Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3438 0 пікір 17 Қазан, 2011 сағат 02:32

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» (жалғасы)

2.

Жол үстінде тұтқындалған Халел Ахметжанұлы Ғаббасов Қызылорда қаласына әкелінді. 1928 жылы 10 қараша күні тергеуші Ольшанский  Қылмысты істер кодексінің 58 бабының 13,17 тармақтары бойынша айып тағып, жауапқа тартқан. Сол ұйғарым бойынша ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілдері Саенко мен Петровтан Ғаббасовты тұтқынға алу туралы келісім сұраған. 15 қараша күні ресми түрде түрмеге қамалды. Тұтқындау туралы ұйғарымында Халел Ғаббасовқа:«қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін қасақана ауылына барды», - дегеннен басқа айып тағылмаған. Ал Жоғарғы соттың анықтамасына жүгінсек:

«1927 жылы далада (?) қарулы көтеріліс ұйымдастырды деп тағылған айып та ешқандай дәлелсіз. Бұл да Әділевтың жалаң сөзіне құрылған   даурықпасына ғана негізделген. Бұл мәселе жөнінде жауапқа тартылған Дулатов та, Байтұрсынов та, Есполов та, Ғаббасов та және басқалары да мойындамаған, олар қарулы көтеріліс ұйымдастыруды мақсат етпеген. Олар елдеріне өз өмірлерін сақтау үшін ғана кетпек болған, себебі: СССР мен Англияның арасындағы жағдайдың нашарлауына байланысты екі арада соғыс басталады, сондықтан да бұларды бұрынғы алашордашылар ретінде қуғындап, қысымға алады деп ойлаған».

2.

Жол үстінде тұтқындалған Халел Ахметжанұлы Ғаббасов Қызылорда қаласына әкелінді. 1928 жылы 10 қараша күні тергеуші Ольшанский  Қылмысты істер кодексінің 58 бабының 13,17 тармақтары бойынша айып тағып, жауапқа тартқан. Сол ұйғарым бойынша ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілдері Саенко мен Петровтан Ғаббасовты тұтқынға алу туралы келісім сұраған. 15 қараша күні ресми түрде түрмеге қамалды. Тұтқындау туралы ұйғарымында Халел Ғаббасовқа:«қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін қасақана ауылына барды», - дегеннен басқа айып тағылмаған. Ал Жоғарғы соттың анықтамасына жүгінсек:

«1927 жылы далада (?) қарулы көтеріліс ұйымдастырды деп тағылған айып та ешқандай дәлелсіз. Бұл да Әділевтың жалаң сөзіне құрылған   даурықпасына ғана негізделген. Бұл мәселе жөнінде жауапқа тартылған Дулатов та, Байтұрсынов та, Есполов та, Ғаббасов та және басқалары да мойындамаған, олар қарулы көтеріліс ұйымдастыруды мақсат етпеген. Олар елдеріне өз өмірлерін сақтау үшін ғана кетпек болған, себебі: СССР мен Англияның арасындағы жағдайдың нашарлауына байланысты екі арада соғыс басталады, сондықтан да бұларды бұрынғы алашордашылар ретінде қуғындап, қысымға алады деп ойлаған».

Әр сөзі - аса маңызды тарихи оқиғалардың астарын ашып беретін Халел Ғаббасовтың тергеушіге берген жауаптарын рет санын сақтай отырып келтіреміз. Сондай-ақ 1926 және 1928 жылдары Х.Ғаббасовтың өз қолымен толтырылған екі анкетаны салыстыра пайдаланғанымызды ескерте кетеміз.  Өйткені бұл адам туралы мағлұматты ел-жұрт толық біле бермейді.

«Анкета: 1. Мекеменің аты және атқаратын қызметі  Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің финанс-экономика секциясының меңгерушісі. 2. Әкесінің, өзінің аты-жөні - Халел Ғаббасов Ахмеджанұлы. 3. Жасы - 40-та (1888 жылы туған). Ұлты - қазақ. 5. Қандай елге, қай руға жатады - руым тобықты. Бұрынғы шыққан тегі мен дәрежесі - малшы семьясынан шыққан. 7. Мекен-жайы (өмірінің көбін өткізген жері) - Семей губерниясы. 8. Тұрағы (қазіргі) - Қызылорда. 9.   Семьялық жағдайы,  өзінің қарамағына  қарайтын семья мүшелері, еңбекке жарамдысы қанша, жарамсызы қанша - әйелім, балаларым бар. (Екеу - біреуі 12 жаста, екіншісі 2-де), 14 жасар інім бар. 10. Білім дәрежесі - 1915 жылы Москва университетінің физика-математика факультетін бітірдім.11. Мамандығы - 12. Қай тілде сөйлеп, жаза, оқи аласыз - орыс және қазақ тілдерінде. 13. Февраль Революциясына  дейін  немен шұғылдандыңыз (Егер қызмет істесеңіз - қайда және қандай қызметте болдыңыз) - Революцияға дейін Семейдегі ұсақ кредит мекемелерінде істедім. Революциядан кейін 1918 жылдың қаңтарына дейін Губревкомның төрағасы, облыстық жер бөлімінің төрағасы, облыстық қазақ бөлімінің төрағасы міндетін атқардым. Қазір сауда және кооперация жүйесі бойынша Қазақ мемлекеттік жоспарлау комитетінің президиум мүшесімін. 14. Революцияға дейін меншігіңіздегі қозғалмайтын қандай байлығыңыз болды (оның қайда болғанын көрсетіңіз) - Қызметкер болдым. Қозғалмайтын байлығым (Бұл - арада - үй, завод т. б. айтылып отыр - Т.Ж.) болған жоқ. 15. Қазіргі дүние-мүліктеріңіз - ақсақ тоқтым да жоқ.16. Партияға қатысыңыз және қай жылдан мүшесіз - мүше емеспін. 17. Басқа партияда мүше болдыңыз ба, қанша уақыт болдыңыз және одан шығу себебініз - «Алаш» партиясын құруға қатыстым. 18.  Қандай да бір кәсіптік одаққа мүше болдыңыз ба және қашаннан - (Анық танылмады - авт.) да мүше болдым, қазір де мүшемін.19. Империалистік соғысқа қатыстыңыз ба - Жоқ. 20. Азамат соғысына қатыстыңыз ба - Жоқ. 21. Сотталдыңыз ба - Жоқ.. Тек 1919 жылы атаман Анненковтың азап вагонында екі күн қамаққа алындым. Не үшін екенін білмеймін. Мені большевик деп айыптады, бірақ мен большевик болған емеспін. 22. Адресіңіз - Қызылорда, Советтер үйі, I. 23. Акт толтырылған күн - 1926 жылдың 15 марты. Қолы.

Барлық тұтқындардың алғашқы жауабы өмірбаяндық шолу сипатында болған. Ал кейінгі тергеулер нақты бір мәселенің айналасына құрылған. Сұрақ-жауаптар үнемі қайталанып, тәптіштеліп отырғандықтан да қайталауға ұрынбас үшін тергеу барысын барынша қысқа әрі нақты, «айыпталушының» ой жүйесіне нұқсан келтірмей сығымдай мазұндап беруге тырысамыз. Сонымен, Х.Ғаббасовтың 1928 жылы 28 қазан күнгі бірінші көрсетіндісі екі бөлімнен тұрады:

Бірінші «жауап: Менің ата-анам мал шаруашылығымен айналысты. Семей губерниясының Шаған болысында олардың әуеліде дәулетті жеке шаруашылығы болды, кейіннен тәркіленіп, кедейге айналды. Арғы ата-тегім - татар, ұста болған. Осыдан 200 жыл бұрын Шаған болысына көшіп келген. Ғаббасовтарды тобықты руына қарайтын адамдар төлеңгіт есебінде кірме етіп алған. Төлеңгіт - бұл қоғамдық жік, сұлтандар мен төрелердің қызметшісі ретінде қалыптасқан. Менің ата-бабам сондай кірме дәрежесінде өмір сүрді. 1898 жылы Семей қаласындағы мектепке алындым. 1901 жылы гимназияның 1 сыныбына түсіп, оны 1909 жылы көктемде бітіріп шықтым. Ата-ана тарапынан қаржылай көмек алғамын жоқ, гимназия директорының ұсынуымен губернатор тағайындайтын қазақ балаларына берілетін стипендияны алып тұрдым. Гимназияны бітіргеннен кейін оқуды жалғастыруға қаражатым болмағандықтан да Семей уезінің Сейсен болысында оқытушылық еттім. 1912 жылы күзде Мәскеуге барып, алғашында Мәскеу университетінің заң факультетінде, содан кейін физика-математика факультетінде оқыдым. Ауысуымның себебі, заң факультетіне түскендіктен де жалпы заңгер атаулыға күдіктене қарайтын губернатор: революционерлердің ықпалында кетеді деген қауіппен мені стипендиядан айырды. Бұл негізсіз де емес еді. Сол жылдары Жақып Ақбаев революциялық қозғалыстарға белсене қатысып жүрген. Сонымен қатар Мәскеуде балаларды оқуға дайындаумен де шұғылдандым. Ауысқаннан кейін қазақ балаларына берілетін стипендияға ие болдым. Айтпақшы, 1914 жылы муровшылар мен толстойшылардың шеруіне қатысқаным үшін университеттен шығарылдым да, 1914 жылы күзде қайтадан түсіп, оны 1919 жылы бітірдім. Ақпан төңкерісіне дейін Семей қаласында кредит саласында істедім.

Содан кейін қазақ бөлімі мені Губерниялық қазақ комитетінің төрағасының орынбасары (төрағасы Р.Марсеков), кейін жер басқармасының бастығы етіп сайлады. Осы екі аралықта мен Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ құрылтайына Семейден өкіл боп қатыстым, сол құрылтайда «Алаштың» кеңес мүшесі болып сайландым. Құрылтайда мен ұлт мәселесі жөніндегі және тағы бір комиссияның, атын ұмыттым (әскери кеңес - Т.Ж.) мүшесі болдым. Құрылтайда «Алашорда» үкіметін жариялаудың мерзімі туралы екіұдай пікір таласы орын алды. Х.Досмұхамедов дереу автономия жариялауды, діни мүфтият құруды талап етті. Мен үкіметті орыс шаруаларының саяси жағдайы анықталған соң жариялау туралы ұсынысты қолдадым. Семейден Ермеков және тағы бір адам (атын ұмыттым) болды».

Халел Ғаббасовты «тағы бір комиссияның, атын ұмыттым, мүшесі болдым», - деп отырғаны «Алаштың» ұлттық жасағы жөніндегі комиссия еді және оның Ережесін сол жазды. «Алашорданың» құрылымдық жобасын жасады. Жалпықазақтық І Құрылтайда сайланған әскери Кеңестің мүшесі ретінде - халық милициясын құру туралы баяндама жасады. Құрылтайда қатты қадағаланып, қарама-қайшы пікірлер айтылып, ұзақ талқыланған мәселе - автономия, милиция, кеңес өкіметі қақында болды. Онда: Орынбордағы қазақ әскерінің өкілі Меньшин автономияны қолдай отырып, анархиядан құтылу үшін «Алашорда» Оңтүстік Шығыс Одағына қосылсын деді, ал М. Шоқаев қазақ пен қырғыздың бір автономия құрап, Түркістан автономиясының құрамына кіруін ұсынды. Халел Ғаббасов өзінің баяндамасында:

«Октябрь айына дейін халықтың сеніміне ие боп, билеп келген Уақытша өкімет құлады. Россия мемлекеті үкіметтен айырылды. Белгілі үкіметке бағынбай әркім өзінше билік етсе, азамат соғысының тұтанып кетуі мүмкін. Анархия толқыны бүкіл мемлекетті, үлкен қалаларды да, кіші ауылды да жайлап барады. Ол қазақтар тұратын облыстарға да тарап, халықтың өмірі мен дүние-мүлкіне қауіп-қатер төндірді. Олар қорғансыз қалды. Тығырықтан шығудың жолы - қазақ болыстары түгел мойындайтындай мықты үкімет құру керек. Екінші: мемлекет қазір өз басынан үлкен күйзелістерді кешіріп отыр: жаппай құлдырау мен анархия өріс алып, кісі өлімі көбейді. Бұл анархияның зардабы қазақ облыстарына тарау қаупі де төнді. Қалыптасқан төтенше жағдайға - арпалысқан анархияға қазақ халқы енжар қарай алмайды. Бұл анархия қазақ облыстарында бұрқ ете қалса, ешқандай қорғанышы жоқ қазақ халқының мүлдем құрып кетуі мүмкін. Сондықтан да аласұрып, төніп келе жатқан анархиядан ел-жұртты аман сақтау үшін, халық жасағын құру керек», - деп ұсыныс жасады.

Х.Ғаббасовтың жобасы бойынша құрылта мынадай шешім қабылдады.

«Қаулы: Төмендегі ережелерге сәйкес шұғыл түрде халық жасағы (милиция) құрылсын:

I. Милиция қатарына жасы 20 мен 35-тің арасындағы, қызметке жарамды ер адамдар қабылданады. II. Милиция қатарына өзі ерік білдіргендер алынады, ал белгілі мөлшердегі санға ерік білдірушілердің саны жетпегсн жағдайда, онда кімнің қызмет етуі жеребе арқылы шешіледі. ІІІ. Өз еркімен немесе жеребе арқылы қызметке алынған милиционерлерге ұлттық фондының есебінен жалақы беріледі, ал жалақының көлемін жергілікті жағдайдың ерекшелігін ескере отырып жергілікті ұйымдардың өзі, не милиция мекемесінің меңгерушісі төлейді. IV. Әр облысқа белгіленген милиционерлердің санын облыстар уездерге, уездер болыстар мен ауылдарға бөледі. V. Облыстық мекемелердің уездерге белгіленген мөлшердегі милициялардың толықтай жиналуына уезд мекемелері жауапты. VI. Жеребе бойынша милиция қатарына алынған адам өзінің орнына 20-35 жастағы басқа біреуді жіберуге қақысы бар. VII. Егер де жеребе бір үйдегі бірнеше адамға қатар түскен жағдайда олардың біреуі ғана алынады. Жасақтардың семья және басқа да жағдайына байланысты жеңілдік жасауға жергілікті мекемелер міндетті. VIII. Алғашқы кезде әрбір ауылдағы қауымдар өздерінен алынған милиционерлерді атпен, ер-тұрманмен және киіммен қамтамасыз етуі тиіс. IX. Жасақтарға қажетті мылтық, оқ-дәрі мен қылыштар "Алашорданың" ұлттық қорының есебінен сатып алынып, жер-жерге бөлініп беріледі. X. Милиционерлерді жаттықтыру үшін офицерлер мен инструкторлар - 100 милиционерге 1 офицерден, 50 милиционерге 1 инструктордан келетіндей мөлшерде қабылданады. XI. Офицер кадрларын даярлау үшін өзі тілек білдірген адамдар Орынбордағы казак-юнкер училищесіне орналастырылады. XII. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстары бойынша жалпы милиционердің саны 13.500 болуы керек, ал облыстар бойынша былай бөлінді: Бөкей - 1000, Орал - 2000, Торғай - 3.000, Ақмола - 4.000, Семей - 1.500 және Жетісу - 2.000 адам»

„Алашорда" үкіметінің құрылуы отан тарихындағы назар аударарлық маңызды оқиға болғандықтан да, салыстыра тұжырым жасауға мүмкіндік беретін дәйектемелерді назарға ұсынамыз. Онсыз айғақтамадағы жайлардың астарын терең сезіну неғайбыл.

Х.Ғаббасов (жалғасы): «Шамамен 1918 жылдың ақпанының соңында, наурыздың басында Семейде партияда жоқ жұмысшы-шаруа кеңесі құрылып, мен тең төрағалыққа сайландым. Тағы бір қазақ сайланды, оның атын ұмыттым. 1918 жылдан бастап барлық ұлттық бөлімшелер жойылды, соның ішінде қазақтарға ерекше қысым көрсетілді. Бөкейхановқа Семейге келу қауіпті еді, ол Орынбор маңында жасырынып жүрген болатын. Бұл жөнінде орталық үкіметке шағым түсірдік. Мәскеумен, Сталин жолдаспен тікелей байланысқа шығып, қазақ автономиясын құру туралы сөйлестік. Онда мен жергілікті совдептердің қысымын айта отырып, кеңес өкіметі жариялаған ұлттардың өзін-өзі анықтау және басқару туралы үндеуін тездетіп жүзеге асыруды талап еттім. Ол пікірімді мен 14 баптан тұратын, негізінен қазақ мекемелерін қалпына келтіру, кеңестің құрамындағы автономия құру, қазақ қайраткерлерін түрмеден шығару туралы болды. Сталин жолдас бұл ұсынысты қолдады. Ол: автономия жариялау үшін шұғыл түрде құрылтай шақыруды ұсынды. Орынбордағы Бүкілқазақ құрылтайы кеңес өкіметінің ұлт саясатына сай келетіні, облыстық кеңеске ұлт еркіндігі мен автономия құруға дайындық жасау, тұтқындағыларды босату туралы пәрмен беретінін айтты. Қалған мәселелерді Мәскеуде жүрген Халел Досмұхамедовке тапсыруды ұсынды. Осы байланыстан кейін Бөкейханов, Омаров, Марсеков, Ермеков, Сәрсенов Биахмет, мен - Ғаббасов және Байтұрсынов пен Дулатов қатысқан «Алашорда» мәжілісінде Сталинге: кеңес өкіметін сөзсіз мойындайтынымыз, орталықтағы біздің мүддемізді Х.Досмұхамедов қорғайтыны туралы мәлімдеме жолдадық. Мен Сталинмен сөйлескеннен кейін облыстық кеңестің төрағасы Шугаев тура байланысқа шақырылды. Олардың не деп сөйлескенін білмеймін. Бұдан кейін облыстық кеңес бізге деген көзқарасын өзгертіп, тұтқындағылардың біразын босатты. Алайда құрылтайды шақыру ісін қолға алмады. Екі арадағы қатынасымыз тағы да бұзыла бастады. Қазақ қызметкерлеріне тағы да қысым көрсетіле бастады. Автономия мәселесін түбегейлі шешу үшін Семей облысы қазақтарының құрылтайын шақыру үшін рұқсат алуға мәжбүр болдық. Өкілдерді әр болысқа барып жүріп, жергілікті жерден тікелей сайладық. Құрылтай мамыр айының басында шақырылды. Автономия мәселесі және кеңес өкіметінің бұл туралы саясаты бірауыздан мақұлданды. Сонымен қатар қатаң талаптар да қойылды. Менің кеңес өкіметі туралы көзқарсым осылай қалыптасты және Сталинмен арадағы тікелей байланысымның мазмұны осындай».

«Алашорда» үкіметі мен кеңес өкіметі арасындағы «сымсыз байланысқа» шығып, қазақтың тәуелсіздікке бет алған жолының сүйінші хабарын алғаш елге жариялаған адам осы Халел Ғаббасов. Баспасөзде жарияланып, ғылыми айналымға түскен бұл құжатты біз де пайдалануды жөн санадық. Өйткені барлық тәуелсіздік пен тағдыр тауқыметі осы құжаттан басталады:

«1918 ж. 19 мартта совет үкіметінің мүшесі, ұлт жұмыстарын басқарушы комиссар Сталин Мәскеуден Семейдегі «Алашордасының» бастығы Әлихан Бөкейханов һам оның жолдасы Халел Ғаббасовты ауызша сөйлесетін төте телеграфқа шақырды. Ертеңінде 20-мартта комиссар Сталин мен Халел сөйлесті. Сталин «Алаш» автономиясы туралы сөйлеспекші екен. Екі жағы өз пікірлерін айтысып, ақырында совет үкіметінің атынан халық комиссары Сталин мынаны айтты (Сталин сөзін өзгертпестен түсгелімен тәржіма қыламыз):

Русиядағы халықтардың құқықтары туралы Халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге шейін ұлт мәселелесі тақырыпты совет үкіметінің негізгі қызмет жобасы болып келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жайғастыруға қаулы қылды. Өзіңіз бізге тапсырып отырған жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы түгелімен жоғары жобаға муафық келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съезіңіздің қаулысы өкілдеріңіздің совет үкіметін тануға халаф болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советский федерация низамын жасап һам бұл мизам ІҮ советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни, әрбір тұрмысы, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерация алу құқы, басы байлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінеміз, біздің жауабымызды «Алашорданың» кеңесіне салып, жауап қайтарсаңыздар екен. Адрес: Мәскеу, Кремль, Халық комиссарларының бастығы Ленинге һам Халық комиссары Сталинге».

Міне, «Алашорда» мен кеңес үкіметінің арасындағы алғашқы және басты келісім құжаты осы. Бұл - қазақ мемлекеттігін құруға мүмкіндік берген ресми құжат. Яғни, Әбілқайырдың бодандыққа кіру туралы Анна Иоановнаға берген, тек қана ақ параққа қолы қойылған қағаздың құнын да, күшін де жоятын ұлы құжат.

Бұл оқиғаға куәгер болған Смахан Бөкейханұлы: «1919-жылдың басында қызылдар келді. «Алаш» әскерінің бастығы, найман Қази деген жігітті март айында атты. Апрельдің басында қызылдар қашты. Марттың 24 күні Сталин Әлекеңді «прямой проводқа» шақырды. Біз Мәскеуді алдық. - Қазақ автономиясы қайырлы болсын, өзің кімсің? - деді Сталин). Сонда қазақтар үлкен Семейде Жұмеке Оразалин дегеннің үйіне жиналып кеңесті. Әлекең айтты: Қару-жарақсыз нашар елміз ғой. Сталинге: сенімен біргеміз дейік - деді. Халел Ғаббасұлы, Райымжан Марсекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Биахмет Сәрсенұлы: «- Атамандар көп, Дутов, Семенов, Корнилов, атаман Анненков бар, бұлар қызылдарды қуады. Сталиннің керегі жоқ,» - деп көнбеді. Әлекең үндемеді. Мұхамеджан Тынышбайұлы, Әлімхан Ермекұлы екі жаққа да қосылмай қалды. Имамбек Тарабайұлы о да үндемей қалды. Шәкәрім Құнанбайұлы:  Оқығандар өздерің біліңдер, - деді», - деп жазыпты күнделігіне.

Ал большевик қазақтардың ойына автономия кіріп те шықпаған, тіпті, оған қарсы болып жанталасып жүрген шағы.

Х.Ғаббасов: «Құрылтай кезінде бір тосын жағдай болды. Құрылтай өтіп жатқан жерге Қазақ комитетінің бұрынғы мүшесі Құлжанов келіп, оған сөз беруді талап етті. Құрылтай төрағасы Поштаев оған рұхсат бермеген соң, Құлжанов сыртқа шығып кетті де бір топ қызыл армия солдаттарын ертіп келіп, егерде өзіне сөз бермесе құрылтайды күшпен тас-талқан етіп таратып жіберетіндігін мәлімдеді. Бәрібір құрылтай Құлжановтың талабын орындаудан бас тартты, тиісті қаулы шығарып, жұмысын аяқтады. Бұдан кейін құрылтай жетекшілерінің тұтқындалғаны туралы хабар естілісімен, біразымыз бас сауғалауға мәжбүр болдық. Мен, Сәрсенов, Ермеков, Қозыбағаров, Марсеков және басқаларымыз Шыңғыстауға барып жасырындық. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, Омаров тағы басқа да 20-30 адам бұл кезде сонда болатын. 1918 жылдың көкек не наурыз айында Тоқтамысов Омбы қаласынан Семейге келді. Ол Семей қаласындағы кеңес өкіметіне қарсы астыртын жұмыс жасап жатқан 2 топтың бар екенін, олардың арасында өзара байланыс жоқ екенін, олардың біреуі - қаражүзділер, екіншісі социалистер екенін айтты. Ол Қазақ комитетімен байланыс жасады. Облыстық кеңеспен біздің ара қатынасымыз шиеленіскеннен соң Тоқтамысов арқылы ұлттық автономияны мойындайтын астыртын ұйымның біреуімен байланыс орнаттық. Тоқтамысов ешқандай ұйымның мүшесі емес болатын. Сондықтан да біз әскери кеңес құрдық, Кеңестің төрағалығына - Марсеков, мүшелігіне Сәрсенов пен Әлімбеков сайланды. Әлімбеков бұл кезде Облсовдептің әскери бөлімінің мүшесі еді. Жасырынып жүрген кезімізде ұйыммен еш байланысымыз болған жоқ. Сондықтан да қалада қалып, ашық жүрген Әлімбековтің не істегенінен хабарым болған жоқ. Семейге оралған соң ғана қалада атаман Сидоров бастатқан казактардың билігі орнағанын білдік. Қаражүзділермен қызмет істесуден бас тартып, өзара келісім жүргізіп, біздегі қарудың күшімен өкіметті қолға алу үшін социалистік бағыттағы жасырын топтың қайда екендігі туралы Тоқтамысовтан сұрастырдық. Облыстық Жер басқармасы қайтадан құрылды, Марсеков төрағалыққа, мен орынбасарлыққа сайландым. Бұдан арғы біздің жұмысымыз мынаған бағытталды: қазақтың халық (билер) сотының жұмысын жандандыру, шет елге кетіп жатқан босқындарға тосқауыл жасау, переселендердің үстемдігін жою. Шілде-қазан айларында Бөкейханов, Ермеков және Сәрсенов Сібір үкіметімен, содан кейін автономияны қолдайтын болғандықтан да Самарадағы Құрылтайшылар мәжілісімен келісім жүргізуге аттанды. Соңғысымен Алашорда үкіметін мойындау, жер, Ақмола, Семей губернияларын қазақ республикасының құрамына беру мәселесін қолдайтыны туралы уағдаластыққа қол жеткізді».

Мұндағы айтылған әр сөз бен көрсетілген айғақтардың астарында кесек-кесек оқиғалар жатқан болатын. Халел Ғаббасовтың берген әр жауабынан осы уақытқа дейін тарихшылар таба алмай, не түсіндіре алмай, не түсінбей жүрген жайлардың аңысы аңғарылады. Мысалы, 1918 жылғы автономия туралы Сталинмен телеграф арқылы тікелей байланыс тұсындағы тарихи оқиғаның мән-жайы, себеп-салдары, психологиялық шиеленістер өзінің толық бағасын алған жоқ. Егерде тура сол кезде Сталиннен бұйрық алынбағанда, онда Бөкейханов бастатқан ұлт көсемдерінің біразының құрбандыққа ұшырауы әбден мүмкін болатын.

21 наурыз күні «Алашорда» үкіметі 11 баптан тұратын келімшартты Кремльге жіберді. Олар:

1. «1917 жылдың желтоқсанының 5-нен 12-не дейін Орынборда өткен жалпы қазақ съезінің қаулысы бойынша «Алаш» автономиясы жарияланды және оның территориясына - Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспийский облысының Маңғышлақ уезі, Самарқан облысының  Жизақ уезі, Амудария бөлімі, Алтай губерниясына қараған Бийскі, Барнаул, Змейногор уездеріндегі қазақтар басым қоныс жайлаған жерлер кіреді.

2. «Алашорда» үкіметіне қазақтан басқа ұлттардың ішінен азынан - аз, көбінен - көп мөлшерде жиыны он адам мүше боп кіреді.

3. Заң шығаратын және билейтін орын - «Алашорда».

4. Облыстық бөлімдердің көмегіне сүйеніп Құрылтайды шақыру «Алашорданың» құқында болады.

5. Өкілдерді уездер, қала тұрғындары сайлайды.

6. Бұл заң күшіне енгенше бұрынғы земстволық және қалалық құрылымдар жұмыс істейді.

7. Қазақ-қырғыздар арасындағы істі сайланған соттар қарайды.

8. Құрылтайдың қаулысына сәйкес қазақ-қырғыз милициясы құрылады.

9. «Алашордаға» байланысты түрмеге қамалғандар босатылсын және оларды қудалау тоқтатылады.

10. Москвадағы «Алашордаға» қатысты істерді елші ретінде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер жүргізеді.

11. Осы шарттарды кеңес өкіметі қарап, келісімге отыруы тиіс - деген мазмұндағы ұсыныс.

Бұл ұсынысқа «мәселені тездетіп шешіп, сөзден іске көшуді» ұсынған Ленин мен Сталин бір айдан астам уақыт жауап бермеді. Азаматтық соғыс жүріп жатқан ел үшін бұл өте ұзақ уақыт. Сондықтан да шұғыл түрде тағы да 1918 жылы 21 сәуірде Алашорданың күншығыс бөлімінің бастығы Халел Ғаббасов Ленин мен Сталинге:

«Қазақ автономиясы мәселесі - қазақ халқы үшін өмір мен өлім мәселесі болып табылады. 2-сәуір күні комиссар Сталин арқылы тура, сымсыз тораппен жолданған Халық комиссарлары кеңесінің көзқарасы қазақ халқының арасына аздаған  жұбаныш әкелді. Алайда жергілікті халықтың табиғи талабына өктемдікпен қарау  жергілікті кеңес депутаттары тұрғысынан тиылмай отыр. Қазақ ұйымдарын қудалау, олардың мүшелерін тұтқындау қазақ жұртын алаңдатып, ұлттық араздықты өршітеді.  Бұл отты дер кезінде өшіру керек және ұйымдастыру жұмыстарына шұғыл түрде кірісіп, бас көтеріп келе жатқан аласапыран мен толқулардың алдын алу қажет. Қазақ халық кеңесі - қазақ халқының талабын бұлжытпай орындайды, сондықтан да автономия идеясын тездетіп жүзеге асыруға мүмкіндігінше күш салады және сіздерден шұғыл жауап күтеміз. Ресми мәліметімізді 3-сәуір күні тура сымсыз торап арқылы жолдадық.

«Алашорданың» төрағасының орынбасары - Ғаббасов», - деген жеделхат жолдады.

«Алашордамен» екі ортадағы келісімді жүргізген Сталин араға тура он жыл өткен соң екінші «әріптесін» - Халел Ғаббасовты түрмеге қамап, ату жазасына кесті.

Ал Ольшаньскийдің осы күнгі екінші бағыттағы сұрағы - Халел Ғаббасовты ату жазасына алып келген сот үкімімен пара-пар еді. Онда ағымдағы идеологиялық саяси мәселелер қозғалады. Енді соны назарға ұсынамыз:

«Сұрақ: Сіздің қазіргі саяси ұстанымыңыз қандай?

Жауап: Менің саяси ұстанымым 1925 жылы 30 қараша күні Семей губкомының хатшысына берілген мәлімдемеде толықтай көрсетілген. Онда: кеңес өкіметінің қазіргі ұлт, мәдениет, экономика жөніндегі жалпы саясаты мені қанағаттандыратыны, пролетариаттың, оның ішінде қазақ пролетариатының диктатуралық жүйесін мойындайтындығым айтылған. Жалпы мен ұлтшыл емеспін, қазақ ұлтының өзге ұлтқа өктемдігін қаламаймын.

Сұрақ: Ауылдың таптық жіктелуін мойындайсыз ба?

Жауап: Мойындаймын. Қазақстанда пролетариат жоқ, бірақ та ол индустрияландыру саясатын жүзеге асыру барысында кеңестік жүйемен қоса қалыптасады.

Сұрақ: Сіз өнеркәсіпті бір орталықтан басқару жүйесіне қалай қарайсыз?

Жауап: Жалпы принциптерін мойындаймын, бұл әбден мүмкін, тіпті қажет те. Сәдуақасовтың „Большевиктегі" (журналдың аты, сонда жарияланған С.Сәдуақасовтың мақаласындағы пікірді айтып отыр - Т.Ж.) ұстанған позициясын мүлдем қостамаймын. Мен - жоспарлау мекемесінің маманымын, сондықтан да кеңес одағының көмегінсіз Қазақстанның өз бетінше дамуы мүмкін емес.

Сұрақ: Кеңес өкіметінің жер саясатына көзқарасыңыз қандай?

Жауап: Қоныс аударушылардың қозғалысы жергілікті халықты ығыстырушылыққа жол бермеуі тиіс. Аралас қоныстанған аудандарда жергілікті халықты отырықшыландыру шараларын ұйымдастыру қажет. Қазақстанға жаппай қоныс аударушыларды қанағаттандыратындай мүмкіндік бар деп есептемеймін. Егерде қажеттілік туа қалса, онда отарланудың азабын барынша қатты сезінген қазақ ұлтының мүддесін қанағаттандыру керек деп есептеймін. Жер мәселесінің дәл қазір Қазақстанда қалай шешіліп жатқанын білмеймін.

Сұрақ: Жоғары оқу орындарындағы жастарды тәрбиелеу барысындағы  Қазақстандағы халыққа білім беру саясатына қалай қарайсыз?

Жауап: Қазіргі таңда ауыл құрылысын, әсіресе, ауылды жердегі мектептерде жеделдетіп оқытуды қолға алу керек. Ұлттық тілдегі оқулықтар мен маман педагогикалық кадрлардың жоқтығы  анық сезіледі. Ұлт тілінде оқитын орта және жоғары оқу орындары қажет. Ал жоғары оқу орындарындағы сабақтардың қазақ тілінде жүргізілмеуінің себебін, бұл мәселені шешуге тиісті жұмыстар жасалмай отыр деп есептеймін.

Сұрақ: Кеңес өкіметінің Қазақстандағы шикізатты өндіруді шешу жөніндегі дайындалып жатқан саясатына қалай қарайсыз?

Жауап: Толықтай қосыламын.

Сұрақ: „1917-1919 жылдар арасындағы „Алашорда" қозғалысы контрреволюциялық роль атқарды деп ойлайсыз ба?

Жауап: „Алашорданы" контрреволюциялық емес, революциялық қозғалыс деп есептемеймін.

Сұрақ: 1916 жылғы қазақтардың көтерілісіне сіздің қатысыңыз қандай және оған қалай қарайсыз?

Жауап: Өзгелер сияқты мен де орынсыз қантөгісті болдырмау үшін көтеріліске қарсы болдым. Казактар сияқты қазақтардан да дербес жасақ құруды ұсындым.

Сұрақ: Колчак үкіметі құлағаннан кейінгі сіздің коммунистік партияға деген көзқарасыңыз қандай болды?

Жауап: Менің көзқарасымды былай пайымдауға болады. 20 не 21-жылы көктемде Семейде қазақ қызметкерлерінің мәжілісі шақырылып, ұжымдық құрамда партияға өту қажеттігі талқыланды. Оның басты себебі, ол кезде Семейдің Қазақстанға қосылуы барысында сібірлік және қазақстандық ұйымның арасында  тартыс жүріп жатты. Бұл таласта қазақ қызметкерлері ешқандай да роль атқарған жоқ. Ұжымдық тұрғыда өтуді ұсынған Жақып Ақбаев болатын. Маған да: өтпесең көп нәрсені жоғалтасың, - деп кеңес берді.

Сұрақ: Сіз «Алаш» шаруашылық кооперациясы одағына қалай қатыстыңыз?

Жауап: Бұл одақтың қалай құрылғанын білмеймін.  Оған Қозыбағаров, Тоқтағұлов, Есіргепов шақырылды. Мен жедел ұйымдастыру бөлімінің бастығының орнына қабылдандым.

Сұрақ: Сіз байларды тәргілеу науқанына қалай қарайсыз?

Жауап: Дұрыс қараймын. Құр сөз болмас үшін бұл науқанның алдын-ала дайындық жұмыстары жөніндегі комиссияға қатысқанымды ескерте кетейін. Сол комиссияның төрағалығына - мен, мүшелері, мемлекеттік жоспарлау комиетінен Сириус, жер комитетінен Шубернер және ИКП-дан Баһрам бекітілді. Бізге тәргілеудің мөлшерін анықтау үшін 36 сағат қана уақыт берді. Біз, ірі қараға шаққанда 10 бастан артық малы барларды тәргілеуге болады, - деген  мөлшерді ұсындық».

Халел Ғаббасовтың алғашқы тергеуі осылай өтті. Араға үш күн салып барып, яғни, 14 қараша күні екінші рет жауапқа тартылды. Тергеуші Ольшанский арадағы үш күннің ішінде Х.Ғаббасовтың жауабын да, оның өмірбаянын да тексеріп, қалайда қапысын табудың амалын ойластырған. Бұрынғы жауаптардың „кем-кетігін толтыру үшін де" сұрақты байларды тәргілеу науқанынан емес, әріден баста сыналап қояды.

«Жауап: Революциялық қозғалысқа гимназияның 5 сыныбында оқып жүргенде, яғни, 1905 жылдан қатыса бастадым. Семей гимназиясында Бишебиев (?) ұйымдастырған үйірме болды. Менің көзқарасыма әсер еткен 1905 жылғы оқиға. Гимназиядағы үйірмеге Солодовников жетекшілік етті, 1905 жылы қазанда Солодовников шәкіттерді жиып, баяндама жасады. Соның ықпалымен қазақ шәкірттерінің үйірмесі құрылып, 1908 жылға дейін жұмыс істеді. Оған Мақсұт Бекмембетов жетекшілік етті, ол түрмеге қамалған соң Қосмағамбетов басқарды. Үйірмеге саяси қуғын көргендер келіп тұратын.  Саяси әдебиеттер тарататын, бірнеше рет қазақ тұрғындарының арасында қазақ жері мен ұлт мүддесін  оқалы шапанға айырбастаған болыстар туралы сөз де сөйледі. Ол үйірмеге революциялық әрекеттері үшін Омбыдан жер аударылып келген Жақып Ақбаев та қатысты. Мен онымен кездесуге барып тұрдым. Үйірме жұмыс орныма айналды. Сол жылы мен Выборг үндеуіне қатысқаны үшін түрмеге қамалып, Семейге мерзімді кесімін өтеу үшін келген Бөкейхановпен  таныстым. Мен оған өз еркіммен бардым. Ол түрмеден босағанша барлық шәкірттер онымен кездесуге барып тұрды. Ол біздің дайындығымыздың төмендігіне реніш білдіріп, саяси әдебиеттерді оқуға кеңес берді. Бөкейхановпен келесі кездесуім 1912 жылы өтті. Онда ол Петроградта еді, Ақбаевті сонда шақыртты, ал мен студент едім. Бөкейханов Мемлекеттік думаға қазақ халқының өкілін жібермеу туралы 1908 жылғы 6 маусым күнгі заңның күшін жоятын қарсылық құжаттарын дайындау үстінде болатын. Бөкейханов студенттерге Петроград архивтеріндегі құжаттарды жинастырып, жүйеге келтіруді тапсырды. Менің Бөкейхановпен ұзақ мерзім бірге жұмыс істеуімнің сәті түскендігінің  себебі осындай.

Сұрақ: Ұлттық қозғалыстың болашақ көсемінің кадет партиясына мүше болуын қалай түсіндіруге болады?

Жауап: Немен түсіндіруге болатынынн білмеймін. 1917 жылғы Бүкілқазақстандық құрылтайда да оның бұл әрекетіне барлығы қарсы шықты. Содан кейін кадет партиясынан шығатыны туралы мәлімдеме жасады.

Менің айтқан сөздерім дұрыс жазылды.                            (Ғаббасов. Қолы)».

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5527