Әскери шеру: ел айбыны айшықталды
Кеше, Конституция күніне және ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай еліміздің бас қаласындағы «Қазақ елі» монументі алдында ел Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен әскери шеру өтті.
Шеру басталмас бұрын сап түзеген лектер мен мінбер алдынан сынаптай сырғыған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерген ту ұстаушы топ шеру басынан орын алды. Осы кезде Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков әскерлердің шеруге әзірлігі туралы генерал-лейтенант Мұрат Майкеевтің рапортын қабылдаған соң, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Қарулы Күштер әскерлерінің барлық түрлері мен тектерінің жауынгерлері қарсы алды. «Қазақ елі» алаңынан естілген айбынды дауыс тікелей эфирмен берілген трансляция арқылы бүкіл елге тарап жатты. Осыдан кейін Елбасы Н.Назарбаев сап түзеген әскерлерді аралап, алғаш рет парадты өзі қабылдады. Одан әрі Мемлекет басшысы орнына келіп, әскерилер мен барша Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтады.
Кеше, Конституция күніне және ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай еліміздің бас қаласындағы «Қазақ елі» монументі алдында ел Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен әскери шеру өтті.
Шеру басталмас бұрын сап түзеген лектер мен мінбер алдынан сынаптай сырғыған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерген ту ұстаушы топ шеру басынан орын алды. Осы кезде Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков әскерлердің шеруге әзірлігі туралы генерал-лейтенант Мұрат Майкеевтің рапортын қабылдаған соң, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Қарулы Күштер әскерлерінің барлық түрлері мен тектерінің жауынгерлері қарсы алды. «Қазақ елі» алаңынан естілген айбынды дауыс тікелей эфирмен берілген трансляция арқылы бүкіл елге тарап жатты. Осыдан кейін Елбасы Н.Назарбаев сап түзеген әскерлерді аралап, алғаш рет парадты өзі қабылдады. Одан әрі Мемлекет басшысы орнына келіп, әскерилер мен барша Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтады.
Конституция күніне арналған әскери парадта сөйлеген сөзін Елбасы: «Армысыздар, әскерилер!» деп бастады. Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң - тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы! Баршаңызды осы ұлық мерекемен - Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Халық - биліктің қайнар көзі, Конституция - көптің киелі сөзі, деді одан әрі Мемлекет басшысы.
Қазақстан халқының қалауымен өмірге келген Негізгі Заңымыз - тәуелсіздікпен егіз ұғым! Біз кемел Конституцияны Тәуелсіздік арқылы қабылдадық. Ата Заң - біздің азаттық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы болып табылады. Бүгінде дүние жүзі мойындаған өркенді өнегелеріміз Ата Заңымыздың аясында жүзеге асып келеді. Біз тәуелсіздік арқылы ғасырлық мәні бар орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік. Ұлы далада жаңа тұрпатты қуатты мемлекет құрып, ұлысты ұйыстырдық.
Еліміздің іргесін бүтіндеп, шекарамызды бекемдедік, деп жалғастырды одан әрі өз сөзін Жоғарғы Бас қолбасшы. Экономикалық әлеуетіміз еселеп артып, шуақты Отанымыз береке мен бірліктің киелі мекеніне айналды. Арқаның төсінде азаттығымыздың асқақ нышаны болған әсем Астананы тұрғыздық. Әлем жұртшылығы алдында мерейіміз артып, абыройымыз асқақтады. Елордада өткен ғасыр саммиті, Азиада ойындары, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам үмбетінің басқосулары - бұған дәлел.
Біз осылайша тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақ елін дүние жүзіне паш еттік. Ата Заң арқылы асқар асуларды алған біз бүгінде жаңа кезеңге қадам бастық. Еліміз енді инновацияларға негізделген индустриялық даму жолына бет алды. Сондықтан біз баянды істеріміздің бастауы болған бас құжатымызды ардақтауымыз керек!
Конституция күнін соңғы жылдары өзге мерекеден бөлекше атап өтуіміз бекер емес. «Қазақ елі» алаңындағы әскери парад мемлекетіміздің айбынын асырып, қуат-күшін танытатын дәстүрлі шараға айналды.
Ен даланы еркін жайлаған елімізде ежелден ерлердің еншісі Отан қорғау болған! Бабадан құтты мұра болған бұл қастерлі борышты бүгінде антқа адал ерлер атқаруда. Өскелең ұрпақ елі үшін қасық қанын қиған жаужүрек бабаларымыздың даңқты жолын лайықты жалғастыруда, деген Президент - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев одан әрі ел тыныштығын қас қақпай күзету мерейлі мәртебе, асқақ абырой екендігін атап көрсетті. Біздің ұлттық әскеріміз - ұлыстың берік қорғаны, тәуелсіздіктің мығым тірегі! Мемлекет айбынды армиямыздың әрдайым қынаптағы қылыштай бабында болуына зор мән береді. Бүгінгі шара - соның жарқын айғағы.
Біздің еліміз халқымыздың тарихындағы орасан зор оқиға - Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына жақындап келеді. Мерекелік салтанаттар санатында Конституция күні айрықша орын алады. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде патриотизм рухымен жігерленген мерекелік шаралар өтіп жатыр. Біздің азаматтарымызды бүкілхалықтық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Өз сөзінде Елбасы Ата Заңның ел дамуындағы тарихи рөліне жоғары баға берді. Біздің бірлігіміздің қуаты - бұл біздің халқымыздың барлық ұрпақтарының шынайы байлығы. Қазақстан азаматтары Тәуелсіздіктің ортақ туы астында достық пен бейбітшілік рухында өмір сүруде. Қазақстан халқы Ассамблеясының күннен-күнге өсіп келе жатқан рөлі, Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съездері - мұның бәрі бүкілхалықтық ұйыған келісімнің берекелі жемісі. Конституция барлық қазақстандықтарға бірдей мүмкіндік берді. Біздің Негізгі Заңымыздың басты құндылығы да осында. Біз барлығымыз біріге отырып, жаңа елдің іргетасын қаладық. Мұнда Шығыс пен Батыс мәдениеті ортақ үйлесім тапты.
Бар болғаны 20 жылдың ішінде біз табысты экономика құрдық, деді Елбасы. Бүгінде Қазақстан әлемнің ең қарқынды дамыған 50 елінің қатарына нық қадам басты. Қазір барлық қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда жаңа ауруханалар, бүгінгі заманның мектептері ашылуда. Тіпті, жаһандық дағдарыс жағдайында біз еңбекақы мен зейнетақыны өсірудеміз. Біздің барлық жетістіктерімізге бірліктің, қоғамымыздағы келісімнің, ел Конституциясының басты құндылықтарын берік сақтауымыздың арқасында қол жеткізілді.
Кеше біздің қасиетті жерімізді ондаған жылдар бойы қасіретке буып келген Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа мен қол қойған күнге тура 20 жыл толды. Біз шын мәніндегі осы тарихи қадам арқылы бүкіл адамзаттың ізгілікті дамуына өлшеусіз үлес қостық, деді құттықтау сөзінің соңына қарай Н.Назарбаев. Ортақ үйіміздің тыныштығын көздің қарашығындай сақтау - сіздердің қасиетті парыздарыңыз! Сіздер біздің тәуелсіз Отанымызды қорғайсыздар, Конституция күзетінде тұрсыздар! Қазақстан - бұл Конституция күні әскери парад өткізетін бірден-бір мемлекет. Бұл біздің қайталанбас дәстүріміз. Ол мемлекетіміздің қуатын, біздің бейбіт жетістіктеріміз - қоғамымыздың бірлігі мен тұтастығын паш етеді. Мен сіздердің әрқайсыларыңызға, өздеріңіздің жоғары парыздарыңызға лайық болыңыздар дегім келеді! Жауынгерлік рухты нығайтыңыздар, әскери шеберлікті арттырыңыздар! Қазақстандық шекаралардың қауіпсіздігі мен мызғымас беріктігі сіздердің қолдарыңызда! Қазақстан Қарулы Күштері жасасын!
Тәуелсіздіктің 20-шы жылындағы бүгінгі Конституция күнінің маңызы айрықша, деді сөзінің қорытындысында Елбасы. Бүгінгі мерейлі мереке дүние жүзі мұсылмандарының ұлық мейрамы - Ораза айтпен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміздегі мұсылман жамағатын қасиетті мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Ата Заңды ардақ тұтқан өнегелі еліміз өркендей берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Конституциямыз ғұмырлы, елдігіміз мәңгі болсын! Ұлттық армиямыздың айбыны арта берсін! Отанымыз - Қазақстан жасасын! Мереке құтты болсын!
Елбасының сөзінен кейін әскери шеру басталды. Жаяу және әскери техникамен жылжыған Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерінің, Ішкі әскерлер мен Шекара қызметінің, республикалық Ұлан мен Төтенше жағдайлар министрлігінің ең үздік әскери қызметшілері салтанатпен сап түзеп өтті.
Биылғы парадтың бір ерекшелігі - тамыз айының 25-інен бастап ел Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қарулы Күштерімізде жаңа, жетілдірілген мерекелік және күнделікті киіп жүретін әскери киім үлгіcінің енгізілгендігі. Кеше әскери қызметкерлеріміз шеруде жаңа әскери киім үлгісін тұңғыш рет киіп шықты.
Екіншісі - қазақстандықтардың бұған дейін бұрын-соңды көрмеген жасақтар мен жаңа әскери техниканы еліміздің бас алаңынан алғаш рет тамашалауы болды. Конституция күні, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен әскери шеруге 2500 әскери қызметкер, 130-дан астам қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ 60-тан астам ұшақ пен тікұшақ қатысты. Қазақстандық әскери қызметкерлер құрлықта, әуеде күрделі әскери техниканы басқарудың жоғары шеберлігін танытты.
Биылғы жылы әскери шеруді Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебінің жас барабаншылар ротасы ашты. Олардан соң Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратының офицерлері мен Қазақстан армиясының басты соққы бере алатын Құрлық әскерлерінің офицерлері жүріп өтті. Бұларды өкшелеп салтанатты сап түзеген «Оңтүстік» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері көрінді.
Шеруді ракета және артиллерия есептоптары жалғастырды. Одан кейін мінбер алдында сап түзеп «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметкерлері мен Құрлық әскерлерінің теңіз жаяу әскері өтті. Қазақстандық «қара береттер» бригадасы тұрақты дайындықтағы құрамалар арасында үздіктер санатында. Игі жауынгерлік дәстүрлері мен ерлікке толы тарихы теңіз жаяу әскерінің мақтанышы. Олардың ұраны «Біз қайда болсақ, жеңіс сонда!» Таяу арада «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы «Орталық-2011» халықаралық жедел-стратегиялық жаттығуларында тағы бір сынға түсіп, шеберліктерін ортаға салады.
Одан әрі алаңға Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының резерві - Аэроұтқыр әскерлері шықты. Олардың ұраны «Бізден басқа ешкім емес!» Десантшылар үнемі жауынгерлік әзірлікте тұрады. Ұлттық мүддені көздейтін кез келген тапсырманы орындауға қашанда дайын.
Әскери шеруге тұңғыш рет мергендер жасағы қатысты. Салқынқандылық, төзімділік, құралайды көзге атқан дәлдік - міне, бұл жасаққа қажетті қасиеттер. Сондай-ақ, шеруде Құрлық әскерлерінің таулы-атқыштар бригадасының әскери қызметшілері де алғаш рет жүріп өтті. Құрама таулы жағдайда дұрыс ұрыс жүргізуі үшін барлық қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Биылғы әскери шеру қатысушыларының әртектілігімен ерекшеленді. Әйел әскери қызметшілердің екі жасағы көз қызықтырды. Бірінші болып мінбер алдынан санитарлық нұсқаушылардың топтастырылған ротасы өтсе, екінші болып әскери азаматтармен бір сапта қолға қару алып жауынгерлік тапсырма орындауға әзір әйел әскери қызметшілердің жасағы көрінді. Олар жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз етуге және Қарулы Күштердің ұрысқа қабілеттілігін арттыруға лайық.
Әйелдердің парадтық есептобын әуе шебін қорғаушы - Әуе қорғанысы күштері мен еліміздің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етуші әскер тегі - Әскери әуе күштері ауыстырды.
Шеруді офицер кадрларын даярлаудың ұстаханасына айналған Құрлық әскерлері Әскери институтының, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, екі дүркін Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының курсанттары жалғастырды.
Қазақстан армиясының болашақ офицерлерінің легінен кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусы ротасы жүріп өтті.
Мінбер деңгейіне Әскери полицияның топтасқан ротасы жақындады. Әскери полиция органдарының мақсаты тәртіп сақтауды қамтамасыз ету, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, ескерту, анықтау және ашу болып табылады.
Қазақстан Қарулы Күштері өкілдерінен кейін алаңға Отанымыздың шебін қорғаушы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, республикалық Ұланның жасақтары сап түзеді. Шеруге қатысушылардың барлығы Ата Заңымызда көрсетілген біздің Отанымыз бен ел Тәуелсіздігін сақтау, қазақстандықтардың құқы мен бостандығын қорғау күзетіндегілер.
Жаяу жасақтар шеруін Қазақстан әскери құрамалары мен бөлімдерінің қару-жарағы мен әскери техникасы жалғастырды. Мінбер алдынан Қарулы Күштер тектерінің, атап айтқанда, Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштерінің тулары желбіреді. Биыл бұрын көрсетіліп жүрген техникалармен бірге, жуырда қабылданған жаңа техникалар өз қуаттарын көрсетті.
Бірінші болып Құрлық әскерлері өздерінің ең басты соққы күштерін ұсынды. Бас алаңнан Қарулы Күштердің негізгі танкісі - Т-72Б-нің 10 бірлігі жүріп өтті. Бұдан соң Құрлық әскерлері қаруының жаңа үлгісі, парадқа тұңғыш рет қатысып отырған - танкке қолдау беретін жауынгерлік машиналары көрінді. Машина жауынгерлік тәжірибе негізінде жасалған. Жоғары қорғаныс қабілетімен, отты қуатымен және жеңіл басқарылуымен ерекшеленеді.
Әскери техниканың маршын ТОС-1 «Буратино» ауыр от шашатын жүйе жалғастырды. Ол жойқын күші бар түрлі оқ-дәрілерді пайдалана алады, жауынгерлік және көліктік-тиегіш машиналардан тұрады. Жауынгерлік машина реактивті снарядтарға арналған 30 ұңғыдан тұратын қондырғы болып келеді. Нысананы көздеу ғылымның соңғы жетістіктерімен жасалған. Ауыр от шашатын жүйе көптеген аймақтық қақтығыстарда пайдаланылған.
Алаңда Құрлық әскерлеріне қарасты жаяу әскердің жауынгерлік машинасы - БМП-2. Құрлық әскерлері механикаландырылған колонналарының шеруін «Стрела-10М» зенитті-зымыранды кешені жалғастырды. Бұдан соң «Штурм-С» өздігінен жүретін танкке қарсы зымыранды кешеннің жасақтары шықты. Одан кейін алаңға десантты-шабуылдаушы бригаданың Жауынгерлік туымен «Лэнд Ровер» өтті. Соңында «Хаммер» автокөліктеріне мінген «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальонының арнайы мақсаттағы ротасы. Оларды жетілдірілген БТР-82А бронды транспортерлері ауыстырды, бұл да биылғы парадтың тағы бір жаңалығы болды.
Келесі кезекте шеруді теңіз жаяу әскері бригадасының Жауынгерлік туын БТР-80А бронетранспортерінің үстінде желбіретіп «қара береттілер» жалғастырды. Осы кезде алаңда механикаландырылған ракеталық-артиллериялық полктың құрамында 122 миллиметрлік Д-30 гаубицалары көрінді. Одан әрі оларды артиллериялық батареяның минөтіне 7 дүркін оқ ататын 152 миллиметрлік «Мста-Б» гаубицалары алмастырды. Биыл парадта тағы алаңда өздігінен жүретін 240 миллиметрлік «Тифан» тралында орналастырылған «Тюльпан» минометі, аңызға айналған «Катюшаның» жалғасы «Смерч», «Град», «Ураган» реактивті жүйелері, нысандарды радиолокациялық барлаудан және авиацияның соққысынан сақтайтын жылжымалы «Цикада» радио бөгеуші стансалары сап түзеді.
Аталған әскери техникадан кейін Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің айбатты қарулары көрінді. Олар зенитті-ракеталық кешен С-125; С-200 және С-300, бұлар - ұзақ қашықтыққа арналған Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің жүйесі және Әуе қорғанысы күштерінің мақтанышы.
Еліміздің бас алаңында өткен әскерлердің салтанатты шеруінен кейін көк жүзінде авиация қалықтады. Әуе парадын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің туын желбіретіп армиялық авиацияның Ми-17 тікұшақтары ашты.
Шерулік сапты МИ-24 жауынгерлік тікұшақтарының екі тізбегі жалғастырды. Бірінші тізбек «пеленг», ал екіншісі «сына» жауынгерлік тәртібінде. Олардың артында «пирамида» жауынгерлік тәртібінде армиялық авиацияның көп нысанды Ми-17 тікұшақтар буыны. Одан кейін әуеде ауыр әскери-көліктік тікұшақ Ми-26 көрінді, оны көп нысанды Ми-17 тікұшақтары сүйемелдеді. Олардың соңынан МиГ-29 жойғыш ұшақтардың сүйемелдеуімен әскери-көліктік авиацияның Ту-154, Ту-134 және Ил-76 ұшақтары ұшып өтті.
Әуедегі сапта Ан-26 әскери-көліктік ұшақтың буыны. Саптан қалыспай Су-25 жойғыш ұшақтарының қос буыны мен МиГ-29, соңынан Су-27 буыны ұшып өтті. Майдандық шабуылдаушылар «ромб» жауынгерлік тәртібі бойынша қатарласа ұшты. Майдандық шабуылдаушылар күндіз-түні кез келген ауа райы жағдайында қарсыластың жердегі күшін, бронды техникасы мен зымыран кешендерін жоғары дәлдікпен жоя алады, сондай-ақ төмен биікте ұшып бара жатқан әуе нысандарын жеңіл көздей алатынын атап өткен жөн.
Астана аспанында жаңа толқын шабуылдаушы-қағушылардың МиГ-31 ұшақтары өтті. Әуе шеруін жұртшылықты қайталанбас әсерге бөлеген Су-27 ұшақтарымен «Жетісу сұңқарлары» ұшу тобы аяқтады. Олар ұшудың «Бәйтерек» атты жоғары әдісін сағатына 800 шақырым жылдамдықта орындады. «Нестеров тұзағы» тәрізді аса қиын фигура да көпшілікке ұсынылды. Әскери ұшқыштар өз ісінің майталман мамандары екенін тағы бір дәлелдеді. Инженерлік-штурмандық есептері мен ұшқыштық тәжірибелерін ұштастыра білген ұшқыштар төмен биіктікте қатты жылдамдықпен әуеде әдемі ұшып өтті.
Әскерлер парады әдеттегідей біріктірілген әскери оркестрдің әуендерімен аяқталды. Оған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-оркестрлік қызметінің бастығы - бас әскери дирижер, полковник Александр Беляков жетекшілік етті.
Әскери оркестрлердің негізгі міндеті жеке құрамды патриоттық, әскери және мәдени тәрбиелеу, әскери қызметті насихаттау, рәсімдерді қамтамасыз ету, концерттік қызмет, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар шараларға қатысу болып табылады. Әскери шеруге айрықша реңк беріп, сарбаздар мен сардарларды Қазақстан әскерінің қуаты мен әлеуетіне байланысты мақтаныш сезіміне бөлеген де осы оркестр әуені болды.