Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5281 0 пікір 21 Қазан, 2011 сағат 05:13

Сағымбай Ботпайұлы. «Айқап» журналы - 100 жыл

 

«Газет, журналдарды түзу алып бүтін қазақ баласына, оның ішінде оқу бәріне ортақ. Солардың жақсы болмауы «Қазақтың» намысы. Балшықтан білім шығара алмай жүргенде қолдағы бардан айрылсақ, біз қайтып ел боламыз, ол қазаққа өлім, ол қазаққа ұят! Кірлесуді қойып, бірлесуді қарайық. Газет, журналдарымыз да кемшіліктерін күн сайын түзей беруі лайық. Кірсіз Ай, мінсіз Құдай». («Ынтымақ»)

«Айқап» және Шәкәрім Құдайбердіұлы

 

«Газет, журналдарды түзу алып бүтін қазақ баласына, оның ішінде оқу бәріне ортақ. Солардың жақсы болмауы «Қазақтың» намысы. Балшықтан білім шығара алмай жүргенде қолдағы бардан айрылсақ, біз қайтып ел боламыз, ол қазаққа өлім, ол қазаққа ұят! Кірлесуді қойып, бірлесуді қарайық. Газет, журналдарымыз да кемшіліктерін күн сайын түзей беруі лайық. Кірсіз Ай, мінсіз Құдай». («Ынтымақ»)

«Айқап» және Шәкәрім Құдайбердіұлы

Қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси, әдеби журналы «Айқап» 1911-1915 жылдар аралығында Ресейдің Троицк қаласында жарық көрді. Редакторы қоғам қайраткері, ақын, аудармашы Мұхамеджан Сералин болды. Отаншыл рухтағы Алаш санаткерлерінің қажыр-қайраты, ар-ождан биігіндегі елдік намысы ерен азаматтардың қаржылай демеушілігімен жарық көрген «Айқап» Ресей империясының отаршылдық қысымындағы қазақ халқының рухани оянуына, қоғамдық сана сілкінісінің серпілуіне бұла күш дарытты. «Қап дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық «Айқап» болған» басылым қазақтардың тарихи атақоныс мекеніне түпкілікті ие болып қалуында заман рухына сай дәстүрлі көшпелі өмір салтымен орайластыра отырып, отырықшылық тұрмыстың тізгініне берік болу талаптарын ұлт ілгерлеуінің басым саяси бағыты ретінде басты орынға шығарды. «Қазақша ойлауға, ойлаған ойын қазақша жазуға бірсыпыра адамды үйретті. Заманымыздағы халық басында тұрған ең керекті болған мәселеміз жер әңгімесі хұсысында (турасында) азды, көпті жұрттың ойын қозғауға себеп болған» «Айқап» редакторы Мұхамеджан Сералин «Басқармадан» (1915) атты мақаласында журнал шығарудағы елдік мұраттан туындайтын басты мақсатын «...Мақсатымыз дүние жиып, байымақ, пайдаланбақ емес, тек қана жұрттың көзі, құлағы болмақ еді...Журнал шығарғандағы мақсатымыз - халыққа жол көрсетпек еді» деп жазды. «...Алты Алаштың баласына егін шаруасына қолайлы жерлерге қала салуды қуаттап, халыққа шамасы келгенше түсіндіру» мақсатын ұстанған «Айқап» халықтың рухани даму өзегін құрайтын оқу-ағарту ісін дұрыс жолға қою сынды маңызды мәселелерді өткір көтерді. «Шәһар Троицкі, март, 1912 жыл» мақаласында Алаштың арда азаматы М.Сералин «...Біздің ілгері келешек күніміз де, бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нәрсеге тірелген. Ол...оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек, өнерлі жұртқа жалшы болудан басқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз жұртшылық қылып, оқушы талапкерлерімізге жәрдем бермесек, оқығандарымыз көбейе алмайды» деп жазды. Қалам қайраткері «Аштық хаһқында», «Келешек заманымыздың қамы», «Қазақ халқының мұң-мұқтаждығы», «Қазақ жастары», «Отырықшы болған қазақтар туралы», «Шәһар Троицкі, март, 1912 жыл», «Жер әңгімесі» т.б. мақалаларында қазақ қауымының жоғын жоқтап, жер, оқу-ағарту секілді басты мәселелердегі келелі ой-толғамдарын талқыға салды. Әсіресе отырықшы болып шұрайлы жерлерге ие болу, қала салып мәдениет көшіне ілігу сынды көкейкесті мәселелерді үнемі насихаттаумен болды. Көсемсөз шебері «Қазақ халқының мұқтаждығы» мақаласында «Ау, жұрт! Ойланайық. Келешек заманымыз қалай болады? Заманға муафық іс істейік. Заманның соңынан біз қумасақ, заман бізді күтпейді» деп арпалыстағы алмағайып заманда қазақтың өз жеріне ие болып қалуы үшін отырықшы болу керектігін қоғамдық деңгейдегі талқыға салып, әлеуметтік ой-санаға сіңірумен болды.

«Айқап» отаршылдық қысымдағы қазақтың ұлттық санасын оятуға ықпал етіп, халқымыздың саяси және рухани ілгерлеуіне мейлінше қажетті ділгір мәселелерді өткір көтерді.  Журналда Алаш ақылманы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» (1912.№5), «Сөз таласы» (1915.№6), «Біздің мұқтаждарымыз». «Басқармаға келген хаттар» (1912.№4.) мақала, хабарлары  жарияланды. Оларда ұлт ұстазының философиялық ой-толғамдары, қоғамдық өмірдің өзекті мәселелеріне қатысты көзқарасы көрініс тапқан.

«Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» (1912. №5) сауалнамасында Ш.Құдайбердіұлының «Айқап» журналы арқылы оқырмандардан бес түрлі діни сұраққа жауап сұраған хаты берілген. «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын. Әншейін жұмбақ емес, өз ойымша, адамның екі дүниесіне бірдей керек. Бұл сөздерге дін кітабынан дәлел көрсет деймін, тура ғана ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен. Жауап беруші қазақ болсын, басқа жұрт болсын - бәрібір, бірақ жауап қазақ тіліменен жазылсын, не қазақша тәржіма етілсін. Жауап неғұрлым ұғымды, қысқарақ сөзбен жазылса екен...» дей келіп, 1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не? 2. Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін? 3. Адамға өлген соң мейлі не жөнмен болсын рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма? 4. Ең жақсы адам не қылған кісі? 5. Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?» деп барша адамзат баласын мәңгілік толғандыратын философиялық сауалдарын талқыға салады.

Алаш қауымының қоғамдық жәйттерінен туындаған өмірлік маңызы зор келелі мәселелеріне сергек қараған ақын «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналына сөз жазушыларға» өлеңінде саяси көзқарас ұстанымындағы пікір қайшылығынан (көшпелі және отырықшы) екіге жарылған қазақ зиялылырын парасат пайымына жетелер азаматтық келісімге, саяси және рухани арнадағы ортақ мұрат-мақсаттағы елдік жолындағы кемел істерде береке-бірлікке шақырды. «Сөз таласы» мақаласында «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің арасындағы мұсылман құрылтайы мәселесіне қатысты өрбіген кезекті таластарды ақыл таразысына салып, сын көзімен қарады. Ақын орынсыз кекету, жөнсіз мұқату, қисынсыз мінеу сынды ар өлшемімен еш үйлеспейтін жағымсыз қылықтар тұтас Алаш баласын әлеуметтік келеңсіздіктерге ұрындырып отырғанын айта отырып, имани қасиеттерге жүгіну керектігін түйеді. Шәкірім қажы «Айқапқа» жазғандар да, «Қазаққа» жазған Ғалихан да талас сынды көптің сынына салып отыр, ол жақсы-ақ. Бірақ кекеп, кекетіп сөзін жазған жарай ма? Менің ойымша, кекеу, сөгіс - тіл қаруы. Оның жарасы тез жазыла қоймас. Жауап қайырып, қарсыласарлық үлкен кісі түгіл, жас баланы да ұрып, кекеп-зекіріп тыю зиян шығармай ма?» деп қандайда болмасын адамның дәрежесі мен лауазымына қарамастан әділдік жолында ақиқат өлшемін ұстануы керектігін ескертеді. Өз толғамын нақты мысалмен нығырлап, өзекжарды толғанысын «кекеу кек шықырып, кек партия шақырып, партия елдің елдігін жоғалтады» деп саяси ұстанымды ар-ождан қасиеттерімен сабақтастырып, азаматтық кемелділікке шақырады.

«Айқап» журналында Шәкәрім Құдайбердіұлының жарық көрген кітаптары, өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды деректер берілді. Мысалы, «Жаңа шыққан кітаптар» хабарламаларында ақынның «Мұсылмандық кітабы», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» (1912. №7), «Қалқаман-Мамыр» кітаптары басылып шыққаны хабарланса (1912. №13), Мұхамеджан Сералин «Шаһар Троицк» мақаласында «Айқап» журналы шыға бастаған кезеңнен бері «Маса», «Бақытсыз Жамал», «Өрнек», «Тумыш», «Шаир», «Көксілдер», «Шежіре», «Мұсылмандық кітабы», «Топжарған» кітаптарымен қатар Ш.Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» кітабы шыққанына тоқталды (1913.№1). Ал С.Ғаббасовтың «Тарих қазақ жайынан» (1916.№6) мақаласында «Құнанбай мырза менен Абай марқұмды жұрттың жадына қадірлі ақсақал Шәкәрім Құдайберді баласы да түсіреді. Бұл адамның жазған кітаптарын қолға алып қарай бастағанда, бұл кітап жазушы ақсақалдың үлкен әкесі марқұм қажы Құнанбай  қандай болғанда, ағасы Абай қандай болған деп ойға алынады...Бұл күнде милләтіне қаламымен қызмет қылып жатқан құрметті, аса қадірлі Шаһкәрім күміс ер-тоқым, күміс белдік, жуан бос құрсаққа мас болып, қажы деген сөзге төбесі көкке жеткендей болып жүрген қажыларымызға үлкен-ақ үлгі боларлық зат...Шаһкәрім сияқты ақсақалдарымыздың ғұмырына берекет беріп, оқыған жастарымызға Шәһкәрімдей болуға нәсіп етсін» деп жазылған. Ал қазақтың алғашқы меценанттарының бірі Есенқұл Маманұлы «Роман жарысы туралы» мақаласында әдеби сыншылыққа Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Сералин, Р.Мәрсекұлы, Ж.Ақбайұлы, Н.Орманбетұлы, Н.Құлжанұлы және Ш.Құдайбердіұлы лайықты деп білді.

Алаш жұртын елдік жолына нұсқап, рухани өркендеу арқылы саяси теңдікке жету бағытында сарабдал бағдар ұстанған «Айқап» журналының 100 мерейтойы ұлт руханиятындағы елеулі күн. Бұл күндері біздер тұңғыш журналдың жарық көруіне жүрек майын шам қылған Алаш қайраткерлеріне тағзым етіп,  ерен істерін құрмет сезіммен еске аламыз. «Ынтымақ» атты бүркеншік атпен жазған автордың «Тұңғыш ұлы «Айқапты» сүйген қазақ «Қазақты» да сүйе бастады. Бұларды сүю қазақтың баласына борыш, парыз, бұларды сүймеген, сүйемеген елде болмас» деген өзекжарды пікірі ХХІ ғасыр биігінде де өз күшінде қалады. Елдікті байрақ еткен қандай да болмасын қазақ басылымына қандастардың сүйеу болуын қалаймыз.  Газет-журналдарға жазылу науқаны басталған қазіргі тұста «Ынытымақтың» сөзімен түйіп айтсақ «Газет, журналдарды түзу алып бүтін қазақ баласына, оның ішінде оқу бәріне ортақ...Кірлесуді қойып, бірлесуді қарайық. Газет, журналдарымыз да кемшіліктерін күн сайын түзей беруі лайық. Кірсіз Ай, мінсіз Құдай».

Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл

Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ-дің

қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5439