Билікте де ұрпақ алмасуы тиіс!
Табиғат заңына қарсы келе алмайсың. Шөп жаңадан, қалың болып өсуі үшін ескісін түбінен тықырлап орып тастау керек. Әйтпесе ескі шөп дұрыс өнім бермегенімен қоймайды, қайта шіріп басқаларын да бүлдіреді.
Аңдарда да солай, кәрі жануар әлсірегендіктен не үйірге ере алмай, не басқа пайдасын көрсетпей қайта кесірін тигізеді. Жұқпалы аурулар да сол кәрі жануарлардан бастап тарап, бүкіл үйірді құртады. Сондықтан табиғатта табиғи сұрыптау деген бар. Оның әсерімен кәрілер тез жастауларына орнын беріп жатады.
Бұл өмір заңы! Онсыз алға даму жоқ! Мемлекетте де солай болуы керек!
Қол босаған соң, кішкене сараптама жасағанмын. Өзім аз-маз араласқан қай саланы қарасам да 10 емес-ау, 15 -20 жылдап басшылықта отырған адамдар. Әрісі бір облыстан екіншісіне, сосын үшіншісіне дәл сол позицияға секіріп жүр, берісі сол отырған жерін жекеменшікке алғандай тапжылмаған-ау тапжылмаған. Ал, одан жоғары биліктегі жағдайды өздеріңіз де білесіздер. Алды бес рет министр, алты рет әкім болып жатыр(әсірелеп айтам әрине).
Бұл нені білдіреді? Ел басқаруға лайық жастар жоқ па? Бар әрине. Демек, биліктің өзінде жаңару ниеті жоқ.
Бұлай кете берсе не болады?Жаңағы айтқандай, табиғат заңы. Іріп-шіриміз, жойылып кетеміз (құдай бетін әрман қылсын)
Не құтқарады? Халықтың өзін-өзі сақтау инстинкті.
Жануарлар әлемі хабарынан көрген бір мысал: Арыстандар прайды. Прайдты 15 жыл ұстаған сырттан қартайды. Әдетте, мұндайда прайдта жоқ, саяқ жас еркек арыстандар келіп көсеммен күш сынасады. Жеңсе, прайдтың жаңа көсемі атанады, ал кәрі сырттан шетте өледі. Бірақ, бір қызығы әлгінің ескі "авторитеті" мықты ма, жас арыстандардың жекпе-жекке жүректері дауаламайды. Ал, табиғат өз дегенін істейді ғой, сол маусымда әлгі прайдтың қаншырларының ( ұрғашыларының) дені "қысыр" қалды, ал қалғандары күшіктеді, бірақ өлі туды(себебі түсінікті болар).Яғни, прайдтың болашағына қауіп төнді. Сол кезде прайдтағы 6-7 қаншыр келісіп алғандай жабылып, әлгі кәрі сырттанды өздері қуып жіберді. Сырттағы саяқ арыстандардың ең мықтысын прайдтарына "қожайын" қып алды.
Өзін-өзі сақтау инстинкті деген осы.
Мен билікке қарсы ештеңе айтып отырғаным жоқ. Өзіме де еш қызметтің керегі жоқ. Тек соңғы 1-2 жылдағы тағайындаулардан кейін өзімше ой қорытып отырғаным. Дұрыс түсініңіздер.
Жанахмет Ағыбайдың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz