Мұха, қайда барасың?
Мұхтар Мағауинге
Мұха, мұхит астыңыз,
Сексенге аяқ бастыңыз.
Түпсіз терең дүниенің,
Тас қақпасын аштыңыз.
Мынау сұрғылт заманның,
Үсті – боран, асты – мұз.
Сұрқайлардан түңіліп,
Туған жерден қаштыңыз.
Өз халқыңнан бөлінбе,
Өз қағыңнан жерінбе.
Сені күтіп жеті атаң,
Аунап жатыр көрінде.
Күрсінеді балбалтас,
Атамекен төрінде.
Ұмытпайды өзен-су,
Тау мен тасың тегінде.
Қаз-үйрегің жүзіп жүр,
Бәз баяғы көліңде.
Тозған жұрттың жұрнағы,
Отыр туған жеріңде.
Өзге түгел сені аңсап,
Шұбартауда соғып тұр,
Азынаған желің де.
Мұха, қайда барасың?
Ел кезіп не табасың.
Қосамын деп ойлама,
Құрлықтардың арасын.
Біріктірсең жетпей ме,
Бар қазақтың баласын.
Сен білмесең кім білер,
Туған елдің бағасын.
Көңілге алып қайтесің,
Ит пен құстың таласын.
Тырнай берме еліңнің,
Жазылмайтын жарасын.
Битке өкпелеп салма отқа,
Алтын тонның жағасын.
Таулар көшіп кетсе де,
Тарихта сен қаласың.
Ағайынға ғана емес,
Алты Алашқа ағасың!
(Мағауияның зираты басында түскен сурет)
Несіпбек Айтұлы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты