Жексенбі, 24 Қараша 2024
2280 0 пікір 18 Наурыз, 2020 сағат 10:42

Белсенді Арзамасоваға "қастандық жасауға тапсырыс берген" әкім 7 жылға сотталды

17 наурызда Алматы облысы Талғар аудандық соты Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазовты 7 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде шешім шығарды.

Сот Аппазовты Қылмыстық кодекстің 362 бабы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") мен 107 бабы ("Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру") баптары бойынша айыпты деп таныды. Бұған қоса судья шенеунікті мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды және Арзамасоваға 1 миллион теңге моральдық, 380 мың теңге материалдық шығын, сондай-ақ сот шығындарын төлеуге міндеттеді.

Сонымен қатар Аппазовты осы сотқа жәбірленушінің бірі ретінде қатысып отырған Болат Жәкішевке материалдық шығын ретінде 760 мың теңге, моральдық шығын ретінде 200 мың теңге төлеуді міндеттеді.

Нұрғали Аппазовқа "2016 жылы қылмыстық топ ұйымдастырып, белсенді Болат Жәкішевтің денсаулығына зиян келтірді" деп айып тағылған болатын.

Талғар ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғыны, белсенді Галина Арзамасоваға "қастандықты ұйымдастырушы" ретінде танылған Нұрғали Аппазовқа қылмыстық істің бірнеше бабымен айып тағылған. Судья Ілияс Мұхадиұлы оның кейбірі дәлелденбегенін айтты.

Арзамасоваға қастандық бойынша айып тағылғандардың бірі Ғани Сманов сот залынан бостандыққа шықты. Ол Қылмыстық кодекстің 107 бабы бойынша ("Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру") кінәлі танылып, жәбірленуші Арзамасаоваға келтірген залалдың орнын толтырғаны және онымен татуласуына байланысты бостандыққа шығарылды.

11 наурызда өткен сот отырысы кезінде жәбірленуші Галина Арзамасова "Ғани Смановтың атпағанын, сот сараптамасы оқтың көлік ішінен емес, басқа бағыттан атылғанын анықтағанын және оның (Смановтың) материалдық шығындарды толық өтегенін" айтып, оған қозғалған қылмыстық істі тоқтатуды сұраған болатын.

Сот үкімімен жеті жылға бас бостандығынан айрылған 40 жастағы Нұрғали Аппазовтың кәмелетке толмаған бес баласы бар. Аппазовтың қорғаушысы Бақытгүл Құдабаева сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық сотқа жүгінетінін айтты.

Жәбірленуші Галина Арзамасова сот шешіміне қанағаттанатынын білдірді. Ол сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктілерге тағылған айыптарды қатаңдату жөнінде бірнеше рет талап қойған.

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында тұратын белсенді Галина Арзамасова 2019 жылдың 26 тамызында Талғар ауданының бұрынғы әкімі Рыскелді Сәтбаевтың қабылдауына келгенде әкімдік ғимаратының маңында оны белгісіз адам ту сыртынан пневматикалық қарумен атқанеді. Жамбас сүйегі зақымданған белсенді ауруханаға түскен.

Ертеңіне Панфилов ауылдық округінің сол кездегі әкімі Нұрғали Аппазовтың жүргізушісі күдікті ретінде ұсталып, оған Қылмыстық кодекстің 293-бабының ("Бұзақылық") 3-бөлігі ("атыс қаруын, газды қаруды, пышақтарды, кастеттердi және өзге де суық қаруды не денсаулыққа зиян келтiру үшiн арнайы лайықталған басқа да заттарды қолданып немесе қолдануға тырысып жасалған іс-әрекеттер") бойынша іс қозғаған. Тамыздың 29-ына ауыл әкімі Нұрғали Аппазов "тапсырыс беруші" ретінде қамауға алынған.

2020 жылдың 14 қаңтарына өткен сот процесінде аудан прокуроры айыптау актісінде "округтің бұрынғы әкімі өзінің көлік жүргізушісіне Арзамасованы пневматикалық тапаншамен ату және үйінің ауласына жанармай бөтелкесін лақтыру туралы өтініш жасағанын" айтты.

64 жастағы Галина Арзамасова мектепте мұғалім болып істеген. Кейінгі жылдары ауылдың әлеуметтік мәселесін қозғайтын белсендіге айналған. Ол өзіне жасалған қастандықты "қысым" деп бағалайды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1503
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3277
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5726