Жылыой жұмысшыларының жалақысын дағдарыс "жалмап" жатыр...
«Жасұлан және К» компаниясының жұмысшылары еңбекақыға алашақтарын беруді сұрап «БТ» корпорациясының бас кеңсесіне келді, Жылыой ауданы, Атырау облысы. 12 мамыр 2009 ж.
Атырау облысындағы «БТ» корпорациясының бірнеше жұмысшысы еңбекақылары төленбесе өздеріне қол жұмсайтындарын айтқаннан кейін ғана әкімшілік оларға тиесілі ақшаның бір бөлігін беруге келісті. 300-ден астам жұмысшыға 3,5 млн теңге қарызды корпорацияға төлеткізуге сот шешімінің де қауқары жетпей отыр.
«ӨЛЕМ ДЕП ҚОРҚЫТСАМ ДА, АЛАШАҒЫМНЫҢ ТӨРТТЕН БІРІН БЕРДІ»
«Жасұлан және К» компаниясының жұмысшылары еңбекақыға алашақтарын беруді сұрап «БТ» корпорациясының бас кеңсесіне келді, Жылыой ауданы, Атырау облысы. 12 мамыр 2009 ж.
Атырау облысындағы «БТ» корпорациясының бірнеше жұмысшысы еңбекақылары төленбесе өздеріне қол жұмсайтындарын айтқаннан кейін ғана әкімшілік оларға тиесілі ақшаның бір бөлігін беруге келісті. 300-ден астам жұмысшыға 3,5 млн теңге қарызды корпорацияға төлеткізуге сот шешімінің де қауқары жетпей отыр.
«ӨЛЕМ ДЕП ҚОРҚЫТСАМ ДА, АЛАШАҒЫМНЫҢ ТӨРТТЕН БІРІН БЕРДІ»
Атырау облысы Жылыой ауданындағы «БТ» корпорациясы мен оның құрамындағы «Жасұлан және К» компаниясының әкімшілігі бірнеше жұмысшыға 50 мың теңгеден жалақы төлеуге келісті. Еңбекақыға алашақ ақшаларын тоғыз ай бойы даулап жүрген жұмысшылар бұл талаптары орындалмайтын болса, өздеріне қол жұмсауға дейін баратындарын ескерткен соң ғана оларға қарыздың бір бөлігі берілді.
Алайда жұмысшылар бұған қанағаттанбай отыр. Өз аты-жөнін айтқысы келмеген бір жұмысшы Азаттық радиосына былай деді:
Еңбекақымның тек төрттен бірі ғана қолыма тиді. Осы кезге дейін көршілерім мен азық-түлік дүкеніне қарыздарымды есептегенде бұл ақша жыртығымызға жамау болмайды.
«Былтырғы жылдың қарашасынан биылғы наурызға дейінгі 250 мың теңге еңбекақымның тек төрттен бірі ғана қолыма тиді. Осы кезге дейін көршілерім мен азық-түлік дүкеніне қарыздарымды есептегенде бұл ақша жыртығымызға жамау болмайды».
2008 жылдың қазан айынан бері «БТ» корпорциясы мен оның құрамындағы «Жасұлан және К» фирмаларының 300-ден астам жұмысшысы еңбек ақыларын ала алмай келеді. Олардың бірсыпырасы биылғы жылғы қаңтардан бері мәжбүрлі түрде ақысыз демалысқа жіберілген.
Осы мәселеге байланысты Азаттық тілшісі қойған сауалға «Жасұлан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дүйсенбі Нұрғанов:
«Мен қаржы саласына жауап бермеймін. Біз тек тапсырысты орындаймыз» деп қысқа қайырды.
Жұмысшылардың шақыруымен Жылыой ауданына арнайы барған Азаттық тілшісі «БТ» корпорациясы құрылтайшыларының бірі Байрақбай Қаражановқа жолыққан еді. Ол корпорацияның жұмысшыларға қарыз екенін мойындады:
«Қазір жұмысшыларға 2008 жылдың қазан, қараша айларына еңбекақы үшін 3,5 млн теңге көлемінде берешекпіз. Алайда біз тапсырыстарын орындаған көптеген фирмалар – «КазнефтехимКопа», «МММ», «Көкмай», «Адам прибор», «Эради сервис» компаниялары тиісті қаржыны төлемей отыр. Мәселен, «КазнефтехимКопаның» бізге қарызы 376 миллион теңге. Егер мен оны сотқа берсем, сотқа баж алымы ретінде 15 миллион теңге төлеуім қажет. Бұл бірталай ақша ғой. Сондықтан олардан төлем ақшаны күтіп отырмыз. Ал берешек фирмалардың бізге айтар жауаптары бірдей: «затымыз өтпейді, мұнайымыз өтпейді, несие алып жатырмыз, береміз» дейді. Оның үстіне әзірге тапсырыс та болмай тұр...»
ДАҒДАРЫСТЫ СЫЛТАУ ЕТКЕН КОРПОРАЦИЯ СОТ ШЕШІМІН ДЕ ОРЫНДАМАЙ ОТЫР
Алайда жұмысшылар тапсырыс берушілер ақша төлемей жатыр дегенге илана қоймайды. Оған мысал ретінде жұмысшылар өздерінің кәсіпорнына тапсырыс беруші «Астанаойл» компаниясының қызметкерінен тиісті ақшаның баяғыда аударылғанын естігендерін айтады.
Бірақ аударылған қаржылар, жұмысшылар жалақысы үшін емес, компания басшыларының қажеттерін өтеуге жұмсалып келеді деп есептейді олар.
«Жалақы сұрасақ «қазір дағдарыс» дегенді алға тартады. Дағдарыс деген біздің басшылардың таптырмайтын сылтауына айналды.
Дағдарыс деген біздің басшылардың таптырмайтын сылтауына айналды.
Әйтпесе, мен жұмыс істейтін «Жасұлан және К» фирмасындағы жұмысшылар өз тапсырмамызды уақытында, мұқият орындап келеміз. Тіпті, межеден асырған уақыттарымыз да болды. Басшылардың береміз, күте тұрыңдар деген уәдесінен әбден қажып, биылғы ақпан айында аудандық сотқа да жүгінген едік. Сот арзымызды қанағаттандырып, істі біздің пайдамызға шешкенімен, «БТ» корпорациясындағылар оған пысқырып та отырған жоқ», – дейді жұмысшы Сисенғали Зәленов.
АЛ ЖҰМЫСШЫЛАР ЖАҒДАЙЛАРЫНЫҢ АУЫРЛАП БАРА ЖАТҚАНЫН АЙТАДЫ
Әрқайсысы бір үйлі жанды асырап отырған атпалдай азаматтар заңды ақшаларына қол жеткізе алмауларының отбасын тығырыққа тірегенін жеткізді. Нан-суды дүкендерден қарызға алып келгендіктен, қазіргі кезде берешегі көбейіп, бала-шағаға азық-түлік алу қиындап кетті деп шағымданады жұмысшылар.
Кейбірі банктерден алған несиелерін де төлей алмай қалған. Жұмыссыздықтың салдарынан туындаған отбасындағы кикілжіңмен қатар, банктегі несиесін өтей алмай күйзелген Б. есімді бір жұмысшы мамыр айында өзіне қол жұмсап, қаза болғанын айтады жұмысшылар. Алайда, марқұмның жақын-туыстары ол жөнінде журналистпен әңгімелесуден бас тартты.
Жұмысшылардың еңбек мәселесіне қатысты Жылыойдағы жергілікті атқарушы билік орындары да түсінік беруден бас тартты. Оларды қорғайтын кәсіподақ ұйымы да жоқ екен.
«Ол компанияда кәсіподақ ұйымы жоқ. Тіпті, ондай корпорация барын алғаш рет естіп отырмын. Жылыойға барып, ел аралап жүруге менің көлігім жоқ. Ал олардың мәселесімен айналысу үшін, өздері маған арызбен келулері қажет», – дейді облыстық құрылысшылар кәсіподағы ұйымының төрағасы Есет Өтеулиев.
«БТ» корпорациясынан алашақ еңбекақысының қолдарына тиетініне деген үміті барған сайын сөніп бара жатқан жұмысшылардың алды биліктен де, компаниядан да қайыр болмаған соң 300-500 шақырымда жатқан Қарабатан, Жаңаөзен жақтағы кәсіпорындарды жағалап басқа жұмыс іздеуге кірісті. Ал, Жылыойда жұмыссыздар қатары күн санап көбейіп келеді.
Сәния ТОЙКЕН
«Азаттық» радиосы 23 маусым 2009 жыл