Ел билігіндегі зейнеткерлер армиясы һәм Елшінің туған күні
Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов кеше 63 жасқа толды. Ал кешелі-бері әлеуметтік желіде Иманғали Тасмағамбетов зейнет жасына толуына байланысты елшілік қызметінен кетеді екен деген гу-гу әңгіме тарады.
Ербол Еділов дейтін азамат Telegram желісінде "Не грустный праздник" атты жазба жариялады. Онда зейнет жасына жеткен Иманғали Нұрғалиұлының саяси қызметі мен зейнеті туралы азды-кем шолу жасап, болжам айтыпты.
Ресейдегі елшілікке тізгіншілік етіп жүрген Иманғали Тасмағамбетовтің зейнет жасына толуын тілге тиек ете отырып: "Саясаткер үшін бұл бір ең белсенді жұмыс жасайтын жас десек те, тағайындалатын мемлекеттік қызметті атқаруға шектеу қоятын заңнамаға ештеңе істей алмайсың", деп жазды.
Сөз арасында зейнетпен бірге мем-қызметтен де бірге кеткен Әбіқаев, Жақсыбеков, Мусиндерді мысал етіпті. Зейнетке кетуі керек деген Есімов, Көшербаев пен Сарапбаевтарды да сөз еткен. Сөйтіп, Олардың зейнетке шығып, мемлекеттік қызметтен кетуі - "Ағашкалар дәуірінің" аяқталуын білдіреді деген ауандағы пікірін айтқан.
Ербол Еділовтің айтуынша, зейнет жасына толған соң, Иманғали Нұрғалиұлы мемлекеттік қызметтен кету туралы шешімге келген-мыс. Бұл нақты ақпарат болмаған соң, біз бұны Еділовтің болжамы деп қабылдадық.
Иманғали Нұрғалиұлы Қазақстан Президентінің көмекшісі, Президенттің бірінші көмекшісі, Қазақстанның вице-премьері, бұрынғы Білім және мәдениет вице-министрі, Атырау облысының әкімі, Қазақстанның Үкімет басшысы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің жетекшісі, Алматы мен Астана қалаларының әкімі, ҚР Қорғаныс министрі т.б. қызметтерді атқарды. Қазір Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі.
Сонымен, Ербол Еділов есімді шолушы өз пікірін айтыпты. Болжамын жасапты. Оның ойынша, Иманғали Тасмағамбетов көп өтпей, зейнетке кетіп, Мусин, Әбіқаев, Жақсыбековтердің қатарына қосылады-мыс. Бұл анық емес. Тек субьективті болжам ғана.
Ал біз осы ретте ел билігіндегі зейнеткерлер отрядын бір түгендеп шыққанды жөн көрдік. Шолушы Ербол Еділов өз пікірінде "Зейнеткерлерге мем-қызметте болуға Заң шектеу қояды" депті. Солай ма? Ендеше қараңыз...
Мәселен, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев. Қазір - 64 жаста. Қырымбек Елеуұлы да қыруар қызметтік кабинет ауыстырған адамдардың бірі. Бірнеше министрлікті басқарды. Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарын басқарды. Ресейде Елші де болды.
Бердібек Сапарбаев - 66 жаста. ҚР Премьер министрінің орынбасары. Бірнеше облыста әкім, бірнеше министрлікте министр болған адам.
Амандық Баталов - 67 жаста. Алматы облысының әкімі.
Даниал Ахметов - 65 жаста. Шығыс Қазақстан облысының әкімі.
Бұдан бөлек, әлдеқашан зейнет жасына толса да қызметінен кетпей жүрген депутаттар да жетерлік. Сенбесеңіз, қараңыз:
Мәжілістегі зейнеткер аталар:
Владислав Косарев - 1937 жылы туған. Жасы 82-де.
Қуаныш Сұлтанов - 1945 жылы туған. Жасы 74-те.
Тұрғын Сыздықов - 1947 жылы туған. Жасы 72-де.
Бақтықожа Ізмұхамбетов - 1948 жылы туған. Жасы 71-де.
Владимир Божко - 1949 жылы туған. Жасы 70-те.
Қабиболла Жақыпов - 1949 жылы туған. Жасы 70-те.
Серік Үмбетов - 1950 жылы туған. Жасы 69-да.
Шаймардан Нурумов - 1950 жылы туған. Жасы 69-да.
Жексенбай Дүйсебаев - 1950 жылы туған. Жасы 69-да.
Сауытбек Әбдірахманов - 1951 жылы туған. Жасы 68-де.
Ахмед Мурадов - 1951 жылы туған. Жасы 68-де.
Абай Тасболатов - 1951 жылы туған. Жасы 68-де.
Жанат Жарасов - 1951 жылы туған. Жасы 68-де.
Ерсұлтан Бектұрғанова -1952 жылы туған. Жасы 67-де.
Бәйділдә Жылқышиев - 1952 жылы туған. Жасы 67-де.
Бақытжан Ертаев - 1952 жылы туған. Жасы 67-де.
Омархан Өксікбаев - 1954 жылы туған. 22 желтоқсанда асы 65-ке толады.
Михаил Чирков - 1954 жылы туған. Жасы 65-те.
Асқар Базарбаев -1954 жылы туған. Жасы 65-те.
Роман Ким - 1955 жылы туған. Жасы 64-те.
Мәжілістегі зейнеткер апалар:
Гүлжан Қарақұсова - 1950 жылы туған. Жасы 69-да.
Галина Баймаханова - 1952 жылы туған. Жасы 67-де.
Екатерина Никитинская - 1955 жылы туған. Жасы 64-те.
Майра Айсина - 1956 жылы туған. Жасы 63-те.
Светлана Бычкова - 1957 жылы туған. Жасы 62-де.
Гүлмира Исимбаева - 1957 жылы туған. Жасы 62-де.
Ирина Аронова - 1957 жылы туған. Жасы 62-де.
Зағипа Балиева - 1958 жылы туған. Жасы 61-де.
Құралай Қарекен - 1958 жылы туған. Жасы 61-де.
Татьяна Яковлева - 1958 жылы туған Жасы 61-де.
Зәурен Аманжолова - 1958 жылы туған. Жасы 61-де.
Сенаттағы зейнеткерлер:
Құрметті Сенатор: Нұрсұлтан Назарбаев. 1940 жылы туған. Жасы 79-да.
Төлеубек Мұқашев. 1950 жылы туған. Жасы 69-да.
Бекмырза Еламанов. 1950 жылы туған. Жасы 69-да.
Талғат Мұсабаев. 1951 жылы туған. Жасы 68-де.
Марат Тағымов. 1952 жылы туған. Жасы 67-де.
Бақытжан Жұмағұлов. 1953 жылы туған. Жасы 66-да.
Рашит Әкімов. 1954 жылы туған. Жасы 65-те.
Владимир Волков. 1955 жылы туған. Жасы 64-те.
Бектас Бекназаров. 1956 жылы туған. Жасы 63-те.
Асқар Шәкіров. 1956 жылы туған. Жасы 63-те.
Серік Жақсыбеков. 1956 жылы туған. Жасы 63-те.
Дәурен Әділбеков. 1956 жылы туған. Жасы 63-те.
Ғұмар Дүйсембаев. 1956 жылы туған. Жасы 63-те.
Мұхтар Жұмағазиев. 1956 жылы туған. Жасы 63-те.
Ерік Сұлтанов. 1956 жылы туған. Жасы 63-те.
Сонымен, Ресейдегі Елші Иманғали Тасмағамбетов те зейнет жасындағылардың қатарына қосылды. Десек те, ол - Иманғали Тасмағамбетов мемлекеттік қызметтен кетті деген сөз емес. "Кетемін" деп өзі, "кетеді" деп Ақорда айтқан жоқ. Әзірге ел аузындағы әңгіме - болғаны болжам ғана.
Ал жоғарыдағы саяси мандат иелерінің ұзын-сонар тізіміне көз жүгіртсек, 2 облыс әкімі, 1 министр және Мәжіліс пен Сенаттағы 45 депутат қазірдің өзінде зейнеткер екен. Ендеше, "Тасмағамбетов зейнет жасына толды" деп қара аспанды төндіру және қисынсыз... Әсілі, Иманғали Тасмағамбетов дәл осы себеппен қызметтен кетсе - демек, қалғандары да солай істеуі әділетті болмақ...
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz