«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар»
Қазір бізде не көп ақыл айтқыштар көп. Ал қай саланың да білгіштері тіпті де жетіп артылады. Сөздерін тыңдап отырсаң, бәрін де біліп қойған, бәрін де зертеп, «дәл осылай болады» деп ұйғарым жасап та қойған. Қарсы пікір дегенді мойындамайды, тек өзінік ғана дұрыс, өзгені мүлдем қате.
Мұндайлар қазір қай ғасырда өмір сүріп отырғандығын, заманның әлдеқашан өзгеріп кеткендігін, адамдардың да мүлдем басқа екендігін ұмытып кеткен сыңайлы. Бір қызығы, мұндайлардың кейбіреулері баяғыда дұрыс болғанымен, қазір тіпті басқа мағынаға ие болған, ал кейбіреулері дамуымызға кедергі келтіретін дүниелерді бәрімізге тықпалап әлек.
Бұл, әсіресе, қазақтың дүниетанымы мен салт-дәстүрлеріне келгенде қатты өршіп кететіндігін қайтерсің. Қазақтың өткен өмірін сол қалпымен бүгінге көшіргісі келетіндерді кездестіргенде бұлар шынымен қазекеңнің өзі айтатын «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген мақалынан мүлдем хабарсыз ба деп қаласың. Енді осылардың қатарында елге белгілі, өзін қазақтың салт-дәстүрлерін жетік білемін дейтін азаматтар кездесіп қалғанда тіпті не айтарыңды да білмей қалады екенсің.
Ал енді бұған дәлел дегенің жетіп артылады. Белгілі абайтанушы, елге сыйлы азаматтың бірі Омар Жәлел Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебіне лекция оқуға барғанда салғаннан-ақ: «Қыздар академик болмауы керек, олар академиктерді дүниеге әкелуі керек» деп, қыз балаларға оқудың қажеті жоқтығын мегзеп, айды аспанға бір-ақ шығарған. Онысымен қоймай, қыздарды маркерге ұқсатып, олардың сиясы таусылғанда лақтырып тастайтындығын, қыздарды да соларға теңеп, өзінше бір «керемет жаңалық» ашқан.
Сонда қыз балалар, яғни мына сіз бен біздің балаларымыз, қарындастарымыз бен апаларымыз мынау ХХІ ғасырда ғылым мен ілімге ұмтылмай, отбасы, ошақ қасына камалып, тек ұрпақ көбейтумен ғана айналысуы керек пе? Өзгесі-өзге, Әлиясы мен Мәншүгімен батыр атағы шыққан, ел бастаған Томирис секілді патшасымен әйгілі қазақ халқына, қыздарын ер баламен кем етпей тәрбелейтін ата-аналарға осы да айтылатын сөз бе? Қыздарымыз өнер мен білінен, ғылым мен техникадан жақсы жаңалық ашып, әлемге қазақты танытып жатса, кімге көп көрініпті? Мен бұл жерде тіпті көп балалы аналардың қазіргі тіршілік жағдайы жайлы тіпті де сөз қозғап отырған жоқпын. Бұл абайтанушының тіпті Абай хәкім айтпаған, Абай ақынның оны айтуға аузы бармайтын дүниені көңірсектені өзгелерге сол Абайды кемсіткені болып шықпай ма?
Қазекең қашанда тауып айтқан ғой. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген мәтелі дұрыс болып шыққан. Әлгі абайтанушының өзінше «тауып айтқан сөзі» бүкіл ғаламторға тарап кетіп, талайларды дүрліктірді. Алдымен сол мектептің оқушысы Аяулым Қанатбек деген жасөспірім: «Мен неге осы ХХІ ғасырда бідеңеге қол жеткізу үшін емес, бала табу үшін оқуым керек?» деп, өз пікірін қымсылмастан айтып тастады. Іле-шала осы оқу орының басшылығы да бұл абайтанушының емес, өз оқушысын пікірін қолдайтындығын білдірді. Бұдан соң, Білім және ғылым министрлігі бұл ғалымның тұжырымымен мүлдем келіспейтіндігі де ашық айтты. Министрліктің айтуына қарағанда, қандай да оқу орны кімді шақыратындығын білуі керек екен.
Бір қызығы, бұл кісі айтарын айтып алып, артынан әртүрлі сылтау тауып, жалтаруға тырысатын көрінеді. Мәселен, орыс тілді Tengrinews.kz порталының тілшісі мұның жайын сұрағанда, әлгі авторымыз әйелдер туралы айтқанда сонау ХVІІІ ғасырда өмір сүрген атақты батырымыз Сырым Датұлының сөзіне сілтеме жасағандығын, ал жалпы ол бұл сөзімен қыздарға тіл тигізуді ойламағандығын айтып, ақталып бағыпты. Егер «филология ғылымының кандидаты» деген атағы бар адамның дәйектемесі осы болса, онда біздің де еш айтарымыз жоқ.
Тағы бір қызығы, жас қыздарды оқу-ілімге мес, тек үйде отырып бала табуға үндеп, онысымен қоймай оларды сиясы таусылған соң лақтырып тастайтын дүниеге яғни қажетсіз тауарға теңеген ғалымның еш жазығы жоқ көрінеді. Барлық кінә қазақша ойлай алмайтын, сондықтан автордың сөзіне түсінбеген қазіргі артта қалған біздің қоғамымыз көрінеді. Жәлел мырза бұл ойын Skifnews.kz-ге ашық білдіріпті.
«Менің бар айыбым - қазақша сөйлеп, қазақша ойлағаным. Бірақ көпшілік қазақша ойлаудан кетіп қалған екен, мен соны білмеппін, бәрін түсінеді деп ойлаппын. Сол үшін де сіздердің алдарыңызда айыптымын», -дейді ғалым.
Демек, әлі мектепті де бітірмеген, кәмелетке толмаған қыздарымыздың алдына барып, олардың бар мақсаты - тек қана бала табу деп, ескіліктің етегіне жармасқан адам емес, дұрыс қазақша ойлай алмайтын мына сіз бен біз кінәлі екенбіз. Не деген керемет тұжырым десеңізші. Өзгені былай қойғанда, қыз бала өсіріп отырған кез-келген ата-ананың ішінен: «Осы баламыз ешқандай білім алмасын, ештеңеге қол жеткізбесін, тек қана біреудің отбасында қамалып, бала таба берсін» деп аңсайтындары табыла қояр ма екен? Қай ата-ана баласының өзгелерден артық, жұртты аузына қаратытын ақылды да, өмірде жолы балған жан дәрежесіне көтірлгендігін қаламайды дейсің? Қыз да болса әке-шешесінің абыройын ардақтатса, несі жаман, несі айып? Айтпақшы, тек қана қазақша ойлайтын, сонысымен де көштен қалған біздердің оған ақылымыз жете қояр ма екен?
Айтпақшы, «Өзім білем» деп өзеурейтіндердің қатарында Жәлел мырза жалғыз емес екен. Оқырмандар арасында біраз дау туғызған «Салттар әлеміне саяхат» кітабының авторы Бердалы Оспан «Время» газетіне берген «Тоқал әйел емес, той шашылу емес» («Токал не жена, той не разорение») деген сұхбатында қазақ қыздарының бөтен ұттың өкіліне тұрмысқа шыққандығы таң қаларлық емес екендігін, жалпы интернционалдық отбасы қазақтарда бұрыннан да болғандығын, оларды «шала қазақтар» деп атайтындығын тоқтала келе, бұған мысал ретінде атақты әнші Майра Уәлиқызын келтіреді. Ал өзге ұлттың жігітінің етегін ұстағандарды жазғырғандарды «умниктер» деп кекетіп: «Когда я читаю, что пишут такие умники, дающите волю эмоциям, просто сочуствую им.» деп түйреп өтеді. Автор, сірә, мұндай некелер орыс немес қытай секілді елдерге еш қауіп жоқтығын, өйткені оларды алғандар да, оларға тигендер де не орыс, не қытай болып кететіндігі, ал қазақ секілді азғана ұлттың өкілі орыс алса да, орысқа тисе де орыс болып кететіндігін не білмейді, не білгісі келмейді, не орыс газетінің ығына жығылады.
Қолақпандай бір беттік сұхбаттың авторы ұлан-асыр той жасауды да қазақтың ең бір мықты салты деп есептейтін секілді. Өз сөзінен мысал келтіре кетелік. «И меня очень возмущают нынешние модное заявление: «Ой, у него денег и так не хватает, а он берет кредит и той устраивает!». В таких случаях я говою: «Какие твои проблемы? Разве из твоего кармана он кредит погашать будет?». Мынадай «мықты» уәж келтіріп отырған адамға бірдеңе деудің өзі артық секілді. Тек бір айтатынымыз ысырапшылдық пен даңғазалық ешкімге де абырой әпермеген. Бай да бақуатты елдер аста-төк байлығымен емес, аса үнемшілдігімен, қай нәрсеге де байыптылық қарағандықтан шалқып өмір сүріп отырғандығын еске сала кетелік. Оның үстіне қасиетті дініміз де босқа шашылғанды онша құптағандығы белгілі.
Ал қалғанын оқырмандардың төрелігіне қалдырдық. Біздікі тек өткеннің бәрін талғамай, сұрыптамай, ақылға салмай осы заманға көшіре салу - өзге жұрттармен қатар алға ұмтылуышылықтан гөрі кері кетушілікке көбірек ұқсайтындығын бір мәрте еске сала кету еді.
Жайберген Болатов
Abai.kz