Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3732 0 пікір 26 Қазан, 2011 сағат 04:23

Амангелді Кеңшілікұлы. Кафканың үйі (Басы)

Эссе

Досым Едіге Мағауинге арнаймын


Кафканың үйіне мені Едіге  ертіп әкелді. Ұлы жазушының үйі Праганың қақ ортасындағы ең әсем, әрі көрікті орындарының бірі -  Вацлав алаңынан алыс емес екен. Азаттық радиосындағы жұмысыма орай   Чехияның астанасында журналистік тәжірибеден өтіп жатқаныма екі айдан асса да, Кафка тұрған үйді  көрудің оңтайлы сәті тек бүгін түсті.

Күн шәйдай ашық, жарқырап тұр. Аспанда теңгедей бұлт та жоқ. Праганың ауа-райы  әйел мінезді, құбылмалы.  Біресе еркелеп, күлімсіреп тұрады, енді бірде сәл сөзден көңілі бұзылған  әйелдей түнеріп шыға келеді.  Таңғы ауадан денеңді тоңдыратын  дымқыл сыз сезіліп еді, түске таяу оның ізі де қалған жоқ,  қайта күн қатты ысып, терлеп-тепши бастадық.   Прагадағы  үйлердің кербез сұлулығы мен әсемдігі көз құртыңызды жегенімен, көшеде көз сүзісіп қалған жұрттың көбісі сізге жылы жымиғанымен, бәрібір бұл қалада адамды өзіне тартпайтын кәрі қыздың көңіл-күйіндей салқындық бар.

Эссе

Досым Едіге Мағауинге арнаймын


Кафканың үйіне мені Едіге  ертіп әкелді. Ұлы жазушының үйі Праганың қақ ортасындағы ең әсем, әрі көрікті орындарының бірі -  Вацлав алаңынан алыс емес екен. Азаттық радиосындағы жұмысыма орай   Чехияның астанасында журналистік тәжірибеден өтіп жатқаныма екі айдан асса да, Кафка тұрған үйді  көрудің оңтайлы сәті тек бүгін түсті.

Күн шәйдай ашық, жарқырап тұр. Аспанда теңгедей бұлт та жоқ. Праганың ауа-райы  әйел мінезді, құбылмалы.  Біресе еркелеп, күлімсіреп тұрады, енді бірде сәл сөзден көңілі бұзылған  әйелдей түнеріп шыға келеді.  Таңғы ауадан денеңді тоңдыратын  дымқыл сыз сезіліп еді, түске таяу оның ізі де қалған жоқ,  қайта күн қатты ысып, терлеп-тепши бастадық.   Прагадағы  үйлердің кербез сұлулығы мен әсемдігі көз құртыңызды жегенімен, көшеде көз сүзісіп қалған жұрттың көбісі сізге жылы жымиғанымен, бәрібір бұл қалада адамды өзіне тартпайтын кәрі қыздың көңіл-күйіндей салқындық бар.

Чехтар Франц Кафканың тұрған үйін жазушының мұражайына айналдырыпты.  Кафканың үйін ХVІІІ ғасырда Страхов деген монахтар салған екен.  Кейін ол  үй қиратылып,  ондаған жылдардан соң қайта қалпына келтіріліпті. Қазір бұл ғимаратта ұлы жазушының мемориалдық тақтасы ілініп тұр.   Мұражай үлкен емес, шағын ғана. Мұражайдың алдында орта жасқа келіп қалған  толық әйел  Кафканың суреті салынған киім-кешек пен төсбелгілерді сатып, сауда жасап жүр. Жазушы тұрған үйдің босағасынан аттаған кезімде  қатты тебіреніп,  жүрегім атша  тулап қоя берді.  Расымен де  әлемдегі ең атақты  жазушылардың бірі Франц Кафканың шаңырағына  келіп,  шынымен де оның ұстаған дүние-мүліктерін өз көзіммен көріп тұрмын ба деген ой сезімімді дірілдетіп,  мұражайдағы жәдігерлерге  сенімсіздікпен қараймын. Басымнан кешіп тұрған осы бір тәтті толғанысымды  Едіге де түсіне қойғандай:

-Ертең Алматыға барғанда естелік болсын. Мүмкін Кафканың үйіне келгенің туралы бір жақсы дүние жазарсың. Сонда менің  еңбегімді де ескерерсің - деп,  бір күлдіріп алды да, осы көріністердің бәрін, қолындағы кішкентай бейнетаспаға түсіре бастады.

-Жазамын, міндетті түрде жазамын! Кафканың үйіне ертіп әкелгенің үшін ол шығармамды саған арнаймын. Ал, шығармамның атын, атын... Таптым. «Кафканың үйі» деп қоямын, - дедім, мен қуаныштан басым айналып.

Мұражайда әйгілі қаламгердің  бала кезінде түскен суретіне шейін бар екен.  Суретке назарым кідірістегенде  жазушының жанарынан балаға тән қуанышты емес,  қайғы  мен қасіреттен  арыла алмаған Кафканың жалғыздығын сезінгендей әсердің құшағына бөлендім.  - Мүмкін, Құдай бізді көңіл-күйі болмай тұрған кезде жаратқан шығар  -деп, ұлы Жаратушыға мұңын шаққан жазушының сөзі есіме түсіп, әлдебір жәйттар санамда қайта оянып,  жүрегімді зырқ еткізді.

Әрине, қазір чехтар өздерінің астанасында Франц Кафка сынды әлемге аты әйгілі  жазушының тұрғанын мақтаныш тұтады.  Тіпті, оның Милена Есенска есімді чех әйелімен достық  қарым-қатынаста  болғанына шейін аңыз қылады.  Сол хаттарды оқысаңыз Кафканың жанының үлбіреген нәзік болғанын түсінесіз.  Ұзақ жылдар өткеннен кейін Кафканың Милена Есенскаға жазған хаттары «Письма к Милене» деген атпен, жеке кітап болып  жарыққа шықты.  Көзі тірісінде жазушының  хаттары түгіл, шығармаларына да ешкім көз қиығын  салған жоқ.  Жазушы қайтыс болып,  атағы әлемге жайылып, оның шығармалары миллиондаған оқырмандардың ыстық ықыласына бөленгеннен кейін ғана  чехтар  Франц Кафканың есіміне құрметпен қарай бастады. Ал, аттай бір ғасыр бұрын  өзі тұрған қаладан  мейрімділіктің жылы шуағын сезіне алмаған ол,  осы төрт қабырғаның ортасында жаны тұншығып отырып,  келешекті болжап,  адамзаттың ақыл-ойын суалтатын тоталитаризм мен авторитаризмді, әлемнің санасын билеп бара жатқан зұлымдықты әшкерелеген шығармаларын жазды-ау!  Есіл ердің еңбегі еш болып,  оның ғажайып  туындыларындағы ақиқатты ақыл таразасына салғысы келмеген  ақымақ әлем,  кейіннен қайғы мен қасіреттің уын шелектеп ішкен жоқ па еді, шелектеп. Ақиқатын айтсақ,  басқаларды сөз қылмағанда Франц Кафканың өзі де ұлы шығарма жаздым деп ойлаған емес. Өмір бойы Франц Кафка жазушы екендіне күмәнмен қарады, жазған шығармаларын келешек ұрпақтың кәдеге жарататынына мүлдем сенген жоқ. Өлерінің алдында ол ең жақын досы  Макс Бродқа  дүние салғаннан кейін жазған дүниелерінің бәрін отқа жағып жіберуін өтінді.

« Қымбатты Макс. Бір айға созылған ауыр науқастан соң менің қайтадан аяғыма тұрып кетуім неғайбіл шығар. Сол себептен де мен, өлгеннен кейін, жазған дүниелеріме  байланысты  соңғы тілегімді  орындауды саған тапсырамын..

Мүмкіндігің болғанша, менің жазған дүниелерімнің бәрін (газетте жарық көргендері, қолжазбалар мен хаттарды) тауып алып.. отқа жағып жібер» деген,  соңғы өтінішін  жазып қалдырады. (Франц Кафка «Өсиет» (Завещание) Петербор қаласы,  Азбука классика, баспа үйі, 304 ші бет)

Кім біледі? Егер Макс Брод жазушының соңғы тілегін бұлжытпай орындағанда Франц Кафкадай  жазушының болғанын бұл әлем білмей де қалар  еді. Бірақ Макс Брод досының өтінішін орындаған жоқ. Қайта керісінше, досы өмірден өткеннен кейін, шығармаларының басылып шығуына зор ықпал етіп,  оның бірден-бір насихатшысына айналып, шырақшысы болып алды.

Жазушы ретінде  Кафканың есімі Еуропада ол дүние салғаннан соң, нақтырақ айтсақ  1928 жылдан кейін ғана там-тұмдап белгілі бола бастады.  «Замок», «Процесс» секілді әлемге әйгілі  негізгі шығармаларының ешқайсысы да жазушының көзі тірісінде жарық көрмеді. 1913 жылы «Көз көргендер»,  1919 жылы «Ауыл дәрігері»  атты шығармалар жинағы басылып шыққанымен  әдебиетшілердің назарына ілікпей, елеусіз-ескерусіз  қалды.  Франц Кафканың «Құбылыс»  атты  атақты әңгімесі  1915 жылы Лейпцигтегі бір басылымда жарияланғанымен,  бұл тамаша туындыға да  назар аударғандар болмады.  Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана жазушының шығармаларына әлемнің ықыласы ауып,  оның туындылары үлкен сұранысқа ие болып, әдебиетте нағыз кафкалық  дүрбелең белең алды. Кафканың әдеби мұрасы, тіпті  көзқарастары бір-біріне қарама-қайшы келетін жазушылардың да қызығушылығын туғызды. Неміс әдебиетінің патриархы Томас Маннды айтпағанда, коммунист Франц Вайскопф, Луи Арагон, Пауль Рейман,  экзистенциалист Альбер Камю, тіпті, буржуазиялық идеологияның эстеті Андре Мальроның өзі Кафканың шығармашылығын жоғары бағалады. Мұның  себебіне біз кейінірек,  жазушының шығармаларына талдау жасағанымызда толығырақ тоқталармыз. Бұл тақырыпқа құда түспес бұрын Кафка сынды Еуропа әдебиетіндегі ең жұмбақ құбылыстың қалай дүниеге келгеніне,  оның жазушылық  дүниетанымының қалыптасуына қандай жағдайлардың әсер еткеніне зер сала кеткеніміз артықтық етпес.

Бар жоғы 41 жыл ғана өмір сүрген Франц Кафка дүниежүзіндегі ең ұлы жазушылардың бірі ғана емес, бірегейі. Жазушы Владимир Набоковтың сөзімен айтсақ, Франц Кафкамен салыстырғанда романист  Рильке сынды ақындар мен Томас Манн секілді жазушылар әдебиетте әлі ештеңе тындыра алмаған ергежейлілер ғана. Набоковтың айтқанына өз тарапымыздан алып-қосарымыз, Франц Кафка жазушы ғана емес, Гоголь мен Абай сияқты жалғыздықтың ауыр азабын тартып, өз жүрегінің қайғысына өртеніп өлген -пайғамбар. Әсіресе бұл тұста ұлы қаламгердің  мұңы мен қайғысы Абаймен рухтас. Әулиелік пен көріпкелдік тұрғысынан алғанда  оның шығармаларының өзегі Достоевскийдің туындыларымен үндес.

Ұлы жазушы 1883 жылы кіші-гірім саудагердің отбасында дүниеге келді.   Ұлты еврей Франц Кафка сол уақыттағы Еуропадағы саяси ахуалға байланысты нәсілшілдіктің ауыр тауқыметін басынан өткерді.  Ұлты еврей болғанымен  шығармаларын неміс тілінде жазды. Сондықтан да Франц Кафка неміс әдебиетінің өкілі.  Шығармаларын неміс тілінде жазғанымен,  жазушының бүкіл саналы  ғұмыры  Чехияның  астанасы Прага қаласында өтті.

Франц Кафка дүниеге  келерден қырық жыл бұрын ғана Прага немістердің қаласы еді.  Жазушы туғаннан кейін бірнеше жылдан соң Прага қайтадан чехтардың қаласына айналды.  Сол уақыттары  Прагада бір-бірімен өшіккен чехтар мен немістердің арасында түрлі қақтығыстар орын алып,  қаланың көшелерінде жиі-жиі төбелестер болып тұрды.  Осындай төбелестердің бірінде Франц Кафканың досы Оскар Баум жарақаттанып, зағип болып қалады. 1897 жылы әскердің күшімен ғана бұл төбелестер тиылып, қалада қатаң тәртіп орнатылады.

Чехтар тек немістерді ғана емес, еврейлерді де өлердей жек көрді.  1848 жылға шейін Прагада еврей отбасында туған бір баланың үйленуіне ғана рұқсат етілді.  Мысалы Кафканың атасы бұл заң алынып тасталынғанша,  яғни, 1848  жылға шейін үйлене алмай жүрді. Замандастарының айтуынша, Кафканың атасы  Яков күш қуаты тасыған, зор денелі адам болған. Ол бір қап ұнды тісімен-ақ  көтере алған екен.

Тіл білмегендердің күні қиын болғандықтан, Франц Кафка чехша үйреніп,  қосымша сабақтар алып тұрады. Сол кездері Прагадағы еврейлер күн көріс қамы үшін өздерін чехтарға жатқызғанымен,  балаларын неміс мектептерінде оқытты.  Басқасын сөз қылмағанда  Кафканың хаттары мен күнделіктерінде  Чехославакия мемлекетінің пайда болғаны,  билік басына Масариктің келгені туралы да ештеңе айтылмайды.   Соған қарағанда елдегі болып жатқан дүрбелеңдер мен саяси оқиғалар оны аса қатты қызықтырмаған. Қазіргі уақытта чехтар Франц Кафканың шығармашылық шеберлігіне Карел Чапек пен Ярослав Гашек сынды жазушылардың ықпалының зор болғанын мақтанышпен айтады. Алайда біздің ойымызша бұл түбегейлі қате пікір.  Өйткені Франц Кафка бұл жазушылардың есімдерін ең құрығанда бір рет те аузына алмайды.  Чехтардың әдебиеті оны мүлде қызықтырған жоқ. Маған сенбесеңіз жазушының күнделігін оқып шығыңыз. Франц Кафканың күнделігінде бір күні кешке чехтардың ұлттық театрына барғаны және ондағы қойылымның оған түк  ұнамағаны туралы жазылған естелігі бар. Егер біздің бұл дәлелеліміз аз болса, осы жазушылар мен Кафканың шығармаларын салыстырып көріңіз.  Сонда сіз Франц Кафканың қаламынан туған шығармаларының табиғаты жағынан да, рухы жағынан да Карел Чапек пен Ярослав Гашектің туындыларына ұқсамайтын,  мүлде бөлек дүниелер екеніне көз жеткізесіз.

Сөз жоқ, Прага Еуропадағы ең әсем, әрі сұлу қалалардың бірі. Бірақ Кафка бұл қаланы сүйген жоқ. Сүйгенді айтасыз-ау, тіпті жазушы Праганы өлердей  жек көрді.  1902 жылы  Оскар Поллак деген досына жазған хатында ол  былай деп мұңын шағады: «Прага бізді жібермей отыр. Біз бұл қаланың шеңгелінен босана алмадық. Бұған тек амалсыздан көну керек, әлде... Әлде, Вышеград пен Градчанды екі жағынан өртеп жіберсек мүмкін біз бұл қаладан құтылар ма едік».

Басқа амалы қалмағандықтан, чехтардың арасында неміс болып ғұмыр кешкен ұлты еврей Франц Кафка өмір бойы Прага қаласынан кетіп қалуды армандап, соның жолын іздестірді. Жазушының бұл арманы тек өмірінің соңында ғана орындалып, құрт ауруына шалдыққан Франц Кафка 1924 жылы Еуропадағы санаторилердің  бірінде дүние салады.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351