"Өз әскеріңнен аясаң, өзгенің сарбазын асырайсың"
Global Fire Power индексінде Қазақстан биыл 63 орынға түсіпті. Былтыр 54 орында болатын. Жалпы біз үнемі 53-55 орынлдарда жүруші едік. Биыл кәдімгідей бірнеше сатыға төмендеппіз. Ал алғашқы ондықтан түспейтін Түркия мен Германия "мықтылар" қатарына кірмей қалыпты. Түркия 11, Германия 13 орынға сырғыпты. Ондыққа Мысыр мен Бразилия кіріпті. Ал Өзбекстан 52 орында тұр екен. Жылына кемі екі рет жасалатын осы рейтингте 2019 жылдың басында Өзбекстан 48 орында еді. Биыл біраз позиция жоғалтқаны байқалады.
Ал біздің алдымызды Сирия, Ангола, Эфиопия қатарлы оншақты мемлекет орап кетіпті. Биыл 50 факторды есепке ала отырып жасалған рейтингте әдеттегідей жер көлемі, Қарулы күштердің жеке құрамы, резерв, темір жол желілері, порттар, әуежайлар, қорғаныс бюджеті, сыртқы қарыз, алтын-валюта резерві сияқты түрлі деректер ескерілсе керек. Осы индексте Қазақстанның сыртқы қарызы 167 млрд 500 млн доллар деп көрсетіліпті. Ал қорғаныс бюджетімізді 4 млрд доллар деп бағалапты. Шамасы соңғысына армияның ғана емес, әскери өнеркәсіптің, ішкі істер органдары мен ҰҚК бюджеті қоса есептелген шығар. Әрі үш жылдық бюджетті есептеуі мүмкін. Әйтпесе біздің елдің 2020 жылға арналған қорғаныс бюджеті ІІМ мен ҰҚК-ның біріккен бюджетіне жетпейді. Ал ІІМ де 33 мың Республикалық ұлан сарбазы мен 115-120 мыңға жуық полиция, қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері бар. ҰҚК құрамында Шекара әскері бар. Олардың нақты санын білмеймін.
Бірақ өз басым шамамен 15-20 мың болуы мүмкін деп бағалаймын. Сонда Қорғаныс министрлігінде шамамен 75-80 мыңның ар жақ, бер жағында жауынгеріміз бар деген сөз.
Ал Global Fire Power жалпы әскеріміздің санын 132 мың деп көрсетіпті. Ал біраз жұрт жуырда Қорғаныс министрлігіне үш жылда бөлінетін бюджетті көп деп шуылдап еді.
"Өз әскеріңнен аясаң, өзгенің сарбазын асырайсың" дегенді кім айтып еді осы?