Сейсенбі, 24 Қараша 2026
Жаңалықтар 279 0 пікір 24 Қараша, 2026 сағат 16:27

Алматы цифрлық қызметті дамыту бойынша әлемдік рейтингте 15 орынға көтерілді

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінен алынды.

Алматы цифрлық қызметті дамыту деңгейі бойынша әлемнің 194 қаласы арасында 12-орынға көтерілді. 2024 жылмен салыстырғанда қала рейтингте 15 сатыға жоғарылаған. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының UN E-Government Survey 2026 зерттеуінде айтылған.

Соңғы екі жылда Алматы 27-орыннан 12-орынға көтерілді. Жергілікті онлайн қызметтер индексі (Local Online Services Index – LOSI) 1 балдық жүйе бойынша 0,8021-ден 0,9604 балға дейін өсті. Осы көрсеткіш бойынша Алматы Копенгаген, Лондон, Токио, Шанхай және әлемнің бірқатар басқа қаласымен қатар 12-орынға тұрақтады.

БҰҰ зерттеуінде қала тұрғындарына ұсынылатын электрондық қызметтің қолжетімділігі мен қолайлылығы бағаланады. Сарапшылар ресми интернет-порталдардың жұмысын, қызметтерді онлайн алу мүмкіндігін, қалалық ақпаратқа қолжетімділікті, кері байланыс тетіктерін және тұрғындардың қаланы басқаруға қатысу деңгейін талдайды. Бағалау алты негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.

Цифрлық инфрақұрылымның дамуы қала ортасының қолайлылығын арттырып қана қоймай, туристер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Соңғы ақпаратқа, электрондық қызмет пен цифрлық құралдарға қол жеткізу қала қонақтарына бағыт-бағдар табуға, сапарын жоспарлауға және қала инфрақұрылымын тиімді пайдалануға көмектеседі.

Бұған дейін Алматының инновацияны енгізу және қалалық ортаны дамыту бағытындағы жетістіктері халықаралық деңгейде мойындалған болатын. 2025 жылы қазанда Брюссельде өткен Global Tourism Forum аясында қала туризмдегі инновация мен қалалық ортаны жаңғыртуға қосқан үлесі үшін Special Recognition for Tourism Innovation and Urban Transformation арнайы марапатына ие болды. Бұл марапат қаланың заманауи инфрақұрылымды дамыту және туристер үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарының нәтижесін көрсетті.

БҰҰ рейтингіндегі көрсеткіштің жақсаруы мен халықаралық деңгейдегі мойындау Алматының цифрлық қызметті дамыту, қала инфрақұрылымын жетілдіру және тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.

Abai.kz

0 пікір