Пер Лагерквист
Швеция мемлекетіндегі халық саны 2019 жылы жүргізілген санақ бойынша 10 151 866 адамға жетті. Жалпы ішкі өнімі адам басына шаққанда 54 мың доллардан асады. Күні бүгінге дейін шведтердің 8 қаламгері әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын еншілеген екен. Әлемге әйгілі марапатты иелену жағынан бұл ел дүниежүзіндегі алғашқы бестікке кіреді. Шведттердің 32 азаматы түрлі сала бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары атанды. Ал, әдебиет саласындағы атағы жер жарып тұрған марапатқа алғашқы болып қол жеткізген швед қаламгері - Сельма Лагерлеф есімді әйел. Содан бергі өткен бір ғасырдан астам уақыт ішінде, атап айтсақ, 1916 жылы швед ақыны Вернер фон Хейденстам, 1931 жылы осы елдің тағы бір ақыны Эрик Карлфельдт, 1951 жылы біз бүгін өмірі мен шығармашылығын тілге тиек еткелі отырған Пер Лагерквист, 1966 жылы ақын Нелли Закс, 1974 жылы Швецияның қос қаламгері Эйвинд Юнсон мен Харии Мартинсон, 2011 жылы ақын Тумас Транстремер әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты атанды.
Біз бүгін шығармашылығын тілге тиек еткелі отырған Пер Лагерквист Швецияның ең танымал жазушысы. Еуропаның көптеген тілдеріне аударылған ірі суреткердің ең үздік дүниелерін бүгінгі заман әдебиетінің классикалық туындыларының қатарына батыл қоса аламыз. Өкінішке қарай, әлемдік әдебиеттің төрінен лайықты орнын алған кесек таланттың шығармашылығы қазақ оқырмандарына етене таныс емес. Жас жазушы Нұрлан Қабдайдың швед классигінің ана тілімізге тәржімалаған бір әңгімесін «Әдебиет порталынан» оқығаным болмаса, Лагерквистің шығармашылығы жөнінде жазылған мақала түгіл, бір ауыз жылы лебіз білдірген сыншының немесе әдебиеттанушының пікірін өз басым естіген емеспін. Сондықтан да шведтердің сан қырлы талантты суреткері туралы әңгіме айтып отырған мына біздің Пер Лагерквист творчествосына талдау жасауға әрекет етіп отырған алғашқы қазақ болып қалуымыз да ғажап емес.
Пер Лагерквист ұзақ өмір сүріп, артына мол мұра қалдырған таңғажайып талант. Ол әдебиеттің түрлі жанрларында бағын сынап, жемісті жұмыс істеді. өлең де жазды, проза саласында да өнімді еңбек етті, драматургияның дамуына да зор үлес қосты. Жазушы қаламынан туған дүниелер суреткерлік шеберлігімен, қарапайымдылығымен, ойының ұшқырлығымен, стилінің жаңашылдығымен дараланып тұрады. Лагерквист швед әдебиетінің кемелденуіне, әсіресе, поэзиясын түрлендіруге елеулі ықпалын тигізген сөз өнерінің майталманы ғана емес, сонымен бірге, өз ұлтының ұстазы, ақыл-ойының кемеңгері, үнемі ізденіс үстінде жүріп оқырмандарының дүниетанымын байытып, мәңгіліктің бесігіне құндақталған өзекті сауалдардың жауабын іздеген данышпаны да болды. Танымы терең суреткер өз туындыларында өмірдің мәнісін іздеп, философиялық ойлары арқылы адам жанының шыңарауында жасырынған шындықтардың жауабын табуға тырысты.
Лагерквисттің әдебиет әлемінде пір тұтқан екі үлкен ұстазы болды, олар - Достоевский мен Толстой. 1913 жылы оның Социал-демократтар одағының «Алға» журналында Достоевский туралы мақаласы жарық көріп, ол орыстың ұлы жазушысының шығармашылығындағы психологиялық шеберлікке ерекше тоқталды. Дәстүрлі дін шешімін табуға тырысқан «мәңгілік» сауалдардың жауабын Лагерквист әдебиеттен іздеді.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында фашизмге қарсы шығып, өзінің «белсенді гуманизм» позициясын қолдайтынын мәлімдеді. Сондықтан да жазушының шығармаларындағы кейіпкерлері, қоғамдағы оқиғаларға немқұрайлы қарамай, айналысындағы адамдарға көмектесуге ұмтылады. Гуманистік идеялардың жалыны жүрегін шарпыған Лагерквист шығармашылығында қарапайым «кішкентай» адамдардың, жәбірлегендер мен жапа шеккендердің тағдырына деген алаңдаушылық басым.
Лагерквист шығармашылығынан кубизм, экспрессионизм немесе экзистенциализм сияқты философиялық және эстетикалық құбылыстардың белгілері байқалғанымен, швед классигінің туындыларын белгілі бір бағытқа жатқызу қиын. Жазушының көркемдік стилінде мифтік сарын да, символ да, тұспалдап айту шеберлігі де бар. Артына мол мұра қалдырған суреткер көп сөйлегенді ұнатпайтын, сырын сыртқа шашпайтын тұйық, жұртпен аса қатты араласа бермейтін кісікиік адам болған. Өз творчествосы туралы айтқанды аса ұнатпайтын Лагерквист «Мен өз шығармашылығымның ісіне араласпаймын» деген екен журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартып.
Лагерквист талантының ешкімге ұқсамайтын даралығы «Әлемнің қонағы» деп аталатын тырнақалды туындысынан-ақ айқын көрініс тапты. Швед классигінің туындыларын зерттеген кейбір сыншылар бұл повестті жазушы шығармашылығының кілті санайды. Бірақ Лагерквистті дауылды дәуірдің қазанында қайнаған тың тақырыптардың бәрі де толғандырып, жазушы шығармашылығында ұдайы жаңа әуендер пайда болды.
Амангелді Кеңшілікұлының әлеуметтік желідегі жазбасынан
Abai.kz