Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2145 0 пікір 23 Қыркүйек, 2011 сағат 06:28

Николай Щербинин: «Мен бар жүрегіммен қазақпын»

Өмірбаяннан үзінді

1948 жылы Тәжікстанның Шаартұз ауданының Шаартұз қыстағында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Душанбе музыкалық училищесінің вокал бөлімінде оқып жүргенде кеңес армиясы қатарына алынып, Түркістан әскери округінің ән және би ансамблінде қызмет атқарған. 1970 жылдан Қазақстанда. Екі жоғары білімі бар -  Тәжікстанның Мырза Тұрсынзада  атындағы мемлекеттік өнер институтының кітапхана және библиография, Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы университетінің тарих және құқық бөлімдерін бітірген. Екі қыз, бір ұлы бар: Ләззат, Нарғыз және Дінмұхаммед. Жары  - Қыздаркүл Қожанқызы мектепте қазақ сыныптарында орыс тілі мен әдебиетінің мұғалимасы. Николай Иванұлы Қызылорда қаласындағы № 233 мектепте  тарих пәнінен сабақ береді.

Николай Ивановұлымен әңгімеміз Қызылорданың «Шаһар күніне» арналған мейрамы кезінде өткен оның жеке қорындағы ақшалар мен монеталар көрмесінде өрбіген еді. Әңгімеміз нумизматика мен бонистикадан бастау алып тарихпен жалғасып, отбасылық және тіл, ұлттық-патриоттық мәселелермен аяқталды.

- Николай мырза, тарих пен өлкетануға, нумизматика мен бонистиканың қаншалықты қатынасы бар екенін айтып берсеңіз.

Өмірбаяннан үзінді

1948 жылы Тәжікстанның Шаартұз ауданының Шаартұз қыстағында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Душанбе музыкалық училищесінің вокал бөлімінде оқып жүргенде кеңес армиясы қатарына алынып, Түркістан әскери округінің ән және би ансамблінде қызмет атқарған. 1970 жылдан Қазақстанда. Екі жоғары білімі бар -  Тәжікстанның Мырза Тұрсынзада  атындағы мемлекеттік өнер институтының кітапхана және библиография, Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы университетінің тарих және құқық бөлімдерін бітірген. Екі қыз, бір ұлы бар: Ләззат, Нарғыз және Дінмұхаммед. Жары  - Қыздаркүл Қожанқызы мектепте қазақ сыныптарында орыс тілі мен әдебиетінің мұғалимасы. Николай Иванұлы Қызылорда қаласындағы № 233 мектепте  тарих пәнінен сабақ береді.

Николай Ивановұлымен әңгімеміз Қызылорданың «Шаһар күніне» арналған мейрамы кезінде өткен оның жеке қорындағы ақшалар мен монеталар көрмесінде өрбіген еді. Әңгімеміз нумизматика мен бонистикадан бастау алып тарихпен жалғасып, отбасылық және тіл, ұлттық-патриоттық мәселелермен аяқталды.

- Николай мырза, тарих пен өлкетануға, нумизматика мен бонистиканың қаншалықты қатынасы бар екенін айтып берсеңіз.

-  Нумизматика мен бонистика дегеніңіз тұнып тұрған тарих, нағыз сауат ашу ғылымы емес пе! Бұл екеуі тарихтың, өлкетанудың бас көмекшісі! Бұлар сөйлеп тұрған аңыз, тарих. Өткен заманды, сол кездің тарихын, сол кездегі оқиғаларды, жәйттарды көз алдыңа келтіретін сурет, көріністі жәдігер. Мысалы, мына темір қара бақырда лента неге салынған, жұлдыз неге бейнеленген, мағынасы нені білдіреді? Мына гүл, мына аңның суреті ше? Ақша, теңгелер тарихының төңірегінде аңыз, оқиға, ел, өлке тарихы біте қайнап қабаттасып жатады. Міне, мынау ақшалар 1918-1920 жылдары Жетісуда саудада жүрген «апиын ақшалар» деп аталған қағаз ақшалар. Неге «апиын» дейсіз ғой. Бұл ақшаны шығару кепілі ретінде  банкіде тонналап апиын тұрған! Мына бір ақшалар сол кездегі Түркістан республикасының ақшасы, кәдімгі жәй қағаздан жасалған, сулық белгісі болмаған. Оларды шығаруға сол кездегі  РСФСР мемлекеті көмектескен. Ал мына банкноттарды Уақытша үкіметтің басшысы А.Керенскийдің тапсырысымен АҚШ үкіметі жасап берген. Бірақ оны Мәскеуге жеткізе алмаған, азамат соғысы басталып кеткендіктен. Олар амалсыздан ақшаны Аляска арқылы жіберген, бірақ ақша (өте көп ақша) Қиыр Шығыста қалып қойып Мәскеуге жетпей қалған. Сол бір аласапыран уақытта әртүрлі ақшалар көп шығарылған. Әр атаманның өз ақшасы болған. Мысалы, мынау атаман Дутовтың ақшасы, айтпақшы ол біздің жерлесіміз  -  қазалылық.

Ақша дегеніміз тек қана сату, сатып алу құралы, тауардың бағасы ғана болмаған, ол сол кездің тарихы, тарихи хабаршысы болған. Мысалы, біз нумизматтар КСРО-а өткен ғасырдың отызыншы жылдары шыққан қағаз ақшаларды «соғыстың хабаршы ақшасы» деп атаймыз. Неге дейсіз ғой. Мына қараңызшы, сол кездегі ақшаларда әскери ұшқыштың, парашютшінің,  боқшасын арқалаған солдаттың суреттері неге салынғанын айтайын ба? Бұл көріністер арқылы кеңес басшылығы халықты алда келе жатқан соғысқа дайын болыңдар, мынау біздің сол соғыста қолданатын қаруымыз дегені емес пе? 1937 жылы алғаш рет Лениннің суретінің ақшаға басылғанын білесіз бе? Білмеуіңіз мүмкін. Оны салған Дубасов деген суретші бір сәтте әйгілі болып «Еңбегі сіңген қайраткер» деген атақ алған...

- Николай Иванұлы, кешіріңіз тоқтатқаныма. Бұл тақырыпта айтарыңыз дастан кітапқа лайық екен. Ел тарихын, өлке тарихын сүюді, нумизматика мен бонистикаға әуестігіңіз қайдан бастау алады?

-  Тәжікстандағы мектептегі тарихтан сабақ берген алғашқы мұғалімдерім  Шәріпов Тұрсын Дарвишевич пен Ғафур Шамсутдиновқа маған тарих пәніне деген сүйіспеншілікті қаныма мәңгілік етіп сіңдіргеніне  алғысым шексіз. Алғаш рет тарихи ескерткіштер, жәдігерлерді көрсетіп,  монеталарды балғын қолыма ұстатып, олардың сиқырлы құпиясына құштар еткізді, өмірлік ғашық болдым. Әскер қызметінде жүргенімде ансамбльмен КСРО-ң көп қалаларын аралай жүріп қолым қалт етсе барған жердің тарихи ескерткіш орындарын көруді, тарихи жәдігерлер мен монеталарды жинай жүруді бір сәт есімнен шығарған емеспін. Содан болса керек вокальдық талантымды жетілдіруге бой ұрмадым. Әуелі Душанбедегі институттың кітапхана мен библиография бөлімін аяқтадым. Оған қанағат тұтпай Қызылорда политехникумын, сосын Қорқыт Ата университетінің тарих және құқық бөлімін бітірдім. Айта берсем, мен ізденбеген, талап қылмаған сала аз емес. Өмір бойы қоғамдық жұмысқа жақын жүріп келемін. Бүгін қара жұмыста, келесі күні басшы қызметте болып бір жоғары, бір төмен мансаптық сатыда қызмет етіп қайсысында болсын үлкен ыждағатпен, ризашылықпен еңбек еткен адаммын. Жұмыс таңдамауға тырыстым. Бірде, жұмыс таба алмай Қызылорда жылу орталығына қара жұмыс сұрап келсем, кадр бөлімінің бастығы менің бұдан бұрын Тәжікстанның Қорғантөбе облысының Ильичев ауданының райкомының екінші хатшысы болып істегенімді еңбек кітапшамнан оқып қойыпты. Бұл әңгіме директорға жетіп маған орталықтан «басшылыққа» жақындау жұмыс іздеген оқиғасын күлкімен, анекдотқа жақын нәрсе деп еске аламын. Бұл жерде айтайын дегенім, менің өмір бойы іздеген, аңсаған мамандығым мұғалім болу, тарих пәнінің мұғалімі болу екен. Қазір он екі жыл болды, осы сабақтан мектепте балаларды оқытып жүрмін.

- Енді отбасы төңірегіңізге көшсек. Оларға сіздің тарихшылдығыңыз, өлкетанушылдығыңыз, нумизматтығыңыз дарыған ба?

-   Үйдегі отбасы мүшелеріме бұл құмарлығымды зорлап таңып жүрген жоқпын. Бірақ, олар менің қаншалықты осы саланы сүйетінімді, құмарымды біледі, түсінеді. Үйдегі жеке кітапханамда 1000-н аса кітап қорым бар, тек қана тарихи кітаптар. Жыл сайын соңғы мектеп кешінде мектепті үздік бітірушілерге тарихи кітаптарымды сыйға беруді дәстүрге айналдырғанмын. Ұлым Дінмұхаммедті (қазір 11-сыныпта оқиды) өткен жылы әйеліміз екеуміз «Жас ғалым» деп аталатын халықаралық бәйгеге дайындап Димаш жасаған «Нумизматика мен бонистиканың туған өлкені зерттеудегі қолданылуы» деген баяндамасы Астанада бірінші орын алды. Дәл осы тақырыпты сәл басқаша бұрып, жарым Қыздаркүл «Нумизматика мен бонистиканың орыс тілі мен әдебиет сабағында қолданылуы» деген жобасы республикалық конкурста бәйге алды. Міне, осының өзі,  отбасы мүшелерімнің  сүйікті ісімді өз еңбектерінде пайдалануы мені қолдағаны емес пе! Жас баланың осыдан 2 мың жыл бұрын жасалған монетаны өз қолына ұстауы, тарих сабағын өткізудің тамаша көрнекті үлгісі емес пе!

-  Сүйікті құмар ісіңізде кездесіп қалатын әттеген-ай дегізетін жәйттарды айта аласыз ба?

- Бір ғана жәйтты айтайын. Жиырма жылдық ел тарихымызда талай мерекелік теңге, бақыр, ақшалар шығып жатыр. Олар біз сияқты жинаушыларға арналған. Солардың қарапайым металдан жасалғандарына қол жеткізіп жүрмін. Қол жеткізбейтіндері - күміс, алтын, платина сияқты құнды металдардан жасалғандары. Бағалары өте қымбат, 90 мыңнан 200 мыңға дейін. Оларды қалталылар мен шетелдік азаматтар сол заматта сыпырып сатып алып кетеді. Олар бұл теңгелерді мен сияқты жинау үшін, тарих үшін деп алмайды, жеке қаржы қорын көбейтудің бір бабы деп есептейді. Менің Димашым жақында бір ойды айтты: «Әке, Қызылорданың атын әлемге шығару үшін не істеу керек екенін айтайын ба? Өзімізде әлем ақшаларының мұражайын ашу керек». Тамаша ой емес пе. Бірақ, оны аша қалсақ, оған қазақтың ақшаларын, бүгінгі ақшасын түгендеп қоя алмасақ оның несі мұражай болады!

- Түсінікті. Енді сіздің қазақ елі, ұлты, оның тарихы, ата-салт дәстүрін ұстанып отырған қазақы отбасыңыз жайлы білсек.

-  Дұрыс айтасыз. Мен қазақы дәстүрлі отбасының отағасымын. Бар жүрегіммен қазақы адам екенімді, қазақшылығымның басым екенін жасырмаймын. Балаларымның бәрі қазақ тілін ана тілім деп санайды, қазақ мектебінде оқығандар. Екі қызым ержеткен, отбасылы болды. Нақтылап айтар болсам, Ләззатты қаракеткендік арғындарға ұзаттым, Нарғызым арқылы наймандармен құда болып отырмын. Үшеуін де нағашы атасының құрметіне Қожанов деп жаздырдым.

- Николай Иванұлы, соңғы кездегі көп талқыға түсіп жатқан тіл мәселесі жайлы, М.Шаханов бастаған тіл жанашырларының хаты туралы не айтар едіңіз?

-  Менімше, 20 жыл тіл үйренуге аз уақыт емес. Орыстар ренжімеуі керек. Біз өскен кеңес заманында жергілікті ұлт өкілдерінің басы алтын болса да, орыс тілін білмегендіктен қызметтен өспегендерін, шеттетілгендеріне талай рет куә болдым. Олар менен ақылды, қабілеті артық болды, бірақ менен төмен қызметте болды, орыс тілін нашар білгені үшін. Енді олар өз елінде, тәуелсіздік алған елінде тағы да сол «кемшілігі» үшін, өз ана тілін  орыс тілінен кем қойып құқай көруі дұрыс емес қой.

Менің бір байқағаным, КСРО-ң құрамында болған 15 республиканың ішінде ұлттық құндылықтарынан, тілінен, барлық салт-дәстүрлерінен ең көп айрылған  -  қазақтар. Енді соның орнын толтыруға жасаған іс-әрекеттері  үшін айыпталмақ па? Тағы бір мысал. Кеңес заманындағы кавказдық республикалар - Армения, Грузия, Әзірбайжан қазақтардан бұрын Ресейдің отары болса да орыс экспансиясына төтеп бере алды. Неге? Олар өз тіліне зорлық жасауға қарсы тұра алды. Қазақтар тұра алмады. Армяндар мен грузиндер орыс әрпін, кириллицаны  қабылдаған жоқ. Ал қазақ әліппесі үш рет өзгерілді.

Мен сыныпта сабақ бергенде балаларға әрқашан мынаны айтамын. - Біз ертең кетеміз. Сендер мемлекеттік басқару креслосына отырасыңдар. Мемлекеттік тілді білмесеңдер, елді қалай басқарасыңдар. Сендерге бүгінгі басшылар ағылшын, қытай тілдерін үйреніңдер деп ұран салып, құлақтарыңды бұрап жатыр. Ал сендерге, туған елінің мемлекеттік тілін үйрене алмай жүргендерге, мұндай ұранды көтеріп тықпыштау, нағыз ақымақтық емес пе?!

Әңгімелескен  С.Жүсіп, Қызылорда қаласы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435