Гюстав Флобер "Бовари ханым"
Көлемді болғанына қарамастан, күні бүгінге дейін әлемдегі ең көп оқылатын романдардың бірі «Бовари ханымның» бірінші бетінде Гюстав Флобердің адвокат Мари-Антуан-Жюл Сенарға арнап ыстық ілтипатын білдірген мынандай сөздері мәңгі қонақтап қалған:
«Париж адвокаты, Ұлттық кеңестің бұрынғы президенті мен сыртқы істер министрі Мари-Антуан-Жюл Сенарға.
Қымбатты да ардақты досым!
Осы кітаптың бірінші бетіне Сіздің есіміңізді жазуға рұқсат етіңіз, өйткені, оның жарық көргені үшін мен Сізге қарыздармын. Сіздің шығарманы қорғап сөйлеген тамаша сөздеріңіз мені тәнті етті. Бұл ілтипатымды Сіздің шешендігіңіз бен өзін-өзі құрбандыққа шалуға даяр ерлігіңізге көрсеткен құрметім ретінде қабыл алыңыз. Гюстав Флобер. Париж, 12 сәуір 1857 жыл».
Әрине, шығарманың қызығын қуған бүгінгі оқырман Мари-Антуан-Жюл Сенардың кім екеніне аса қатты мән бере қоймайтыны рас. Алайда, егер де осы авдокат болмағанда «Бовари ханым» романының оқырманға жол тартуы ондаған жылдарға кешігіп, Гюстав Флобердің қатал жазалануы да ықтимал еді. Айтып отырған әңгімеміз жұртқа түсінікті болу үшін, сәл шегініс жасап, «Бовари ханым» романына байланысты оқиғаны басынан баяндайық.
1852 жылы Шығысқа жасаған саяхатынан орала салысымен Флобер тәуекел етіп, ұзақ жылдан бері қазан-миында қорытып жүрген жаңа романын жазуға кірісіп кетті. Ойында пісіп-жетілгендей болып көрінгенімен, өмір шындығын барынша обьективті етіп суреттеуді көздеген жазушыға өрнегі өзгеше тоқылған өнер туындысын өмірге әкелу оңай болған жоқ. Романға құлшына кіріскен суреткер төрт жылдан астам уақыт бойы күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылып шығармашылық шеберханасында маңдай терін төгіп, тыным таппай жұмыс істеді.
1856 жылдың 31 мамырында Флобер қаламының сиясы әлі кебе қоймаған романының қолжазбасын «Ревю де Париге» жолдап, журналдың 1 қазан мен 15 желтоқсан аралығындағы бірнеше санында «Бовари ханым» басылып, оқырманға жол тартты. Жазушының жаңа романына «Нуввелист де Руан» басылымы да қызығушылық танытып, алғашқы тарауларын өз журналдарында жариялауда бастап жіберіп, кенеттен күрт тоқтатуға мәжбүр болды. Ұзақ жылдар бойы жүрегінде әлдилеп, көз майын тауысып төрт жылдан астам уақытын сарп етіп, күні-түні тыным таппай еңбектеніп өмірге әкелген Флобердің «Бовари ханымы» қалың елдің наразылығын туғызып, олар «Бовари ханымның» авторы мен оны жариялаған журналдың жауапқа тартылып, сот алдында жауап берулерін талап етті. Романды соңына дейін басып үлгермеген «Нувелист де Руан» жауапкершіліктен құтылып кетті де, ал, «Бовари ханымды» толық жариялаған «Ревю де Паридің» басына қара бұлт үйірілді. Либералдық бағытты ұстанатын «Ревю де Париге» биліктегі атқамінерлер онсыз да қырын қарайтын. Істің насырға шауып, биліктің емес, бұқараның талабымен тым еркінсіп кеткен басылымды жаптыру, оларға репрессия жасау үшін табыла кеткен «керемет» сылтау болды.
Француз классигі Флобер, шығарманы жариялаған басылым мен баспахананың үстінен қозғалған сот 1857 жылдың 31 қаңтарында басталып бір айдан астам уақытқа созылды. Істі сотқа дейін құлағынан сүйрелеп жеткізгендер шығарманың адамгершіліктен адалығын, идеал тұтатын бірде-бір кейіпкердің жоқтығын, ондағы сипатталатын жалаңаш шындықтың қоғамдағы қалыптасқан моральға қауіп төндіретінін айтып, авторды айыптады. Дей тұрсақ та сот жауапқа тартылған авторды да, романды жариялаған баспагерді де ақтап алды. Флобердің мүддесін қорғаған ақылды да, білімді адвокат Мари-Антуан-Жюл Сенар авторға тағылып отырған айыптаулардың негізі жоқ екенін сотта дәлелдеп шықты. Жеңіске жеткен жазушының қуанышында шек болмады. Екі айдан кейін роман екі том болып жарық көріп, оқырман қолына тиді.
«Қалауын тапса қар жанады», дегенді дана халқымыз бекер айтпаса керек. Бүкіл Францияны дүрліктірген аты-шулы оқиғадан кейін Флобердің даңқы күннен-күнге аспандап, халықтың «Бовари ханымды» оқуға деген ынтызарлығы бұрынғыдан да бетер арта түсті. Романды басып шығаратын кәсіпкер де табыла кетті. Мишель Леви есімді іскер баспагер «Бовари ханымды» бес жыл қатарынан басу құқығын сатып алып Флобермен келісім-шартқа отырды. Ақшаның иісін алыстан сезетін кәсіпкер қателескен жоқ. Баспадан шыққан романның алғашқы тиражы құмға сіңген судан жылдам жоқ болып, баспа бір жылдың ішінде бірнеше рет кітаптың қосымша тиражын басып шығарып, мол табысқа кенелді. Азаюдың орнына, керісінше кітапқа деген сұраныстың көбейе түскені соншама, баспагер 1862, 1866, 1868 жылдары «Бовари ханымды» қайта-қайта басып шығарды. Алайда, «Бовари ханымның» арқасында қыруар ақшаның астына көміліп қалғанына қарамастан Мишель Леви француздың атақты жазушысына қайыршының қолына ұстатын садақадай болмашы тиын-тебен ғана берді. Осы оқиғадан кейін де Флобердің көзі тірі кезінде «Бовари ханым» Францияда үш рет қайта басылды. Бірақ, кітаптың бірнеше мәрте қайта басылып шыққанына, қалың оқырмандардың сұранысына ие болғанына қарамастан, сыншылар шығарманың шын мәнісіндегі шедевр екенін мойындағысы келмеді.
1857 жылдың 4 мамырында «Монитор» газетінде жарық көрген белгілі француз сыншысы Ш.О. Сент-Бевтің мақаласынан кейін «Бовари ханымға» байланысты сең қозғалғандай болды. Өз талдауында сыншы романға жақсы баға берді. Райларынан қайтқысы келмеген сыншылар болса, алынып тасталғанына қарамастан, соттаға айтылған айыптауларды қайталаудан жалықпай қойды. Дегенмен, осы оқиғадан соң романның ерекшелігін мақтап, оны қолдаушылардың қатары көбейе түсті. Ал, Флоберге шығарманың тереңдігін түсініп, өз ойын білдірген Шарль Бодлердің мақаласы қатты ұнады. Бірнеше жылдан кейін француздардың атақты жазушысы Эмиль Золя «Гюстав Флобердің «Бовари ханым» романының дүниеге келуімен әдебиеттің жаңа дәуірі басталды» деп шығармаға өте жоғары баға берді. (Жалғасы бар)
Амангелді Кеңшілікұлының әлеуметтік желідегі жазбасынан
Abai.kz