететйік.

М.Нәлібаевтың басқаруымен 4 тың жаңа жоба ашылып, қазіргі таңда кен орындарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Соңғы 10 жылдықтың ішінде М.Нәлібаев басқаратын компанияларға 135 млн. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылған. 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Мердігер компанияларда 1000-нан астам адам жұмысқа алынды. Компания есебінен арнайы орта және жоғары оқу орындарында еліміздің 300-ден астам азаматының оқу ақысы төленген.

Махмұт Ыбрайханұлы Нәлібаев 2017 жылдың өзінде жеке тұлға ретінде өз шотынан ҚР Мемлекеттік кіріс департаментіне 660 740 000 теңге салық төледі.

Ол «Энергоресурсы» ЖШС компаниясының да тізгінін ұстап отыр. Қостанай облысының Әулиекөл өңірінде орналасқан бұл кен орнының шикізаттық болжамдық қоры 150-200 млн. тонна. Аталған компания қызметінің арқасында Қостанай облысында тұңғыш рет 22 мұнай-газ  құрылымы анықталды.

***  

Кәсіпкерлікпен бірге, М.Нәлібаев еліміздің қоғамдық және қайырымдылық өміріне де белсене атсалысады. Ол әрдайым өнердің, руханияттың қол­даушысы. Бірақ онысын жалпақ жұртқа жариялай бермейді.

Өзінің туған өлкесі – Сыр еліне мешіт, балабақша, мектеп, медицина орталықтарын, оқу орындарын ашқан игілікті істерінен бөлек, талай адамды қажылыққа жіберіп, ел-жұртының алғысын арқалап жүр. Халқымыздың ардақты ұлы, армия генералы, Кеңес Одағының екі дүркін батыры, Халық қаһарманы, көрнекті мемлекет қайраткері Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық қор құрды. Ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, жастарға патриоттық тәрбие беру, шет елдегі қазақ диаспораларымен қарым-қатынасты жандандыру мақсатында құрылған қор бұл күндері сол бағыттарда өнімді еңбек етіп, бұл мақсаттарға М.Нәлібаев және қордың белсенділері 700 млн. теңгеден астам қаражат жұмсап, еліміздің барлық өңірінде қайырымдылық-патриоттық жұмыстардың сапалы жасалуына тікелей ықпал етті. Атап айтар болсақ, қор бағдарламасы бойынша 2015 жылы Ақмола облысының Мұңайтпас ауылында Қажымұқанға арналған алып ескерткіш орнатылды. Келер жылы Қостанай қаласында Қобыланды батырға  ескерткіш қойылды, Қызылорда облысындағы Қорқыт ата мемориалдық кешенінің инфрақұрылымын дамыту мақсатында мешіт, қонақ үй, автотұрақ сынды әлеуметтік нысандардың салынуына демеушілік етті.

Астана қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Тарих мәдениеті» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырды.

2017 жылы М.Нәлібаев және «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестік мүшелері Мәскеу қаласында Кеңес Одағының Батыры, Армия Генералы, ҚР Тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов ескерткішінің орнатылуына қаржылай демеушілік көрсетті.

Махмұт Ыбырайханұлы ұлт ойшылы, мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан автономиясының көсемі – Мұстафа Шоқайдың ұрпағы болып келеді. Ата-баба алдындағы парызын орындап, Парижде Мұстафа Шоқайдың тұрған жеріне оның мүсінін орнатып, маңайына аллея отырғызу жұмыстарын ұйымдастырып, осы іс-шараны сәтті атқарып қайтуға барған делегацияның толықтай қаражатын өз мойнына көтеріп алды.

***

Иә, Махмұт Нәлібаевтің саусағы тимеген сала жоқ. Оның ауылдық аймақтарды абат­тандыру, жарық орнатып, ауызсу тартып беру, мектептерді озық үлгідегі технологиялармен жабдықтау, балаларға спорт алаңдарын салу, қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына, жетімдерге, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, соғыс және еңбек ардагерлеріне көмек көрсету сынды  қайырымдылық қадамдарын тізер болсақ, сан жетпес, сірә.

Жас күнінен өзгелермен қолындағы барын бөлісіп, кем-кетікке қарайласа жүруді де ұмытпайын, біреудің қуанышын, жақсылығын жанымен, үлкен жүрегімен қабылдайтын, сонысымен мәртебелі Махмұттай ел ағасы сол туа біткен тектілігінен әлі таймай келеді.

Осынау қызығы мен қиындығы қатар өрілетін ұзақ жолда тең тұстастарынан оқ бойы озық тұрған, заманынан оза шапқан, әрқашан да нақты ісімен ірілік танытқан, күйкі тірлікті күйттемей, жамандық атаулыға қуатын сарықпай, бәріне де жанымен жақын жүретін Махмұт Ыбы­райханұлы Анар жеңгеміз екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немерелерінің шаттығына бөленіп отыр.

Аман жүріңіз, жүрегі үлкен азамат!

Нұржамал Әлішева

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345