Әруақ қолдай ма?
Ұлтымызға тән ұғым-түсініктер, наным-сенімдер, салт-дәстүрлер, әдеп-ғұрыптар, әдет-дағдылардың, жалпы қазақылық иірімдерінің мән-мағынасы өте терең, сан қатпарлы, астарлы, ішкі сыры сындарлы келеді. Cондықтан да көбіне осынау құндылықтарымыздың ішкі мәніне терең бойлай алмай, дағдарып қалатынымыз бар. Мұны кезінде қазақылық қағидаттарынан, тіл мен діл, дінімізден еріксіз ажыратқысы келіп, қақпайлаған әсіре күштердің ұзақ жылдарғы жөнсіз әрекеттерінен көрген зардаптарымыздың салдары деп қарастыруымызға да болар, бәлкім... Десек те, аталған рухани қазыналарымыздың мән-мағыналық сипат-мазмұнын кейде дұрыс түсінбей жататынымыздың басты себебін олардың философиялық ішкі өзегіндегі (ядросындағы) сырлардың тереңдігінен, оны ұғуға деген жалпыхалықтық ұмтылысымыздың төмендігінен іздегеніміз жөн секілді...
Мәселен, бізде жиі қолданылатын «әруақ қолдасын», «әруақ желеп-жебесін» деген дұға, бата-тілек бар. Демек, қазақ баласының танымында «әруақ қолдайды», «әруақ желеп-жебейді», «әруақ шапағат етеді» деген үлкен үмітпен ұштасқан ұғым-түсінік берік орныққан. Міне, дәл осы ұғымның Исламмен қатынасына, дәлірегі дініміз шарттарына қайшы келетіні не келмейтініне байланысты сөз жарыстыру, келіспеушілік, тіпті дау-дамай деп те айтуға болатын жағдаяттар қоғамымызда анық көрінеді. Бұл мәселе дәстүрлі БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, үлкенді-кішілі жиындарда, ағайын, жекелеген адамдар арасында жиі талқыланатын болып жүр. Алайда, осы ырғасудың нүктесі қойылар түрі жоқ. Былай қарағанда, зиянсыз, сөз етуге арзымайтын жайт сияқты, бірақ мән бере қарасақ бұл келіспеушіліктен қоғамымыздың бірлігіне нұқсан келіп жатқаны, дәлірегі ата-бабасының рухани мұрасына, ұғым-нанымына келгенде принципшіл келетін қазақ жұртының кейбір өкілдерінің дінімізге деген көзқарасы солғынданып, Исламға жақтырмаушылық пиғылмен қарай бастауы аздап болса да байқалады. Бұл бәрімізді ойлантуы тиіс. Егер осы үрдіс өзгелердің жел беруімен немесе өздігінен белең алып кетсе, әуресі қиын болмақ.
Осы орайда қозғалып отырған мәселенің ара-жігін ажыратып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып берсек деген ниетіміз бар. Бұл қадамымыз талайға ой салып, ауызбіршілікке, ортақ түсінікке, ынтымаққа ұйыстырып жатса, қанеки!
Қазақ қандай да бір тәуекелді іс бастарда, сапарға шығарда, жауға шапқанда, басқа да түрлі жағдайларда әруақ шақырып, «уа, әруақ!», «бабаларымыздың әруағы қолдасын!», «бабаларымыз желеп-жебесін» деген мазмұнда ұрандатып не бата беріп жатады. Мұны кейбір азаматтар «Ислам діні тұрғысынан келгенде дұрыс емес, бұл Құдайға серік қосу, өзі әруақ болса, ол кімді қолдап, кімді жебеп жарытпақ, кімге шікәрә болмақ?» деп тұжырымдайды. Бұған екінші тарап шыр-пыр бола келіспей: «Ойбай-ау, бабаларымыздың әруағын шақыру, одан қолдау сұрау қазақтың бұрыннан келе жатқан ұғым-түсінігі, одан қалайша бас тартамыз, бізден бұрынғылар Ислам дінін ұстана жүріп те әруақты аузынан тастамаған, сонда олар адасқандардан ба?..» деп күйінеді. Осылайша, бірінші тарап әруақтан қолдау күткенді Құдайға серік қосудың нақ өзі деп табандап тұрып алса, оған қарсы екінші топ «олай болса, бүйткен діні құрысын» деп езеуреп, исламофобия отын тұтатқысы келіп шала бүлінеді. Солай...
Бұл кереғарлық пен өзара түсінбеушіліктің туындауының сыр-себебі неде? Мұның бір ғана қарапайым жауабы бар, ол – әруақтың қолдауы, желеп-жебеуі мен шапағат етуі сынды ұғымның мағынасын, түпкі мәнін кешегі дін ісіне араласып, уағызын жүргізген қайраткерлер мен осы дінімізді тұтынған жалпы бабаларымыздай түсіне алмағанымызда. Олар әлгі ұғымның мәнін шынайы түйсінгендіктен біз жоғарыда сөз еткен пікірқайшылығына тап келмеген. Дәлірегі, кешегілер әруақты Жаратушы ретінде емес, жай ғана тілеулес, тілекші ретінде көріп, таныған. Содан келіп олар бұл тақырыпта ортақ пікірде болған, «әруақ қолдасын, әруақ желеп-жебесін», «уа, әруақ!» деп еркін айтқан. Оған қарсы пікір, күмәнді көзқарас болмаған.
Ежелгі түріктер де өздері Тәңір деп атаған Жаратушысының жалғыз екеніне шүбә келтірмеген. Өздерін қоршаған әлемдегі, табиғаттағы, тіршілік ырғақтарындағы барлық құбылыс пен игілікті Тәңірдің туындысы, Жаратқанның жасағаны деп білген. Бұған Тәңірді қосымша Жаратқан, Жасаған деп атағандары нақты дәлел. Осыдан келіп, бабаларымыздың санасына «Тәңірсіз таң атып, күн батпайды», «Құдайсыз қурай сынбайды» деген сынды берік сенім, ұлағатты ұғым, талассыз таным қалыптасқан. Бұл түсініктер сан ғасырлық жолдан сүрінбей, өзгермей, сол қалпында бізге жетті. Баз біреулердің «ежелгі түріктер жер мен көкке, от пен суға табынған, шамандық жоралғыларды ұстанған» деген сыңайдағы пікірлері бағзыдағы бабаларымыздың тек бір Тәңірге тәу еткенін еш жоққа шығара алмайды. Бұл – тереңдей мән бергенге әлсіз, таяз, бергі жағы ғана «жылтыраған» боркемік, жалалы, жайдақ пікір. Ал терең бойламағандар үшін кәдімгідей салмақты сөз. Мұндай мазмұндағы пікірлер жүрегінің төрін Тәңірге ғана босатып берген бабаларымыздың әлгі жаратылғандарға табынғандай болып көрінгенін желеу еткеннен туындаған. Әйтпесе, Тәңір тұрғанда басқаны қайтсін?.. Бұл намаз оқып жатқанды Құдайға емес, жайнамазға бас ұрып, құлшылық етіп жатыр деп сыңаржақтана күстәналағанмен бірдей.
«Ежелгі түріктер жер мен көкке, от пен суға табынған...» дегендей пікірдің табиғатына басқа қырынан байыппен қарасаңыз кешегі бабаларымыздың жер мен көкті, от пен суды, табиғаттың басқа да барлық игіліктері мен тосын мінездерін Тәңірдің тірлігі – жаратқаны, құбылысы деп танып, әлгі жаратылғандардың, құбылыстардың бейне-тұрпатынан, әсер, қозғалысынан тылсым күштің, яғни Жасағанның нобай-сұлбасын, бәлкім нақ өзін көріп, бас ұра тілдесіп қалу мүмкіндігін іздеу талабын, аңсарын, яғни жеме-жемге келгенде Аллаға ғана табынуының анық белгісін көреміз. Нақтылай айтқанда, бабаларымыздың жер мен көкке, от пен суға, түрлі құбылыстарға қатысты наным-танымдарының бастау көзі бір Аллаға деген көзқарастары мен сенімдерінде болған деп ойлаймыз. Ал шамандық жоралғылар жасауы – Жаратушыға жалбарыну, үзірін айту, тілдесу амалы, рәсімінің бір түрі.
Табынып, сыйынғаны бір Тәңір болған түріктер әлемінің есігін Ислам діні қаққан кезең келді. Монотеист бабаларымыз Жаратушының жалғыз екенін өзегіне негіз еткен Ислам дінін шет көрмеді. Олар әлемді, жаратылысты қабылдауына, тіршіліктерінде тұтынған жөн-жоралғы, ырым, түсініктеріне қатысты негізгі ұстанымдары Ислам ұсынған талап-шарттардан, заңдылықтардан, қағида, көзқарастардан алшақ еместігін көңіл көздерімен көре білді. Бұл бабаларымыздың ұлылығын білдірсе керек. Содан, олар әсте-әстелеп Исламға бет бұра бастады. Дұрысы, жақсылыққа қарай қадам басты. Әрине, бұл Ислам бірден орнай салды дегенді білдірмейді. Бір сенімнен екіншісіне өтудің келіспеушіліктен, кейбір түсінбеушіліктерден, басқа да жайттардан туындайтын өзіндік қиындықтары, кедергілері болмай тұрмайды ғой. Жаңа дінді қабылдау жөнінде ұсыныс түскен алғашқы кезеңдерде тартыс та, дау-дамай да, түрлі деңгейдегі қақтығыс та орын алды. Дегенмен, бабаларымыздың арасында жаһанды жақсылыққа шақыра келген жаңа дінмен жан жанастыруға талпынғандар саны басым болды да, түркі әлемінде ақыретке дейін жалғасатын, Исламды қабылдаудың тағылым мен ғибратқа толы үдерісі басталды.
Осы арада бір ескере кетер жайт, кейбір айтқыштар түріктер Ислам дініне зорлықпен, найзаның ұшы, қылыштың жүзінің ықпалымен мойынұсынды, сырттан төнген қауіптен қорқып, одан қорғану үшін амалсыздан араб әскерлерінен көмек сұрап, оның есесіне Ислам дінін қабылдауға мәжбүр болды дегенді алға тартады. Мұны түріктердің Исламға жаппай бет бұруының басты себебі түгілі, әлсіз дәлелдердің бірі ретінде де айтуға жарамайды. Өйткені, «...жаным арымның садақасы» дегенді берік ұстанған түріктер өздеріне қолай көрмесе қанша жерден қыспаққа алынса да Исламды қабылдамас еді. Бұл сөзімізді нығарлай түсу үшін, Ислам дәуіріне дейін ғұн-түріктерді өз діндеріне немесе наным-сенімдеріне мойынсындыруға талаптанғандар аз болмаған. Мысалы, бүгінде біз қытай атап кеткен табғаштардың түрік бабаларымызды қалың қолымен, түрлі саяси амалдармен сес көрсетіп те, бағалы сыйлықтар тарту ете отырып алдап-сулап та өз діндеріне кіргізуге тырысып баққан. Бұдан кейін де қытайлар тарапынан түрік ұлыстарын будда дініне тарту үшін нақты қадамдар жасаған. Бірақ бабаларымыз бұл ұсыныстарды мүлде қабылдамаған. Өйткені олардың ұстанғандарын жандары жат көрген, саналарына сыйдыра алмаған. Егер түріктер өзгеден қорқып-үріккеннен немесе біреудің майда жымиып, жақсы көрініп ұсынған қазына-байлығына бола наным-сенімдерін өзгертіп кете берер болса, онда бабаларымыздың керуенді көші әлдеқашан тоқтап қалар еді, тұқымы тұздай құрыр еді. Бұдан ұғарымыз, арабтардың саяси ықпал-әсерін он орап кететін күшке ие болған табғаш-қытайлардың дін қабылдау жөніндегі ұсынысын миғынан күле отырып кері қайтарған бабаларымыз егер Исламның жақсылық жаршысы, адамгершілік ұйытқысы екенін білмесе, түсінбесе оны да қабылдамас еді. Қуанышқа орай, бабаларымыз Исламды сыртқы рухани агрессия деп емес, пайдалы асыл дін ретінде ә дегеннен жазбай таныды. Іле оны қабылдады. Содан, Исламның алмас қылышына айналды. Демек, бұл айтылғандар бұрынғы түріктердің Исламды зорлықпен емес өз еркімен, оның кереметтігін түсініп, сезініп барып қабылдағанын көрсетсе керек.
Онсыз да монотеист, рухани-мәдени құндылықтарға бай, адамгершілік қағидаларын, адами қатынастың озық үлгілерін, жақсылықпен өзектес, ізгі амалдарға үндейтін қаншама игі дәстүр, жөн-жоралғы, әдет-дағды, ырым-нанымды тұтынатын түріктер Ислам діні одан сайын рухани толыса түсуге мүмкіндік беретінін білді. Бұл көрегендік сан ғасырлар бойы қалыптасып, адал жолдан адастырмай келген игі құндылықтарын, рухани қазыналарын Ислам діні аясында дамытып, заман көшіне ілестіріп, өміршең етуге жол ашты. Ал Ислам діні өзінің талап-шарттарына, табиғатына теріс келмейтін, керісінше тамаша үндесетін Ұлы дала жұртының бағалы рухани құндылықтарын қолдай білді. Дін тарату ісінде бұлар қос тараптың ұқсас, мәндес элементтері ретінде пайдаланылды, дәлірегі, Ислам дінінің негізгі бағыты мен жекелеген тұстары жергілікті халыққа өздері ұстанатын рухани игіліктермен өзектес екені түсіндірілді. Бұл бабаларымыздың өзінің сан ғасырлық рухани қазыналарын терістемейтін жаңа дінге оң көзқараспен қарауына ықпал етті. Бұл қос тараптың өзара үндестік табуының жемісі еді.
Дінге қатысты негізгі атрибуттарының бәрі түгел Ислам бабаларымыздың Құдайды, жаратылысты, өмірдің мәнін және басқа да жағдаяттарды тану тұрғысындағы кең ой-өрісін, зерде-зейінін одан сайын аша түсті, жандүниелерін толғантқан көп сұраққа жауап алуына мүмкіндік берді. Осылайша, ақыл-санаға эволюциялық ретпен, кезең-кезеңмен төңкеріс жасалды, түріктер өркениеті қайта жаңғырды, жаңа белеске көтерілді. Әлемге Ислам дінінің игіліктерімен суарылып, байытылған, синтезделген, қанаттанған түріктік құндылықтар жаһандық өркениет кеңістігіндегі сәтті сапарын жаңа қарқынмен бастады. Бұл оң қадам Ұлы дала төсіндегі халқымыздың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан, бүгінге жеткен Исламның далалық дәстүрлі жолын берік қалыптастырды. Осынау өте маңызды игілікке қол жеткізуімізде Ислам дінінің біздің арамызға сопылық жолмен кіруі шешуші рөл атқарды. Сопылық бағытты XIV ғасырда Нақышбандийа тарихаты кеңінен өрістетті. Бұл тарихатты орнықтырып, ілгері жылжытқан, биікке көтерген Баһауддин Нақышбанди еді. Ол сопылық жолды ұстанған өзінен бұрынғы ұстаздарының ісін тиянақты жалғастыра білді. Осы арада өзбек халқының біртуар тұлғасы, ғалым Абдурауф Фитрат (Абдурахимуғли) өзінің «Шағатай әдебиеті» атты мақаласында: «...Сопылық мұсылмандықпен қатар қалыптасып, Орта Азияға кең таралды. Мұнда сопылықтың құбравия, ясауия, нақышбандия, қаландария деген ағымдары пайда болды. Бұлардың ішінде ең танымалы – ясауилік пен нақышбандилік хақында қысқаша айтар болсақ: ясауиліктің негізін қалаған ХІІ ғасырда өмір сүрген Ахмет Яссауи болса, ал нақышбандийа тарихатының басында А.Яссауидің замандасы болған Əбдіхалық Ғиждуани тұрды...», деп жазғанын келтіре кетсек сөзіміз дәлелді бола түседі.
Жалпы, сопылық Ислам дінін таратуда өте тиімді жол екенін көрсетті. Кеңінен таралған ясауия жолы мен нақышбандийа тарихаты басқа аймақтарды айтпағанда Орталық Азия мен қазіргі Қазақстан аумағында терең тамыр жайды. Біз үшін сопылық бағыттың ең маңызды әрі тиімді болуы Исламды алғаш қабылдап, тұтынған, содан келіп оны басқаларға насихаттауға ден қойған халықтардың дінмен қатар қолданып, бітеқайнастырып жіберген, өздеріне тән бұрыннан қолданып келе жатқан ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін, тұрмыстық және басқа да жөн-жоралғыларын сүзіп тастап, дінді тек таза күйінде қабылдауымызға, оны өзіміздің құндылықтармен синтездей білуімізге тікелей байланысты. Яғни, сопылық жолы Исламды қоспасыз сүзіп алуымызда маңызды рөл ойнады.
Тағы бір айта кетер жайт, сопылық Исламның бір қауымға ғана емес бүкіл адамзатқа түскен дін екенін нақты іспен қуаттаған бағыт. Дәлірегі, сопылық жол Шариғатқа ешқандай қайшы келместен «...салты басқа, иттері қара қасқа» кез келген жұрттың, жергілікті халықтардың рухани-мәдени, танымдық, тұрмыстық құндылықтарымен Исламды сәтті қабыстыруға болатынын дәлелдей білді. Бұл дәлел шын мәнінде кез келген халықтың Исламды «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», Шариғатқа кереғар келмей, өздерінің салт-санасына сәйкестендіре тұтынуы үшін тиімді жол табуына, ізденуіне рұқсат екенін меңзейді. Осы рұқсат бүкіл адамзаттың Исламның ортақ дін ретінде тұтынуына жол ашып келеді. Біздің ата-бабаларымыз асыл дінімізді сопылық бағыт арқылы қабылдауы осы айтылғандарды растайды.
Осынау өзгерістер үдерісінде түрік ұлыстары өздерін қандас, тектес қана емес, дін тұрғысынан ниеттес, мұраттас, Ислам заңдылықтарын ортақ ұстанушы мұсылман жамағаты, жұрты ретінде танып, өзара ұйыса түсті. Өздері қандас, бауырлас болып келетін түрік тайпалары енді діндес халықтар ретінде рухани тұтастықтарын одан сайын нығайтты.
Ислам дінінің түріктер атырабына жаппай таралуын ешкім рухани экспансия, қысым деп санамады. Бабаларымыз дін табиғатын, талаптарын түсіндіруші адамдарды ізгілік жолын дәріптеуші деп төріне оздырып, құрметтеді. Бұдан біз кешегілердің Ислам дініне деген ыстық ықыласын жазбай танимыз. Бабаларымыздың дінді құрметтеудегі мұндай озық үлгісі бүгінгі ұрпаққа өнеге әрі аманат-мирас болып қалды.
Исламның таралуы түріктер қоғамының барлық саласын жаңғыртты. Басқасын айтпағанда, түрік халықтарының рухани-мәдени кеңістігі түрленді. Десек те, бұлайша жаңғыру мен түрлену үдерісінде түрік халықтарының ділі, болмысына дүре тимеді, өзінің қалпын, мазмұнын, өзегін сақтап қалды. Рухани басты ұстындар негізгі тірек қызметін атқара берді. Бұл тек Ислам дінінің талап-шарттарына ғана жүгініп, онымен бірге ілесе келген, яғни басқа ұлттардың (араб, парсы, т.б) дінге қатыссыз, бағзыдан тұтынып келген салт-санасы мен әдеп-ғұрыптары, таным-түсініктері, тұрмыстық ерекшеліктері тәрізді жат элементтерді қабылдамауының нәтижесі еді. Бұдан біз бабаларымыздың таза Ислам дінін терең түсініп, оны басқа элементтерден ажырата, қоспасыз тұтынудағы даналығын көреміз.
Құран араб тілінде түскені, Ислам дінінің алғашқы тұтынушылары араб халқы екені даусыз. Ислам араб арасынан кейін парсы жұртына кеңінен тарады. Сол себептен, бұл екі халық Исламды әлемге уағыздау, тарату ісінде негізгі бастамашылар саналады. Сондықтан бірінші кезекте арабша, одан кейін сол кезеңдерде әдебиет, ғылым тілі ретіндегі әлеуетімен дараланған парсы тілі Ислам діні жеткен аймақтардағы халықтардың тілдік қорына зор ықпалын тигізді. Бұл халықтардың арасында, әрине біз де бармыз. Осылайша, араб-парсы сөздері Ислам діні арқылы, дәлірегі жүргізілген діни уағыздар мен дәрістер, ауызша және кітап арқылы тараған діни-әдеби шығармалар, түрлі әпсаналар себебінен түрік тектес халықтардың тілдік қорына көптеп енді. Ислам дінін терең ұғыну үшін араб-парсы сөздерін санаға сіңірмеу мүмкін емес еді. Мұны жеме-жемге келгенде дінге бет бұруда оң нәтижеге қол созудың бірегей амалы деп те қарастыруға болар, бәлкім.
Басқасын айтпағанда, бұл қалыптасқан жағдайдан қазақ халқы зиян шекті деп айта алмаймыз. Өйткені, рухы биік, амбициясы жоғары бабаларымыз араб, парсы сөздерін өздерінің сөйлеу мәнерінің ыңғайына жығып, дыбыстық өзгерістерге ұшыратып қолдана білді. Осылайша, араб пен парсының қаншама сөзі түрленіп, бастапқы дыбысталуынан ажырап, түркі тілінің «тұтқынына» айналып қала берді. Ол сөздерді, тіпті араб пен парсының өздері тани алмай қалды. Яғни, өзіміздің төл сөздеріміз сияқты қолданылып кетті. Осылайша, түрікшенің тілдік қоры қордалана түсті. Бұл жерде де бабаларымыз есе жібермеді, өз тілдерін сақтай отырып, кірме сөздерді дегеніне «көндіріп», өз дүниесі етіп алды.
Қалай дегенде де жаңа дінмен ілесе басқа да рухани-мәдени, танымдық жат дүниелердің бой көрсетуі бабаларымыз үшін ауыр сынақ болғаны сөзсіз. Олар бойларындағы терең білім мен даналық қасиет-қабілеттері арқасында бұл сынақтан сүрінбей өтті, яғни сопылық ұстаным арқылы сырттан ентелеген әлгі дүниелердің жақсысын алып, жасығы мен жаманын кері ысыра білді.
Түріктердің ежелден келе жатқан рухани құндылықтарын, ұғым-түсініктерін Исламмен үндестіре саналарында сақтап қалуда бабаларымыз мықтылық көрсетті.
Соның бір әрі бірегей мысалы ретінде әруаққа деген құрметін, әруақтан қолдау күтуге қатысты ұғымдарын Ислам діні аясында өрістетіп, өміршең ете алғанын айтуға болады. Мұны бабаларымыз даналықпен әруаққа қатысты байырғы рәсімдері мен түсініктерін Ислам талаптарымен, осы діндегі ұғымдармен ұштастыра білді деген мазмұнда да айтуға болады.
Ислам діні әруаққа ерекше құрметпен қарауды міндеттейді. Бұған көптеген мысал келтіруге болады. Дегенмен, осы арада Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бейіт маңына келгенде сонда сүйегі жатқан марқұмдар үшін үнемі «Уа, мүміндер мен мұсылмандар, сендер үшін Алладан жарылқау тілеймін», деп дұға жасайтынын ерекшелеп айтқымыз келеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы танымал дұғасынан-ақ асыл дініміздің әруақты құрметтеуге шақыратынын көруге болады. Осыдан келіп, халқымыздың санасындағы бұрыннан келе жатқан «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сынды терең мәнді ұғымдар тереңдеп, марқұмдармен қоштасуға, сүйекті жерлеуге, өліктің артын күтуге қатысты түрлі жөн-жоралғылар, рәсімдер Ислам дінінің шарт-талаптары ыңғайында жүзеге асырыла бастады. Бұл түріктердің аталған мәселелер бойынша ескіден келе жатқан жөн-жосықтарын Ислам діні шет көрмегенін, қайта қолдағанын аңғартады. Сондықтан да бабаларымыз Ислам дініне оң қабақ таныта түскен. Осылайша, адам қайтыс болғанда оны бақиға шығарып салу, одан кейін марқұмды еске алу шараларының ежелден келе жатқан түріктерге тән тұтас рәсімдер жүйесі Исламның аясында ұлттық маңызды құндылық, асыл мұра әрі діни жоралғы ретінде ғасырдан ғасырға жаңғырып, жалғасып келеді. Бабаларымыздың «Бейсенбілік ас» «Жеті күндік ас», «Қырық күндік ас», «Жүз күндік ас», «Жылдық ас», «Иіс шығару» тәрізді көптеген рәсімдері Шариғатта нақты бұйырылмаса да Исламның әруаққа құрмет көрсетуге қатысты ізгілікті ишара-үндеуімен сәйкес келетіні әлгі жөн-жоралғыларды жалпыхалықтық қолданыстан түсірмеді. Әруаққа бағыштап Құран оқу, олардың бейіттеріне зиярат ету, жеті нан пісіріп иіс шығару сынды амалдардан, түрік жұртының басқа да осы ыңғайдағы рәсім-дәстүрлерден қашпау керек. Бұлар Ислам талаптарымен сәтті қабысқан түркілік құндылықтар. Дінімізге зиян тигізбейтін, қайшы келмейтін, қайта Ислам дінінің өлгендерді ұмытпау, еске алу керектігін айтатын шарттарымен үндесетін құндылықтар.
Яғни, түріктік жоралғылар мен діни талаптар өзара біте қайнаса келіп, Құран оқуды, бата беруді, діни уағыздар, тәрбиелік мәні зор әңгімелерді өзіне арқау еткен рухани-танымдық, діни маңызды ортақ рәсімге айналды. Бұл түріктердің жоғарыда көрсетілген құндылықтары туралы аракідік болса да айтылып қалатын «Әлгі рәсімдер Шариғатта көрсетілмеген, сондықтан олар дінімізге қайшы» деген сыңайдағы сыңаржақ пікірлерге қарсы нақты уәж бола алады.
Осылайша, екі әлем – түріктік және Ислами дүниетанымның ізгілікті түсініктер биігінде өзара сәтті қабысуы Жаратушы, о дүние, дін, әруақ, өмір, тағы басқаларға қатысты бұрыннан келе жатқан ұғымдарды халық санасында түрлендіріп, маңыздандырып қайта жаңғыртып, жаңартты. Соның айқын бір дәлелі ретінде «Құдайдан рахым, Пайғамбардан шапағат болсын» деген, өте кең тараған дұға, бата-тілекті айтуға болады. Күнделікті өмірде миллиондар сан мәрте қайталап айтатын бұл дұға түріктердің «әруақ желеп-жебейді», «әруақ қолдайды» деген сенімдерін одан сайын ұштады.
«Әруақ бар, олардың мекені – о дүние» деген таным түріктік байырғы көзқарас пен Исламға ортақ. Екі тарап та әруақтың бар екеніне шүбә келтірмейді. Егер әруақ деген жоқ дер болсақ, онда: «О дүние, ондағы тозақ пен жұмақ кім үшін?..» деген заңды сұрақ туындар еді әрі арғы дүниенің бар екеніне күмән келтірген, тіпті жоққа шығарған болар едік. О дүниенің бар екеніне сенбеу – Құдайды жоққа санау, оның дінін жаратпау деген сөз.
Біз жоғарыда сөз еткен «Құдайдан рахым, Пайғамбардан шапағат болсын» деген белгілі дұға «әруақ қолдайды», «әруақ желеп-жебейді» деген сеніміміздің дұрыстығын, оның дінге қайшы, Құдайға серік қосу мәселесіне еш қатысы жоқ екенін анық көрсетеді. Рахым мен рахимды Құдайдан, ал қолдау, шапағат етуді Пайғамбарымыздан сұраймыз. Бұл жерде Құдай рұқсат берсе ғана Ол (с.ғ.с.) үмметіне шапағат ете алатынын ескеруіміз керек. Сол сияқты, дінімізде Пайғамбар болмаса да Құдай алдындағы дәрежесіне сай әруаққа басқалар үшін шапағат ету мүмкіндігі берілетіні айтылады. Тіпті, кейбір діни кітаптарда әлгі әруақтың Алла тағала алдындағы дәрежесіне қарап қанша жанға шапағат ете алатыны көрсетілген. Осыдан келіп, өз ата-бабаларымыздың, ата-аналарымыздың Алла алдындағы дәрежесі жоғары екеніне шүбәсіз біздер олардан бұ дүниедегі тіршілігімізде және ақыретімізде Жаратқанның рахымы мен рахимына бөлену үшін шапағат етуін, қолдауларын сұраймыз. Мұның күнделікті өмірімізде қатар жүрген үлкендерімізден, ақсақалдардан, ата-әжелерімізден, әке-шешелерімізден, аға-әпкелерімізден, тіпті, балиғатқа толмаған кішкентайлардың күнәсіздігін ескеріп балалардан дұға, тілек, бата сұрағанымыздан бір мысқал да айырмасы жоқ. Тек марқұмдардың жер бетіндегілерден қарағанда Құдайға бір табан жақын тұрады деген түсініктің әсерінен әруақтың қолдауларына көбірек үміт артамыз. Сол сияқты, балиғат жасына толмай бақилық болған кішкентайларымыз өзіміз о дүниеге барғанда алдымыздан шапағатшы болып шығады, дәлірегі ол жақта саған Алладан рахим тілеп, күнәларың үшін Жаратқанның кешірімді болуын сұрайды деп те түсінеміз.
Осы арада «шапағат ету» ұғымына жеке тоқтала кетсек артықтық етпес.
Имамдарымыздың айтуынша, «шапағат» сөзі – қамқорлық жасау, араға түсу, жәрдем ету сынды мағыналарды береді. Ал, діни терминология бойынша ақырет күні Алла Тағаланың рұқсатымен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың және басқа да иманды жандардың өзге бір күнәлі адамның жәннатқа кіруіне көмектесуін білдіреді.
Қасиетті Құранда: «Оның (Құдайдың) дәргейінде рұқсатынсыз біреу үшін шапағат етіп, ара түсе алатын кім бар?» («Бақара» сүресі, 255-аят) делінсе, қадір-қасиеті жоғары өзге де адамдарға: шейіттерге, ізгі амалы барларға, хафыздарға, ата-ана мен балаларға бір-біріне шапағат етуіне Алла қаласа мүмкіндік берілетіні, тіпті, бір иманды жанның бір әулетке, бір халыққа шапағат ететіні туралы хадистерде айтылады. Яғни, шапағаттың иесі – Алла. Сондықтан дұғаны тікелей Алладан сұраған дұрыс: «Уа Алла, пайғамбарларыңның, әулие құлдарыңның, ата-бабаларымның шапағатына лайық ете гөр» деуге болады.
Тағы бір айта кетер жайт, «Әруақ қолдасын», «Әруақ оңдасын», «Әруақ шапағат етсін» деуіміздің астарында әруақты Алламен қатар қою, серік ету деген ой жоқ. Бұл әруақты сұрағанымызды беруші, тілегімізді орындаушы құдірет иесі деп тануды білдірмейді. Әруақтың қолдауы, желеп-жебеуі, шапағат етуі, бұл – біздің өтінішімізді Жаратқанға жеткізіп, оның орындалуын Алладан сұрауы. Дәлірегі Алламен арада дәнекер болуы. Біздің «әруақ қолдасын» дегеніміз әруақтың Алламен арамызда дәнекер болуын тілеуіміз. Біз үшін әруақтың Алладан жақсылық сұрауы тілегіміз толық орындалады дегенді білдірмейді. Оның қабыл болуы Құдайдың құзыретіндегі мәселе.
Жалпы, «желеп-жебеу», «қолдау», «шапағат ету» дегендер мәндес, мағыналас сөздер. Демек, тіршілігімізде ортамыздағы үлкендерден бата алуымыз, дұға, тілек сұрауымыз – бұ дүниеде де, о дүниеде де жақсылық көрсек деген ниетпен Алладан үміт етуіміз. Сол сияқты әруақтан қолдау күтуіміз де екі дүниеде де жағдайымыздың оңды болу тілегінен туындайды.
Ата-бабаларымыз бұл дүние тіршілігіндегі барлық нығметтерді алдымен Тәңірден сұраған. Осылай амал ету барысында тілектерін Аллаға әруақтың жеткізгенін қалаған. Бұл қалаудың орындалуы – әруақтың қолдауы, шапағат етуі. Айналып келгенде жақсылықты Алладан әруақ арқылы сұрау. Демек, қазақ әруақты Құдай дәрежесіне көтермеген, тек өз үзірін Жаратқанға жеткізе алатын мүмкіндігі бар қолдаушы, жебеуші санаған.
Аллаға серік қосу мүмкін бе? Жоқ. Алламен теңдесетін кім бар? Ешкім жоқ. Сондықтан арқаланған қазақтың «әруақ» дегенінен жамандық іздеу негізсіз. Әруақтан шапағат тілеуде жаратқанға серік қосудың үліңгірдей де белгісі жоқ. Әруақ өтініш-тілегімізді Аллаға жеткізеді деген сеніміміз нық. Бұл сенім олардың ұрпағын қолдайтынына, шапағатшы болатынына күмән келтіртпейді. Әруақтың өтініш-тілегімізді Аллаға жеткізуі – олардың қолдағаны, шапағатшы болғаны. Ал ары қарайғысы Алланың құзыретіндегі іс.
Жолдыбай Базар
Abai.kz