Дүйсенбі, 24 Ақпан 2020
Әдебиет 2965 25 пікір 17 Қаңтар, 2020 сағат 10:50

Қуандық Шамахайұлы. Орынбасар

(әңгіме)

Оқу бітіріп келген соң тура бес жыл өткен еді. Ол өкіметтік бір ірі мекеме басшысының орынбасары болып тағайындалды. Жас жігітті  қанаттандырған да, ерен ерік-күш сыйлаған да сол бір сәтті жыл тұғын. Алғаш осы қызметтің орынтағына жайғасқанда: 

-Енді, бір ғана саты қалды. Бірінші басшы өзің боласың!

-Өсесің! Тек қана алға ұмтыла бер!  

-Орынбасар деген сөз үлкен бастықтың орны кешікпей сенікі болады деген сөз. Көп ұзаса, мына бастық үш жылдан кейін зейнеткерлікке шығады. Сені өз орнына дайындап қойғаны ғой, кейін бірінші бастық сен боласың! Ал, еңбегің жемісті болсын! - десіп, тілек айтқандардың қарасы өте көп еді. 

Өстіп жиі айтылған көп тілек пен қолдау оны алға жетелейтін тетік әрі қол созатын арманына айналды. Осылайша, мекеменің бірінші тұлғасы болуды өмірлік мақсаты деп білді. Бұл жолда жан аямай күресіп, өліп-тіріліп еңбек етумен болды. Жанталаса тер төкті, бар күшін салды.

Жұрт айтқандай-ақ, үш жылдан кейін мекеме басшысы зейнеткерлікке шыққанымен, оның тағына ауысып отыра салу бағы Орынбасарға бұйыра қоймады. Себебі, компартия дейтін сол тұстағы алып “машина” аяқ астынан тас-талқаны шықты да, сол сәтте портфельсіз қалып, қамыққан обкомның көптеген хатшыларының бірі дәл сол мекеменің ауласына әдейі лақтырылған допша топ етіп түсе қалғаны. 

“Жыланды үш рет кертсең де, кесірткелік қауқары бар” деген сөз рас екен. Ол жай келген жоқ, мекемеге бастық болып қонжия кетті. Осы аралықта адамзат жаңа мыңжылдыққа, ХХІ ғасырға өтті. Обкомнан келген неме еш қайда кетпей омалып ұзақ отырды.  

Жай отырған жоқ, айналасына өз жақтастары мен жақын-жуықтарын топырлатып,  іргесін қымтаумен болды. Бар бітіретіні жұмысы ескі көз, тәлімді-тәжірибелі мамандарды ығыстырып, аластату. Он жылдан кейін зейнеткерлікке жасы жетті. Бірақ, сонда да, орнын босатпай қойды. Өмір бойы “ауырдың асты, жеңілдің үстімен” жүрген, маңдайы терлеп еңбек етпеген, ештеңеге бас қатырмаған Біріншіні қашан көрсең, беті жылтырап, көзі күлмің қаға ойнақшып, қутың-қутың етіп  жүргені. Қорбаңдап тым ебедейсіз жүрсе де, қимылы әжептәуір ширақ. Саусақ қимылдатпаса да, ауызбен орақ оруға келгенде алдына жан салмайды. Атқаратын жұмысы бөлімдер әзірлеп әкелген, орынбасар жан-жақты тексеріп, пысықтаған дайын құжаттарға қол қою. Төменнен дайындалып келген дүниені жоғарыға жөнелту. Жоғарыдан келген ақпарат пен мәлімет, тапсырмаларға бұрыштама соғып, төменге сырғыту. Содан кейін қол қусырып, тырқ-тырқ күліп отырады. 

Өзі бағыныштыларға шыбындаған жылқыша бас шұлғиды. Ал, қол астындағыларды ыммен ықтырып, қас-қабағымен қорқытып,“Біреке, Біреке” деп безілдетіп, ләппай-тақсырлатып қояды. Арасында, өзіне ұнамаған біреулерге жөн-жосықсыз соқтығып, жүйкесін жүндей түтіп  жіберетіні де бар. Оған төзгендері қалады. Шыдамы таусылғандары басымен қайғы болып, тентіреп кетеді. Өзі содан әжептәуір рақат алатын болса керек. Ештеңе ойламаса да, қабағын қарс түйіп алып, терең-тұңғиық тұлғаның образын жасай қоятын әртістігі де бір басына жетеді.       

Ебін тауып, оны зейнеткерлікке шығарып жіберу үшін Орынбасар өзінен кейінгі бөлім бастықтарымен ақылдасып, Біріншінің алпыс жасқа толған мерейтойын дүркіретіп өткізуді жоспарлады. Жоғары жақтан орден мен атақтың біршама тәуірін де алдырды. 

Барлық іс-шара ойдағыдай-ақ өтті. Алдымен, Біріншінің еңбек даңқын асқақтатуға арналған үлкен жиын өтті. Орынбасар оны мақтап, бақандай екі сағатқа созылған сала құлаш баяндама жасады. Мекемеде көп жыл жемісті еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлерден бастап, кеше ғана оқу бітіріп, жаңадан қызметке орналасқан жас мамандарға дейін алма-кезек сөз алып, барлығы Біріншіні мадақтауға сөз таппай қатты қиналды. Осы мекемеге таяуда ғана баспасөз хатшысы болып тағайындалған аздаған ақындығы бар жас келіншек бар еді. Іс-шараның соңында әлгі сылқым сөз сұрай қалғаны. Жиынға модераторлық етіп отырған Орынбасар рұқсат бергені сол еді, ақынсымақ ұялы телефонына қарап тұрып, Біріншіге арнаған өлеңін ұзақ оқыды да, ең соңында: 

-Қимаймын ғой,сізді, деп айтуға зейнеткер,

Энергияңыз ұрып тұрған трансформатор! - деп аяқтады. 

Жиналған жұрт ду қол соғып, ұрандатып әкетті. Онысын қойшы, жағымпазданған көп тобыр кімге қошемет көрсетпей жатыр. Ең қиыны, әлгі оқылған өлеңнің соңғы екі жолы пәле болып жабысты дерсің. Одан бұрын ұжыммен қоштасуға, Орынбасарға орнын босатуға пейіл танытып отырған Бірінші аяқ астынан нілдей бұзылды. “Энергияң ұрып тұр” деген сөзге қатты сеніп қалған секілді. Бұл ақын дегендер де бірдемені әсірелеп, ұлғайтып жібермесе, бойына ас дарымайтын лепірме жандар ғой. Содан не керек, салтанатты жиынды қорытындылап сөйлеген сөзінде, өзіне мадақ айтқан барлық жандарға алғыс айта келіп, Бірінші былай деп тұжырымдады: 

-Білемін, ұжым мені зейнеткерлікке шығаруға қимай жатыр. Мен де сіздерді қимаймын. Жаңа ғана тақпақ айтқан баспасөз хатшы дұрыс айтты. Расында, менің күш-қуатым әлі жиырма бес жастығы кезімдегідей екені өзіме де сезіледі. “Ұрып тұр” десе, дегендей-ақ. Негізі, мен паспортымдағы жыл бойынша алпысқа толған болып есептелгенім  болмаса, физикалық тұрғыдан әлі елу бестемін. Себебі, біздің кезімізде қазіргідей ЖСН, ЦОН, пәлен-пәштуан дегендер жоқ еді. “Паспортный стол” деген ғана болды. Сонда отырған біреу туған жылымды шатастырып, байқамай бес жыл қосып жіберген ғой. Сондықтан, айналайын ұжым мүшелері! Еш абыржымаңыздар! Менің күш-қуатым әлі де қайнап тұр. Алдағыны пәлен деп болжай алмаймыз ғой. Десе де, бір анығы, таяу бес жылда мен сіздермен біргемін, ешқайда кетпеймін! Күш-қуатымның барында сіздерді әлі де басқара беремін. Оған қабілетім жететінін бәрің білесіңдер.   

Сөйтіп бұл жолы Орынбасар сәтті қадам жасай алмай тұмсығы тасқа тиді. Енді, бес жыл сарылып күтуіне тура келді. Осы аралықта ел көлемінде зейнеткерлік жасты өкімет 63 деп белгілеп тастады. Не үшін үш жыл қосқанын түсіндірген жан болмады. Жұрт пайғамбар жасын ескерген болар десіп топшылады. Бірақ, зайырлы мемлекеттің атейстері басымдау парламентінің не ойлағанын итім біліп пе. 

Жұмыс бәз-баяғыдай. Мекеменің барлық шаруасы әдеттегідей Орынбасардың мойнында. Еңбек демалысына шығуға да мұршасы жоқ, бас алмай жұмыс істейді. Қарбалас істерінің басы бар да, соңы жоқ, үздіксіз жалғаса береді. “Идеология, ішкі саясат” дейтін бірдеменің ұстап алатын нақты тетігі де жоқ. Сөйте тұра өніп жатқан да ешнәрсесі байқалмайды. Көзге көрінер  нәтижесі түкке тұрмайды. Галстук таққандар мен мини юбка кигендер жыртылып айырылады. Бірақ, олардың дәл не тындырып жатқандарын былайғы жұрт мүлде білмейді. Ал, мекеме ішінде жоғары-төмен өрлеп-құлдап жатқан қағаздар тасқынында бір тоқтау жоқ. Тәуір атқарылған жұмыс үшін жоғарыдан алғыс пен марапат Біріншіге айтылады. Әлде бір шаруа ақсап, қателік кетіп жатса, бар кінә Орынбасарға тағылады. 

Дегенмен, ол қызмет ететін мекеме қаладағы үздік еңбек ұжымының қатарында. Іс жүзінде Бірінші ештеңе істемесе де, ұпайы түгел. Үнемі мадақталады. Жоғары жақ Орынбасардың күллі шаруаны жан-тәнімен атқарып жатқанын пысқырмайды да. Әр бір жетістік пен табыс үшін тек  Бірінші ғана ауызға ілігіп, үнемі көкке самғап жүргені.    

Өстіп жүргенде бес жыл өте шықты. Орынбасар осы жолы Біріншіні біржолата тайдыру үшін тағы да қызу дайындыққа кірісті. Оның алпыс бес жылдық мерейтойына арналған баяндаманы бес минуттан аспайтын етіп дайындауды көмекшісіне мұқият тапсырды. “Энергияңыз ұрып тұрған трансформатор” дегендей өлең-жырлардың айтылуына қатаң тиым салды. Оның орнына мекемеде бірдеме шимайлап жүретін бір жігітке “Көрдің ғой, көп жыл бейнет, 

Ендігі тұрарың тек қана зейнет” деген сипатта өлең жазуға тапсырыс беріп қойды. 

Межелі күні Біріншінің алпыс бес жасқа толған мерейтойы аталып өтті. Бәрі ойдағыдай болған секілді еді. Орынбасар оның қорытынды сөзін тағатсыздана күтті. “Осы жолы ұжымға алғыс айтып, орнын босататын шығар” деп қатты үміттеніп отырды. Бірінші орнынан асықпай көтеріліп, ыңыранып біраз тұрды да сөзін бастап кетті: 

-Сіздермен бірге өткізіп келе жатқан әр күнім мен үшін алтыннан да қымбат. Біз ғажап дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Біздің өткен тарихымызда дәл осындай ғажайып заман болмаған. Ата-бабаларымыз  осы күнді ғасырлар бойы армандап жете алмай кетті. Ал, біз жеттік. Мен алғаш компартия тараған соң осы мекемеге келгенде, мұнда ештеңе жоқ еді. Бәрін өз қолыммен жасадым. Сұлап жатқан ұйымды аяғынан тік  тұрғыздым. Менің арқамда мінеки, бәрің бір ұжым болып ұйып, мені тыңдап отырсыңдар. 

Зейнеткерлікке шығып, демалайын, еңбегімнің зейнетін көрейін деп үнемі ойлаймын. Бірақ, өзімді де өкіметті де алдағым келмейді. Мен паспорт бойынша ғана алпыс беске толғаным болмаса, шын жасым әлі алпыстамын. Заң бойынша енді үш жылдан кейін зейнеткерлікке шығуға тиіспін. Бұл бір. Екіншіден, жуықта ғана еңбек министрі зейнеткерлік жасты алпыс жетіге созуымыз мүмкін деді. Онысы, дұрыс. Дамыған Батыс елдерінің азаматтары жетпіске жақындағанда зейнетке шығады. Тіпті, шықпай қоямын десе де өздері білетін көрінеді. Адам құқығы, бостандығы деген осы ғой. Біздің ел қазір сол дамыған елдердің қатарына әлде қашан еніп қойған. Олай болса, жетпіске де келмеген жап-жас бола тұра мен қалайша ұялмай зейнеткер болып үйде отырамын? Идеологиялық жұмысты ақсатқан ел алға дамымайды. Жеке басымды ойласам, үйде тыныш жата берер едім. Әрине, олай болмайды. Сол себептен, өзімнің өмір тәжірибемді халқыма арнап, сіздермен бірге еңбек ете беремін - деп ол тағы да шорт кесті. 

Орынбасардың салы суға кетіп, жүні жығылды. Сонда да, жетпіс жасында зейнеткерлікке кетер, орнын маған берер деп үміттенді. Бірақ, есіне бірдеме түскенде селк ете қалды. Ол жетпіске толғанда, Орынбасар өзі де зейнеткерлік жасқа жетіп қалады екен. Үстелінің үстінде тұрған калькуляторды қосты да, шиқылдатып басып-басып қалды. Иә, дәл солай екен. Тура алпыс үш жасқа толады, зейнеткерлік қыр астында деген сөз. Тым құрығанда, үш жыл бірінші басшы болып көрсе, содан кейін зейнеткерлікке шықса, болар  еді. “Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол” деген мақал Орынбасардың үнемі мазасын алады. Бірақ, Біріншіден құтылудың да еш амалын таба алмайды.

Уақыт шіркінді айтсайшы, ұшқан құстай зулайды ғой. Одан кейін де бес жыл сынаптай сырғып өтіп кетті. Бірінші жетпіске толды. Тағы да, әдеттегідей мерейтой өтті. Бірақ, Бірінші зейнеткерлікке шығу былай тұрсын, ол туралы тіпті ауызға да алмады. Керісінше, алдағы он жылда атқаратын жұмыстарының стратегиялық жоспарын таныстырып, сексен жылдық мерейтойында өзі есеп беретінін жеткізді. Орынбасар іштей “мына қақпас енді бес жылдан кейін өзімді зейнетке қуып, шығарып жіберетін түрі бар ғой” деп дегбірі қаша түсті.

Алайда, бес жылдан кейін Біріншінің жасы жетпіс беске келсе де орнын босатпады. Бірақ, бәрі Орынбасар ойлағандай болмады. Жасы алпыс үшке толған Орынбасарды да  Бірінші бастығы зейнеткерлікке қумады.

Енді, Орынбасар бұрыңғыдай мекеменің нағыз басшысы болуды армандауды біржолата қойды. Керісінше жатпай-тұрмай Біріншінің амандығы мен саулығын тілейтін болды. Ол көзі тірісінде мекеме тізгінін ешкімге ұстатпайтыны айдан анық еді. Егер ол ғайыптан тайып, аяқ астынан олай-бұлай болып кетсе, зейнеткерліктен жасы асып кеткен Орынбасарды мекемеге нағыз басшы етіп ешкім тағайындамайды. Өзге жақтан әлде бір жас пері келеді де, Орекеңді құймышақтан бір тебуі ғажап емес. Жасы келген адамның қызметтен босап, зейнеткерлікке шығуы заңдылық қой. Жаңадан келген кім болса да, осы заңдылықты алға тартады.  

Сөйтіп жүргенде, Бірінші аяқ астынан шұғыл жиналыс шақырды. Соңғы жылдары ол кісі жиын өткізуді мүлде доғарған болатын. Барлық шаруа Орынбасардың қолымен атқарылып жататын. Өте бір төтенше жағдайда болмаса, Біріншінің ешкімге алдын ала тіс жармай кенеттен жиналыс шақыруы мекеме тарихында бұрын-соңды болмаған. Оның үстіне Біріншінің мерейтойына әлі бақандай бір жыл бар. 

“Неге кенеттен бұлай болды? Бәлкім, маған зейнетке шық демекші шығар. Егер олай дейтін болса, “өзің шық” деп тура бетіне айтамын. Өмір бойы осы мекеменің отымен кіріп, суымен шықтым. Неге әлі де бір-екі жыл тұра беруіме болмайды  екен?” - деп Орынбасар іштей айран асыр болып, жанын қоярға жер таппай кетті.

Сағатына қараса, жиналысқа дейін әлі төрт сағат уақыт бар екен.  Осы мекемеде өмірбақи екінші адам болып, барлық қара жұмысты атқарғанын ойласа өкініштен өзегі өртенеді.Мән-мағынасыз өткен қайран есіл уақыт. Кеңседе көртышқанша қағаз кеміріп, мәнсіз көп жиындарға баяндама дайындап, жоғары-төмен өтірік-шынды есеп беріп жүргенде жастық шағы өте шықты.

Енді, алпыстан асып, жетпіске таяған шағында бұралқы иттей қуылып зейнеткерлікке шыққалы отыр. Өткен өмірін ойласа, отбасына, бала-шағасына да көңіл бөлмепті. Таң сәріде бәрі шырт ұйқыда жатқанда кетеді. Түн ауғанда, олар тәтті ұйқыға бас қойғанда үйіне келеді. Балалары тұрмақ әйелімен де сирек сөйлескен екен. Қазір жеке отау тігіп, үйлі-баранды болып кеткен ұл-қыздары, үйіндегі кенже ұлы мен келіні, немере-жиендері Орынбасар үшін бейтаныс жандар секілді болып кеткен. Сенбі, жексенбі күндері және мерекелік демалыстардың өзінде ол кабинетіне келіп, бума-бума қағаздарға көміліп отыратын әкесін балалары ұмытпаса да, көргенде жай бір түс таныс адамдай ғана кейіп танытады. Әбден  жат болып кеткен. Үйлерінде де жүздесуі, бір дастархан басында отыруы сирек болса, сөйтпегенде қайтсін. Мұны ойлағанда Орынбасардың жүрегі қан жылады. “Қайран уақыт. Қайта оралмас өткен өмір” деп, сыбырлап отырды. Ойы онға, санасы санға бөлінді. 

Бәлкім, мекемеге бір жас пері бастық болып келгелі жатуы да ықтимал деген де ой сап ете қалды. Бұл жерде де Орынбасар ештеңе ұтпайды. “Жапалақты таспен ұрсаң да, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледі” дегеннің кері. Қай нұсқасы болса да, оңып тұрған жоқ. Бұл Орекеңнің күні бітіп, тірі өлік болып үйде отыратын уақыты жетті деген сөз. Осыны ойлағанда Орынбасардың жүрегі шаншып кетті. Жалма жан тартпасын ашып, дәрі-дәрмек салынған қобдишасын алды. Кабинетінің сол жақ бұрышында тұрған шағын үстелдің үстіндегі графиндегі судан стаканға құйып алып, дәрісін ішіп, сәл тыныстап отырды. 

Хатшы қыздан сұрап еді, Бірінші әлі оралмапты. Ол түс мезетінде жоғары жаққа шақырылып кеткен. Жиналысқа бір сағаттай ғана уақыт қалғанда Біріншінің көлігі мекеменің ауласына келіп тоқтағанын Орынбасар терезеден көріп қалды. Машинадан асықпай түскен бастық сол жерде тұрып темекі тартып біраз тұрды. Қасында  өзімен туыс жұрағат болып келетін үш қызметкер.Төртеуі сөйлесіп көп тұрды. Түрлері анық көрінбегенімен әлде бір маңызды нәрсені талқылап жатқандай көрінді. Өзара бірдемелерді сыбырласқандай болды да, төртеуі де Орынбасар тұрған терезеге қарады. Орекең өзін көріп қалмасын деп кері қарай шегінді. Бірақ, олардың әр қимылдарын көз алмай бақылап тұрды. Өзі туралы бірдеме айтып жатқанын сезгендей болды. Дәу де болса қазір өтетін жиналыстың өзіне қатысы бар сияқты.Әлгі төртеу Орынбасардың терезесіне тағы бір көз тастады да қарқылдап күлгендей болды. Екі езулері екі құлақтарына жеткендей мәз. 

“Мен туралы айтып жатқандары көрініп тұр. Зейнеткерлікке қуып шығып, орныма ана тұрған үшеудің бірі қоймақшы ма екен. Ол да мүмкін. Соңғы кезде бұлардың күбір-сыбырлары тым көбейіп кеткен. Бәсе... Несі болса да, нар тәуекел. Осы жолы айтарымды айтып кетемін. Шындықтан қаша алмайсыңдар!” - деді, іштей Орынбасар. Ауладағы төртеу ішке енген соң ұжымды жаппай жиналыс залына шақырды.

Төрдегі орынға жалғыз өзі жайғасқан Бірінші қасына Орынбасарды шақырып, отырғызды да жиналыстың ашық екенін жариялады. Бүкіл ұжым бастықтың не айтарын тағатсыздана күтіп, құлақ түріп отыр.

Бірінші мекеменің арғы-бергі тарихын қозғап, ұзақ сөйледі. Орынбасардың ұйымға сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, алғыс жаудырған сәтте “Ал, енді біттім. Мені зейнеткерлікке шығарады екен. Жақсылап сыбағаңды берермін, қақпас!” деп іштей дайындалып отырды. 

-Құрметті әріптестер! Менің айтайын дегенім - бүгіннен бастап, қызметтен кетпекшімін. Жоғары жақпен келістім, өтінішімді айттым. Рұқсат берді - дегенде жұрттың бәрі аңтарылып қалды. 

Мұндайды күтпеген Орынбасар орнынан атып тұрып: 

-Біреке, мұныңыз не? Бізді тастап... - деп, тұтығып сөйлей алмай қалды. Өзінің ерсі қылығын байқағанда ыңғайсызданып та қалған еді. Соны жуып-шайғандай Бірінші: 

-Отыр, отыр қарағым! - деп күлімсіреді де: - Мен өз орныма Орынбасарды тағайындаймын. Жоғары жақ батасын берді. Ал, Ореке, қызмет құтты болсын! - деп, қолын ұсынды.

Орынбасардың есі шыға қуанып, жөпелдемеде не айтарын да білмей қатты сасып қалды. Одан кейін де Бірінші көп сөйлеген. Қатты толқыған Орекең оның бір сөзін де ұққан жоқ. Зал бірде қол соғып, енді, бірде ду күліп отырғаны ғана есінде. Екі құлағы шыңылдап сөз естуден де қалған. Қатты толқыған адам есінен танып қалатын секілді ғой. Сәлден кейін ғана Біріншінің сабырға шақыруымен бойын тіктеп, орнын ұсынған бастығына және ұжымға алғыс білдіріп, қысқаша сөз сөйледі. 

Мекеменің асханасында жасалған салтанатты басқосуға бүкіл ұжым түгел қатысты. Осы отырысты Орынбасар өзінің құрметіне арналған банкет деп қана ұқты. Қуанып кетіп бір неше бокалды қатарынан тартып-тартып жіберген соң біршама масайып та қалды. Ұзын-сонар тост айтылып жатса да оның мәнін ұқпады. “Сол үшін алып қояйық!” дегенді ғана анық естиді...    

Әдеттегісінше, кештетіп жеткен Орынбасар үйіне келген соң бүгінгі қуанышын бөлісуге өз отбасынан жақын жандарын іздеді. Бәйбішесі, кенже ұлы мен келіні, немерелері түгел терең ұйқыда екен. Бәрін оятып әуірелемейін деп шешіп, төсегіне келіп жантая бере қуанышты хабарды бәйбішесіне айтты. 

Ұйқысын аша алмай жатқан бәйбіше: 

-Сен бұрыннан бері сол мекеменің басшысы емессің бе? Мұның несі қуанышты хабар, несі жаңалық? - деді есінеп. 

-Жоға, біздің Бірінші бүгін ғана өз еркімен зейнеткерлікке шықты ғой.

-А, сендердің Біріншілерің тірі ме еді? Мен оны баяғыда өлген шығар деп жүрсем - деді де, қор етіп ұйықтап кетті. 

Орынбасар ұйықтай алмай әрі тым құрығанда жарты ғасыр отасқан әйелінің өзі оның жүрекжарды қуанышын бөліспегеніне сәл ренжіп, біраз уақыт ояу жатты. 

Әдеттегісінше, ерте тұрған Орынбасар жұмысына қарай тартты. Мекемесі орналасқан ғимарат үйінен онша алыс емес. Сондықтан, жаяу барып, жаяу қайтуды ол ежелден әдетке айналдырған. 

Мекеменің есігін тартса, жабық тұр. Бұрын ашық тұрушы еді, бүгін не болған деп таңданыңқырап, қоңырау басып еді. Ар жақтан күзетші жігіт келіп  есікті ашты. Орынбасармен сәлемдескен оның таңданып қарап тұрғанын байқаса да онша мән бермеді. 

Ішке кірсе, хатшы қыз да жоқ. Әдеттегі күндері дабыр-дұбыр болып қайнап жататын ұзыннан ұзақ дәліз де өлі тыныштыққа оранған. Үйренген әдетінше, өз кабинетіне қарай бұрылды да, кілт тоқтады. Біріншінің кабинетіне қарай бұрылып, ішке енді. Өмір бойы армандаған жұмсақ креслоға барып жайғасты. Үстелді сипады. Жан-жағына қарап мәз болып ұзақ отырды. 

Бір кезде көп адамның тарс-тұрс еткен аяқтарының сыбдыры естілді. Өзара шаң-шұң сөйлескен дыбыстары да жақындай бастады. “Е, біздікілер енді ғана жиналып жатыр екен ғой. Кеше тойда біраз сілтеген-ау. Сағат оннан асып барады. Жиналыс өткізуім керек. Әлгі хатшы қыз қайда жүр?” - күбірлеген орынбасар орнынан тұра беріп еді. Сау етіп бір топ бейтаныс адам кіріп келді. 

-Сендер кімсіңдер? Қайдан жүрсіңдер?  

-Ағасы біз тарату комиссиясынан келдік! - дейді, әлгілер. 

-Таратқаны несі? Мен осы мекеменің бастығымын. 

-Аға, енді сіздің мекеме жоқ. Қаулы шыққан. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырып келген артық құрылымдардың бәрі таратылып жатыр. Міне, қаулының көшірмесі! - деп, әлгі топты бастап келген жігіт бір жапырақ қағазды ұсынды. 

Орынбасар жалмажан Біріншіге телефон соқты. Ол қарқылдап тұрып күледі. Жынды ма деп ойлап, жөн сұраса:

-Ореке, кеше мен сөзімнің соңында қалжыңдағанымды айтып едім ғой. Ұқпай қалғансың ба? Кешкі дастарханның мәнін де түсінбегенсің-ау. Көп іштің. Біздің мекемені осыдан үш күн бұрын қаулы шығып, таратып жіберген. Сенен басқасының бәрі біледі. Кеше бәріміз қоштасу тойын жасағанбыз. Сен қызып қалдың да сөз ұқпадың. Енді, үйіңе қайта бер! Екеуіміз де зейнеткерміз - деді. 

Орынбасар кеңседен қашан қалай шыққанын да білмейді. Бір қараса, қалалық саябақта тентіреп жүр екен. Сағатына қараса, талтүс болыпты. Үйіне қарай аяңдады. 

Есіктен кіргенде, үш немересі дәлізге жүгіріп келді де, ең кенжесі:  

-Әке, бір бейтаныс кісі келіп тұр! - деп айғай салды. 

-Қойшы-ей! Қайдағы бейтаныс? Біздің үйдегі альбомда фотосы жүрген ағай ғой - деді, ортаншысы. 

-Екеуіңде ми бар ма? Бұл атамыз ғой. Әкемнің әкесі! - деп, інілерін жазғырған тұңғышы: 

-Ассалау, ата! - деп қос қолын ұсынды. Оған еріп екі кішісі де қос қолдарын ұсынды. Орынбасар үш немересін қапсыра құшақтай алып, алма-кезек иіскеді де, терең күрсінді. Арғы бөлмеден ұлы мен келіні де шыға келді. Күні кеше ғана мына немерелері қызылшақа нәрестелер еді ғой. Қалай тез өсіп кеткен деп ойлап қояды. Ұлы мен келіні де алғаш үйлену тойы кезіндегідей уыздай жас емес. Біршама егделеніп, есейіп қалған секілді. 

-Ал, балалар! Мен бүгіннен бастап зейнеткермін - деді, Орынбасар.

-Әке, сіз баяғыдан бері зейнеткер емес пе едіңіз? - деп, ұлы иығын қиқаң еткізді. Атасын көрмегелі көп болған келіні мен немерелері тосырқап қарап тұр. 

Оның зейнеткерлікке шыққанына бәйбіше ғана таңданған жоқ. 

-Неге бөтен адамша есіктің көзінде тұрсың, шал-ау? Шәйға кел! Демалатын уақытың болды ғой. Жұмыста басың қалып па еді? - деп, жас кезіндегідей сыңқылдап күлгенде, Орынбасар да езу тартты. 

Қуандық Шамахайұлы

Abai.kz

25 пікір