Мамыраев Мәжілістен кетсін!
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің Төрағасы
Н.З. Нығматулиннің назарына!
Естеріңізде болса, Мәжілісте талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы аясында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 13-бабының 18) тармағындағы «Еңбек қызметі» деген сөзді «Еңбек өтілі» деп өзгерту туралы ұсыныс беріп, ол ұсынысты депутат Бейбіт Мамыраев жағынан 2019 жылғы 13 желтоқсанда өткен Мәжілістегі Жұмыс тобының 16-отырысында талқыға түскен болатын.
Аталған мәселені шешу оңайырақ және дәлді болсын деп, кезінде Монголиядан көшіп келіп Қазақстан Республикасының азаматтығын алған, қазір Ақмола обылысының Ақкөл ауданы, Новорыбинка ауылыда тұратыны Оралсын Хауази атты ағамызды «Nur Otan» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне азаматтарды қабылдауға келген депутат Бейбіт Мамыраевтың қабылдауына кіргізіп, уәжін айтқызып, өтінішін тапсыртқамыз.
Себебі, зейнеткерлікке шыққанда, Оралсын Хауазидың аталған заңның 13-бабының 15) тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі жоғары оқу орындарында оқыған кезіңі еңбек өтілі болып есептелінбей қалған.
Оған басты кедергі – «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңындағы сол «Еңбек қызметі» деген заңдық анықтамасы жоқ «ұғым».
Өткенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазған хытымызда да айтқамыз, түсінікті болу үшін ерінбей тағы қайталайық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру департаментінің басқарма басшысы Виктория Шегайдың «Алда Моңғолия және Қытаймен Қазақстан Үкіметі келісім-шарт жасалмақшы» деген негізсіз, қашан келісім болатыны белгісіз пікіріне бола, депутат Бейбіт Мамыраев бұл ұсынысын Жұмыс тобының 19-отырысында қайтарып алды.
Міне, содан бері Оралсын Хауазидың қақпаған есігі, кірмеген мекемесі жоқ, табаны тесіліп, тауы шағылып, сорлап жүр.
Бұл – бір Хауазидың ғана емес, шеттен келіп, зейнетке шыққан және шығу алдында тұрған барлық қандасымыздың заң аясында шешілуге тиісті проблемасы!
Осыған байланысты, 2020 жылдың 27 ақпанында депутат Бейбіт Мамыраевқа хат жазып, аталған ұсынысты не үшін қайтарып алған себебін түсіндіріп, жазбаша жауап беруін өтінгем.
Міне, 05 наурызда депутат Бейбіт Баймагамбетовичтен сол хатыма екі парақ жауап (№7-8-335/ЖТ-М-289,2) келді.
«Министрліктің ақпараты бойынша, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы мен Монголия арасында Келісім жасау туралы жұмыс жүргізілуде және осы Келісімнің шеңберінде оқу мерзімін еңбек өтіліне есептеу мәселесі қарастырылуда», депті, депутат Бейбіт Мамыраев маған жазған жауап хатында.
«Қазақстан Республикасы мен Монғолия арасындағы әлеуметтiк қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнің күшін жою туралы» ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 8 сәуірдегі №327 қаулысымен бұл келісімді Қазақстан Үкіметінің өзі жойған.
Сонда, айтыңызшы, құрметті Бейбит Баймагамбетович!
Аталған мәселеге байланысты, содан бері Қазақстан Республикасы мен Монголия арасында Келісім жасау туралы неше мәрте отырыс өтіпті? Осы мәселе жайында Сізге ақпарат берген министрлік сол отырыстардың қай басқышқа жеткенін айтып, «Хаттамасын» қағаз жүзінде көрсете алар ма екен?! Екі ел келісімге келгенге дейін, шеттен оралған зейнеткер қандастарымыз осылайша зардап шеге беруі керек пе?!
Одан ары «Талқылау барысында Заң жобасын әзірлеуші тарапынан «Еңбек қызметі» мен «Еңбек өтілі» сөздердің (хат өз қалпында беріліп отыр – А.Мұқибек) ұқсастығы және мағынасы бірдей екендігіне түсініктеме бергеніне куә болдыңыз», депті депутат Бейбіт Мамыраев маған жазған жауап хатында.
Құрметті Бейбит Баймагамбетович!
Куә болғаным рас. Бірақ, Заң жобасын әзірлеуші тарап айтқандай, бұл екі сөз ұқсас және мағынасы бірдей болса, Сіз не үшін депутат ретінде екеуін бір атауға біріктіріп, «Еңбек өтілі» деп атап, заңдастыруға әрекет етпедіңіз?!
Өзіңіз қабылдаған қандасыңыз, зейнеткер Оралсын Хауазидың Монголияда оқыған жылдарын Сізге «ақпарат берген» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі неге «Еңбек өтіліне» қосып, есептеп бермей отыр!!? Кеше, «Nur Otan» партиясына келіп, тағы айғайлап кетті. Қолында аталған министрлік пен Сіздің сол баяғы шығарыпсалма жауаптарыңыз жүр...
Одан ары «... ҚР Парламенті Мәжілісінің 1996 жылғы 8 ақпандағы Қаулысымен бекітілген ҚР Парламенті Мәжілісінің Регламентінің 25-1 тармағына сәйкес аталмыш ұсыныс 2020 жылғы 20 қаңтарда жұмыс тобының 19-отырысында жұмыс тобының депутат-мүшелерінің қолдауымен талқылаудан алынды», депті депутат Бейбіт Мамыраев маған жазған осы жауап хатында, тағы.
Құрметті Бейбит Баймагамбетович!
Мұныңыз енді шылғи өтірік!
Сіз өз тарапыңыздан бір сұрақ қойдыңыз да, қолында бір жапырақ қағазы жоқ Әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру департаментінің басқарма басшысы Виктория Шегайдың ауызекі айтқан бір-екі ауыз сөзіне бола бұл ұсынысты ақырын ғана қайтарып алдыңыз. Жаңылмасам, қасыңызда отырған бес-алты депутаттың біреуі үн қатқан жоқ. Тілдерін жұтып, бастары салбырап, көздері жапақтаған күйі үнсіз отырды олар. Менің бұл сөзімді терістегіңіз келсе, сол күні Жұмыс тобының отырысы өткен кабинеттегі камера мен стенаграмманы көтеріп, көрсетіңіз, тыңдатыңыз!
Тағы қайталап айтайын, аталған заңның бұл тармағы «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.», деген Қазақстан Республикасының Конституциясының 14-бабының 2-бөлігіне қайшы.
Оны Жұмыс тобының 16-отырысында зейнеткер депутат Қуаныш Сұлтанов бастап, Өзіңіз қостап, дуылдап тұрып айтқансыздар. Ал, 19-отырыста желдеріңіз шығып кетті...
Құрметті Бейбіт Баймағамбетович!
Сіз халық пен мемлекеттің сенімін ақтаған жоқсыз!
Өз міндетіңізді адал атқара алмадыңыз!
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты!» деген құрметті атқа лайық емессіз!
Егер, шын мәніндегі Халық қалаулысы болсаңыз, халыққа жаныңыз ашыса, Президенттің бет-беделін ойласаңыз, Қазақстан Республикасының Конституциясының 72-бабының 1-тармағына сай, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулинге айтып немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің қолын жиып, Конституцияның аталған бабының 2) бөлігі бойынша, Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне қаратып, бұл мәселені шешуге ықпал етер едіңіз.
Өкінішке орай, маған берген мына жауабыңызға қарағанда, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңындағы аталмыш қатені түзетейін деген ниетіңіз жоқ секілді. Керісінше, «Қоян қашты, ит қуды...» деп, жылы жауып қоя салғалы отырған көрінесіз!
Сондықтан, қандас ағайындарыңыздан кешірім сұрай отырып, депутаттық мандатыңызды өз еркіңізбен тапсырыңыз!
Мәжілістен кетіңіз!
Ауыт Мұқибек,
ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.
Abai.kz