Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
2315 3 пікір 22 Қаңтар, 2020 сағат 10:50

Қазақстан Шыңжаңнан қашқан этникалық қазақтарды қайтармайтын болды

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық сотында "мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған этникалық екі қазақ Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына үкім оқылды.

Судья Шынар Оспанова Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын әрқайсысын бір жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеуді бұйырды. Бұған қоса, олардың әрқайсысына 25 250 теңге көлемінде айыппұл салды. Сот оларды Қытайға қайтармауды үкім етті.

Сот үкімін түсіндірген судья олардың "бір күні екі күнге есептелетінін және қамау мерзімі 2019 жылдың 18 қазанынан бастап саналатынын" айтып, олардың "қамауда қалу мерзімі - бес ай 24 күн" деді.

Судья сот үкімі қолға тиген күннен бастап 15 күн ішінде қорғау тарабының оны апелляцияға беруге болатынын айтты.

21 қаңтарда таңертең өткен жарыссөзде прокурор Ержан Әзімбаев екі жігітті бір жылға түрмеге қамап, 10 АЕК көлемінде айыппұл төлетуді сұраған. Мемлекеттік айыптаушы "жеңілдетілген жағдайды ескеріп" оларды Қазақстаннан шығармауды өтінген.

Ал қорғау тарабы екі азаматтың Қытайдағы қысымға байланысты "шекарадан заңсыз өтуге" мәжбүр болғанын, оларды қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды сұрады.

Бүгінгі сотқа Қазақстанның түрлі аймағынан Қастер мен Мұрагерді қолдап, көп адам келді. Бірақ сот залы шағын болғандықтан олардың біраз бөлігі залға сыймай қалды. Олар сот ғимаратының сыртында тұрып үлкенірек зал беруді талап етіп, ізінше "Бостандық!" деп айқайлады.​

2019 жылы қазан айының басында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып өскен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер ӘлімұлыныңҚазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазанның ортасында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ол екеуін "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

Олардың ісі бойынша сот 6 қаңтарда басталған. Бұған дейін адвокат Ләззат Ахатова Шыңжаңда қалған олардың туыстарына да Қытай билігі қысым жасағанын айтқан.​

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2007