Жексенбі, 24 Қараша 2024
3309 0 пікір 30 Наурыз, 2020 сағат 10:25

24 жастағы өнерпаз «Алтын Орда» күйін шығарды

Нұр - Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының "Қорқыт" этно-ансамблінің өнерпаздары жан-жақты өнерлерімен танылуда. Таяуда ғана Гиннестің Рекордтар кітабына енген өнерлі ансамбль қазақтың өнер қоржынын домбыраның күмбірімен үндескен тағы да бір туындымен толықтырмақ. Күй - тарихи сипатқа ие. Оның авторы мен орындауы да шығармашылық топ үшін айтарлықтай жаңалыққа айналары сөзсіз. 

Жиырма төрт жастағы домбырашы, әрі топтың концертмейстрі  Айбек Әрімбек Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлының Алтын Орданың 750 жылдығын өткізу туралы халыққа жария еткенін естіген соң, соған арнап күй шығару туралы ой келгенін айтады. Домбырамен қатар шаңқобыз, сыбызғы аспаптарын да жақсы меңгерген күйшінің айтуынша алғашқы туынды бір жетінің ішінде туған.

-"Күй өте жылдам темппен орындалады. Бұдан қазақ батырларының бейнесін көруге болады. Жалпы, жастарымызға патриоттық рух беру үшін шығарылған дүние. Үш бөліммен тұратын күй шамамен екі минутқа созылады",- дейді Айбек Кенжебайұлы.

Алда өтетін айтулы кеште Айбектің  «Алтын Орда» күйі тұңғыш рет орындалады. Шығарманы  автордың жалғыз өзі ғана емес, "Қорқыт" этно-ансамблі паш етпек. Топ жетекшісі Шолпан Қорғанбек жас таланттың туындысын жоғары бағалап, ансамбльге лайықтап өңдеп шыққан. 

Алматы облысы Кербұлақ ауданы, Қарашоқы ауылының  тумасы,  24 жастағы өнерпаз шығармашылыққа 14-15 жасынан бастап бет бұра бастапты.

– Әкем үйірмеге қатысып, домбырашы болғанымды қалайтын. Бастапқы кезде домбыраға деген мүлдем қызығушылығым болған жоқ. Бір күні теледидардан домбырашы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мұрагер Сауранбаев ағамыздың жеке концертін көріп қалдым. Концерт аяқталған соң барша көрермен қол соғып, жылы лебізін білдіріп жатты. Домбырашының таланты, шерткен күйінің күмбірі жүрегіме өте қатты әсер етті. Бұл жағдай үйдегі қара домбыраға деген махаббатымды оятып, көзқарасымның өзгеруіне себепкер оқиғаға айналды. Сөйтіп домбыраға ерекше ықыласпен әуестене бастадым. Менің бұл  қызығушылығым әкемді де ерекше қуантты. Бұған дейін таңдап жүрген бағдарламалау мамандығына деген мақсатым жүрегімнің қалауы және әкемнің ақ батасымен өнер жолына қарай ойыса берді.  2011 жылы Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне күйші,президент стипендиясының иегері Ақбасов Саят Қырғызбайұлының сыныбына түсіп, оны тәмамдаған соң Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіндегі дәстүрлі өнер факультетінің «Домбырашы» мамандығын профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері,композитор Орынбай Дүйсен Кәріғұлұлының сыныбында оқып шықтым",- дейді күйші. 

Бұған дейін қазақстандық және шетелдік туындыларды орындап, өнер көрсетіп жүрген жас дарын өз шығармашылығының тұсаукесер сәтіне деген қобалжу мен толқыныс бойын айрықша  билеп жүргенін айтады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560