Сейсенбі, 4 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 92662. Жазылғандар — 62511. Қайтыс болғандар — 1058
Көршінің көлеңкесі 3177 18 пікір 24 Ақпан, 2020 сағат 16:00

Сепаратистер кімге сенеді?

Кейінгі кездері елімізде, әсіресе, терістік өңірлерде сепаратистік пиғылдың белең алып кеткендігі кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Тәуелсіздігіміз үшін аса қауіпті құбылыстың өзге ұлт өкілдері көп шоғырларланған жерлерде көбірек байқалып қалатындығы да жасырын жайт емес. Өткенде ғаламторда Теміртауда тұратын орыс жігітінің айылын жимастан: «Қазақстан Ресейге қосылуы керек. Оны осында тұратын адамардың бәрі де қолдайды. Оның ішінде қазақтар да аз емес», - деп ашық айтуы бәрімізді де ойлантпай қоймайды.

«Жатса-тұрса көршіміздің етегінен ұстауды армандайтындар бірен-саран ғой», - деп, «халықтар достығы» жайлы ертегіге сеніп, арқамызды кеңге салып жүре берсек, түбі опық жеріміз айдан анық. Өйткені сол теміртаулық сепаратистің жақтастары біздің Қостанайда да табылып жатыр. 

Жақында ғана осы ғаламторда белгілі блогер Марғұлан Боранбай өз блогында қостанайлық Дмитрий Гончаренко дегеннің өз үйінде шалқалап жатып алып, Қазақстанды ашық жақтырмайтындығын, бүйрегінің Ресейге ашық бұрып тұратындығын, еліміздің солтүстік өңірінің көршімізге қосылуы керек екендігін, ал өзі осыны ашық қолдайтындығын, мұндай саясат үшін кезінде Украинаның Донбасс облысына барып соғысқандығын ешкімнен қысылмастан ашықтан-ашық жайып салғандығын көрсетіп, бәрімізді мұндай жікшілдерден сақ болуға шақырды.

Әрине, кейін бұл жігіт ғаламторға шығып, өзінің қателескендігін айтып, кешірім сұрады. Мұнысы, әрине, ашықтан-ашық көлгірсушілік. Әйтпесе, бала емес, шаға емес, соқталдай жігіттің айдай әлем алдында аузына ие бола алмай, не болса, соны айта салдым дегеніне кім сенеді? Сірә, қазақты аңқау, алдай саламын ғой деп ойласа керек. Алайда, сепаратист шырақ, қатты қателеседі. Қазіргі көзі ашық, көңілі ояу, ұлтжанды қазақ жігіттері ешкімге де есесін жібермесі хақ. Гончаренконың қорыққандығы да осыдан шығар.

Жалпы, сепаратизм деген пәле қайдан шығады? Оны қоректендіретін не нәрсе? Ол негізінен бөтен ұлттың өкілдері басым тұратын, солардың үстемдігі үнемі байқалып отыратын, қазақ тілін мүлдем қажетсіз ететін, еліміздің салт-дәстүр мен мәдениетіне менсінбей қарайтын өңірлерде міндетті түрде бой көрсетіп қалады. Кешегі дүнген оқиғасында осындай белгілердің көрініс тапқандығын да ешкім теріске шығара қоймас.

Міне осындай қаіуіпті құбылыс біздің Қостанай өңірінде де жетерлік. Өміріміздің барлық саласында орыс тілі үстемдік құрған. Бас қосулар мен жиналыстардың барлығы дерлік осы тілде өткізіледі. Ана тіліміздің таза жетімдік көріп жүргендігін қалай жасырамыз? Көшеде жарнамалардың қазақшасындағы қетелерден көз сүрінеді. Ал орысшасынан ондай кемшілікті шам алып іздесең да таба алмайсың. Мұның өзі мемлекеттік мәртебе алған тілімізді сыйлау немесе қадірлеу деген ұғымға сыя қояр ма екен?

Ал енді облысымыздың қалаларындағы көше атауларын өзгерту туралы мәселе көтерілсе осындағы өзге ұлт өкілдері бір кісідей өре түрегеледі. Осыдан келіп, облыс орталығындағы ең жақсы, ең кең көшелерді Пушкин, Гоголь, Чехов пен Толстой секілді өткен күндердің елесіне айналған ақын-жазушылар иеленген. Бейне бір көшелердің аттары өзгерсе, күні ертең еліміздегі хал-ахуал күрт нашарлап, ештеңеден пана таппай далада қалатындай сезінеді. Осыдан болар, Қостанайдан кейінгі ірі қала саналатын Рудный шаһараның ең басты даңғылын «күн көсемнен» алып тастауға ешкімнің де дәрмені жетер емес. Билік екібастан жалтақ. Солардың қас-қабағына қарайды. Осыдан да шығар, Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязов көшелдерді өзгертпеу жайлы мораторий жариялап тастады.

Тағы бір жаман құбылыс, кейінгі кездері Қостанайдағы дүкендердің барлығы дерлік орысша атауға ие болып жатыр. Мәселен, мұнда қазір «Тополек», «Курочка Ряба», «У Захватовой» секілді атаулардан аяқ алып жүре алмайсыз. 

Мұны аз десеңіз, «Костанай плаза», «Март», «Апельсин» секілді дүбара аттарды қосыңыз. Сонда ең болмаса дүкен аттары бұйырмаған ана тіліміздің жағдайына анық қанығарсыз.

Ал қала көркін келтіретін ескерткіштерден қазақтың исі мүлдем де сезілмейді. Мұнда орыстың ақыны Пушкиннен бастап, фрацуздардың Наполеон, Жанна д. Арк секілді әйгілі тұлғалары бәрімізге де шекесінен қарайды. 

Мінекей, қазақтың тілі мен мәдениеті салтанат құрмаған жерде сепаратистік пиғылдың етек жайып кететіндігіне таң қалуға да болмас.

Жайберген Болатов

Abai.kz

18 пікір