Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 5513 4 пікір 18 Наурыз, 2020 сағат 11:47

Дәрігер кеңес береді

Түрлі ақпараттарға қарасақ, әңгіменің көбі қол жуу мен үйде отыруға тіреліп жатыр. Сол дұрыс па? Әрине дұрыс емес. Мәселе сөйтіп оңай шешілсе, соншама адам жер шарында ауырып, талайы көз жұмбас еді ғой. Соны аздап ойланған жөн сияқты. Осы туралы біраз пікір білдіруге рұқсат етіңіздер.

​Біріншіден. Адамзаттың тарихы эпидемиялармен тығыз байланысты. Тіпті біздің бүкіл тарихымыз халықты жау мен эпидемиялардан қорғаудан тұрады десек те болады.

​Тарихқа көз салсақ, біздің үйреншікті "карантин" деген сөзіміз итальян тілінің «quarantа» (куара​нта) деген сөзінен шыққан. Ол «қырық» деген санды білдіреді. Неге? Оның тарихы былай.

​14 ғасырда оба (чума) індеті бүкіл жер шарына таралып, 200 миллиондай адамның өмірін жалмаған. Италия жағалауына келген кемелер мемлекетке кіру үшін 40 күн бойы жағалаудан төрт шақырым жерде тұруға мәжбүр болған. 40 күннен кейін кеме бортына дәрігерлер көтеріліп, кемедегі барлық адамды тексеруден өткізген. Елге кіруге тек саулары ғана рұқсат алып, науқастар түгел Лазаретто деген аралға жіберілген. «Лазарет» деген сөз де содан шыққан.
​Әлемде шешек (оспа), тырысқақ (холера) және т.б. індеттер миллиондаған адамның өмірін қиғанын оқыған боларсыз. ​Соңғы 20 жылдың өзінде атипиялық пневмония, доңыз тұмауы сияқты аурулар дүние жүзін әбігер қылды. Яғни, талай эпидемия болған және әлі де болады деп түсінген жөн.

​Коронавирус те бізге таныс вирус. Бірақ бұл вирустың ерекшелігі – вирус жануардан адамға мутация нәтижесінде жұғу қабілетін игерген. Яғни, вирустың өзгерген түрі. Адам организмінде оған қарсы иммунитет қалыптаспаған. Сондықтан вирус тез тарап жатыр. ​Басқа вирустардан тағы бір ерекшелігі – өлім көрсеткіші жоғары. Ауырған адамдардың 3%-і өліп жатыр. Барлық елдің дабыл қағып жатқаны сол.

​Қалай десек те, өткен 7 ғасырдың ішінде сол заманда қалыптасқан қағидалар еш өзгермеген десе де болады. Қазір біздің істеп жатқан тірлігіміз де сол Италияда жасалған іс-әрекеттер.

​Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – сау адамдарды науқастардан бөлек ұстау. Инфекцияның адамнан адамға жұғуын тоқтатпай оны жеңу мүмкін емес. Бұл амалсыз жасалатын шара. Соны бірден түсіну қажет.

​Екіншіден. Мұндай эпидемия біздің даламызда да көп болған. Аса қауіпті (оба, безгек және т.б.) індет ел ішіне тараған кезде ауруға шалдыққан елді мекендер ауыл маңына қара жалау тіккен. Жолаушылар ондай елді мекенді айналып өткен. Науқас бар үйге адам кіруге тыйым салынып, оған тек киіз үйдің керегесі арқылы тамақ берген. Науқасты далаға шығармаған. Кейде байлап тастауға мәжбүр болған. Байлауда жатып ән шығарған Біржан салдың «Теміртас» әнін еске алсақ түсінікті болар.

​Қазақтың жаңа туған сәбиді қырқынан шығарғанша ешкімге көрсетпей, сақтанып жүретіні дұрыс. Баланы тұзды суға шомылдырып, суға күміс теңге салған. Күмістің бактерияларды жою қасиеті бар екенін білесіздер.

​Микроб, бактерия, вирус дегенді білмесе де ата-бабамыз адам өмірін сақтау үшін осындай іс-әрекеттерді жасаудың арқасында ұрпағын аман сақтап қалған. Дәрет алу рәсімі де негізінен тазалық және аурудың алдын алуға арналған. "Тазалық – денсаулық кепілі" деген аталардан қалған сөз.

​Сондықтан  бүгінгі эпидемия сол көп эпидемиялардың бірі. Ойбай салып елді дүрліктіруге негіз жоқ. Қазіргі заманның мүмкіндігін ескерсек, бұл пәледен де аман-есен құтылуға толық мүмкіндік бар.

​Цифрлы технологияның арқасында көптеген «білгіштер» жалған ақпарат көп таратады. Соның кесірінен ел ішінде вакцинациядан бас тартатын кісілер көбейді. Тіпті "Адамдар табиғи іріктелу жолымен жүруі керек" дейтін опасыздар көбейді. Инфекция мәселесіне атүсті қарау қалыптасты. Санитариялық - эпидемиологиялық мәселелерді назардан тыс қалдырдық. ​Ал инфекциялар ешқайда кеткен жоқ. Олар әлі де арамызда. Сәл ғана жұмысты баяулатсақ, лап етіп бас салуға әзір. Қазіргі жағдай соның дәлелі.

​Не істеу керек?  Бұл сұрақта екі түрлі қауіп бар. Біріншісі – дерттің күшін менсінбеу, атап айтқанда – ол кәдімгі тұмау сияқты екен деп проблеманың күшін сезбеу. Қалай десек те бұл өте қауіпті дерт. "Сақтықта қорлық жоқ" екенін ескерген жөн.

​Елмен араласуды азайту керек. Карантин қатаң тәртіпті және бағынуды талап етеді. Инфекция адамның салт-дәстүрін жағалап жүретінін ұмытпау керек. Неғұрлым халық арасында қол беріп амандасу, жиналып отырып бірге тамақтану, ойын-сауыққа көп көңіл бөлу, жиі той жасау сияқты дәстүрлер кеңінен қалыптасқан сайын вирустың тарауына да шексіз жол ашылады.

​Сондықтан біз күнделікті дағдымызды қайта қарастыруымыз керек. "Сәбидің бауы берік болсын" деп келушілерді тоқтатыңыз. Атамыз қазақ өз баласын жаман киіндіріп, "Бұл көршінің жаман баласы" деп бөтен адамды жақындатпаған.

Қазір не көп, той көп. Шілдехана, тұсау кесер, сүндет той, тілашар деп балаға маза бермей тойлай береміз. Маңдайына күйе жағып оны төрге отырғызамыз.
Дерттің адамнан тарайтынын түсінген ата-бабамыз балаларын көздің қарашығындай сақтаған. Аман, Тұрар, Есен, Берікжан, Теміржан сияқты есімдер сол заманнан қалған. Балалары шетіней берген соң қол жайып Аллаға сыйынып, тағдырды алдаудың амалын іздеген. Қазақ арасында орыс есімдерінің кездесуінің бірден-бір себебі осы.

​Ал біз қазіргі заманда баламызды бүкіл әлемге көрсетуге асығамыз. Бала-шағаны шұбыртып тойға барамыз, сауда үйлерінде жүреміз. Қонаққа да ертіп барамыз. Содан инфекция жұқтырғанда ауруханаға жүгіріп шала бүлінеміз.
​Осыны тоқтатайық ағайын! Уақытша болса да. Әйтпесе эпидемияны тоқтату қиын болады. Менің тәжірибемде талай тойда жұққан аурулардан кейін сол тойға қатысқандарды іздеу жұмысы болды. Бүкіл Қазақстаннан іздейсің. Кейбір той иелері кімдер болғанын айтпайды. Бес жүзден астам адамды республикадан тауып, оларды карантинге жатқызумен әлек болып жатамыз. Осыны дұрыс түсінген жөн. Той жасалған күннің өзінде кімнің қайдан келгенін тез анықтай алсақ, инфекцияның таралуын тез тоқтатуға мүмкіндік болады. Ол өмір мен өлімнің арасындағы сұрақ. Селқос қарауға болмайды.

​Үйде жүкті әйел мен қарттар бар болса, карантин шараларын күшейткен жөн. Қарт адам үйдің берекесі, шаңырақтың қазығы. Қарттарға ерекше көңіл бөлетін кез келді. Инфекция жұқпайтын жағдай жасауымыз керек. Күн сайын дене қызуын тексеріп, уақытымен ем қабылдаған абзал. Неғұрлым ауруды ерте анықтасақ, соғұрлым жазылуы жеңіл. Осыны естен шығармайық. «Өлсем үйде өлейін, бәлніске бармаймын» деген сөзді тыңдамай, тез жедел жәрдем арқылы ауруханаға жеткізу керек. «Жасарын жасады ғой, бәрі Алланың қолында» деген ұғымды ұмытыңыз.
​Емі бар ауру болса сауығып шығады. Соны ескеріңіздер.

​Келін-қыздарыңыз далаға көп шықпасын. Әсіресе жүкті немесе емізулі баласы болса. Шыдау керек. Кемінде бір ай. Қиын емес қой. Әңгімелесіп, бала тәрбиелеп, бала-шағамен шәй ішіп отыратын заман келді.

​Қысқаша айтсам осы. Ал қолды қалай жуу керек, масканы (бетперде деуге аузым бармайды) қалай кию керек дегенді өзіңіз шешерсіз.

​Көппен көрген – ұлы той. Бұл заманнан да өтеміз. Бұл да бір сын. Талай сыннан өттік қой. Ел аман болсын.

Ерік Әбенов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1503
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3277
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5721