Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алаш арысы 4264 3 пікір 11 Сәуір, 2020 сағат 15:27

Сұлтанмахмұт Торайғыров. Ғалиханның Семейге келуі

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, Күн  болғысы» келген Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қайтыс болғанына 100 жыл толып отыр. Аса дарынды қазақ жігітінің 27 жасында жазған көсемсөзінен бүгінгі талапкер жастар өнеге алса деген ниетпен ұсындық.

Зарқын Тайшыбай, Қызылжардан.

Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан 

Белгiлi, мүнан бес-он жыл бұрын хат бiледi-міс деген қазақтардың қолдан-қолға түсiрмей, қүлқынын құртып, құмартып оқитын кiтаптары: «Зарқүм», «Салсал», «Алпамыс» тағы солар секiлдi «қырды-жойды», «қиратты», «жетi бас айдаһар», «перi», «жалмауыз кемпiр», «дәу» дегендей ұшы-қиыры жоқ түпсiз өтiрiк, қисынсыз хикаяттар едi. Мiне, бұған қазақ отағасылары көздерiн жұмып, нанып, мейiрлерi қанып, кеңкiлдей түсiп, шұлғысып, мүлгiсiп отырғаны едi.

Сондай шөп-саламмен қандары ұйып, жандары ұйықтап қалғығаннан қалғып қаннен-қаперсiз отырған бiр заманда... «тұр-тұрдан хабар келiп, ұйқыдан маза кете бастады»

Бырқырап ұйықтай беруден жиренбеген, бұрын мұндайға құлақтары үйренбеген халық: «Аллаңнан

ойбайым жақсы» дегендей қылып, әуелгi кезде одыраңдаңқыраса да, көздерi шалған соң, көкiректерi сезiнiп, құшағын жайысып, жабырласып түсісті. Бұрынғы «Зарқүмдарын» құмға көмiп, «Салсалдарын» суға лақтырып, перi қыздарын аспанға ұшырып, ақырындап ескi достарына хош айтыса бастады. Сонан берi қарай беттерi бермен етпеттеуде.

Жаңа бiр жас иiс туды дегендi құлақтары шалса, қолдарын жайып, құшақтарын ашып, иiскеуге – мұрындарын, сүюге ауыздарын даярлап тұрмақ та. Қазақ секiлдi қараңғы, көшпелi халықтың iшiнде шыққан газет, журналдардың малтықпай тез жүрiп, жеңiл кетулерi сол етпеттеп тұруларының арқасы, өйтпесе Самарқан, Түркістан, Бұхара, Ташкент жақтағы газеттер секiлдi адым жер шықпай, арбасы төңкерiлiп қала берер едi. Олар мәдениеттi болғаны қандай? Атам заман. Ата-бабаларымыз өнер-бiлiмдi сол жақтан iздеген...

Бет берi қарап, қол оң жайылғаннан берi қарай, жыл сайын бестеп, ондап «Жас иiс» жаңа талап рисалар да туып тұрды. Бiрақ, бұларды туды деп, құр туғанына ғана сүйсiнбесе, (екеу-үшеуiн бұлай қойғанда) «Осы қарағым ер жетiп, ернiм аққа тиер-ау!» деп үмiтке кiрiп, түшiркенерлiк бiреуi жоқ. 

«Қой бұты - қозы саны» дегендей құраған, сұраған бiрдеңелер. «Бұрынғы қиссаларымыздың (Әдебиет) ақ көңiлге күйе жағып, адастырудан басқа пайдасы жоқ, бас қатырғыш хикаят едi» дедiк.

 Ал ендi, адастырмай қанға қуат, көңiлге көрiк берiп, елді түзеуге қарай бұра бастайтын, ақ үстiндегi қара қайсы? Ол - жоғарғы айтқан: Кейiп жоқ, келiсiм жоқ, құр қатын ойбай. Екшеп-екшеп қарасақ, «Ойбай-ойбай бетiм-ау, қайтермiн-ау! Пәлен-ау, түген-ауІ» деп құр зарланған ойбайдан басқа дым да шықпайды.     

Қайта бұрынғыларымыз «хикаят» болса да, тiлi қазақша, рухы қазақ рухына қарай бейiм келгендiктен, өзiн сүйдiрушi едi. Бұл жаңа «ойбайда!» шата тiлдер көп араласқан. Кейде шүлдiреп, кейде шолжындап жығылып-сүрiнiп жүрген жайы бар. Шүлдiрге мысал: 

«Қолыңа ал, қаламыңды,

Қайғырып хал-мұстақпал заманыңды.

Намунә  әр нәрседен көшiргiш ал, 

Яза бер, ойыңа алған кәләмiңдi.

                       («Милли шиғыр»)

Халықты бүкүн шығып шеттен,

Ыслахлық ендi керек ертеректен.

Ашық қыл бiзнiң үшiн ғазым атам»...

Қараңыз, осылардың iшiнде қайда қазақ тiлi, қайда қиысқан назым? Қайда көңiлге, тiлге ойнау, теп-тегiс, өрескелсiз өлшеулi өлең?..

Бәрi бiр қатын ойбай екендiгiн әр қайсысынан мысал жазып көрсетуге орын тар. Сонда да бiреу-екеуiн көрсетсем әнеукүнгi «Оян!» рисаласында жазылған харiптердiң орындарын ғана ауыстырған шала жансар (тәржiме) көшiрме екендiгiн менен бұрын өздерiңiз-ақ айтасыздар!      

Көшiрме болғанда да жетiспей қалған жерiн жинаған, бүркеулi жерiн ашқан, кеткенiн келтiрген, кемтiгiн толтырған түзу көшiрме дейсiздер ме? Жоқ, жоқ! Елiктей алмай, солықтап, соқпақтан айырылып қалған көшiрме.      

Мысалы: 

Көзiңдi аш! Оян...көтер басты,

Өткiзбе қорлықпенен бекер жасты.

Жер кеттi, дiн нашарлап, 

хал қарап боп,  Жарамасты.

Бұл түпкi нұсқа.

 

Ал, қазақ, көтер басты, аш, көзiңдi,

Бiр уақыт адам санап сен де өзiңдi.

Тұрсаңдар қараңғыда қор боларсың.

Алашым, терiс деме, бұл сөзiмдi.

Мiне бұл ананың көшiрмесi. Мұның аты - солықтау былай тұрсын, «аңқылдау» емес пе? 

Бұзылған қанымызды түзеп, қарайған көңiлiмiздi жуып, жанымызға пайда, дертiмiзге шипа болды-мыс деген жарыпсал, жаңа әдебиетiмiздiң «Нысана нұсқаған қол, көрсеткен жолы» жоқ құр «қатын ойбайға!»  айналып, әркiм соны ән көрiп бара жатқан соң, қазақ жазушылары-ау, алдарыңа салып айтып отырмын: Құр «ойбай!» дегенмен, ойбайдың да ойбайы бар ғой, жылаудың да жылауы бар ғой. 

 Туыстағы тұрмыс дертi, зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып, ықти-ярсыз ызалы ызғарын төгедi, сай-сүйегiң сырқырарлық ащы-зарлы «бебеулерiн» қағып көңiл толғағын, жүрек түйiнiн тарқатады. 

Мен анық ақсүйек, аты жоғалмайтын өлең деп, өнер деп соны айтамын. Сырт көрiнiсi «қатын ойбай» түрсын, «шайтан ойбай» болып көрiнсе де дәмi бар, маңызы бар ойбай сол! Қайнаған қанның, қиналған жанның, толғатқан көңiлдiң, толғанған жүректiң сығындысы сол. 

Соның үшiн ондай «Ойбай!», ондай «Бебеу» табыла қалса, салған жерден өзi де дертке шипа бола кетедi. Басқаларға қарағанда пайғамбардың жүрегiнен құйылған құрандай, соқыр кiсi сыбдырынан танырлық аққүла ашық тұрады. Марқұм Абай өлеңдерi секiлдi.

Байтұрсынның «Қырық мысалдағы» мысал соңдарынан айтқандары секiлдi. «Азаматтың», «Қайтер едi», «Шағым» деп өз басына түскендерiн айтуы се-кiлдi.

Қарасақ, бұл айтқандардың бәрiнде де өздерiн жұртқа әуезе айтып көрсетушiлiк бар. Мәселен, марқұм Абайдың: 

«Өткiрдiң жүзi,

кестенiң бiзi,

өрнегiн сендей сала алмас...»,

«Саудырсыз сары қамқаны...»,

«Сөзiмде жаз бар шыбынсыз...».

А. Байтүрсынның: 

«Бәленiң түрiн көрген мен сар маса...»

Дулатовтың: 

«Бәйгi алмас, болғанымен жүйрiк шаппай...»

деген өлеңдерi секiлдi. 

Бiрақ, айтқандары артығымен шын. Шын жылаған жастың тамшысы, рас қайнаған сорпаны сөлi болғандықтарынан сезiлмейдi, сезiлсе де, басқалардiкiндей көзге қатты, көңiлге суық тимейдi.

 Қайта өзiңдi сүйсiндiрiп әкетедi. Осы айтылған ретпен болмай, күндiкке iзденiп, өзiнше ойыңнан ұйқасыңқырап шыққан керектi-керексiз сөздi «өлең» деп қуанып жаза беру–дертi жоқ кiсiнiң ыңқылдағаны, толғағы жоқ қатынның бебеулегенi қандай жексұрын болса, бұ да сондай жексұрын болады. «Қисынсыз қышқырған неткен тантық,» деп Абай айтқанның кебiне ұшырап жүргендер көп.

Нағыз шынын айтқан уақытта, қазақ тiлiнде деп бастырылған кiтаптардың көбiнде қазақтың иiсi де жоқ. Неге десең, денi бытпырақ, бытпырақ болмағандарының ағыны терiс. Рухын тексерсек, баяғы айтылған «қатын ойбай». Ал ендi, қазақтықты сiрiге жама-ған былғарыдай қай жерiне апарып жапсырамыз! 

Мен тiлiмiзге шата тiлдердiң шатысуынан бегiрек тiлдiң ағыны терiске бейiмдеп, өрiс алып бара жатуынан қорқамын. Бiз бұралқы тiл кiрмей, ұйысқан сөз болса, «ойбай, мынау қазақша екен» деймiз. Ескi сөздiң қаспағына жаңа сөздiң қаймағын апарып қатарластырып қарасақ, ол ағын мен бұл ағынның арасы алты айшылық алыс кеткендiгi көрiнедi. Мәселен, мынау сөз: 

«Әбiлхайырдың Руссия қоластына кiрудiң мақсаты ғәм де қазақ хандарының халық қасында күшсiз ек-ендiгi, саяси iстерде қазақ ғәм басқа шарық халқының хайлакер, ант бұзғыш, суз-қасд екендiгi Русь үкiметi қасында анық мағлұм болмағандықтан. Әбiл-хайыр ханның бүл өтiнiшi жоғарғы дағираларда қуанышпенен қабыл етедi. Неге десеңiз қан төгусiз, тек тұрғанда бiрнеше миллион халықтың өзi тiлеп қосылуы Россия үшiн бiр шәриф едi».

Бұл - мұсылманша оқу мен жазушы атына кiрген жастарымыздың түңғышының сөзi. Жоғарғы мынау сөздiң ағынына салыстырып қараңыз: 

«Қазақта бiр мақал бар едi: «Батыр деген бiр барақ ит, екi қатынның бiрi табады, би деген ақ шариғат, iлуде бiр-ақ қатын табады» деген. Сол айтылған билер Ұлы жүзден шықты үйсiн Төле би, Орта жүзден шықты арғын Қазыбек би, Кiшi жүзден шықты Алшын Әйтеке би. Ең ақыры кеше қазақ Россияға қараған заманда Шоң билер болды. Ол қазақтың ортасынан құдай жаратқан билерi бар заманда халық қандай халде болды? Қой үстiне торғай жұмыртқалаған заман болды. Кеше Шоң деген кiсi тоқты үрла-ған ұрыны тарттырып өлтiрттi. Жетi ұрыны бiр көлдiң басында тарттырып өлтiргеннен, сол көл «Ұрының көлi» атанды. Мiне, бүл тым әрмантындағы кiсiнiң сөзi емес, мұнан 50-60 жыл ғана бұрын жазылған сөз.

Мұның аты: тiлiмiздiң орнын сипалап қалуға бейiмделіп бара жату болады.

Осы күнi қазақша сөз болып жазылады – қара бұқара жеңiл ұғынады. Егер орысша оқығандардың аузынан шықса, ноғай мектебiнде оқыған шәкiрттердiң аузынан шықса, құдай өзiң жөн бер!.. Шәкiрттер өздi-өзi ғана ұғыныда да қояды. Қара бұқара құлақты саңырау, дәнеңесiн аңғаруға болмайды. 

Бұл қалай? Мен түсiне алмаймын, жауап та бере алмаймын. Бұларды мен сыншы болып сынап жазып отырғаным жоқ; сыншы болуға өзiм сыннан өткен кiсi емеспiн. «Сабасына қарай пiспегi» деп, көргенiмше көзге шыққан көсеудей сүйелдерiн ғана көрсетiп отырмын. 

Шын тездiң қолына түсiп, түзете бастаса, бiр журналды бiр кiтаптың сыны толтырар әдебиетiмiздi бар деп атауға болады. Бiрақ, жетiлген жұрт-тардiкiндей азуы алты қарыс емес. Соған қарай, сыншы да балаң, бар моншағымызды бай қызының қо-лындағысына апарып салыстыра берсек, бiздiң бұлбұл дегенiмiз, қарға болып, дүлдүл дегенiмiз есек болып шыға бермес пе екен?

 

Ғалиханның Семейге келуі 

Кешке жақын Семейде 12 қазанда, бұрынғы жандарал мекемесi, «Бостандық үйiне» қарай топ-тобымен ағылған қазақ едi. Семинаристер бiр рет, гимназистер бiр рет, курсистер, мұғалiмдер бiр рет, тұрғын саудагерлер, қырдан келгендер де бар, «сегiздегi бала, сексендегi шал да қалмай» дегендей, тойға бара жатқандай, бәрiнiң де мерейлерi үстем, еңселерi көтерiңкi, жүздерi жарық, көздерiнен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрiнiп түр ... 

Бiр-бiрiне жолыққанда қуаныштан амандасуды да ұмытып, сөздерi: «Поезд қашан келедi?» деу ғана едi. Бұлар кiмдi тосады? Бұлардың поезд келген-келмегенiнде не iсi бар? «Ге-нерал-губернатор келедi, даяр болыңдар» деп жандарал әмiр бердi ме? Онда осындай қуана ма? 

Онда жалмауыздың жалғыз көзiндей маңдайы жарқырап қазақтарды «жолдан былай тұр» деп, қойша иiрiп, сабап жүретiн пристав-стражниктерi қайда? 

Онда «Жүмысқа керек» деп жиылған қазақтардың астарынан аударып алып жататын аттары қайда? 

Онда етектерi далиып, мойындарына бiр-бiр сары жездерiн салып алып, ерсiлi-қарсылы шауып жүретiн болыс, ауылнайлар қайда?

Жоқ, мұның бәрiнен де 27-шi ақпаннан берi қазақтың арқасы босаған, аяғы шешiлген. Бұл қазақтар бұрынғыдай ерiксiз «қанын сорған битiн» тосып жи-ылған қазақтар емес. Ерiктi қазақтар, елге еңбегiн сiңiрген Ерiн тосып жиылған қазақтар едi. Ол Ерi кiм едi?

Ол Ерi:

Елi үшiн құрбандыққа жанын берген,

Бит, бүрге, қандалаға қанын берген,

Ұрыдай сасық ауа, темiрлi үйде, 

Алаш үшiн зарығып бейнет көрген,

 

Заманда басқан аяқ кейiн кеткен,

Жасымай Алашына қызмет еткен,

Болса да қалың тұман, қараңғы түн,

Туатын «Бақ жүлдызына» көзi жеткен:

 

Түймеге жарқылдаған алданбаған, 

Басқадай бiр басы үшiн жалданбаған,

«Қайткенде Алаш көркейер», - деген    

Ойдан 

Басқа ойды өмiрiнде малданбаған, 

Ғалихан Нұрмүхамедұлы Бөкейханов едi.

Әлгi көше толып ағылған қазақтың бәрi «Бостандық үйiне» барып толды. Арналған кiсiлер, халықты реттеп отырғызды. «Қарсы алу тойымыздың үлкенi ертең «Алаш» қаласында болсын және бүгiн түн Ертiстен қайық жүрмейдi, поездан шаршап келген кiсiнi көп ұстамай, бүгiн «Комитет кiсiлерi һәм бергi жақтағы оқығандар қарсы алсын» делiнiп, жұрт «Алаш» қаласында көрiспек болды. 

Бiрсыпыралары Ғалихан келгенде құтты болсын айтуға һәм оның қылған қызметтерiне жүректерiнiң қалай риза болғанын бiлдiруге қандай сөз табудың, халыққа Ғалиханның өмiрiн, қылған қызметтерiн әңгiмеледi.

Сөйтiп отырғанда поезды тосып, автомобильмен алып келуге жiберген екi кiсiнiң (Мұстақым һәм Тарабаев) басы көрiнiп, күтiп отырған құрметтi Ерi-мiздiң келiп қалғаны бiлiндi. Ал, жұрт «Қыдыр көшесiн» көргенде мұндай сүйiнбес. Әркiм түрегелiп, аяқ басқан жерiне қуаныштан бiр-екi минут  есiнен айырылып та, әйтеуiр дағдарыңқырап тұрды. Ғалихан жұртқа аман-сәлем қылып отырған соң, қара халық атынан Шайхы Мұсатаев келгенiне құтты болсын айтты. 

Онан соң, Комитет атынан Ахметжан Қозыбағаров сөйледi. Онан соң, оқытушылар атынан Мәнннен Тұрғынбаев айтты: «Сүйiктi басшымыз! Еңбегiң жанды. Ұлтыңыздың жандана бастағанын көзiңiз көрдi. Өзiнiң оқытушы екенiн жасырып жүретiн оқытушылар мынау отырған. Бұрынғы келгендерiңiзге дидарыңызды көрсетпей, жауып қойған да уақыты болып едi. Жүзіқаралардан қорқып, бiз де бүйтiп көрiнiп, алдыңыздан шыға алмаушы едiк. Құдай бiздi бүйтiп қарсы алуға жеткiздi. Бiз, оқытушылар, пiкiрiңiздi  жайып, елiңiздi тiрiлтуге даярмыз! Жаса, бiздiң биiк басшымыз! Сiздi көрумен өзiмiздi бақытта санай-мыз!».

Сонан соң, жалпы жастар атынан С.М. Торайғыров былайша құттықтады:

«Көш бастаған Ерiмiз!

Қуанышта елiңiз.

Төбемiз көкке жеткендей, 

Көкiректен бүгiн кеткендей,

Сiздi көрiп шерiмiз.

Елiңiздiң бұл шағын.

Алаш туын һәм бағып,

 көзбен көрiп төлендi.

Көптен бергi терiңiз.

Алаш туын қолға алған,

Қараңғыда жол салған,

Арыстаным келiңiз!»

Онан соң, оқушылар атынан Аймауытов сөйледi:

«Қараңғыдан қан жылап, қаңғырған күнде басын да Алаш жолына құрбан қылған ағамыз, асқар тауымыз. Сiздi көргендегi жүректiң қуанышын тiл айтып жеткiзерлiк емес. Өмiрiң, жүрген жолың бiз сияқты iнiлерiне жағып қойған шамшырақ! Жасасын, сүйіктісі Алаштың! Жаса, сабазым!»

Онан соң басқалар тарапынан да сол реттес сөздер айтылып болған соң, Ғалихан ағай тұрып, жұртқа қарап аман-сәлем қүттықтауды қабыл алғанын бiлдiрiп, қысқа ғана сөйледi:

«Ағалар, iнiлер! Менi бұлай қарсы алғандарыңа рахмет. Бiрақ, ұғу керек: Бостандық тұрғызған мен емес, орыс ерлерi. Мен олардың жолында, жолдастыққа жүрген кiсi. Жүз жылдан берi Бостандық үшiн асылған, атылған солар. Рахметтi соларға бұрып айту керек. 

Бостандыққа қуансаңдар, менi «басшымыз» деп айтқандарың шын болса, мiне, мен өле-өлгенше сендерге қызмет қылуға уәде берем! Сендер уәде бересiңдер ме, Бостандықтың жолымен болуға? Бостандықтың жолымен болсаңдар: бейшараны жемеуге, партияны қойып, бiрiгуге, бас пайдасы мен жұрт пайдасын бiрдей көруге, барлық күштерiңдi ғылым жолына, Бостандық арқасымен көруге  жолына жұмсауға керек. Мiне, Бостандық болғалы осыларды қылып отырған шығарсыңдар. Осыларды қылмасаңдар, Бостандық өзiнен өзi сендерге түк әкеп бермейдi».

Бұдан соң, жұрт ертең «Алаш» қаласына барып, Ғалихан мен Әлiмханның Сiбiр съезiнде сөйлеген сөз-дерiн тыңдамақ болып тарады.

«Алаш» қаласында «Ғалихан сағат онда келедi» деген соң, сол уақытты аңдыған «халық теңiзi» толқынданып, қайық аузына қарай ағылды. Алдыңғы ретте көңiлi өсiңкi аттылар қолында «Күнiм туды: Күн астында  мен де ... мен де ...» деп көкке қарап көкiрегiн керген Алаш туы көзге бұрын түседi.

«Көтерiлген туым бар, көтеретiн Ерiм бар ...» дегендей қылып, көңiлi босап, көздерiне жас алған отағасылар, ақсақалдар бiр рет едi. Балапандарын шұбыртқан үйректей шәкiрттерiн қатарлап алдарына, қолдарына түрлi-түстегi ту алып бастаған мұғалiмдер бiр рет едi.

Мұғалiмдiк курс шәкiрттердi де туын желкiлдетiп бiр рет едi. Көрiнiстiң бәрiн жазуға мұршасызбын, әйтеуiр, бұл көрiнiстi көрген қазақ қаны ерiксiз «Құдай бүгiн алсаң да...» дегендi көңiлiне түсiрушi едi. Мiне, қайықтағы автомобиль Алаш туының астында Ғалиханын тосқан халық iшiне кiрдi.    

 Автомобильден түсiп, аман-сәлем көрсеткен соң, ол доклад оқитын үйдiң алыстығына қарамай, [Әлекең.-З.Т.] халықпен бiрге жаяу жүрдi. Мұнымен Ғалиханның қайда болса, жалпы халықпен бiрге екендiгi, бұрын мың қайтара болса, ендi бiрнеше қайтара болып ойланды. 

«Алаш» қаласында «ең кеңi осы» деп, таңдап даярлаған үйге халық сыймады: көбi сөзiн естуден бұрын [Әлекеңнің жүзін] көруге құмар едi. Сыймай есiкке, терезеге үймелеген халық тiлегiне қарай Ғалихан докладын далада жасады. 

«Алаш» қаласының ақсақалдары келгенiн қүттықтап, ықыластарын көрсететiн сөздер айтқан соң, халықтың ықыласын қабыл алып, оның айтқаны мынау:

«Халық! Бұлай қүрмет көрсетулерiне лайық еңбегiм сiңдi деп мақтана алмаймын. Бұрын мұндай құрметпен қарсы алынып көргенiм жоқ, сондықтан құрметтерiңе лайық жауап беруге тосырқап түрмын...».

Сонан соң, Семейдегi ноғай комитетiнiң жiберген өкiлi Мирсалимов пен Әкрам имам Ғалиханның баяғыдан берi халыққа қылған құрметiне ноғайлар атынан рахмет айтып, келуiмен халықты құттықтады. Мұнан соң, жалпы Сiбiр съезi һәм Учред. собрание туралы Ғалихан һәм соңында Әлiмханның доклады басталды. 

...Осыны айтқанда бiр қазақ қажысы мен бiр ноғай молдасы мұсылмандықтан сөз қозғап, ана әңгiмеге рахаттанған жұрттың уақытын алып ренжiтiп, жоғарғы сөздiң тiрi дәлелi болды. Жастар «Пәленнiң алдында да аяттан дәлел саулатты, ер екен, бiлiмдi екен» деп қара халыққа айтқызғысы келгеннен басқа мақсаты жоқ, молда мен қажыға көп ренжiп, Ғалиханнан ұялып қана тоқтап тұрды. Солардың сонша  соқырлығына жауап берiп, түсiндiрем деп азаптанған Ғалиханды: «Есiл Ер осының бәрiне шыдағаны ұлтын сүйгенi-ау», «Жақсы кiсi ит те, адам да өтуге шыдайтын көпiр секiлдi-ау», деп жастар бiр жағы ғибрат алса, бiр жағы Ғалиханды аяды.

Басқалар турасындағы сөздерiн екiншi уақытта жазармыз. Әлiмхан, Мәрсеков, Қозыбағаров, Әлiмбеков сайлау туралы қыздыратын сөздер айтып, жиылған жұрт ақырында: 

«Алаш туының астында

Куә болсын арымыз!

Көркейтуге Алашты

Құрбандық бiздiң жанымыз!

Жасасын, Алаш, жасасын!» -

деп көңiлдерi босап, қуаныштан көздерiне жас алып тарады.  

Сұлтан Махмуд.

«Сарыарқа» газеті, 13 қараша 1917 ж., № 18-20. Семей.
(Торайғыров С. Екi томдық шығармалар жинағы)

 

Алаш ұраны

Алаш туы астында 

Бiз – Алаштың баласы.

Күнiмiз туып, көгердi

Сарыарқаның даласы.

Құрт аурудай жайлаған,

Құртпаққа бiздi ойлаған,

Қанымызға тоймаған,

Қолымызды байлаған,

Ерiмiздi айдаған,

Елiмiздi лайлаған,

Жерiмiздi шимайлаған,

Өштi залым қарасы.

Жасасын, Алаш, жасасын!

Алаш туып астында, 

Қолдайтын Алаш бабамыз.

Туысқандық, теңдiк деп,

Туын қолға ап шабамыз.

Берiлгенде тiлектер,

Жарылмай ма, жүректер!

Заң жасайтын орынға

Жұртпен бiрге барамыз.

Қатардан орын аламыз.

Жасасын, Алаш, жасасын!

Алаш туы астында,

Куә болсын арымыз.

Көркейтуге Алашты,

Құрбандық бiздiң жанымыз!

Бұлай тұрсын малымыз,

Алаш деген ел үшiн

Сарыарқаның жерi үшiн,

Бостандық берген Ер үшiн,

Төгiлсiн, бiздiң қанымыз!

Аялмасын жанымыз!

Жасасын Алаш, жасасын!

Алаш туы астында

Өлсек, бiрге өлдiк бiз.

Не жақсылық, не қайғы

Көрсек, бiрге көрдiк бiз.

Iшкi жанжал-таласты,

КҮншiлдiкпен қарасты,

Мына жерге көмдiк бiз,

Жасасын, Алаш, жасасын!

Алаш туыс астында

Күн сөнгенше сөнбеймiз.

Ендi ешкiмнiң Алашты

Қорлығына бермеймiз.

Адамдықтың жолына

Бастаған ерлер соңында,

Басқаға көңiл бөлмеймiз.

Қандай шайтан келсе де, 

Алдауына көнбеймiз.

Өлер жерден кеттiк бiз,

Жасайды Алаш, өлмеймiз!

Жасасын, Алаш, жасасын!

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5671