Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 9177 23 пікір 20 Сәуір, 2020 сағат 12:38

Путиннің аңсаған «жұмағы» - КСРО!

Кремльдің қожайыны Владиимир Путин бұрынғы Совет одағын қайта құрғысы келетінін бұл жолы ашықтан ашық айтты. «Россия 1» арнасына. «Москва. Кремль. Путин» дейтін бағдарламада. «Бірігу - бұрынғы Совет одағы елдерінің барлығына пайда әкелмесе, зияны жоқ», - деп сөйледі.

Путин 2019 жылдың 1 қазанында Ераванда жүрген сапарында, өзіне тікелей бағынышты, про-кремльдік пропоганданың айтақтағы айтаршысына айналған «Россия 1» арнасының тілшілеріне сұхбат берген. Қып-қысқа әңгіме. Ал оны әлгі арна міне, шығарып отыр екен.

Сонымен Путин бұл жолы не деді? Рет-ретімен жазайық...

«Өткен шақтың, әсіресе Совет одағының, Совет империясының қайта құрылуына қатысты қандай да бір үрей-қорқыныштан арылған соң, күш біріктірудің барлығы үшін пайдалы екені туралы түсінік туады. Бұл мүмкіндікті, бұл басымдықты процесстің барлық қатысушылары көріп, біліп отыр. Біз әрі қарай жылжып, жаңа қадам жасап, алға басып келеміз», - депті Владимир Путин.

Путин: Ортақ тіліміз - орыс тілі

Ресей президенті өз сөзінде: «біріккен кезде ғана бәсекеге қабілеттілік деген болады. Бұрынғы КСРО елдері үшін де солай», - деп сөйлепті.

«Біздің ортақ тіліміз бар. Ұлтаралық, мемлекетаралық қарым-қатынас тілі - орыс тілі. Барлық елде орысша еркін сөйлейді. Бұл үлкен басымдық. Бізде бұрынғы ортақ мемлекетімізден қалған ортақ транспорт, ортақ энергетика,  ортақ байланыс инфрақұрылымдары бар. Бұл тағы бір басымдық», - дейді Владимир Путин.

Әсілі, орыс ақпаратының, ақпаратшыларының екі ауыз сөзінде бір соқтығып, сүйкеніп сөйлейтіні - АҚШ пен Батыс, одан қалса украин ғой. Бұл жолы да Батыстағыларды, Еуропаны бір сүзіп өтіпті. Орыстың, Кремльдің айналасына топтасуға кәрі құрлықтағылар қарсы болатынын айтып, «алаң» бопты. Ал бәрін білгіш Бәкең (Владимир) оны да бір жайғап қойыпты. «Бізді көре алмайды», - деп көңіл жұбатыпты.

«Олар өздерінің басты бәсекелестерінің дамығанын, өскенін қаламайды. Ал біз қалаймыз. Сондықтан, бұл біздің азаматтарымыздың тұрмыс-күйін жақсартуға жасалапы отырған қадам. Бұл тұрғыдан, таң қалатын ештеңе жоқ. Біз бұдан да қарқынды жұмыс жасайтын едік», - депті Путин.

Былтыр... 

Былтыр ғана, 2019 жылдың желтоқсанында Владимир Путин қасына қыруар тілшіні топтап алып, сұхбат өткізген. Сонда Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығын тойлау тақырыбы да сөз болды.

«Біз соғыс жайлы фактілерді бұрмалап, Кеңес әскерінің тарихи жеңісін қаралап, өтірікті қосып, бізді нацизммен тең қойғысы келетіндердің аузын жауып, үнін мәңгіге өшіреміз. Біз оларға бұлтартпас айғақтар мен тарихи құжаттар, фильмдерді ұсынатын боламыз»,- деп сөйлеген Путин.

Путиннің парадына қатысу міндет

Одан сәл бұрынырақта Ресей президенті 75 жылдықтың құрметіне қолындағысы мен қорасындағы бар қаруының тегі жақсыларын теріп, әскери әлеуетін әлемге әйгілейтін әлемет бір парад өткізетінін айтқан екен.

Мақұл ғой, отты қарудың түр-түрін Қызыл алаңда саппен тізіп, әскери парад өткізу – Кремль идеологиясының бұлжымас дәстүріне айналғалы қашан. Сондықтан, ерен санамай, «жылдағысынша өтер» деп қоя салар ма ек. Жоқ. Бұл жолы Владимир Путин «бұрынғы бодан елдердің басшыларының барлығы Мәскеуге келіп, парадты бірге көруі керек», - деп сөйлеген.

Путин: Мен Совет одағының жоқтығына өкінемін

«Мен Совет одағының жоқтығына өкінемін. Бұл олардың құқығы. Бірақ егер біздің мемлекетаралық қатынастарымыздың бүгінгі ерекшеліктеріне байланысты кейбір мемлекет басшылары келмесе, олар үшін бұл үлкен қателік болады деп ойлаймын. Себебі бұл олардың өз Отандарының тәуелсіздігі үшін соғысып, өмірлерін қиған адамдарға лайықты құрмет көрсетпейтіндігін білдіреді», - депті Путин.

Сонымен, Путиннің пікірінше егер Совет армиясы жағында соғысқан немесе бұрын одақтас болған, Кремльдің шақыртуын алған елдердің басшылары Мәскеуге әскери парад көруге келмейтін болса – онда бұл үлкен қателік екен. Тіпті, соғыста шейіт кеткендерге деген құрметсіздік болады-мыс.

Путиннің жұмағы

Естеріңізде болса, 2018 жылы орыс президенті Владимир Путин күллі әлемге күлкі болды. Иә, Кремльдің 2000-жылдан бергі қожайыны, КГБ-ның түлегі, елі сенбесе де, Ельцині сенген Путин күллі әлемнің күлкісіне қалды. Қалай дейсіз ғой, айтайық.

Ресейде «Валдай» форумы деген бір жиын өтті. Сол жерде сөзталқыға қатысып, ой бөліскен орыс президенті халқының жарым бөлігі қайыршылыққа салынып, экономикасы құлдырап, өндірісі өлімші болған қазіргі Ресейдің өктемдігін, әлде жеке амбициясын танытқысы келді ме, әйтеуір, бейсаяси сөздер айтты.

Резиденциясы мәйітхана мен молаға айналған Путин: «Ендеше агрессор білсін. Бәрібір кек, есенің қайтарылатынын білсін. Ол жер бетінен жоқ болады. Ал біз ше? Біз сол агрессордың құрбанымыз. Біз азапталушы ретінде жұмаққа кіреміз. Ал олар, олар – өледі. Өйткені, олар кешірім сұрап та үлгермейді», - деді.

«Ойбай-шынымен, солай деп пе?», дейтіндер болса, міне орысшасы: «Ну да, но тогда агрессор, он все равно должен знать, что возмездие неизбежно, что он будет уничтожен, а мы жертвы агрессии, и мы как мученики попадем в рай, а они просто сдохнут, потому что они даже раскаяться не успеют».

Айтпақшы, Путин осы сөздерді айтқан форумның тақырыбы – «Біз өмір сүретін әлем: XXI ғасырдағы тұрақтылық пен даму», деп аталады.

Сөйтіп, алда-жалда  ядролық соғыс бола қалса, Путиннің жаулары тозаққа, ал өзі жұмаққа барады екен. Путин жаңағы сөздерді айтқанда залдан қарқылдаған күлкі естілді. Өйткені, Кремльдің тұрғыны қанша кіжініп сөйлесе де, бұл күлкілі еді.

Түйін. Жатса, тұрса есілдерті ескі одақ болған Кремльдің қожайыны КСРО-ны қайта құру туралы бүгін ғана айтып отырған жоқ, расында. Бұған дейін де бірнеше жерде шұбарлап сөйлеп, шет жағасын айтып жұрді. Одан қалса, салғыласқанда өз түкіріктеріне өздері шалала сөйлейтін әлгі саржағал саясаткер сымақтардың аузына сап беретін.

Орыста Совет одағын қайта құру туралы кімдер айтпады деңіз... Жириновский, Зюганов, Лимонов, Богдасаров, Калашников, Соловьев, Скабеева, Киселев... Бұл тізімнің түбіне бүгін жетпейсіз. Путиннен бастап, Думаның депутаттары, Медведьев пен Мишустиннің министрлері мен оларға тәуелді жалдамалы жазармандар... Айта берсең, тіпті көп.

Болашақты соғыспен бағалайтын адамның әуелгі амбициясы - экономикалық одақты сылтауратып, ескі одақты тірілту! Дұрысы жоғарыда: «Біз жұмаққа барамыз», - деп сөйлеген Путиннің аңсаған «жұмағы» - КСРО болса керек. Қош, мұны қазақтағы азаматтық қоғам мен ондағы есті жүрт екі бастан біліп отыр ғой. Тек, ескі шекпеннен шыққан біздің биліктегі біраз дәу білсе дейміз... «Еститін мемлекет», - деді ғой. Естіп қалар...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5510