Төлен Әбдікұлы. Парасат майданы (жалғасы)
14
19 көкек
Айдың күнi аманында өзiм тап болған мынау беймағұлым жағдайға мен де үйрене бастаған секiлдiмiн. Коридордағы столдың астынан кезектi хатты алғанда бұрынғылай қорыққан да, үрiккен де жоқпын. Ежелгi танысымнан келген әшейiн бiр сәлем хаттай жайбарақат ашып, оқи бастадым:
14
19 көкек
Айдың күнi аманында өзiм тап болған мынау беймағұлым жағдайға мен де үйрене бастаған секiлдiмiн. Коридордағы столдың астынан кезектi хатты алғанда бұрынғылай қорыққан да, үрiккен де жоқпын. Ежелгi танысымнан келген әшейiн бiр сәлем хаттай жайбарақат ашып, оқи бастадым:
"Құрметтi Құрбым! Бiраз уақыт хат жазуға жағдайым болмады. Аурып қалдым. (Осы сәтте ерiксiз мырс еттiм:"Менiмен кiндiгiң бiр емес пе, мен ауырғанда қосыла бiрге ауыратын",- деген кекесiн ой келдi.) Соңғы хатыңды ризашылықпен оқып шықтым. Әрине, бәрiне келiсу мүмкiн емес. Бiрақ қисынды дәлелдер баршылық. Ал келiспейтiн жерiм - сен үнемi iзгiлiк мұратын абсолюттiк дәрежеге көтересiң. Бiрiншiден, абсолюттiк өлшем тәңiрiден басқаға лайық болуы мүмкiн емес. Екiншiден, кез келген заң шындыққа сәйкес келмесе, орындалмайды. Сенiң iзгiлiк туралы идеяң ешқашанда орындалмайтын, сол себептi қоғамда үнемi қайшылықтар тудыратын өлi заң секiлдi. Осыдан барып адамдар арасында - қол жетпеген арман, iске аспаған мақсат, мағынасыз текетiрес, өмiрге наразылық, уайым-қайғы түрiнде - сан түрлi берекесiздiктер туады. Ал өмiрде көптеген қайшылықтарды шешуге мүмкiндiк беретiн нәрсе - мәмiле, компромисс. Ол үшiн ең алдымен дүниетанымдық компромисс керек. Iзгiлiк пен зұлымдық деп аталатын философиялық категориялар көне заманғы адамдардың қарабайыр әсерi мен ой-өрiсiнен туындаған атаулар болғандықтан, бүгiнгi дүниетанымның талабына жауап бере алмайды. Тiршiлiктiң дамуын қамтамасыз ететiн екi күштi Оң және Терiс күштер деп атау керек. (Мәселен, электр зарядтарын + және - деп атаған секiлдi.) Сонда әлемдi екi лагерге бөлiп алып, ғасырлар бойы егескен мағынасыз күрес те саябырланар едi. Зұлымдықтың iшкi мазмұнын бiзден гөрi ертерек түсiнген адамдар да бар. Француз ақыны Ш.Бодлер өзiнiң "Зұлымдық гүлдерi" атты кiтабында зұлымдықты махаббатты жырлағандай жырға қосады. Қазiр мен осы кiтапты құныға оқудамын. Жапондық ұлы жазушы Акутагава Рюнеско: "Адам өмiрi Бодлердiң бiр жолына да татымайды",- дептi. Егер бiз рухани әлемде осындай бiр батыл қадамдар жасасақ, жалпы гуманизм деген түсiнiкке көптеген кеңшiлiктi өзгерiстер енер едi.
Есiңде бар ма, Пикассоның Минотавр сериясынан "Арена" деп аталатын суретi. Аренада ауыр жараланған Минотавр ұлыған қасқырдай тұмсығын көке көтерiп, жантәсiлiм қиналуда. Басы - бұқа, қалған денесi - адам осы бiр түрiнен жан шошырлық мақұлыққа қоршаудың аржағынан әлдекiм - шамасы, зұлымдық деген ұғымнан әлi үрейi ұшып үлгiрмеген жас болу керек - қолын созып, маңдайынан сипап, аяушылық бiлдiруде. Жаниесiне жанашырлық деген осы. Тiршiлiктiң ақырғы сәтiнде ышқынған Минатаврдың азапты сәтiне куә болып отырып, мiз бақпай, кiрпiгiн де қақпай, сап-салқын болып отырған бүкiл қатыгез тобырмен салыстырғанда әлгi адам өзiнiң табиғи мейрiмiмен имангершiлiкке бiр табан жақын тұрғанын айыру қиын емес.
Осыдан келiп, яғни екi лагерге бөлмеудiң арқасында, жалпы жан иесiне жанашу деген идея туады. Сен жек көретiн гомосексуалистер де осындай жан иелерi. Оларға байланысты заңға өзгерiс енгiзiп отырған - парламенттер емес, өмiрдiң өзi. (Cенiң күнделiгiңе көз жүгiрткенiмдi осы тұста сезiп отырған шығарсың. Көптен берi тығып, көрсетпей жүрушi едiң. Осы жолы ашық жатыр екен, оқи салғаным рас. Ғафу ет. Iшiнде менiң де жазған хаттарым жүргендiктен, екеумiздiң ортақ күнделiгiмiз десе де болғандай емес пе?!) Жалпы адам баласынан жиiркенбегенiң жөн.
Дәрiгерге аурудан жиiркенуге болмайтыны секiлдi, өзiн iзгiлiк жағындамын дейтiндер де рухани жиiркеншектiк көрсетуге тиiстi емес.
Адамзат өмiрiне ықпал жасаған данышпандардың iшiнде де гомосексуалистер болғанын ұмытпайық.
Ех, шiркiн-ай, сiзбен кездесетiн жағдай болса ғой!..
Хат күтемiн.
Бейтаныс құрбың"
Осы байғұстың маған неменеге құштар болып қалғанын бiр құдайдың өзi бiлсiн.
Мен палатама келiп, аз-кем отырып,ойларымды жинақтап алғаннан кейiн, кiдiрмей хат жазуға кiрiстiм:
"Құрметтi Бейтаныс құрбым! Кiршiксiз тазалықты талап ететiн ұғымдар бар. Мәселен: махаббат, ар-ұждан, мұрат, әдiлдiк, адалдық т.с. Сәл-пәл арамдық араласқан адалдық, сәл-пәл әдiлетсiздiк араласқан әдiлдiк, сәл-пәл алаяқтау махаббат болмайды. Олар иә бар, иә жоқ. Мұны абсолют десең де, демесең де, негiзгi мағынасы осы. Ал iзгiлiк мұратының табиғаты туралы өткен хатта өз дәлелдерiмдi толық келтiрген болатынмын. Оны қайталап жатпаймын. Айтарым, iзгiлiк мұраты күн сайын өзiнiң орындалуын талап етiп отыратын заң емес, ол заң секiлдi жағдайға қарай өзгерiп, кезең сайын толықтырылып отырмайды. Мұрат - баратын жердi емес, жүретiн бағытты көрсетушi темiр қазық iспеттi рухани жұлдыз. Сондықтан адамның өзiнiң кемшiлiгiнен туындайтын жердегi берекесiздiктi көктегi жұлдыздан көрудiң ретi жоқ.
Жердегi өмiрдi жақсарту үшiн мұратты емес, адамды жөндеу керек, адамды.
Екiншiден, iзгiлiк пен зұлымдық атауын өзгерту тек күнаһарлар мен қылмыскерлерге ғана тиiмдi болуы мүмкiн. Үйткенi бұл оларды маңдайларына басылған қара таңбадан бiр-ақ сәтте құтқарар едi. "Мейлi, ақтай берiңдер, мейлi, жазаламай-ақ қойыңдар, бiрақ зұлымдықты зұлымдық деп өзiнiң атымен атаңдаршы,"- дейдi Федор Достоевский. Осы кiсiнiң айтқаны дұрыс секiлдi.
Ал, адам баласын алаламай жақсы көру, шын мәнiнде, жақсы идея. Алайда, өзiң айтқан Минотавр зұлымдықтың символы бол ала ма? Өлiм аузындағы Минотаврды басынан сипау зұлымдықты басынан сипау ма, әлде зұлымдықтың тырнағына iлiгiп, осындай тағдырға тап болған жан иесiне аяушылық па? Тәрiзi әлгi суреттiң негiзгi мәнi осы соңғысында болар. Жан иесiне аяушылық осы мағынасында көңiлге қона алады. Ал сенiң пайымдауыңа келсек, сен үшiн ең негiзгiсi - зұлымдық пен iзгiлiктiң шекарасының жойылып, минотаврдың емес, зұлымдықтың маңдайынан сипаса екен деген тiлекте жатыр. Жiңiшке аурумен ауырған адамды басынан сипау - жiңiшке арудың басынан сипау емес. Жiңiшке аурудың тұтқыны болған жан иесiн аяу.
"Күнәһармен емес, күнәнiң өзiмен күресу керек",- деген әулие М.Ганди. Күнәдан жиiркенбейтiндер күнәмен ешқашанда күреспейдi.
Адамның ар-ұятына байланысты ұғымдардың мойындалмай, тiптi мүлде керiсiнше сипат алуы менi ұзақ ойландырды. Ақыры бiр тоқтамға келгендей болдым...
Мәселен, ұрлық жасау барлық елдiң ұғымында масқара болып есептеледi. Бiрақ ұрлықтан дәм татып дәнiккен адамға ол ешқандай да масқара емес. Ерiнiң көзiне шөп салып үйренген әйелге зинақорлық ұят емес, қолға түсуi ғана ұят. Күнәһарлық ғимаратына бiр кiрген соң, саған тиым салатын ешқандай ереже жоқ. Яғни белгiлi бiр табалдырықтан аттағаннан кейiн, саған әлде бiр хайуани бостандық келедi, жиiркенуден арыласың. Бәрi де бой үйренуден басталады: темекi де, маскүнемдiк те, нашақорлық та. Әлдебiр қылмысқа (қара күш пе, рухани ма - бәрiбiр) батыл қадам жасасаң болды, әрi қарай өзiнен өзi майға түскен пышақтай жылжып кете бередi екен. Үйткенi ар табалдырығынан аттағаннан кейiн-ақ, жамандыққа бой үйренедi. Табалдырықтың ар жағында тұрған адамға ештеңе де ұят емес. Ештеңеден де қысылмайды. Үйткенi басқа территорияда тұр. Ол тек осыны неге ертерек жасамадым деп өкiнуi мүмкiн.
Алайда, бiр затты естен шығармаған жөн. Табалдырықтан аттау - аттамағаннан жүз есе жеңiл. Аттау үшiн үлкен күш жұмысаудың қажетi жоқ. Iшкi жеңiлтек (хайуани) сезiмдерiңе ерiк берсең болды. Ал аттамау үшiн үлкен қайрат керек. Маскүнемнiң арақты, нашақордың есiрткiнi қою үшiн жұмысайтын жiгерiндей жiгер керек. Ондай жiгерiң болмаса, "табалдырықтан аттай салғанда тұрған ештеңе жоқ" деп өзiңдi-өзiң алдап, жұбатқаннан басқаға шамаң келмейдi.
Олай болса, адамгершiлiк деген қалаған кезде кiре салатын есiгi ашық тұрған иесiз үй емес, үлкен рухани жiгердi, төзiмдi қажет ететiн, шарты қатал, кiруi қиын сәулеттi ғибадатхана. Ал қиындыққа төждiретiн, жiгерiңдi құм қылудан сақтайтын жалғыз нәрсе - өмiрге рухани мән-мағынаны iзгiлiк қана бере алатынын арыңмен, жаныңмен сезiнуiі ғана.
Жиiркенбеу керек депсiң, құрбым. Жиiркенiш сезiмiңдi жұртқа сездiру, сездiрмеу - этика мәселесi, бiрақ оның дәрiгердiң де, дәрiгер еместiң де бойында бар екенi даусыз. Ар мен ұяттың тазалығы барда, дүниедегi лас нәрселерден жиiркенбеу мүмкiн емес. Сол сезiмнен сенiң де айрылып қалмауыңды тiлеймiн.
Бейтаныс құрбың".
Мен хатымды жазып болған соң, өзiмнiң дұрыс жауап қайтарған-қайтармағанымды тексеру үшiн, бейтаныс құрбымның хатын қайта бiр көз жүгiртiп оқып шықтым.
Байқағаным - хаттың негiзгi түйiнiн, шынында да, аңғармаған секiлдiмiн. Оның ойынша, гомосексуализм өмiр сүруге хақылы қоғамдық құбылыс, сондықтан одан жиренуге болмайды. "Ех, сiзбен..." Осы кезде ғайыптан пайда болған бiр күдiктi ой маған ток соққандай әсер еттi. Астапыралла! Мынауыңның өзi, мен бiлсем, гомосексуалист! Неге меңзеп отырғаны белгiлi. Бұған дейiнгi қисық-қыңыр ой-пiкiрлерiнiң бәрi де осының ақтауы емей немене? Арам мен адалды бiр ыдысқа құйып, сапырған қойыртпағын неге маған өткiзе алмай жүр десем...
Бұрынғы хаттардағы көңiлге секем алдыратын құйтұрқы сөздердiң бәрi анталап көз алдыма келгендей. Ойлаған сайын, өткендi пайымдаған сайын, ашқан "жаңалығымның" ақиқат екенi анықтала түседi. Осынша күш-жiгердi, ақыл-ойды сарп етiп, жүректi жаралап, жан алысып-жан берiскен арадағы айтыстың аяғы осыған келiп тiрелер деген ой үш ұйықтасам түсiме кiрмес едi. Бұл тiптi мен күтпеген оқиға болды.
Бейтаныс құрбымның мына пиғылы менiң жанымды қорлады. Әлдебiр жиiркенiш сезiмiнен жүрегiм айнып, лоқсығым келетiн секiлдi...
Барған сайын найсаптанып, озбырланып келе жатқан бейтаныс құрбым ақыры менiң намысымды оятқан секiлдi. "Кездесудi қалап тұрса, неге кездеспеске,- деймiн өзiмдi өзiм үгiттеп.- Мен қорқатын ештеңе жоқ. Мақсаты күмәндi, пиғылы жат жандар жүрексiнсiн, жүрексiнсе."
Мен Бейтанысқа жазған хатымның соңына мынандай сөздердi қостым: "Ертең кешкi сағат 8.30-да подвалдың шаруашылық бөлiмшесi жағынан күтемiн."
Хатты келiсiмдi жерге апарып тықтым.
Ертеңгi кездесер сәттi асыға күтетiн секiлдiмiн. "Көруiм керек"- деймiн әлденеге тағатсызданып.
Көрмеген жаудан қауiптi жау жоқ.
15
20 көкек
Дәрiгер маған әлдеқандай ыстық укол тағайындады. Медбике мазасыздау жан болатын, укол салғанша маған қайта-қайта:
- Қорықпаңыз, қазiр денеңiзде ыстық толқын пайда болады. Тек қорықпаңыз, мiне, мiне, қазiр, қазiр,- деп, менiң үрейiмдi ұшырып, ақыры - қысымым көтерiлiп кеттi ме - тынысым тарылып, жанымды қоярға жер таппадым.
- Өлiп барамын,- дегендi әрең айттым.
Медбике зәресi ұшып, жүгiрiп барып, бiр әйелдi шақырып келдi. Екеулеп жүрiп маған тағы екi укол салып, тақтай орындыққа шалқамнан жатқызып қойды.
Жарты сағат шамасында қалпыма келгендей болдым. Тiптi бiршама көңiлiм көтерiлiп, есiмнен қалай танғанымды өсiрiңкiреп айтып, өзiмдi өзiм мазақ қылып, медбикелердi күлдiре бастадым. Бiрақ олар менiң бiржола айыққаныма толық сене қоймаған тәрiздi. Менi палатаға апарып жатқызып, бүгiнше төсектен тұрмауымды өтiндi.
Түске қарай дәрiгер келдi. Оқтау жұтып алғандай кекiрейiп тұрып, менiң тамырымды ұстады, содан кейiн сәл ойланып, "жарайды көре салайыншы" дегендей, дымқыл алақанын маңдайыма салып, қызуымды байқағандай болды да, "бәрiн де бiлем, осылай болуға тиiстi және осылай бола бередi" деген адамша ештеңе сұрамастан, айтпастан шығып кеттi.
Түскi астан кейiн көзiм iлiнiп кеткен екен,түс көрiппiн. Iшiнде халық ығы-жығы үлкен бiр ғимараттың iшiнде тұрмын. Жұрттың бәрi әлдеқандай бiр кезекте тұрған секiлдi. Мен де тұрғым келiп кезектiң соңын iздеймiн. Соңы жеткiзер емес. Сыртқа шықсам, кезекте тұрғандардың тiзбегi қаланың сыртынан әрi асып кетiптi. Қалайда соңын көргiм келiп, үйдiң төбесiне шығамын. Шығамын да, айран-асыр болып тұрып қалам. Кезекте тұрған қара-құрым халықтың легiнде тiптi шек жоқ, көздiң нұры жетпейтiн көкжиектен әрi асып, әлдебiр тұманды кеңiстiкке сiңiп кеткен. Зәрем ұшып жерге түсемiн. "Мына кезекке қалай тұруға болады?"- деймiн әлдекiмнен. "Ой, бұл кезектiң соңына ешкiм жеткен емес. Көбiсi кезектерiн баласының баласына қалдырып кетедi",- дейдi әлгi әлдекiм. Не iстерiмдi бiлмей, ғимараттың iшiне қайта кiремiн. Кенет: "Әй, бауырым!"-деген бiр жұмысақ үндi естимiн. Жалт қарасам, көзi күлiмдеген еңкiштеу егде кiсi. "Сен мұны таста, бұдан ештеңе өнбейдi. Берi жүр,"- дейдi. Түрi таныс секiлдi, бiрақ тани алмаймын. Тұрған жұрттың ара-арасымен өтiп, қабылдау бөлмесiнiң iшiне кiрдiк. Шамасы, iшке кiргеннен кейiн, кезек әртүрлi кабинеттерге бөлiнетiн секiлдi. "Менiң кезегiм осы жерде. Осында отырып күт",- деп әлгi кiсi шығып кетедi. Күтпеген бақыттан қуанышым қойныма сыйар емес. Осы кезде: "Ал, жақсы, кiрдiм, сонда не айтуым керек",- деген ой келедi басыма. Шынында да не айтарым белгiсiз, тiптi кезекке не үшiн тұрғанымды өзiм бiлмейтiн секiлдiмiн. "Қап, ұят болатын болды-ау,"- деймiн iштей ыңғайсызданып. Осы арада не болғаны есiмде жоқ. Әлден уақытта қарасам, кiретiн есiкте жазулы тұрған өзiмнiң аты-жөнiмдi көремiн. Түкке түсiнбей: "Мынау менмiн ғой, шырағым-ау,"- деймiн хатшы қызға жазуды көрсетiп. "Сiз болсаңыз қайтейiн, кiрiңiз онда өзiңiзге,"-дейдi қыз безбүйректенiп. Мен жүрексiне орнымнан тұрамын. Кiм болуы мүмкiн аржағында? Артымда тұрған көп халықтың iшiнен:"Не де болса, тәуекел, кiр,"- деген сыбырды естимiн. Iле-шала: "Қой, бiрдеңенi бүлдiрiп аларсың, байқа, ойбай, байқа,"- деген сыбыр тағы естiледi. Тәуекел деп есiктi ашып, iшке кiрiп келгенде... астапыралла, екi көзiн менен алмай, өзiме қарай ақырын жақындап келе жатқан өзiмдi көремiн. Бiртүрлi түрi суық. Денем тiтiркенiп, шегiне беремiн. Ол онан сайын жақындай түседi. Бетiме демi тиедi... Қолыма қолы тиiп едi, өлiктiң қолындай мұп-мұздай екен. Айғайлаған өз даусымнан шошып ояндым.
Бiрiншi көргенiм - қарсы алдымда тұрған медбике. Менi оятпақ болып қолымнан ұстапты. Қолын мұздай суға жуған ба - сұп-суық.
- Кешiрiңiз,- дейдi қысылып,- сiздi шошытып алармын деп ойламаппын. Шайды бөлмеңiзге әкелiп едiм. Суып қалмай тұрғанда iшiп алыңыз.
- Рахмет,- деймiн медбикенiң мұздай қолын жiбермей.
Мынандай жайсыз түстен кейiн оянып, қайтып оралатын анық өмiрдiң барлығы, онда сенi медбикенiнiң шай әкелiп күтiп отыратыны қандай жақсы деп ойлайтын секiлдiмiн.
Кешке қарай ауа райы бұзылып, аздап жаңбыр жауды. Одан кейiн жел тұрып, ауланың iшiн астан-кестең қылды. Кешкi кездесудi ойлаған менiң де жан сарайым ұйқы-тұйқы. Уақыт жақындаған сайын тағатым қашып, мазасыздана түсемiн.
Кешкi асты ауыз тиiп қана қайтардым. Қанша зорлансам да, батпады. Бөлменiң iшiн әрлi-берлi кезiп, коридорға шықтым. Одан сыртқа қайта шығып,шаңы бұрқыраған аула iшiнде жалғыз өзiм ұзақ жүрдiм. Өзiмдi өзiм арбап: "Күшiңдi жи! Жiгерлен! Басыңды көтер!"- деп арасында сыбырлап қоямын.
Осылай қанша жүргенiм есiмде жоқ. Әлде үрейге бойым үйрендi, әлде өз iшiмнен бiр қуат таптым, әйтеуiр, беймәлi бағытқа алып қашқан көлiктiң басын тартып тоқтатып, есiмдi жиғандай болдым. Өзiмнiң кездесуге дайын екенiмдi сездiм.
Сағат сегiз жарым да подвалға түстiм. Мына қырсықты қарашы. Киiм-кешек, төсек-орын, шаруашылық жабдықтары сақталатын бөлмелер жағы жайшылықта жарқырып тұратын. Шамасы, шамдары жанып кеткен - коридор қап-қараңғы. Мына жағдай менi тiптi абыржытып тастады. Отыратын орындығы да бар секiлдi едi, оның қай жерде екенiн бiр құдай бiлсiн. Мұны бiлгенде, бұл жерге келуге уәде байласпайтын едiм. Әдейi iстеп жүрген өзi емес пе екен деп iштей бейтаныс құрбымнан қауiптенiп қоямын. Кенет әлде бiр тықырды естiгендей болдым. Жүрегiм су ете қалды. Соның өзi! Қабырғаға арқамды тiреп, тың тыңдадым. Дыбыс шыққан жаққа ақырын жылжып келемiн. Коридордың кей тұстары алакөлеңке, бiрдеңелердi аңғаруға болады. Шамасы, сырттан жарық келетiн шағын терезелер болу керек. Кенет тықыр мүлде басқа жақтан шыққандай болды. Бейтаныс құрбым менi әбден мазақ қылып жүрген секiлдi. Тықырдың әр жерден естiлуi тиылмады.
Ақыры шыдай алмай, өз даусымнан өзiм қорқып тұрсам да, барынша сабырлы болуға тырысып:
- Мен бәрiн де бiлiп тұрмын. Сен осындасың,- дедiм даусымды көтерiп. Коридор iшiнде даусым күңгiрлеп, онан жаман қорқынышты естiлдi.- Кездесетiн күн болса деп тiлеп едiң, мiне...- одан әрi "келдiм" деген сөздi айтып едiм - демiм бiтiп, үнiм шықпай қалды. Бар қуатымды жиып:
- Келдiм!- дедiм.
Даусым тым қатты шығар деп ойлаған жоқ едiм, өз айғайымнан өзi шошып кеттiм. Ешкiм үн қатқан жоқ.
Қабырғаны сипалап ақырын жылжып келемiн. Тықыр естiлмей кеттi. Тас қараңғы бұрыштан сәл-пәл қара көбеңдеу тұсқа шықтым. Кенет дәл қасымнан әлде кiмнiң бейнесi көлбең ете қалды. Тұла бойым түршiгiп, айғайлап жiбердiм. Одан кейiн қалай құлаштап ұрғанымды өзiм де сезбей қалдым. Сезгенiм - қолымның әлдебiр қатты затқа тиiп, iле-шала салдыр-гүлдiр етiп сынған әйнектiң жерге шашылғаны.
Қараңғы коридордың iшiнде жүремнен отырып, есiмдi жинадым. Ұрғаным қабырғадағы айнаға түскен өз бейнем болып шықты. "О, тәңiрiм, осынша азапқа салғандай, не жаздым?"- дедiм қинала күбiрлеп. Көзiме жас келдi...
Қолымының жарақаты жанға батып, орынымнан тұрдым. Қираған айнаның сынықтары аяқ астында шақыр-шұқыр етедi.
Мең-зең күйде қабырғаға қайта-қайта соғылып, келген iзiммен жоғары көтерiлдiм. Палатама кiрген кезде, менi күтiп тұрғандай, iле-шала медбике де кiрдi. Менi көрiп:
-Ойбай , не болды?!- дедi шошынып.
-Есiк алдында сүрiнiп құлап қалдым,- дедiм iшiмнен басқа бiреу сөйлеп жатқандай бөтен үнмен.
-Түрiңiз боп-боз ғой. Қазiр дәрiгер шақырайын.
- Жоқ,- дедiм әрең дегенде үн қатып. - Үйткенi осы кезде әбден қалжырап шаршағаным сонша, бойымдағы әл-қуат ең соңғы бiр талшыққа iлiгiп тұрғандай көрiндi. - Шақырмай-ақ қой...- Терең демалып, келесi сөздi айтуға күш жинадым.- Қолымды байлап берiңiз...
Медбике жүгiрiп шығып кеткен. Ақыры кезекшi дәрiгердi ертiп қайтып келдi. Дәрiгер қан қысымымды өлшеп, жүрегiмдi тыңдап, әлде бiрдеңелердi менен сұрайтын секiлдi, медбике жанталасып дәкемен қолымды орап байлап жатыр, бiрақ мен олардың ешқайсысына да мән берген жоқпын, үйткенi мұның бәрi менiң жан дүниемде болып жатқан оқиғаларға түк қатысы жоқ мағынасыз бiрдеңелер едi. Дәрiгердiң маған укол тағайындағаны, берген ақыл-кеңестерi, медбикенiң құйрығымнан шапалақпен ұрғандай сарт еткiзiп ине шанышқаны - осының бәрi маған басқа бiреудiң басында болып жатқан оқиғадай көрiндi
Шаршағаным соншалық дәрiгер мен медбике кетiсiмен, өзiмнiң қалай ұйықтап кеткенiмдi сезбей қалдым.
Оянсам - сағат түнгi 11-ден кетiп барады екен. Қатты ұйықтағаным сонша, қайдан келiп, қайда тұрғанымды есiме әрең түсiрдiм. Манағы болған оқиғалар, күйзелiстер сәл-пәл алыстап, сабырмен ақылға салып ойлануға мүмкiндiк бергендей.
"Не себептi кездесуге келмедi екен?"-деген ой бiрiншi келдi. Әлде... Осы кезде: "Өзi соңғы хатты алды ма екен?"- деген бiр күдiк сумаң еттi. Орынымнан атып тұрып коридорға шықтым. Коридорда ешкiм жоқ. Столға келiп, астына қол жүгiртiп едiм, қолыма қағаз iлiктi. Жүрегiм тарсылдап, қағазды жұлып алғанда өзiмнiң хатым екенiн көрдiм. Әлдеқалай тағы да әлсiреп, хатымды орынына қайта қойдым да, сылқ етiп орындыққа отыра кеттiм. Басым ұйып: "Алмапты ғой",- деймiн күбiрлеп өзiммен өзiм сөйлесiп. Иә, бәрi де түсiнiктi болды. Жел диiрменмен соғысқан әумесердей өзiмдi өзiм қарадай азапқа салған сорлы басым!..
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»