Дүйсенбі, 16 Қараша 2026
Жаңалықтар 164 0 пікір 16 Қараша, 2026 сағат 16:45

Инвестициялар және экологиялық мүдделер: Алматы тау кластері қалай дамымақ?

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінен алынды.

Алматының таулы аумақтары ұзақ мерзімді инвестициялар кеңістігіне айналуда.

Аспалы жолдар, инженерлік желілер, қауіпсіздік жүйелері, қонақүйлер мен сервис нысандары ондаған жылдар бойы жұмыс істейтін инфрақұрылымды қалыптастырады. Алматы тау кластерін дамытудың негізінде мемлекеттік салымдар мен жеке капиталдың ұштасуы жатыр. Мұндай модель базалық инфрақұрылым құруға, кәсіпкерлерді тартуға және қала экономикасының жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кластер бес локацияны қамтиды: Шымбұлақ, Бутаковка, Кимасар, Пионер және Ой-Қарағай. Оларды дамыту тау курорттарының өткізу қабілетін арттыруға, қауіпсіздік деңгейін көтеруге, көлік қолжетімділігін жақсартуға және жыл бойына арналған туристік ұсыныстарды қалыптастыруға бағытталған. Келушілер ағынын бірнеше бағытқа бөлу ең көп сұранысқа ие аумақтарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік инвестициялар — инфрақұрылым негізі

Базалық инфрақұрылымды қаржыландыру заңнамаға сәйкес өзге де көздерді тарту мүмкіндігімен республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен көзделеді. Мемлекеттік қаражат таулы аумақтардың толыққанды жұмыс істеуіне қажетті инженерлік жүйелерді құруға бағытталады: электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру және газбен жабдықтау, көшкінге қарсы қауіпсіздік жүйелері, эвакуациялау аймақтары мен ақпараттық орталықтар.

Бұл салымдар арқанжолдар, трассалар мен туристік нысандар жұмыс істей алатын инфрақұрылымдық негізді қалыптастырады. Мұнда таулы аумақтардың жұмыс істеуін және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйелерге құйылатын ұзақ мерзімді инвестициялар туралы сөз болып отыр.

Жеке капитал — туристік бизнесті дамыту

Мастер-жоспарға сәйкес қоғамдық тамақтану нысандарын, қонақүйлерді, глэмпингтерді, шолу алаңдары мен рекреациялық аймақтарды құру көзделген. Олардың құрылысы мен пайдалануы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.

«Almaty Tau Management» ЖШС конкурстық негізде инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл кәсіпкерлерге таулы аумақтарды дамытуға қатысуға мүмкіндік ашады. Жеке инвесторлар өз нысандарын қаржыландыруға, салуға және пайдалануға, шарттық міндеттемелерді орындауға, сондай-ақ бекітілген жобалық шешімдер мен заңнама талаптарын сақтауға жауап береді.

Қала экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер

Жобаның экономикалық тиімділігі бірнеше кезеңде қалыптасады. Құрылыс барысында-ақ отандық өндірушілердің өнімдері мен қазақстандық компаниялардың қызметтеріне сұраныс туындайды: құрылыс материалдары, металл конструкциялар, цемент, инженерлік жабдықтар, көлік және мердігерлік жұмыстар.

Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін туристік қызметтер нарығы кеңейеді. Қонақүй және мейрамхана бизнесі, жалға беру пункттері, экскурсиялық компаниялар, гидтер, нұсқаушылар және қызмет көрсету саласының кәсіпорындары жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Жазғы және маусымаралық демалысты дамыту бизнеске қысқы туристік кезеңнен тыс уақытта да жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, жыл бойы неғұрлым біркелкі сұранысты қамтамасыз етеді.

Алдын ала бағалау бойынша, Алматы тау кластерінің жобаларын іске асыру 15 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл туризм саласы, құрылыс, қызмет көрсету және экономиканың шектес бағыттарындағы мамандар үшін жаңа перспективалар ашады.

Тауларды дамытудың қоғамдық құндылығы

Алматы тұрғындары үшін тау инфрақұрылымын дамыту спортпен шұғылдануға, отбасылық демалысқа және белсенді туризмге көбірек мүмкіндік береді. Бірнеше дамыған локация туристік ағындарды бөлуге және баруға болатын бағыттарды таңдау аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жобаның маңызды құрамдас бөлігі — табиғи ортаны сақтау. Алматы тау кластерінің (АТК) аумағы Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ауданының шамамен 0,049%-ын құрайды. Жобалық шешімдерді іске асыру кезінде экологиялық талаптарды сақтау, су ресурстарын қорғау, инженерлік қауіпсіздік және табиғи әрі тарихи-мәдени мұраны қорғау көзделеді. Жұмыс барысы туралы халықты ашық ақпараттандыру тұрғындарға жобаның іске асырылуын бақылауға және қабылданатын шешімдер туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Алматы тау кластерінің инвестициялық моделі базалық инфрақұрылымға салынатын мемлекеттік инвестициялар мен туристік қызметтерді дамытуға бағытталған жеке капиталды біріктіреді. Қала үшін бұл — экономикалық өсімнің жаңа нүктелері, бизнес үшін — кеңею мүмкіндіктері, ал тұрғындар үшін — неғұрлым қолжетімді әрі әртүрлі тау инфрақұрылымы. Дәл осындай нәтиже тауларды дамытуды Алматының ұзақ мерзімді ресурсына айналдырады.

Abai.kz

0 пікір