Цифрлық медицина қандай мүмкіндіктерге жол ашады?
Шалғай елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігі, аурулардың алдын алу, медициналық жабдықты отандық өндірудің дамуы және жасанды интеллектті енгізу мәселелерін 17 қарашада Алматыда Freedom MedTech Talk аясында талқылады.
Кездесу барысында Freedom экожүйесінің өкілдері медициналық бағыттың жұмыс нәтижелері туралы айтып, жаңа өнімдерді таныстырды және денсаулық сақтау саласындағы цифрлық сервистерді одан әрі дамыту жоспарларымен бөлісті.
Географиялық шекарасыз медицина
Қазақстан үшін өзекті мәселелердің бірі — медицина мамандарының қалалар мен ауылдық елді мекендер арасында біркелкі бөлінбеуі.
Freedom Lab бас директоры, MED365 басқарушы директоры Шыңғыс Құлахметовтің айтуынша, қалаларда 10 мың тұрғынға 57 дәрігер келсе, ауылдық жерлерде бар болғаны 17 дәрігер келеді.
Бұл мәселені шешудің бір жолы — DigitalMed365 жобасы. Мобильді диагностикалық кешендер ауылдардың өзінде негізгі тексерулерден өткізуге, нәтижелерді дәрігерлерге жіберуге және тар мамандардан қашықтан кеңес алуға мүмкіндік береді. Қарағанды облысындағы пилоттық жоба аясында 2023 жылдан 2025 жылға дейін 5,5 мыңнан астам тұрғын тексерілді.
«Қалада телемедицина медициналық қызмет алудың бір нұсқасы болса, ауылда ол жалғыз жол болуы мүмкін», — деді Шыңғыс Құлахметов.
Отандық әзірлемелер мемлекеттік міндеттерді шешуде де қолданылады. Мәселен, «Е-МЕДОСМОТР» жүйесі әскерге шақырылушыларды медициналық тексеру уақытын 20 минуттан 5 минутқа дейін қысқартты. 2024 жылдан бері 81 мың тексеру жүргізілді, қазір жоба еліміздің тоғыз өңірін қамтып отыр.
Қазақстандық геном: отандық ғылымның болашағы
Freedom MedTech Talk-та таныстырылған тағы бір бағыт — генетикалық тестілеу. Жаңа сервисті әзірлеуге бір жарым жыл кетті. Осы уақыт ішінде мамандар 200-ден астам ішкі тест жүргізіп, 280 гендегі 403 нұсқаны қамтитын генетикалық панель құрастырды.
Әлемдік генетикалық базалардың көбі басқа популяциялардың деректері негізінде жасалған, ал қазақстандықтар оларда нашар ұсынылған. Қазақстандық референстік геномды құру біздің өңірге тән аурулардың себептерін зерттеуге мүмкіндік береді. Freedom бұл жұмысқа мемлекетпен және ғылыми институттармен бірлесіп инвестиция салуға дайын екенін білдірді.
Денсаулық — бір қосымшада
Медициналық бағыт Freedom SuperApp-та да белсенді дамуда, оның клиенттер саны 7 млн-нан асты. 2026 жылғы сәуірде «Менің денсаулығым» бөлімі іске қосылғалы бері онда 120 мыңнан астам профиль құрылды.
Қазір пайдаланушыларға дәрігерге жазылу, зертханалық зерттеулер, ДНҚ-тестілеу және дәрі-дәрмекке тапсырыс беру қолжетімді. Жазылу сервисіне 202 жеке клиника қосылған, қосымшада 2 700 дәрігер бар.
Freedom SuperApp CEO-сы, Freedom Bank басқарушы директоры Вячеслав Кимнің айтуынша, келешекте цифрлық денсаулық паспортын, мемлекеттік медициналық қызметтерді біріктіру, телемедицинаны дамыту, жасанды интеллект пен жеке денсаулық индексін (HealthScore) енгізу жоспарланған. Қосымшаның келесі даму бағыттары — «Менің көлігім» және «Менің үйім» бөлімдері.
Freedom Talk MedTech-те таныстырылған шешімдер денсаулық сақтау саласында бизнестің, мемлекеттің және ғылыми қауымдастықтың өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерін көрсетеді. Бұл жұмыстың маңызды нәтижесі адамның тұрғылықты жеріне қарамастан медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ Қазақстанда профилактикалық медицинаны дамыту болуы мүмкін.
Abai.kz