Өзге елдің ақпараттық экспансиясына жол ашып қойып отырмыз
Қазақстаннан өзге ешбір елдің кітап дүкендерінің сөресін өзге тілдегі кітаптар қайыстыра сірестіріп қаптап тұрмайды. Түркияда түрікше, Ресейде орысша, Моңғолияда моңғолша, Жапонияда жапонша кітап қана табасың.
Ал, біздің елде кез-келген қаладағы кітап дүкеніне бас сұғып көріңіз. Әлем әдебиетінің инжу-маржандары тек орыс тілінде ғана көздің жауын алып тұр. Қазақша кітаптар бір сөренің жартысын да толтыра алмай жетімсіреп жұтап, жүдеп-жадап тұрғаны. Оның өзінде совет жазушыларының ғана туындыларын кездестіресіз. Баяғыда оқыла-оқыла жауыр болған кітаптар. Жаңа авторлардың бірең-сараң кітаптары кездесуі мүмкін. Бірақ, әлгі авторлардың есім-сойларын көргенде езуге еріксіз күлкі үйіріледі.
Интернетте орысша жазылып, оқылып жауыр болған психологиялық кеңестердің қазақша көшірмелері (плагиат), қалай тез баюға болатын жолдарды үйретемін деп даурыққан бір желөкпелердің жасандылау жазбалары және әлде актриса, әлде, продюсер ме, бір әйелдің шимай-шатпақ жинақтары...
Негізі, күлгеннен гөрі жылаған дұрыс секілді. Кітап дүкендеріне осылайша өзге елдің тілдік-ақпараттық, әдеби экспансиясына жол ашып қойып, кітап сөресінің болмашы бөлігін күлдібадам бірдемелермен жамап-жасқап алып, "Қазіргі жастар кітап оқымайды" деп жатып кеп көсемсиміз. Әрине, оқымайды. Несін оқиды? Кітап дүкеніңде өзінің ана тілінде тұщынып оқитындай түгің болмаса.
Қуандық Шамахайұлының әлеуметтік желідегі жазбасынан
Abai.kz