Дидахмет Әшімханұлының күнделігі
Әлкей Марғұланның үйінде болдым. Тұрған жерлері – Шевченко көшесі мен 8-март көшесінің қиылысындағы (Шевченко 113, кв15) бір тып-тыныш тұйық тұс екен. Үшінші этажға көтеріліп, есіктің қоңырауын бастым. Үстіне сұрғылт халат киген, дөңгелек жүзді, 30-35-тер шамасындағы бір әйел адам мені бөлмеге кіргізді. Әлекеңнің Дәмелі деген қызы осы болар деп шамаладым. Мен онымен телефонмен бұрын бірнеше сөйлескен едім. Сол уақытта оның қазақша да тәп-тәуір сөйлейтінін аңғарып қалғанмын. Киімімді коридордың ортасында тұрған киім ілгішке ілдім де, Дәмелінің нұсқауымен залға кірдім.
Осы сәтте есік қоңырауы тағы да шылдыр ете түсті. Сосын іле-шала бөлмеге 45-50-лер шамасындағы бір татар әйелі кірді. Бұл ғылым Академиясында істейтін машинист әйел болып шықты. Қолында қолжазба салған жуан папка. Дәмелі залдың оң жағындағы, түкпірдегі есікке бас сұқты да: «Папа, саған адамдар келіп тұр» деді. Көп күттірмей-ақ әлгі бөлмеден еңкеңдей басып, Әлекеңнің өзі де көрінді. Басында жасыл мен ақшыл махер жіпті қоса тоқыған жүні бұрқыраған тоқыма малақай. Қалың линзалы көзілдірігінің екі ұшынан жіп байлап, сол малақайын бастыра желкесінен тартып тастапты. Кеудесіне кигені екі қатарлы қоңыр түйме таққан көнетоз тері желетка, қызыл-жасыл аралас шақпақты шатланка көйлек. Бұтында екі жағына лямка жапсырған көншіл трикотаж шалбар. Аяғында замокті киіз бәтеңке. Машинист әйел онымен қос қолдап амандасып, «Әлеке, жұмысыңызды бітіріп әкелдім» деді. «Оның дұрыс болған екен» - деп Әлекең папканы ақтарып көре бастады. Сосын әйелге тағы бір папка қолжазба беріп тұрып: «Ақшасын қазір аласың ба, әлде бәрін бітірген соң бір-ақ есептесеміз бе?» деді. Әйел жымиып: «Бүгінге дейін басқанымды қазір алып кетейін, ақша керек боп тұр» деді. Әлекең: «Қанша?» деді. Әйел: «52 сом» деп еді, Әлекең бөлмесіне (кабинетіне) кіріп кетті де, сәлден соң 53 сом әкеп берді. Әйел оны алып шығып кеткеннен кейін, ол маған бұрылып: «Сен қандай жұмыспен келдің?» деді. Мен оған шаруамды айттым... Осы тұста сәл шегініс жасай кетейін. Бұдан бір ай бұрын жазушы Әнес Сараев бізге «Қобыланда батыр» жыры тарихи деректер» деген 17 беттік мақала ұсынған. Мен ол мақаланы ұнатып, бірден замредакторымызға (Ә.Жәмішев) бергем. Ол кісі көп шұқшиып оқып, біраз жерін қысқартып, машинкаға қайта бастырған. Рас, сол уақытта мен ол кісіні: «Осы-ақ көлеңкесінен қорқа береді екен» деп жаратпай қалғанмын. Мақала машинкадан шыққан соң, редактор (Ш.Мұртазаев) оқып, тағы да көп күмән келтірді де: «Бұны Әлкей Марғұланға оқытып алу керек» деп, маған қайтарып беріп еді. Сол себепті кеше мен Әлкеңнің өзімен телефонмен сөйлесіп, бүгін баруға өтінген болатынмын. Міне, енді сол жағдаймен келіп тұрмын.
...Әлекең «Қобыланды жыры» және тарихи деректерді» қолына алып, сәл қарап отырды да:
-Бұның авторы кім? Жас адам ба? – деді. Мен Әнес Сараев жөнінде қысқаша айтып өттім. Сосын:
-Ақсақал, бұл мақаланы мен Сізге оқып берейін, - дедім, жұмысты жеңілдеткім келіп.
-Оқысаң оқы, - деді Әлекең қарлыққан қартаң дауыспен. Үнінен: «Сол не жазды дейсің» деген сыңайды да байқап қалдым.
Бірінші беттің аяғына тақағанда ол:
-Сонда бұл Мәлік Ғабдуллиннің айтқанына қарсы ма? – деді қолжазбаға шұқшия қарап.
-Қарсы. Кейінгі беттерде неге қарсы екенін дәлелдейді де, - деп қойдым мен.
Екінші беттің жартысына келгенімде:
-Бұл өзі (Әнесті айтып отыр) тарихта екі Қобыланды болғанын біле ме екен. Әншейін, бос долбарлауға болмайды ғой. Бірінші Қобыланды ХІІ ғасырларда өмір сүрген. Қобда бойындағы «Қобыланды бейті» дейтін бейіт соның бейіті. Ал жырдағы батыр Қобыланды, Қара қыпшақ Қобыланды ХV ғасырда тіршілік еткен. Ол Әбілқайыр ханның батыры. Мынауың сонда қай Қобыландыны шатастырып отыр? – деп Әлекең бір сәт наразылық білдіре бастады.
Мен мақаланы әрі оқи бердім. Қобыланды жайындағы О.Нұрмағамбетованың пікіріне жеткенімде Әлекең:
-Оразкүлдің бұл ойы дұрыс, - деп бас шұлғыды.
Қысқасы, бұдан кейін аз басқа ғалымдардың ешқайсысының пікірін қолдағысы келмеді.
-Қарағым-ау, мынауың қият пен оғыз, қыпшақтарды қатар қойғаны несі? Оғыз бен қыпшақтың өзі сол қияттан тараған ғой. Ал, қият дегеніміз – баяғы гүндер ғой. Ойға келгенді сөйлей беруге бола ма екен. Тарихқа дәлел керек. Дәлелсіз тарих – тарих емес, ол халықты алдау... Жә, әрі оқышы! – деді тағы бірде.
Әнестің айтуынша, (дәлелдеуінше) қызыл бастар – парсы емес, оғыздар еді. Оған айтар дәлелі – оғыздардың өңі сары болған, сақалдары қызғылт келген. Сондықтан да қыпшақтар оларды «қызыл бас» деп атаған.
-Оттапты, - деді осы тұста Әлекең күйіп, - Қызылбастардың парсы екендігі баяғыда дәлелденген.
Әлекең сондай-ақ, бұл мақаладағы Ақжол (Дайырқожа), Майқы би, Қотан жайындағы пікірлерге де қарсы болды.
-Мына жазып отырған адам Шәкәрімді оқымаған екен, - деді бір мезет.
-Ол қай Шәкәрім?, дедім мен.
-Құдайбердіұлы, - деді ол маған тік қарап, соны да білмейсің бе дегендей: - «Қазақ хандарының тарихы» деген кітабы бар ол кісінің. Кітапханада ол кітап бар. Соны оқымаған ғой бұл. Оқуы керек еді.
Бір қызығы, Әлекең өзі қарсы болған тұстарды «сызып таста!» деп отырды. Мен қолжазбаны бүлдіргім келмей, күмәнді тұстарға сұрақ белгісін қойып, әрі жылжи берсем:
-Әй, мен сызып таста деген жерді неге сызбай отырсың?! Осы мақаланы өзің жазған жоқпысың өзі. Тіпті, қолың батпайды, - дейді ол маған шұқшия қарап.
24 ақпан 1982 жыл, Горный-Гигант
Abai.kz