Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дат 7581 24 пікір 22 Қаңтар, 2020 сағат 11:49

Депутат Мамыраев. Жасалмаған келісім. Жардан ұшқан бап...

Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.К.Тоқаевқа.

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

20 қаңтар күні Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы талқылауға арналған 19 отырыс өтті.

Естеріңізде болса, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы № 105-V Заңының 13-бабтың 18) тармағындағы «Еңбек қызметі» деген сөзді «Еңбек өтілі» деп өзгерту туралы ұсыныс бергеміз. 

Себебі, аталған тармақшадағы «Еңбек қызметі» деген ұғым Қазақстан Республикасының «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңында да, «Еңбек Кодексінде» де жоқ. Тек, «Еңбек өтілі» деген ұғымға «Еңбек Кодексінде» «жұмыскер еңбек міндеттерін орындауға жұмсаған, күнтізбемен есептелген уақыт, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес еңбек өтіліне кіретін өзге де кезеңдер;» деп, заңдық анықтама берілген. 

Нақтылап айтсақ, екеуі де Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, жергілікті зейнеткерлер мен шеттен оралған зейнеткерлердің еңбек еткен жылдарын есептуде екі түрлі ұғым пайдаланылып, екеуін екіге бөліп қараған.

Бұл – ең алдымен «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.» деген Қазақстан Республикасының Конституциясының 14-бабының 2-бөлігіне қайшы.

Аталған ұсынысымызды депутат Бейбіт Мамыраев өз атынан Жұмыс тобының талқысына салған болатын.

Алдыңғы отырыста зейнеткер депутат Қуаныш Сұлтановтан бастап, бәрі бұл ұсынысты қолдап, министрлік өкілдеріне шүйліккен.

Кеше Жұмыс тобының отырысына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру департаментінің басқарма басшысы Виктория Шегай және Бақыт Каликенова деген екі қыз келіп, депутат Б. Мамыраевтың ұсынысына қарсы шықты. 

Шегайдың сондағы айтқан уәжі: Қазақстан Республикасына қоныс аударып келген қандастарымыздың зейнетақы мәселесін шешу үшін Моңғолия және Қытаймен келісім-шарт жасалмақшы екен-мыс. Қазір мемлекеттер ара келіссөз жұмыстары жүріп жатыпты. Бірақ, оның нақты қашан іске асатыны туралы кесіп ештеңе айта алмады.

Сол-ақ екен, депутат Бейбіт Мамыраев сылқ етіп, ұсынысын қайтарып алды.

Қазақстан мен Моңғолия арасында жасалған әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің күші 2014 жылғы 8 сәуірде жойылған болатын.

Оны жоюға бастамашы болған кім дейсіз ғой?! 

Қазақстан Үкіметінің өзі!

Ал, Қазақстан мен Қытай арасында мұндай келісім өмірі болған емес!

Осы мәселеге байланысты, шеттен оралған неше мыңдаған зейнеткер қандастарымыз зардап шекті. 

2017 жылы Елордада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы қарсаңында, Құрылтайдың ұйымдастыру комитетінің мүшесі ретінде сол кездегі вице-премьер Асқар Мәмин арқылы Президентке бес ұсыныс бергем.

Ол – Тұңғыш президенттің көші-қон қорын құру, Қытайдан келген қазақтарда талап етілетін «Соттылық туралы» анықтаманы күшінен қалдыру, білім алу мақсатында келген Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін квотоны көбейту, 11-қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» мерекесі етіп белгілеу және Қытай мен Моңғолиядан келген зейнеткерлердің зейнетақысын жергілікті халықтың зейнетақысымен теңестіру туралы болатын. 

Сол Құрылтайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы бес ұсыныстың төртеуін шешу туралы Үкіметке тапсырма берді. Соның біреуі – осы зейнетақы мәселесі. 

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 13-бабына 2018 жылы толықтыру енгізіліп, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ол норма атқарылып келеді. 

Өкінішке орай, Елбасы пәрменімен берілген бұйрықты атқарушы билік пен заң шығарушы орган дұрыс қабылдамай, Заңда «Еңбек қызметі» деп жіберген ғой. Бұл жолғы мақсат – орайы келіп тұрғанда, соны түзетіп жіберу ғана болатын!

Сонда, Үкімет өзі бұзған мемлекет аралық келісімді өзі қайта жасауы мүмкін бе?!

Екіншіден, кезінде мүйізі қарағайдай министрлер Бердібек Сапарбаев пен Тамара Дүйсенова жасай алмаған келісім-шартты бүгін департаментінің басқарма басшысы Виктория Шегай қайтып жасай қоймақ?!

Сөйтіп, басқарма басшысы Шегай қыз жасалмаған «келісім-шарпен» білдей депутат Б. Мамыраевты шекеден шертіп, шалқасынан түсірді де басынан аттап өтіп, кете барды. Ең керекті бап жардан құлап, қала берді!..

Халдық мұндай опасыздықты ешқашан кешірмейді!!!

Дүниенің қорлығы сол, депутат Бейбіт Баймағамбетұлы шайнап берген нанды жұта алмай, масқара болды ғой!

Міне, халық сенім артқан депутаттың сиқы!

Мен депутат Бейбіт Мамыраевтың бұл әрекетін мемлекетке деген жауапкершілігінің жоқтығы, ұлтқа жасаған қиянат және Сәбеттен қалған сасық бюрократизмнің батпағынан шыға алмағандықтың белгісі деп, бағалаймын!

Парламент – Мамыраев аңырайып қарап отыратын саяжай емес, ең жоғарғы Заң шығарушы орган! Депутаттың басты міндеті – сапалы заң қабылдау!! Сөйтіп, Құқықтық мемлекет құруға даңғыл жол ашу!

Бейбіт Мамыраевтың өмірбаянын шолып шықтым, ғылым докторы, профессор, академик деп жазылыпты. ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасында, елшілікте жауапты қызметтер атқарыпты. Жоғары оу орындарын да басқарыпты. 

Әрине, ол кісі білікті ғалым, іскер басшы болса, болған шығар. Бірақ толымды депутат емес екен!

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде Сізден «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңындағы қателікті түзетіп, қандастарымыздың зейнетақы мәселесін шешуге ықпал етуіңізді және аталған заңдағы Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келіп тұрған қателікті көріп тұрып, түзетуге әрекет ете алмаған Бейбіт Мамыраевтың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуыңызды сұраймын.

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552