Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
3163 0 пікір 4 Ақпан, 2020 сағат 12:36

Қазақстан мен Қытай арасында әуе қатынасы уақытша тоқтады

Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында кеше, 3 ақпаннан бастап Қазақстан мен Қытай арасында әуе қатынасы уақытша тоқтатылды.

Бұған дейін, 29 қаңтардан бастап автобус қатынасы, ал 1 ақпаннан бастап пойыз қатынасы уақытша тоқтаған.

Бұған қоса Қытай азаматтарына виза беру де уақытша тоқтатылды.

Қазақстанң денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) белгісімен барлығы 80 адам ауруханаға, көпшіліктен оқшау жатқызылған, оның 39-ы сауығып шықан. Қазір стационарда 41 адам қалды.

Ауруханаға жатқызылғандардың барлығының сынамасы қосымша бақылау үшін Алматыдағы Айқымбаев атындағы аса қауіпті жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. "Бұл орталық жаңа коронавирусты ПТР-диагностикалау әдістемесін игерген" делінген хабарламада.

Елде терапия үшін қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бар, жұқпалы ауруханаларды оқшаулауға арналған бокстар, арнайы дәрігерлік және орта медициналық персонал дайындалған деп хабарлайды министрлік. Ресми ақпаратпен Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасынан танысуға және кез келген сұрақ бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 байланыс орталығына қоңырау шалуға болады.

Қытаймен шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасып жатыр. 2020 жылғы 6 қаңтар мен 2 ақпан аралығында Қазақстанға өзге елдерден 27 448 адам келген.

Уханьда тараған вирус жұққандар саны бойынша 2002-2003 жылы Қытайды әуреге салған SARS вирусынан да асып түсті. SARS вирусынан 600-ден астам адам өлген.

Қазір Қытайда өршіп тұрған вирустың белгілері – науқас жөтеліп, дене қызуы көтеріледі. Бұдан бөлек, вирусты жұқтырған адамның тыныс алуы қиындайды.

Қытай вирус алғаш тіркелген Хубэй провинциясындағы 17 қаланы жауып тастады.

Австралия Қытайда жүрген 600 азаматын алып кету жағын қарастырып жатыр. Еуропа одағы елдері, АҚШ, Жапония, Ұлыбритания және Солтүстік Корея да Қытайдағы азаматтарын әкету шарасына кірісті.

Әлемдегі әуе компанияларының көбі Қытайға ұшатын рейстерін тоқтатып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазір Қытайдағы вирусқа байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялау мәселесін талқылап жатыр.

Вирус Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан тараған. Кей ақпарат құралдарының жазуынша, базар 1 қаңтарда жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. 22 қаңтар күні "Медициналық вирусология" журналында зерттеу жариялаған ғалымдар "вирустың жыланнан тарағанын" жазды. Мұны растайтын не жоққа шығаратын зерттеулер әлі жарияланбады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2038