Елисей сарайында өткен келіссөз ұзаққа созылды. Түнге қарай төрт лидердің бірлесіп баспасөз мәслихатын өткізуімен аяқталды. Ресей президенті Владимир Путин мен 2019 жылдың көктемінде сайланған Украина президенті Владимир Зеленский бірінші рет кездесті.
Тараптар Донбасстағы жағдайды талқылап, 2019 жылдың соңына дейін оқ атпауды қамтамасыз етуге келісті.
Тараптар сонымен бірге тұтқындарды алмастыру мәселесін талқылап, "Қызыл крест" ұйымының қызметкерлеріне оларға жағдай жасауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беруге келіскен.
Бұдан бөлек мемлекет басшылары кейінгі кездесулерде жікшілдердің бақылауындағы аймақтарда жергілікті сайлаулар өткізу форматын талқылау бойынша келіскен.
Нәтижесінде бірлескен декларация қабылданды.
Барлық лидерлер бұл кездесуді "сенімді қалпына келтіру" үшін маңызды деп атап өтті. Владимир Зеленский мұны бейбітшілікке қадам деп қарауға болады деді. Ол сонымен бірге Путинмен арада пікір келіспеушіліктің болғанын, оны әзірге шешуге мүмкін болмағанын атап өтті.
Abai.kz