Кездесу кезінде Украина сыртқы істер министрлігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың германиялық Deutsche Welle телеарнасындағы сұхбатында Қырым аннексиясына қатысты айтқан сөзіне алаңдаушылық білдірген. Украина сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, екі тарап 1994 жылы 20 қаңтарда қол қойылған Украина мен Қазақстан арасындағы достық келісіміндегі принциптерді қатаң ұстауға келіскен.
Тоқаев Deutsche Welle неміс телерадиокомпаниясына берген сұхбатта «Қырымда болған жағдайды аннексия деп атамаймыз. Аннексия – тым ауыр сөз» деген. 3 желтоқсанда жарияланған сұхбаттан соң Украина сыртқы істер министрлігі президенттің бұл сөзін сынап, Қазақстанға демарш жолдайтынын мәлімдеген.
Тоқаевтың бұл сөзін қазақстандық және украиналық желі қолданушылары да сынады.
Ресей 2014 жылы көктемде Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап, Ресей федерациясының құрамындағы субъект деп жариялаған еді. Сол жылы сәуірде Украинаның Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында қарулы қақтығыс басталған. Содан бері ол соғыста 13 мыңнан астам адам қаза тапқан.
Батыс елдері Ресейдің Украинаға қатысты іс-әрекетін айыптаған.
Abai.kz