Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
3136 1 пікір 24 Қаңтар, 2020 сағат 13:46

Тоқаев Мамин Үкіметіне сенім білдірді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен осы жылға арналған міндеттер туралы баяндады. 

Халық табысы 5,5% ға, ЖІӨ 4,5% ға өскен. 

Мамин мырзаның айтуынша, өсімнің негізгі драйверлері құрылыс, сауда, көлік және өнеркәсіп салалары болған.

2019 жылдың қорытындысы бойынша халықтың нақты табысы 5,5%-ға өсті, ЖІӨ өсімі 4,5%-ды құрады. Өсімнің 85%-дан астамын шикізаттық емес салалар қамтамасыз етті. Негізгі драйверлер құрылыс – 12,9%, сауда – 7,6%, көлік – 5,1% және өнеркәсіп – 3,8% болды. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 4,4%-ды құрады, ол автомобиль жасау (63%), машиналар мен жабдықтар өндірісі (22%), фармацевтика (12%), жеңіл өнеркәсіп (14%) және сусындар өндірісі (10%) есебінен қамтамасыз етілген. Тау-кен өндіру өнеркәсібі металл кендерін өндіру көлемінің 16%-ға ұлғаюының нәтижесінде 3,7%-ға өсті.

Инвестиция көлемі 8,5%-ға артқан

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 8,5%-ға, оның ішінде жеке инвестициялар 9,5%-ға өсті. Инфляция жоспарлы 4-6% шегінде, яғни 5,4% деңгейінде (2018 жылы – 5,3%).

Былтыр 2,7 млн азаматтың жалақысы көбейген

Халықтың нақты табысы 5,5%-ға өсті. 2019 жылы 2,7 млн азаматтың жалақысы көбейтілді, оның ішінде бизнес арасында кең қолдау алған, ең төменгі жалақыны арттыру шаралары есебінен (42,5 мың теңгеге дейін 1,5 есе) өсті. Еңбек нарығында тұрақтылық сақталуда. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады. 423 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 279 мыңы – тұрақты.

МБК 2018 жылғы көрсеткіштен 1,5 трлн тг. артқан

Трансферттерді қоспағанда, мемлекеттік бюджет кірістері 9 трлн 688 млрд теңгеге (жоспардың 101,2%) орындалды, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 1,5 трлн теңгеге артық. Сыртқы сауда айналымы $97 млрд дейін өсті, оның ішінде экспорт – $60 млрд, импорт – $37 млрд құрады.

$25 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылды. 

2019 жылы шамамен $25 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Экономикадағы ШОБ үлесі 29,5%-ға жетті. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 8%-ға өсті. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Жекешелендірудің кешенді жоспары 93%-ға орындалды.

«Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында 53 ауылда 452 жоба іске асырылды

«Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру 13 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үй салуға, 4,4 мың шақырымнан астам республикалық жолды салуға және реконструкциялауға, 640 шақырымнан астам жолды пайдалануға беруге мүмкіндік берді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 53 ауылда 452 жоба іске асырылды.

«Инвестиция үшін жаһандық бәсекелестікті күшейту жағдайында Үкімет ел экономикасына инвестициялардың жаңа толқынын тартуға баса назар аударады. Біздің стратегиялық міндетіміз – негізгі капиталға салынатын инвестициялардың көлемін жыл сайын орта есеппен 15%-ға арттыру және оның деңгейін 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 30%-на дейін жеткізу (2019 жылы 18,2%)», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр Үкімет жұмысының негізгі басымдығы халықтың нақты табысы мен тұрмыс сапасын арттыру екенін атап өтті.

2020 жылы Үкімет 7 стратегиялық бағыт бойынша жұмысын                  жалғастырады

2020 жылы Үкімет 7 стратегиялық бағыт бойынша жұмысты жалғастырады, атап айтсақ:

-Инвестициялар тарту

-Өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру

-Инфрақұрылымды дамыту

-Экспортқа бағдарланған индустрияландыруды дамыту

-Отын-энергетикалық кешенді дамыту

-Агроөнеркәсіптік кешендерін дамыту,

-Экономиканы цифрландыруды арттыру.

Инвестициялық қызметті жандандыру үшін Үкімет 44 трлн теңге сомасына 2 мыңнан астам жобадан тұратын пул құрды. Еңбек өнімділігін бір адамға 8,2 млн теңгеге дейін арттыру жоспарлануда (2019 ж. – бір адамға 7,4 млн тг).

2020 жылы 150 мыңнан астам отбасы баспаналы болады

2020 жылы 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. 150 мыңнан астам отбасы баспаналы болады.

190 ауылда 800-ден астам жоба жүзеге асырылады

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жаңа стандарттарға сәйкес 190 ауылда сапалы инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша 800-ден астам жоба жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Президент Тоқаевқа Үкіметтің 2020 жылға арналған жұмысының негізгі мақсаты – экономика өсімін 4,7-5% деңгейінде қамтамасыз ету екенін айтты.

Премьер-Министр 2020 жылы Үкіметтің алдында 430 мың жаңа жұмыс орнын құру, негізгі капиталға инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімнің 20% деңгейіне жеткізу; шикізаттық емес экспортты $18,6 млрд (+$3 млрд) дейін жеткізу; халықтың нақты табысын 6% (+0,5 п.т.) арттыру, экономикадағы ШОБ үлесін 30%-ға дейін жеткізу міндеттері тұрғанын атап өтті.

Маминнің айтуынша, Үкімет жұмысының басым бағыты – экономикалық өсімді азаматтардың өмір сүру деңгейінің нақты артуының көрсеткішіне айналдыру керек.

Президент үкімет мүшелері мен әкімдерге кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік берді

Үкімет есебін тыңдаған Мемлекет басшысы Мамин Үкіметінің кемшіліктері бар екенін, алайда, оларды түзетуге мүмкіндік беретінін айтты.

-Құрметті жиынға қатысушылар. Бүгін өздеріңіз көріп отырсыздар, берілген тапсырмалардың тиісті деңгейде орындалмағаны үшін сөгіс жариялаған жоқпын. Бірақ, кемшіліктер жеткілікті.

Мысалы, өз сөзімде айтқандай, халық тұтынатын ең қажетті тауарлардың бағасын өсіріп жібергені үшін қатаң шаралар қолдануа болар еді. Жалпы алғанда сөгіс беру жақсы нәтижеге жетудің аса тиімді жолы емес. Бұл менің нақты ұстанымым. Сондықтан, үкімет мүшелеріне және әкімдерге кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріп отырмын.

Сондықтан, бүгінгі жиын барысында берілген тапсырмаларды зор жауапкершілікпен орындау қажет. Көктемде бұл мәселеге қайта ораламыз. Сол кезде түрлі себептерге байланысты өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағандарды қызметінен босату жөнінде нақты шешім қабылдаймыз. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде Асқар Мамин бастаған Үкімет мүшелері отставкаға кетеді деген әңгіме тараған. Алайда, Президент бүгінгі Үкімет есебінен соң, Маминге әрі қарай жұмысын жалғастыруды және берілген тапсырмаларды зор жауапкершілікпен орындау қажеттігін айтып, сенім білдірді. Президенттің бұл сөзі әлеуметтік желідегі әртүрлі әңгімеге нүкте қойды.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2019