Путиннің дәмесі: Кремль НАТО-ға не талап қойды?
Абу-Дабиде екі күн жүріп үш тарап - АҚШ, Украина мен Ресей «ауқымды тұтқын алмасу» жасасатын болып қайтқан. «Өзге мәселелерді ашып айта алмаймыз, бірақ маңызды тақырыптар талқыланды», - деп тарасқан.
Сонан іле-шала Уиткофф пен Кушнер Мәскеуге аттанған. Әуелі Путинмен, онан соң Зеленскиймен жүзбе-жүз сөйлесетіні айтылған.
Кеше Мәскеуде АҚШ өкілдері 1,5-2 сағат Путинмен сөйлесті де, ешқайда бұрылмастан Дублинге ұшып кетті. Зеленский сонда жүр…
Уиткоффтың бар айтқаны:
- Украина бойынша келіссөздердің келесі раундына Еуропа да қатысады. Бүгін бұл мәселе бойынша шешім таптық, - болды.
Бұған дейін Украинадағы соғысты бейбіт реттеу бойынша келіссөздерге Еуропанның қатысуына Ресей үзілді-кесілді қарсы болып келген.
Ал Путин не деді, Кремль қандай талап қойғанын Ресейбасының бас кеңесшісі Юрий Ушаков айтты.
Ушаков айтады: АҚШ-пен Ресей талқылап жатқан «Еуропаның жаңа қауіпсіздік архитектурасы» мәселесінде Ресей талабы - НАТО-ны 1997 жылғы қалпына қайтару!
Бұл мәселе Мәскеуде, Кремльде Ақ үйдің арнайы өкілдері Кушнер-Уиткофф тандемі Путинмен жолыққанда да талқыланған.
Путиннің талабы, сәйкесінше Мәскеудің қалауы - НАТО-ны одан әрі кеңейтпеу туралы талап. Ал 1997 жылдан кейін блокқа кірген елдер аумағына алянстың өзге мүшелерінен әскери контингент, әскери күш орналастырмау.
Жәнесі тағы бар - алянстан тыс посткеңестік мемлекеттермен, соның ішінде астын сызып тұрып Украинамен әскери ынтымақтастықты шектеу!
Сондай-ақ, «Ресей — НАТО» актісіне қол қойылған сәттегі алянс күштерінің конфигурациясына қайтып оралу талабы да айтылды. Ал бұл құжатқа 1997 жылы қол қойылған екен.
Яғни, Путин НАТО-ның 1997 жылғы шекараларына қайта оралуын талап етіп отыр. Ал ол кезде Шығыс Еуропа елдері әлі НАТО құрамына кірмеген еді.
Қаперлеріңізге салсақ, 1997 жылдан бері НАТО құрамына бақандай 16 мемлекет қосылған. Олар:
1999 жылы - Венгрия, Польша, Чехия;
2004 жылы - Болгария, Латвия, Литва, Румыния, Словакия, Словения, Эстония;
2009 жылы - Албания мен Хорватия;
2017 жылы - Қаратау (Монтонегро);
2020 жылы - Солтүстік Македония;
2023 жылы - Финляндия;
2024 жылы - Швеция кірді.
Путин енді осы елдерді НАТО-дан тыс қалдыруды талап етіп, «не шықсын, не алянспен байланыссыз қалсын», - деп отыр…
Сонымен қатар, Путин осы жолы басқа да мәселелерді ортаға қойған. Бірақ, Ушаков ол жайлы үнсіз қапты…
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz