Жұма, 22 Қараша 2024
Бәрекелді! 5693 26 пікір 18 Желтоқсан, 2019 сағат 16:12

Азат Перуашев: Абай рухты Семейге ерекше мәртебе берілгені жөн

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдап, Семей қаласына ерекше мәртебе беруді сұрады. Бұл туралы «Abai.kz» ақпараттық порталы хабарлайды.

«Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен түрік елдерінің алтын бесігі - ежелгі Түркістан қаласы - облыс орталығына айналып, ал Шымкент шаһарына республикалық дәреже берілді. Бұл тарихи шешім Түркістан аймағын бүкіл түркі әлемінің ордасы ретінде қайта нығайтуға жол ашты. Ал, Шымкент өз мәртебесін түсірмей, еліміздің бетке ұстар қалалардың бірі ретінде ары қарай дамуда.  Осы орайда, кер заманда қазақтың рухын көтерген, қазақтың дауысын жеткізіп, иісін танытқан, Абай  рухының ордасы - Семей қаласына да тиісті мәртебесін беру орынды деп санаймыз», делінген депутаттық сауалда.

Әуелі Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» фракциясы депутаттарының ұсынысына көз жүгіртейік....


Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

А.Ұ. Маминге

Депутаттық сауал

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Баршамызға белгілі, келесі жылы Президент бастамасымен халқымыздың абызы, заманауи қазақ тілінің құрастырушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтіледі.

Ғасырлардың тоғысында ұлтымызды оятушы да, ұялтушы да – Ұлы Абай! Оның тек ұлттық әдебиетке ғана емес, сонымен бірге халқымыздың дамуына, ағартушылыққа, өркениетіне еткен әсері ерекше.

Алаш көсемдері Абайды өздерінің рухани ұстазы есептегені де құпия емес. Абай бүтіндей бір ұлттың санасына төңкеріс жасап, оны сол кездегі прогресшіл әлемнің деңгейіне шығаруға тырысты. Алаштың ұстанымдарының да негізін Абайдан іздеу керек.

Алаш қайраткерлерінің бірі – Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясын жазып, бүкіл әлемге Абай феноменін таныстырды.

Әлихан Бөкейхан түрмеден былай деп жазған: «Қамауға аларда бас-аяғымды қалдырмай тінтіп шығып соңынан, қолымдағы портфелімді алғандарына қатты абыржып қалдым: оның ішінде Абайдың баспаханаға аударып, өткізейін деген қолжазбасы болатын. Түрмеде өзімді қанша ұстап жазаласа да, маған бәрі бір, тек «Абайым» сақталса екен дегеннен басқа ойыма ешнәрсе кірген жоқ...».

Міржақып Дулатұлы «Ең жоғары, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз — Абай» деген.

Яғни, бір сөзбен айтқанда, Абайды ұлықтау, Абайды насихаттау, қарапайым халық арасында Абайдың сөзін таратып, таныстыру, түсіндіру о баста Алаштың еңбегі еді.

Ал, бүгінгі күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың 175 жылдығын лайықты деңгейінде өткізуге берген тапсырмасы Мемлекет басшысы ретінде оның ең алғашқы және маңызды шешімдерінің бірі. Президент «Семейдің әр көшесі мен ғимаратында тарихтың салған ізі бар» деп, оның ерекше маңызын құптады.

Осыған орай, бүгінгі күні Абай жері -  Семей өңірінде бірқатар шаралар қолға алынды. Семей қаласы мен аймағын көтеруге бұрын-соңды болмаған қомақты қаражат бөлініп, гүлденуіне күш жұмсалуда.

Әрине, халық та Семей қаласының өсуіне, өркендеуіне қуануда. Өйткені, Семей қаласының географиялық орны, экономикалық деңгейі, саяси мұрасы оған әбден лайық. «Алаш Орда» Қазақ ұлттық автономиясының астанасы болған, солтүстік шекараның бойында орналасқан, бүгінде үш жүз отыз мыңдай халқы бар, облыс орталығы емес қалалардың арасындағы ең үлкен елді мекен, автотехника, ұн, цемент, көмір, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп т.б. тауарлар шығаратын ірі өндірістері орналасқан Семей қаласы Абайдың мерей тойынан кейін де қол жеткізген дәрежеден түспеуі керек.

Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен түрік елдерінің алтын бесігі - ежелгі Түркістан қаласы - облыс орталығына айналып, ал Шымкент шаһарына республикалық дәреже берілді. Бұл тарихи шешім Түркістан аймағын бүкіл түркі әлемінің ордасы ретінде қайта нығайтуға жол ашты. Ал, Шымкент өз мәртебесін түсірмей, еліміздің бетке ұстар қалалардың бірі ретінде ары қарай дамуда.

Осы орайда, кер заманда қазақтың рухын көтерген, қазақтың дауысын жеткізіп, иісін танытқан, Абай рухының ордасы - Семей қаласына да тиісті мәртебесін беру орынды деп санаймыз.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, ҚР «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңнын 3-ші бабына сәйкес, республикалық маңызы бар қалалар қатарына халқының саны бір миллион адамнан асатын елді мекендер, немесе ерекше мемлекеттік маңызы бар қалалар жатады. Біздің ойымызша, Семей қаласы - дәл осы ерекше мемлекеттік маңызы бар қала. Сондықтан, оған ерекше мәртебе беру жөнінде Мемлекет Басшысына ұсыныс енгізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз.


Азат Тұрлыбекұлы бастаған депутаттар тобы бұл бастаманы ҚР «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңнын 3-ші бабын негізге ала отырып көтеріпті.

«ҚР «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңнын 3-ші бабына сәйкес, республикалық маңызы бар қалалар қатарына халқының саны бір миллион адамнан асатын елді мекендер, немесе ерекше мемлекеттік маңызы бар қалалар жатады. Біздің ойымызша, Семей қаласы - дәл осы ерекше мемлекеттік маңызы бар қала. Сондықтан, оған ерекше мәртебе беру жөнінде Мемлекет Басшысына ұсыныс енгізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз», дейді «Ақ жол» паритясының депутаттары.

Депутаттардың бұл ұсынысы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсуде. Пікірлер әралуан. Олардың арасында «Семейде 1 миллион халық жоқ» деп уәж айтушылар да бар. Осы ретте біз аталмыш Заңның бабына тағы бір мәрте көз жүгірткенді жөн санадық.

«Қазақстан Республикасының «Әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» ҚР 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңы. 3-бап «Қалалар мен басқа да елді мекендердің стандарттары» деп аталады.

Осы 3-баптың 1-тармақшасында: «Республикалық маңызы бар қалалар, оларға ерекше мемлекеттiк маңызы бар немесе халқының саны бiр миллион адамнан асатын елдi мекендер жатады», деп тайға таңба басқандай жазылған. Ендеше, «ерекше маңызы бар қала» статусы тек тұрғын саны миллионнан асатын қалаларға ғана берілмейтінін және бір еске сала кетеміз.

Тақырыпқа тұздық ретінде естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы «Ақ жол» партиясының бастамасымен Семей қаласында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға ескерткіш орнатылған еді. Ал 2015 жылы Азат Перуашев бастаған депутаттар Семейді «Алаш қаласы» деп атау жөнінде Үкіметке ұсыныс жолдаған. 2017 жылы «Abai.kz» ақпараттық порталында «Семей қайта облыс бола ма?» атты мақала жария болды.  Сол жылы Семейге – Алаш, Өскеменге – Әлихан емісімін беру мәселесі БАҚ-та қызу талқы болды.

Бұл жолы Мәжіліс депутаттары Алаштың астанасы болған Семейге – ерекше маңызы бар қала статусын сұрап отыр.

Тарихи деректерде Семей қаласының бұрынғы «Заречная слободкасын» 1917 жылы «Алаш» қаласы деп атау туралы шешім қабылданған. Семей – Алаштың астанасы болды.

Зерттеуші Заңғар Кәрімхан: «Семейдің атын шығарып, даңқын аспандатқан оқиғалар – Біртұтас Алаш идеясына ұйыған ұлт зиялыларының бір мүддеге жиналуы. Тарихы 1905 жылдан бастау алатын ұлт-азаттық күрестің белортасында Алаш қайраткерлерінің ұмтылысы тұрғаны анық», деп жазады.

Белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұрбай: «бір түп көдеден бастап аспан аясындағы алаш кеңістігін тұтас қамтыған атаулардың басын біріктіріп, жер дауы, жесір дауы, ру тартысы деген түсініктерді ұлттық сана, ұлттық ойлау жүйесі, ұлттық идея, ұлттық мемлекеттік құрылым, тәуелсіз үкімет алқасы, Алаш кеңесі, ұлттық саясат, ұлттық мүдде, ұлттық саяси экономика, ұлттық тіл, ұлттық ғылым, ұлттық қорғаныс, алаштың ортақ отаны, ұлттық намыс, ұлттық мойынсұнбау, ұлттық әдеби тіл, ұлттық ғылым тілі деген ұғымдардың дәрежесіне дейін қасиеттендіре көтеріп, мұқым қазақты Біртұтас Алаш идеясы деген киелі тудың астына біріктірді» дейді. Осы бірігудің ұйытқы ордасы – Семей болғаны және факт!

Тарихшылардың пікірінше, Алаш ұлттық әскерінің құрылуының бастауы да осы қасиетті шаһардан басталады. Семейдің атауын алашордашылар Алаш қаласы деп атағынын тарихи деректер айғақтайды. Демек, Алашорданың астанасы Алаш қаласы болғанын сыңар езу біреу болмаса ешкім жоққа шығара қоймас. Әрі-беріден соң, Алашорда мемлекеті 2 жыл 3 ай өз тәуелсіздігін сақтап тұрғанын ескерсек, Семейдің де осынша уақыт астана болғаны және факт!

Сөз түйінінде айтпағымыз, кешелі-бері әлеуметтік желілерде, тіпті кейбір БАҚ-та ақын Олжас Сүлейменовтің Алматы қаласының атауын «Алма-Ата» деп өзгерту туралы айтқан ұсынысы жұрт талқысында жүр. Оған басқа-басқа емес, Ақордадағы Президент көмекшісі Ерлан Тынымбайұлының өзі жауап қатып, ұсыныстың орынсыздығын астарлап айтқан болыпты.

Келесі жылы Абайдың 175 жылдығы. Оны Мемлекеттік масщтабта атап өтуді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тапсырып, арнайы комиссия құрылған.

Ендеше Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» депутаттарының бұл ұсынысы келесі жылғы дөңгелек датаға дөп келетін игі бастама болары анық. Сіз не дейсіз?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1440
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3202
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5178