Дүйсенбі, 2 Наурыз 2026
Елім-ай 211 0 пікір 2 Наурыз, 2026 сағат 14:16

Үнзила, саған айтам, Айдос, сен де тыңда!

Суреттер: abai.kz, Солтан Жексенбеков / Kazinform, turkpa.org сайттарынан алынды.

Мәжіліс депутаттары Ү.Шапақ пен А.Сарымға!

Үнзила Шапақ, сен: «Мен конституциялық құқық маманымын!» дедің.

Бірақ, жаңа Конституция жобасының 53-бабының 1 тармағы осы беті қабылданып кетсе, ертең партиялық тізім бойынша Құрылтай сайлауы кезінде 12 416 759 сайлаушы мен сайланушының құқығы бұзылатынын біліп тұрып, бұл мәселе туралы ауыз ашпайсың!

Міне, айдан асты, сөйлеп жатырсың, сөйлеп жатырсың, көбік сөзді көпіртіп. Бірақ, дәл осы мәселеге жоламайсың!

Осы ма сенің «Конституциялық құқық маманы» болған түрің, «Әлемнің озық үлгідегі конституцияларын зерттеп-зерделегендегі» білгенің?!

Ал, Айдос Сарым: «Пропорционалдық жүйге өту — азаматтардың сайлау және сайлану құқығына қайшы келеді деген сияқты жалған тезис бар», - деп соғып отыр!

Айдеке, жұрт олай айтып отырған жоқ!

Жұрт: «Жаңа Конституция жобасының 53-бабының 1 тармағы осы беті қабылданып кетсе, 12 416 759 сайлаушының сайлау құқығы шектеледі!» деп отыр.

Сол жұрттың біреуі — мен — Ауыт Мұқибек!

«Мажоритарлық округтардан сайлану құқығы сақталып отыр. Әкім боп сайлануға болады. Аудандық маслихат, қалалық, облыстық маслихат дегендей…», - депті Сарым.

Бұл — мүлде басқа ұғым!

Оның Құрылтай сайлауымен түк те қатысы жоқ!

Мажоритарлық округтардағы сайлау құқығының сақталуы — Құрылтай сайлауындағы 12 416 759 сайлаушы құқығының бұзылуының орнын баса алмайды!

Сонда, Айдос Сарым 12 416 759 сайлаушыға: «Сайлау құқығыңды іздесең, аудандық, қалалық, облыстық маслихат сайлауына бар. Құрылтайға кімдердің депутат болатынын біз шешеміз», - демекші ме?!
Көптің сөзі, қоғамдық пікір дегенді қаперге алуды мүлдем қойған болмасаңдар, екеуіңнің айтқанды еститін, жазғанды көретін кездерің болды ғой!

Көздеріңді ашып, жаңа Конституция жобасының 35-бабының 2 тармағын бір дұрыстап оқыңдаршы, айналайындар!

35-бап

1. Қазақстан РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқылы.

Әне, үлкен әріппен бадырайтып тұрып жазып қойдым, «РЕСПУБЛИКА ПАРТИЯЛАРЫНЫҢ» емес, «РЕСПУБЛИКА АЗАМАТТАРЫНЫҢ» деп тұр.

Жаңа Конституцияның 53-бабының 1 тармағына сай, енді Құрылтай сайлауында сайлаушылар тек партияға ғана дауыс бере алады.

Бірақ, партия ұсынған кандидатқа дауыс бере алмайды!

Сонда:

1) Сайлауда партия ұсынған кандидаттар өздеріне қай өңірдің сайлаушылары қанша дауыс бергенін және өзінің жалпы сайлау қортындысы бойынша қанша дауыс алғанын қалай есептейді?

2) Партиялық тізіммен сайлауға түскен, бірақ жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде сайлаушылардың тікелей бірде-бір дауысын алмаған кандидаттарды Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттығына қалай іріктемек?

3) «Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады», - деген жаңа Конституцияның 54-бабының 1 тармағы қайда қалады?

Ол аз десеңіз, Конституцияның 4-бабының 1 тармағында: «Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі», - деп жазулы тұр.

Сонда, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі болған 12 416 759 сайлаушы мен сайлаушының құқығын шектейтін норманың өзгеріссіз кетіп бара жатқанын көріп, естіп тұрып, қалай үнсіз қаласыңдар?!

Үнзила, саған айтам, Айдос, сен де тыңда!

Конституция — ойыншық емес! Ол — Құраннан кейінгі қасиетті құжат!

Сонымен бірге, 12 416 759 сайлаушы мен сайланушы — аз халық емес. Қазақстан халқының тең жарымынан астамы. Осыншама азаматтың құқығын шектейтін норманы көріп тұрып, сол беті қабылдатып жіберу — қылмыс! Құдай алдында кешірілмес күнә!

Егер, өздерің айтып жүргендей, біреуіңнің Конституцияқық құқық маманы, біреуіңнің кәсіби саясаттанушы екенің рас болса, бүгіннен бастап осы Құрылтай сайлауындағы САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ бойынша өздеріңнің ашық пікірлеріңді білдіріңдер!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір