Сенбі, 23 Қараша 2024
Ой түрткі 3947 15 пікір 13 Қаңтар, 2020 сағат 12:56

Буылса шермен көмейім...

...Не дейін енді, не дейін...

Қытықтаса да күлкісі оралмас, қуанышы мен уанышы аз ғұмырдың қайғы-қапасына қамалған қазағымның маңдайынан сипар аялы алақанды адамды аңсайтын әурем мол-ау. Сондай Азаматым болса екен дейтін жайсаң замандасымның жаралы жанына жанашырлық білдіріп, көңіл айтқанымды да көре алмай, көкірегіме күншілдіктің көк сүңгісін сұғып алар сұрқылтайларымның да ту сыртымнан сұғын қадап, із-өкшелей беретінінен де әбден шаршадым. Сондай да, кеудімді кемірген ойлардан қалжырағанда... домбыраға қол созамын. Қара қарағай не десін. Зарға зар қосып, шерге шер қабаттастырғаннан басқа.

Сәл-сәл көз сүріндірерім – теледидар ғана.

Көк жәшіктің көгілдір экраны көңіл көзін кеңейтер құдырет иесі еді бұрын. Бүгін ол құбыжықтың ұясына, қорқыныштың кенішіне, ұятсыздық пен жабайы жалаңаш сезімдердің ұйығына, қырып-жоюдың, қырғын-сүргіннің мектебіне, сазсыз, сөзсіз әлаулайшылардың сахнасының ойнағына айналып кетті ғой.

Амалсыздан соңғы хабарларға зер салам. Зер салам да, жағамды ұстауға да шамам жетпей, сілейем де қалам.

Аста-төк атақ. Шатағы көп сыйлық. Шын иелеріне жоламас, «бармақ басты, көз қыстының» әсерімен қол сүйгіштер мен мақтау, мадақтаудың шаңын бұрқыратар жылпостардың кеуделеріне жапсырылып жатқан жылтырауық-жалтырауық саны көп те, сапасы жоқ орден, медальдар.

Бір сөзбен айтқанда – шүлен тарату.

Қосарланып үлестіріп жатқандар – кешегі һәм бүгінгі президенттер.

«Қазақстанның Еңбек Ері».

Мен осынау үлкен атақтың Бибігүл Төлегенованың омырауынан көрінеріне сондай сенімді едім. Өйткені қазақтың күміс көмей бұлбұлы атанған ол халқымыздың «құлақтан кіріп, бойды алар» әніне, сұлулықтың ғажайып әсем сәніне, ұлтымыздың мөп-мөлдір тазалығының мәніне айналып кеткен аса бір аяулы аруы еді ғой.

Ал сол медаль шын иесінен адасып беріп, Роза Рымбаеваның төсіне тағылғанда, кеудеме оқ қадалғандай сылқ түсіп, сүмірейдім де қалдым. Тоқсанға келгенше алаш жұртын да, әлемнің бүкіл ұлтын да алтынның буымен көмкерілген ғаламат даусымен рақат күйге бөлеп келген сандуғашын, Бибігүлдің қазақы дәстүрмен мөлдірететін бір әнін де орындай алмайтын «эстрадницамен» алмастырғанда... көмейіме кек жасы ма, өкініш өксігі ме, тынысымды тарылтып, тығылды да қалды.

Осы жолы үлкен медальды Бибігүлге тағып, Розаға кейін де беруге болатын еді ғой.

«Елбасымның қолынан халқымның сүйіспеншілігінің белгісіндей болатын «Халық қаһарманы» медалін аламын!» деп барып, сол өзіне бұйырмаған алтын медаль өрттен бір ғана адамды құтқарып қалған шапыраштының әлдебір бозбасына тапсырылған кезде Талғат Бегелдинов ағамның көкірегін қарс айырардай күрсінгенін қасында тұрып көргенде, жоғарыдағыдай өксікті өкінішпен сұмдық запыланғаным ұмытылмастай есімде.

Келмеске кеткен «халықтар түрмесі» аталған империяның алтын медалінен өзінің туған елінің батыры болуды Талғат та, Ері болуды Бибігүл де аңсай құрметтеп, қасиет тұтарын түсінбейтін төбеміздегі төрдегілерді мен де түсінуден қалдым.

Арамдық пен жалғандыққа жол беретін де, дем беретін де мылқау да мәнгүрт, бойкүйез де салғырт өзіміз-ау дей берем кей-кейде.

Әйтпесе «осы аса биік, құрметті атақ Терещенко, Үшкемпіров, Мұсахожаева, О. Сүлейменовтерге не үшін, қазақтарға қандай еңбек сіңіргені үшін берілді?» деп жоғарыға қарап таңдай тақылдатпасақ та, тым болмаса ерегіскендей етіп ернімізді бір сылп еткіздер едік-ау.

Әсіресе, «Қазақ тілі – тіл емес. Ол асүйде ғана былшылдайтындардың балдыр батпағы. Ал Қазақстан Ресейсіз өз алдына мемлекет болып тұра алмайды» дейтін Олжасқа қай Қазақстан «Ерім!» деп елжіреуі мүмкін.

Тағы да көк жәшікке көз сүзейік.

Адамды сөзіне қарап таңдаудан гөрі, кісіге қарап сөз алар заманға тап болғанымыз сондай, қауашағыңа тәуір ой салар азаматтар табылып жатса, солардың түзу ақылын алудың орнына әлгілерді таяқтап қуып, тау асырып жіберетін әдетке етіміз әбден үйреніп кеткен екен. Қиянатқа қарсы қыңқ демес мүсәпірліктің құлымыз.

Дей алсақ, ақыл-ойының сұсы бар, қайрат-қажырының күші бар, асқынғанды састыратын мысы бар, қолынан келер ісі бар кешегі З. Нұрқаділов, С. Әбділдин, бүгінгі Қайсар Уәлихан, Б. Тұрсынбаев, Ғ. Алдамжаров, С. Мусин, И. Тасмағамбетовтерді кәкір-шүкірдей етіп, билік төңірегінен ығыстыртып жібертпес пе едік.

Қыр асырмас қарттық желкелеріне мінсе де, жер таянған жетпістегілер мен селкілдеген сексендегілердің биліктегі кесірі қасіретке айналарын, қасіреті қасиетін өшірерін қашан ғана сезерміз. Масылдан асыл шықпасын, езден ер боп ұтпасын қашан ғана ұғармыз.

Ал салдақы экранның арқасы төсекке таңылған жанның алданышына айналып, қалғып-мүлгіген бар қазақты серпілтер ойдан, сергітер мидан аулақтатып әкетуге барын салып, дуылдақ, шуылдақ әлемішімен жанарыңды жаулап алып небір келеңсіздікті көз алдыңа тоса қояр өлермен озбырлығынан қайда, қайтіп құтыларсың.

Қай арнаны ашып қалсам-ақ, қаным тасып қоя беретін кесапат кеселге ұшырадым. Мінбелерден міңгірлеген министрлерді, әкіреңдеген әкімдерді, тасыраңдаған депутаттарды көргенде, әлдекімдерде кегім кеткендей, әлдекімдерге ұпайымды жоғалтқандай ашулы ыза буған, жұбанышы табылмас күй кешемін.

Ал «Қалаулым!» атты жынойнақ шоу-батпыраққа назар аударғанда... өзімнің де жыным ұстап, көзімнің де жын-шайтаны атқылай шашырап, анау шіңкілдеген, шаңқылдаған шүйкебастар мен біріне бірі жұдырық безеген жігітсымақтарды өртеп жіберердей лапылдайды.

Ал осы шоу-ойнақты қатарын бір үзбей, күні бойы шуылдатуда – биліктің аса айлакер қулығы жатқан тәрізді. Неге дейсіздер ғой. Билікке қарсы бой көрсетіп, көше демократиясын жасайтындар кім? Әділет аңсайтын жастар. Қазақстан байлығының нағыз шын иесі өздері екенін біліп, тиесіні талап еткен көп балалы аналар. Билік екеуінен де қорқады. Қорқады да, дыр-дуы көп шуылдағымен жастарды, өсекке бергісіз өнегесіз дуылдағымен аналарды көше түгіл көлеңкеге шығартпай тұсайды да тастайды.

Сөйлесе сөзі әдемі, жанаса кетсе қылықты мінезді, сырыңды сыртқа жаймас, алысқан қол, айтысқан серттен бір елі таймас, білместігіңді сыбырмен жеңер, уайымың жоқ, көңілің тоқ, көкірегің зор бозбала күйіңе тасыңқы-басыңқы базынасымен енер нақсүйеріңді оңаша іздеп, екеуара түсінісіп барып, мәңгілік табыстыратын қазақы салт-дәстүрімізді неге ұмытамыз.

«Бетім барда бетіме кім қарайды!» деп маңдайдағы көзді маңдайшаға қадап, қаумалаған жігіт-желеңді таптап өтердей дауылдатып күйеу іздейтін ардакүрең аяштарды бүкіл республика жұртшылығының көз алдына тосатын бейәдеп көрсетімді тоқтатуға біздің идеологияны басқаратындардың миы қалай жетпей жүр екен?

Шіркін көңілі үнемі таза жүрер, өзіңді өзгелерден ардақ тұтып, ханға балар, мінезінің кесегі бар, соңынан ерер өсегі жоқ, жары үшін жанын пида қылар қосағыңның жар төсегі – алтын тақтан кем болмасын ұғынар жігіттерім қайда?

Оу, ағайын! Өзімдік қана жеке ой күмәнімді білдіріп кесірлі кісәпірліктерді айтам деп, күрсіндірген күйікке еріп те, еніп те кетіп, кейбіреуіңізді ренжітіп алсам, кешірім өтінемін. Айыпқа бұйырмаңыздар.

Баршаңа уассалам!

Софы Сматаев

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5446