Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 6068 2 пікір 6 Сәуір, 2020 сағат 10:46

Несіпбек Айтұлы. Таңғы шықтың тағдыры

Несіпбек Айтұлы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Таңғы шықтың тағдыры

Жарық дүние жалғасындай,
Ай нұрынан тамды сүт.
Қара түннің көз жасындай,
Мөлдіреген таңғы шық.

Сезетіндей көп тұрмасын,
Дірілдейді тізіліп.
Жел тербесе шөптің басын,
Жерге түсер үзіліп.

Бар тіршілік шөл қандырар,
Төгілгенде таң нұры.
Кімді бірақ толғандырар,
Таңғы шықтың тағдыры?..

Таң күзетіп

Медет күтіп жарылқаушы Иемнен,
Өз отыма күнде жанып-күйем мен.
Талықпастан таң күзетіп шығады,
Қара көзім кірпігіне сүйенген.

Жас сәбидің жанарындай тұнық бір,
Мөлдір сезім жырда ғана тұнып тұр.
Шақтарымда қатты шаршап қалғыған,
Уа, Тәңірім, кірпігімді тынықтыр!

Жаным неге, жаным неге жаралы?
Көңіл неге, көңіл неге қаралы?
Рухымның мүлгіп кетпей жанары,
Кірпігіне сүйене алса жарады..

Қасым Аманжоловқа арыз айту

Көтеріл, тұр орныңнан, сөйле, Қасым,
Өлген деп ешкім сені ойламасын!
Салса да от пен суға жаны сірі,
Мына жұрт ақындармен ойнамасын!

Жаға ма бұл жалғанда пенде көпке?
Қысылсам қолыңды соз, кел көмекке!
Тоқымдай тозып біткен лақтырып кет,
Ұлтыма жарамасам мен керекке.

Ұшқындай сенен қалған өрттен жеткен,
Жанымды менің-дағы дерт меңдеткен.
Күркілдеп көрпе астында жатқанымды,
Сыртымнан қайдан білсін өткен-кеткен?

Өлеңнің көк нөсері – өршіл, аға,
Маған да езуіңнен бер сыбаға!
Бүркіттей борандатып бір соғып кет,
Қанаты қайырылған қаршығаға.

«Барың да, бақытың да өлең еді»,
Жұлдыздай жарқыраған төбедегі.
Ақынға алтын-күміс жараспайды,
Жаратқан одан артық не береді?

Өзгеден сенің орның бөлек еді,
Кигенің жыртық-тесік кенеп еді.
Біздің де үстімізден түсер бір күн,
Бес күндік бұл пәнидің кебенегі.

«Көк бөрік, көк жағаның заманында»,
Қара бұлт үйірілді қабағыңда.
Айтқаның сенің зарлап былай қалды,
Қара жер зыр айналды табанымда.

Көз жазып көкжалдарым қайран жерден,
Атудан қалғандары айдауда өлген.
Солардың кебін киіп қалмас үшін,
Алдымен сені іздеймін майдан көрген!

Күркіреп найзағайдай бұлтты жарып,
Көрінсең қалар еді жұрт қуанып.
Намыстың сен бардағы қызыл өрті,
Майшамдай сығырайып бітті жанып.

Көбейді жылмаңдаған жаңа пысық,
Аспанға шілдің боғы барады ұшып.
Көбіміз жүргендейміз осы күні,
Қуалап қараңғыда қара мысық.

Қанатың жел тұрғызса самұрықтай,
Қалмайды қу заманның шаңы бұқпай.
Қазақтың қасіретін қайдан ұқсын,
Өскендер өзге түгіл өзін ұқпай.

Шарқ етіп шамырқанғыш, шамшыл аға,
Қайғымды мен айтпайын, сен сұрама.
Бетінің қытығы жоқ безбүйректің,
Етінен ет кессең де қан шыға ма?!

Бір жұмбақ балықшы бар

Тіріге жайған торы көрінбейтін,
Бір жұмбақ балықшы бар өлім дейтін.
Өлуге жаралған соң өкінбейсің,
Көр қазып, жұртың болса кебіндейтін.

Түспесе ықыласы пендесіне,
Тәңірдің кім таласар бермесіне?
Бақидың бас бұйдасын тартып кеткен,
Көз жетті бұрынғының келмесіне.

Сыйлаған біреуге сор, біреуге бақ,
Тағдырдың түсі суық күрең қабақ.
Шаңдатып, шерулетіп біз де өтерміз,
Қаларын қай қуыста кім аңдамақ?

Ер жігіт еңбек етсе ел мен жерге,
Кедейі қайыр сұрап телмеңдер ме?
Байдың да балпаңдаған күні бітер,
Тыққанмен қазынасын көрден-көрге.

Қу болсаң қиянатты көп жасаған,
Қашсаң да шыбын жаның қалмас аман.
Шын сүйсең, сені сүйіп сенен де артық,
Құлыңдай қызмет қылар ел де саған!

Су жұқпас қу болсаң да, сұм болсаң да,
Түбінде бір түсесің құрған торға.
Халқыңды зар қақсатып, зәтте қылсаң,
Топырақ салатұғын кім бар сонда?

Жағда Бабалықты еске алу

Уын жұтып заманның өзегіңе құйылған,
Сары атандай саз кешіп, сүрлеу салдың қиыннан.
Тасқа соғып төсіңді, алып шықтың көшіңді,
Өрмекшінің торындай тағдыр салған шиырдан.

Қараша үйдің бүтіндеп арқан-жібін қиылған,
Қазағыңды қорғадың қаптай соққан құйыннан.
Ұлт үмітін ақтадың, тәбәріктей сақтадың,
Сынық түйме табылса, халқың тұтқан бұйымнан.

Мойның озып сұңқардай алқа топта жиылған,
Олжа салдың ортаңа, Тәңір берген сыйыңнан.
Сағынғанмен бүгінде, сөзіңді естіп тіріңде,
Бізде де арман бар ма екен, сізден сарқыт бұйырған,

Тілін тауып уақыттың, сауын сауған тиыннан,
Қарыз алып жұртың жүр, келер жылға биылдан.
Көзімді сап қарасам өткен менен кеткенге,
Өзің құсап бұрқылдап бу шығады миымнан.

Бейбіт күннің қадірі

Зәресі ұшып індет деген дүлейден,
Бүкіл әлем қалтырады үрейден.
Әуежайда қаңтарылып ұшақтар,
Жартастардан аумай қалды сілейген.

Өмір-өлім бетпе-бет кеп тіресті,
Пойыздардың, кемелердің үні өшті.
Мемлекеттер бір-бірімен жауласқан,
Бір-бірінің амандығын тілесті.

Тура келген ажалдан кім бұлтарды?
Адамзаттың көк аспанын бұлт алды.
Шекаралар, көшелер де жабылды,
Терезелер, есіктер де қымталды.

Көңіліне уайым кірген күйінде,
Пақыр да отыр, патша да отыр үйінде.
Бейбіт күннің білмеппіз ғой қадірін,
Ішкен тамақ, мәз боп киген киімге.

Ар алдында есеп берер күн келді,
Қарақшылар, жемқорлар да жым болды.
Ұмытылды соғыстар да кешегі,
Естен шығып кім жеңілді, кім жеңді?

Түскен кезде ауыр тағдыр тезіне,
Шырқырады шайтандардың өзі де.
Тажалдар да тәубасына келіп бір,
Шыбын жаны елестеді көзіне.

Ей, бауырлар, қу дүниеге құнықпа,
Мөңіреме мәнсап деген тұлыпқа.
Қырғын тисе көппен бірге кебінсіз,
Қара жерге кіреріңді ұмытпа!

Адамзатқа келген тосын зобалаң,
Аулақ кетсін, болсын барлық ел аман!
Достық қана бекітеді іргеңді,
Қастық қашан қажетіңе жараған?

Бір-біріңді хан-төредей күтіңдер,
Туысыңа тапсаң құстың сүтін бер!
Мейрім ғана жеткізеді мұратқа,
Қайырым ғана қабырғаңды бүтіндер!

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5600