«Іші – алтын, сырты – күміс» ішкі саясат
Сонымен, президент өз Жарлығымен ішкі саясаттың негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекітті.
Өз басым бұл құжатты биліктің «бізде мемлекеттік идеология жоқ» деп жүрген сыншыларына жауап деп қабылдаймын. Жауап қысқа да нұсқа болыпты.
Әрине, ең басты идеологиялық құжат ол – біздің Конституциямыз, онда мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары айтылған. Алайда, оны бізде кім күнделікті оқып-тоқып, өз өмірінде пайдаланып жатыр дейсіз? Сол себепті идеологиялық ұстанымдар мен құндылықтарды тәп-тәуір тарқатып берген бұл құжаттың салмағы аз емес.
«Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттары, әрине, көңілге қонымды. Өкінішке орай, бұл тұжырымдар толыққанды, толықмәнді жүзеге асып, өмір салтына айналды деп айта алмаймыз.
Бұрын да президенттің аузынан жиі естілетін бұл тұжырымдардың жүйеленіп, тәпсірленіп, бір құжатта топтастырылғаны дұрыс болған екен.
Кім біледі, осы басты қағидаттардың ішінде «Адал азаматпен» қатар «Азат азамат» дегені боп, әр азаматтың конституциялық құқы мен бостандықтары мызғымастай етіп, бір бекітіп тастаса, жағдай сәл басқаша болар ма еді?
Оны мен неге айтып отырмын? Соңғы кезде байқағаным сол: біздің басшылардың аузынан «заң», «тәртіп» деген көп шығады да, «адам құқы», «азаттық», «еркіндік» деген сөздер айтыла бермейді. Оның өзі жалпы мемлекеттік саясатқа өз әсерін тигізіп отыр деп санаймын.
Бәлкім, «бәрін билік жасауы тиіс» деген патерналистік көңіл-күйден де арылуымыз керек болар. Бір нәрсе анық: кез келген құжат – Конституциядан бастап осындай тұжырымдамаларға дейін – плюралистік қоғамның қолдауынсыз - тұл.
Құжатта жалпыұлттық нышандарды (символдар болса керек) жария етіліпті, бұл идея өзіме ұнып отыр. «Ұлттық ұран – «Алға, Қазақстан!», ұлттық түстер – аспан түстес көк, алтын сары түс, ұлттық кітап нышаны – Абайдың «Қара сөздері», ұлттық бірлік нышаны – шаңырақ, ұлттық музыкалық аспап нышаны – домбыра, ұлттық өсімдік нышаны – қызғалдақ» дегенге кім қарсы шығады. Әбден құптарлық бастама.
Өз басым мұндай бастамадан идеологиялық жағынан ұтымды бір нәрсе көріп отырмын: яғни, ұлттық құндылықтар ендігі жерде тек қазақ ұлтына ғана емес, Қазақстан Республикасында тұрып жатқан барша азаматтарға, басқа ұлт өкілдеріне де қатысты екені айқын сезіліп тұр, бұл трендті барлық қазақстандықтардың санасына сіңдіріп, орнықтыра беру керек деп санаймын.
Отандық өнім шығарудың ұлттық белгісі – «Қазақстанда жасалған», «Made in Qazaqstan» деу де орынды. Енді тек мұнай мен газымызға қарап қалмай, сол отандық тауарларды көбейте түссек, нұр үстіне нұр болар еді.
«Ұлттық хэштег – #Qazaqstan, #Kazakhstan» дегенді онша түсінбей қойдым. Меніңше, екі нұсқаның біреуін ғана ресми бекіту керек, әйтпесе, хэштегіміз екі жақты боп кетеді, оның өзі хэштегтің мейлінше кең тарауына кесірін тигізері хақ, жалпы сан екіге бөлініп, ортақ нәтиже де екі есе азаяды.
Ішкі саясат секілді күрделі де терең саланы қоғам өмірінің басқа салаларынан бөлек қарастыруға болмайды, экономика да, әлеуметтік, құқықтық, сыртқы саясаттар да ішкі саясатқа өз әсерін тигізеді. Сол себепті бұл мәселеге кешенді көзқарас керек.
Құжатта ішкі саясатпен айналысуы тиіс шенділер де аталыпты. Меніңше, олардың мәртебесін көтеру керек. Мәселен, облыс, қала, аудан әкімдерінің орынбасарларының ішінде бірінші орынбасар мен қаржы, экономика жөніндегі орынбасарлардың сөзі өтеді де, идеология жөніндегі орынбасарлар көптің бір боп қалады. Идеологияға қатысты бастамалар қаржы жөніндегі орынбасардың визасын ала алмай жатады. Сөйтіп, көптеген идеологиялық маңызы бар шешімдер қабылданбайды не орындалмайды. Сол себепті, мемлекет өзінің ішкі саясатын дұрыс жолға қойғысы келсе, идеология мәселелеріне жауапты орынбасар бірінші орынбасар мәртебесін алуы керек. Бюрократиялық тұрғыдан сол дұрыс болады деп ойлаймын.
Ішкі саясат құндылықтарын өмір салтына айналдырып, сана мен қоғамда орнықтыру тек қана тиісті шенділердің ісі емес, бұл ортақ іске қоғам болып жұмылмай, кез келген жақсы құжат тек қағаз жүзінде қалып қояды.
Олай болса, ішкі саясатқа, ортақ іске сәт!
Әміржан Қосан
Abai.kz