Ардақ Нұрғазыұлы. Жаңа эпос (Басы)
Ж. Нәжімеденовтің «Күй кітабы» туралы
Ж. Нәжімеденовтің «Күй кітабы» туралы
Әдебиетке өткен ғасырдың 60-жылдарында келген ұрпақ болғанына қарамастан, Жұмекен Нәжімеденов бірден түпкі мақсатқа қол созған үміткер болды. Мұндай сергек ойлылыққа жетудің себебін көп жақтан қарастыруға болады. Алапат соғыстың қасіреті кейін сырылып, тоң жібіп, жылымық дәуір туған тұста, қазақ әдебиеті М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясымен еңсе көтерді. Бұл қазақ әдебиетінің өзіне сенім тіктеген тұсқа тура келеді. Әдебиеттегі ең ауыр жанрдың соңғы қамалындай көрінетін роман-эпопея осы заманғы қазақ әдебиетінің қалыптасуына зор ықпал еткен орыс әдебиетінде төрден орын алып келді. «Соғыс және бейбітшіліктен» «Тынық Донға» дейін тартылған дәстүр желісі қазақ әдебиеті үшін де әрі мектеп, әрі жетпек нысана еді. Бұл мақсатты ақыры М.Әуезов орындап шықты. Осы үрдіске сай 60-жылдарда қазақ әдебиетінде өзге жанрларға қарағанда прозаның шоқтығы биік тұрды. Прозаның есте жоқ ескі замандардан бері келе жатқан поэзияның алдын бұлайша орап кетуінің де өзіндік себебі бар. Соңғы төрт, бес ғасырдың жүзінде ғана пайда болған проза жанры поэзиядан, онда да екі мың жыл бұрын жол салған эпостық поэзиядан түлеп шыққан жаңа буын еді. ХIХ ғасырдың орта тұсына келгенде, проза өз мүмкіндігін толық әйгілеудің соны жолына түсті. Поэзия да көзге түсе бермейтін артықшылықтарымен таныла бастады. Бұл кезеңде поэзия дағдару дәуірін бастан кешіп жатты. Проза алып қойған мүмкіндікті қайталамай (прозаның артынан салпақтамай), жаңа кеңістікке шығу осы салиқалы қарт жанрдың алдында тұрған бірден-бір шығар жол болатын. Соған орай талпыныс жасаған батыстың біраз ақындары ақыры ол кеңістікті тапты.
Қазақ әдебиетінде жағдай сәл басқашалау еді. Өткен ғасырдың 60-жылдарына келгенде әдебиеттегі басымдылықты толықтай қолдарына алған прозаиктер «жаңа эпос жасайық!» дегенді ашық ұран етіп көтере бастады. Бұл тұста эпостық дәстүрдің төл мұрагері саналатын поэзия үнсіз қалды десек те болады. Оған себеп поэзияда заманына қарай жаңа шығармалар жарыққа шығып жатса да, арыда «Қыз Жібек» пен «Қобыландының» биігінен аса алмаған, беріде прозалық шығармалардың қарымын таныта алмаған әрі-сәрі күй басым болды.
Өлеңмен жазылған романдар, «Танакөз», «Құмырсқа» қатарлы эпикалық шығармалар осы кезеңде туды. Десе де, бұлар таза поэзиядан көрі аралас жанрға жақын шығармаларға көбірек ұқсайды. Өлең романдар сюжетке басымдылық беріп, оқиға қууға ден қойған да, жанр табиғаты жағынан прозалық шығармалардың өлеңмен жазылған нұсқасы болып шыққан. «Танакөз», «Құмырсқада» осындай ерекшелік бар. Соңғы туындылар прозаға емес, сахналық шығармаларға бой ұрды. Әсіресе, Гетенің «Фаустасының» айқын ықпал еткені бірден көзге түседі. Формалдық ізденіске ғана барған мұндай шығармалардың қазақ поэзиясының екінші тынысын аша алмайтыны белгілі. Осы кезеңнен бастап қазақ поэзиясы жанр табиғатынан күш алатын, мәндік өзгерістерге тән жаңа кеңістік іздеуге мүдделі болды.
Ж. Нәжімеденов, міне, осындай кезеңде поэзияға келді. Ақынның 1967 жылы жарық көрген «Күй кітабы» сол кезеңнің ғана емес, бүгінгі қазақ поэзиясында да «қарғалар ішіндегі ақ қарға» сияқты, бөгенайы бөлек қасиетімен ұшырасатын туынды. Олай дейтініміз «Күй кітабы» жарық көргеннен кейінгі қырық жылға созылған қазақ поэзиясын парақтап отырсақ, жоғарыдағы шығарманың сорабымен жүрген (М.Мақатаевтың «Моцарт.Жан азасынан» өзге) екінші бір шығарманы кезіктіре алмаймыз. Бұл, әрине, жоғарыдағы шығарманың оңайшылықта игеруге болмайтын өзіндік табиғатымен қатысы бар.
Бұл жерде ақынның поэзия туралы таным-түйсігі маңызды мән алады. «Поэзия туралы түйсік» деген сөзге салмақ сала сөйлейтін себебіміз, осы сөзде көп мағына жатыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, қазақ әдебиетінің дәстүрінде қай кезеңде де поэзияның десі басым болып келді. Соған қарамастан, өнердің осы түрінің болашағы, өрісі күңгірт сияқты көрінетін. Мүмкіндіктің біразын проза алып қойғанды былай қойғанда, дәстүрдің өзі бұра тартуға оңайшылықта ырық бермейтін еді. Басқа жанрлар пайдаланып, байытып кеткен дүниелерді жайына қалдырып, мүмкіндігінше ескі жұртта айналсоқтап қалмай, басқалар игере алмайтын, поэзияның өзіне ғана тән өркенін шығару шығармашылық үшін айтқанда үлкен түлеу - түбірлі жаңару болып саналады. Оның үстіне, бұл барыс - жеке шығармашылық тұлғаның аңдаусыз санасында жүретін нәрсе. Бұндай таңдаудың қоғамдық ортамен де қатысы бар. Енді бір сөзбен айтқанда, өнер иесі тың соқпаққа түрен салғанда, орта оған қимыл кеңістігін әзірлеуге тырысады. Өйткені, жаңаруға, бір жағынан, ортаның өзі себепкер болып отырады. Бұндай үндестік ұзаққа созылса, жаңарудың өріс табуына мүмкіндік болады. Ал, үндестік ұзаққа бармаса, жаңару бір реткі жаңалық ретінде жарқ етеді де, содан арыға бармайды. Біз бұны «Күй кітабының» тағдырынан да анық байқай аламыз.
«Күй кітабы» өзі айтып тұрғандай, қазақтың күйші өнерпаздарының мұрасын тақырып еткен шығарма. Күй өнері, ұлы күйші және бір даңқты композитор - осы үш тұғырдың өзегінде не жатыр? Онда теңізге шөккен таулардай халықтың өзгеше болмысы - рухани дүние жатыр. Ж. Нәжімеденовтің жастығына қарамай, бірден осы тақырыпқа келуінің өзі көп дүниені аңғартса керек. «Күй кітабының» бетін ашсаңыз, шығарма Құрманғазымен басталып, Ахмет Жұбановпен аяқталады. Шығарманың өмірге келуіне осында, тасада жатқан желі ықпал ектен.
Ұлы күйші Құрманғазы есімін білмейтін исі қазақ кемде-кем шығар. Ал, екінші есім туралы Мұхаметжан Қаратаев былай деген:
«А.Жұбанов ән-күйдің тарихи маңызын анықтаумен бірге, оның бүгінгі музыка өнерінің де дамуына тигізген игі дәстүрлік рөлін әрі теориялық, әрі тәжірибелік жолмен анықтап берді. Бұған нақты дәлел - халық күйлерін зерттеуші теоретик Жұбановтың халық күйлерін іс жүзіне асырушы композитор ретінде творчестволық жолмен өңдеп, халық аспаптар оркестыріне түсіруі, халық әндерінің әуендерін осы күнгі әнге, хор, симфония, опера және вокальдық туындыларға түсіруі».
Жоғарыдағы сөзді азырақ тарқатуға тура келеді. 1925 жылы Мәскеуде А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабы жарық көрді. Бұл қазақ халқының ғасырлардан-ғасырға келе жатқан ән өнерінің алғаш рет жүйелі хатқа түсуі еді. Осы кітаптың кіріспе сөзінде А.В.Затаевичтің былай дегені бар:
«Қымбатты достарым, жігіттер, аш-жалаңаш, ауыр жылдарда өздеріңмен тізе қосып отырып жиған мына еңбегімді сіздерге арнаймын, сіздерге қайтарып беремін. Мен әрқашанда сіздердің сұлу әндеріңізді мен жинадым деп айтқан емеспін, сіздер өздеріңіз менің қолқабысым арқылы, өз ұлтыңыздың байлығын ұмтылмастай етіп, жинап отырсыздар...
Сақтаңыздар, зерттеңіздер, көбейте түсіңіздер, мына сияқты ұлттық рухани байлықтарыңызды дамытыңыздар, өздеріңіз арман еткен жалпы адам баласының қолы жеткен мәдени жетістіктеріне сүйене отырып көркейтіңіздер, халық қойнынан шыққан, жаңаланған, гүлденген қазақтың ұлттық музыкасы өсіп-өркендесін».
Бұл сөздер біздің мәдениет көкжиегімізге алда А.Жұбанов сияқты тұлғаның шығатынын аңғартатын еді. Солай болды да. Қазақ музыка өнері А.Жұбанов сияқты тұлғалардың күш-жігерімен заманына сай қайта түледі.
Опералық және симфониялық туындыларын қосып есептегенде үш жүзден артық шығарма жазған А.Жұбанов Құрманғазы тақырыбына ерекше құштарлық танытқан. Бұл туралы Ғабит Мүсірепов былай деп жазады:
«Ақаң (А.Жұбанов) соңғы кезде атақты Құрманғазы туралы опера жазып жүр еді. Ұлы күйшінің сүйікті бейнесін жасау үшін ол өмір бойы жұмыс істеді десе де болады. 1936 жылы шыққан кішкентай кітапшадан осы операға дейінгі аралықта (60-жылдарға дейін) Ақаң Құрманғазыны бір күн де жадынан шығарған емес».
1933-1963 жылға дейінгі отыз жылда, қазақтың осы заманғы музыка өнері А.Жұбанов есімімен біте қайнасса, сол жылдарда А.Жұбанов бастанаяқ Құрманғазы тақырыбымен арпалысқан. Музыканы рухани дүниенің ең таза кескінделуі. Кезінде қырық рудан құралған немістерді Гегельдің философиясы емес, Уагнердің симфониялары ұлт ретінде оятып, орнынан тік тұрғызған болатын.
Жоғарыдағы кезең қазақ музыка өнері үшін де, А.Жұбанов жөнінен айтқанда да Ұлы симфониялар туған кезең болды. Көлденең көздің, әсіресе, айта қалсын музыкалық дарыны бар Ж. Нәжімеденовтің ол кезеңнің болмыс-бітімін өзінше аңғаратыны даусыз нәрсе. Бұл аңғару музыкамен қатысты болмақ. Өзің күйші болсаң, заманыңда бір ұлы дарын иесі «Абай» операсы сияқты туындыны жазуға атсалысып, симфониялар берсе, ол адам саған да жақсы таныс күй пірі Құрманғазымен отыз жыл «ауырғанын» білсең, сен сонда не істер едің? Әлбетте, ең алдымен, әсерленесің. Бойыңды алапат күш кернейді. Шабыт қысады. Кеудеңде таудай толқындар тулайды. Сен де, сенің сөзің де музыкаға - адам жанының нәзік қылын тербетер тілсіз тілге айнала бастайды.
«Күй кітабы» - міне, осындай шақтың туындысы.
Өнер өрісіндегі мүмкіндіктің біразын прозаиктер алып қойғаннан кейін, поэзияның ізденушілері жаңа сапарды түп-төркіннен бастады. Олар табиғаттың мың құбылған үні мен бақсы сарынына елітті. Үнде мағына бар ма? Әлде мағынада (сөзде) үн бар ма? - дегенге бас қатырды. Енді сөз ішкі бір үндестіктің екпінімен сап құрап, керуен түзеді. Мағыналар әуен шығара бастады. Жаңа поэзия образдардың күйі деген ой үстемдік алды. Француз ақыны Бодльер «музыка да, сурет те поэзия» десе, Малерме «музыка өз деңгейіне жеткенде поэзияға айналады» деді. Бұл сөздің әннен әлдеқайда тереңде жатқан үнін меңзеген және соны аңсаған қадам еді.
«Күй кітабы» - қазақ поэзиясындағы жоғарыдағыдай ерекшелігі бар алғашқы кітап. Бұны заман да, әдебиет дәстүрі де қалап тұрмаса да, ақынның төтесінен музыканы поэзия тілімен өрнектемек болған талабы туғызған. Ж. Нәжімеденовтің батыстың модернист ақындарымен үндестігі де осы ерекшелігінде жатыр.
«Күй кітабында» қос бұрымдай тартылған екі әуен бар. Бірі негізгі тақырыпты баяндайды. Ол - Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, А.Жұбанов туралы болып келеді. Екіншісі - жоғарыдағы тақырыпты қайталамау шарты астында, белгілі бір парилельдікті сақтау негізінде келіп отыратын «шегіністер». Кітапты бір арнаның екі жағасы сияқты бірін-бірі толықтайтын, бірақ бірін-бірі көміп кетпейтін осы үлкен үндестік ұстап тұр.
Шығарма Құрманғазы тақырыбымен басталады. Бұл жерде ұлы күйшінің өмірімен жақын таныс адамдарға түсінікті екі мазмұн ортаға шығады. Жұртқа белгілі, күйшінің қалыптасуына анасы Алқаның зор ықпалы болған. Одан қалса, күйшінің ел іші-сыртындағы дүлей күштердің текпісін көп көргені, тұтқындалып түрмеге түскені, қуғындалғаны белгілі. Кітап одан кейінгі бөлектерде Дәулеткерей, Дина болып жалғаса береді. Бұған бірнеше айтулы күйлерге қатысты жеке парақтар кіріседі. Соның ішінде «Ақсақ құлан» күйіне қатысты парақты ерекше атауымызға болады. Кітаптың соңын А.Жұбанов туралы дара парақ қайырып тұр. «Ақсақ құлан» туралы күйдің бұл арада кезігуінің де өзіндік себебі бар. Ақаң 1964 жылы Мәскеуде өткен Этнографтардың халықаралық конгресінде болады. Онда баяндама жасаған А.Жұбанов өзі айтқан ғылыми пікірлерін дәлелдеу үшін сөзін тоқтатып қойып, жиылғандар алдында қолма-қол «Ақсақ құланды» тартады. Конгреске түрлі елдерден келген делагаттар қазақстандық академиктің егіле тартқан тамаша күйіне қайран қалады. Үзіліс кезінде олар А.Жұбановітың қасынан кетпей, қазақ халқы жөнінде көптеген сұрақтар қояды. А.Жұбановтің атына байланысты айтылатын осы әңгіме жас ақынның онсызда толқып тұрған тереңіне тас лақтырған сияқты. «Ақсақ құлан» туралы дара парақтың кітапқа, міне осы ізбен кіргені байқалады.
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»