Ерлік пен өрліктен сомдалған тұлға
Тілеумұрат Кішкентаев – Аққұм ауылының перзенті, қарапайым еңбек адамы. Колхоздар ұйымдасқан кезден бастап колхозға мүше болып кіріп, өмірінің соңына дейін колхозшы болып өтеді. Төкең ұзақ уақыт бойы Жданов атындағы колхозда шопан болып, қой бағады. Ол осы колхозда қой түлігін көбейтуге үлес қосады. Жүз саулықтан 130-140 қа дейін қозы алып отырған. Нәтижесінде еңбекқор шопан 1949 жылы Ырғыз ауданынан шыққан 29 «Социалситік Еңбек Ерінің» бірі болды. Төлеумұрат Кішкентаев жасы ұлғайған шағында 1950 жылдардың аяғында дүниеден өткен.
Айнагүл Тілеумұратқызы әкесі жайлы былай дейді:
«Менің әкем Тілеумұрат Кішкентаев, анам Есімова Күләй. Отбасымда 4 ағайындымыз. Үлкен апам Бибігүл Қашқынбаева(Тілеумұратқызы) - 1939 жылы Аққұм ауылында(Жаңабірлік, Жданов) дүниеге келген. Кіші апам Базаргүл Кусеева(Тілеумұратқызы) - 1942 жылы Аққұм ауылында дүниеге келген. Содан кейін мен Айнагүл Кішкентаева 1954 жылы Аққұмда дүниеге келгенмің. Менен кейін сіңілім Кішкентаева Зада Тілеумұратқызы - 1957 жылы Аққұмда дүниеге келген. Әкем шобдар руынан тарағанына байланысты Ырғызды басқарған Алматұлы Самырат(Шахмұрат) балдарымен жақсы араласып тұрды.
Әкем Ырғыздың Мамыр ауылыңда дүниеге келген. Қазіргі Жабасақ ауылдық округінің Аққұм, Шілікті(Басықара қопасы), Қодарда қой бағып, шопан болды. Сол жерде қайтыс болды. Елге қамқор кісі еді. Өзіңде жоқ болса да көлденең көк аттыға, жолаушылап келген меймандарға жарты күлшесін болса да бөліп беретін еді. Ашаршылық (конфискация) кезіндегі елге жасаған жақсылығын көргендер әлі күнге дейін мені көргенде жылап, жылы лебіздерін білдіріп жатады. 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері болды. Әкемнің құжаттары мен орден, медалдарын бала кезімізде ойнап, сындырып алдық. Әкем сияқты бірқатар азаматтар Жабасақ өңірінде қызмет етті. Әкем ақша алмады. Ақшаның орнында авликация болды. Сол кеңес заманында Әбдісаламов Файзолла(ҚСЭ, 6-том, 8-бет, Ақтөбе энц. 288-бет) Қазақ КСР-ның Еңбек сіңірген өнер қайраткері(1960ж.), Ақтөбеден шыққан тұңғыш кинооператор туған жерінен шыққан, еңбегі сіңген азаматтар туралы деректі фильм түсіріп жүретін. Мен ол кісіні көрдім. Ал қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы Файзолла ағаның інісі, Әлім Алмат (Ғалымжан Әбдісаламов) ағамды біздің Аққұмда дүниеге келгендігі жөнінде туған ауылымның тұрғындарынан білдім. Мен Жабасаққа 2006 жылы әкемнің турниріне бардым. Жерлестерім үлкен ілтипатпен қарсы алды. Осы орайды пайдаланып, ең алдымен Баязит Құдайбергенұлына үлкен ризашылығымды білдіремін. Соңғы рет 2022 жылы Жабасаққа мамыр айында бардым».
«1928 жылы конфискация жүргенде біздің әулет Темірбек Жүргеновтің араласуымен жер аударудан аман қалған. Конфискациядан кейінгі (малдан айрылған соң) жылдар жағдайсыз болып, елдің берекесі кете бастайды. Сөйтіп аштық басталғанда көптеген туыстар Ресейдің Орск қаласына, Жетіқараға т.б. жақтарға жан-жаққа көшкен».
Жабасақ елі еңбекқор шопан Төлеумұрат Кішкентаевты елге сіңірген еңбегі үшін бүгінгі күнге дейін ұмытпаған. Оның есімін есте сақтап, келер ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында Жабасақ орта мектебінде мамыр айында аудан мектері оқушыларының қатысуымен қазақша күрестен «Төлеумұрат Кішкентаев атындағы жүлде» үшін жарыс өтіп тұрады. Бұл жарыс біраз уақыттан бері дәстүрге айналып отыр. Мұның өзі жас ұрпақтың аға ұрпаққа деген зор құрметі!
«Кішкентаев Төремұрат атындағы жүлде»
Т.Кішкентаев атындағы оқушылар арасындағы жарыс 1992 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келеді. Алғашқы жарысты ұйымдастырушы сол кездегі аудандық білім бөлімінің бастығы А.Ермағанбет, Жабасақ орта мектебінің директоры Б.Құдайбергенұлы және Жабасақ кеңшарының директоры М.Ғабидуллин болды. Алғашқы кезде бір ауданның жарысы болса, кейіннен ауданаралық, облыстық жарыс деңгейіне көтерілді. Т.Кішкентаев атындағы турнирге Ырғыз, Қарабұтақ, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласының командалары қатысып, бақтарын сынады. Кей жылдары турнирге 280 палуан қатынасқан кездерде болды.
1992 жылғы турнирдің алғашқы жеңімпаздары А.Сүлейменов, Р.Ермағанбетов болды. Қазіргі күні олар, А.Сүлейменов спорт шебері, Р.Ермағанбетов спорт шеберлігіне үміткер, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі төреші және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Турнир барлық уақытта Жабасақ орта мектебінің базасында өтіп келеді. Бір жыл Т.Кішкентаевтың отаны Аққұм ауылында өткізілді. Басқа ауданның командаларын көптен қатыстыру мақсатында үш жыл Темірбек Жүргенов (Комсомол) ауылында өткізілген болатын.
Бұл турнирдің жастарға берері мол болды. Нәтижесінде 21 жылда осы турнирден шыңдалған палуандардың 17-сі спорт шебері және спорт шеберлігіне кандидат атанды.
Т.Кішкентаев турниріне талай рет қатысып, жеңімпаз атанған Б.Қисықов халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресінің екі рет әлем жеңімпазы атанды. Күрестегі қадамын осы турнирден бастап, шыңдалған, талай рет көрерменді риза еткен Ғ.Байниязов бірнеше рет ел жеңімпазы атанды(aqtobegazeti,12.08.2010). Палуандар күрес өнерінің қыр-сырына осы турнирде шыңдалған. Осы турнирден шыққан тағы бір Жабасақтық палуан А.Баймұратов грек-рим күресінен Азия жеңімпазы атанды. Белбеу күресінен бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы Әлібеков те осы турнирдің үнемі қатысушысы, жеңімпазы. Осы турнирден шыққан тағы бір Жабасақтық палуан Амангелді Ерасыл 2022 жылы Жабасақтан шыққан тұңғыш әлем жеңімпазы атанды (Ерасыл-әлем чемпионы, aqtobegazeti 22.12.2022). Ерасыл «Қазақстан барысы-2025» турнирінің жартылай финалисті.
Т.Кішкентаев турнирінде шыңдалған Р.Бөрібаев, С.Жетімбаев, М.Айнадин, Н.Шортанбаев, Ж.Естаев, М.Жарымбетов, А.Елешов, Р.Әлменов, және басқа да онадаған палуандар күрес түрлерінен облыс, республика жеңімпаздары, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары.
Турнирге палуандар даярлауда және бұл турнирді сапалы түрде өткізуде жаттықтырушылар М.Әбдібеков, Ә.Байниязов, Р.Ермағанбетов, Қ.Надиров, С.Қозбағаровтың еңбектері орасаң зор.
Асқар Рахымжанұлы
Abai.kz