Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 14396 6 пікір 30 Сәуір, 2020 сағат 04:20

Кавказдық қарашай, балқар, құмықтар қазақтан қашан бөлінді?

Кавказдық қарашай, балқар және құмық ұлттарының тілдері қазақ тіліне өте жақын екені барлығымызға мәлім (1). Олардың тілдері көрші оғыздық азербайжан тіліне емес, алыста жатқан қазақтың тіліне ұқсастығы тағы бекер емес. Ресей ғалымдары «кавказдық нәсіл», «манголоидтық нәсіл» деген жалған тұжырымдары арқылы біздің өзара туыс екенімізді негізінен жоққа шығарған болатын.

Әрине ондай тұжырымның, ақиқатында, құны көк тиын! Барша адамзат Адам ата мен Хауа анадан тарайды, Жаратушы Алла адамның ағзасына жер бетіндегі кез келген аймақтың климатына бейімделе алатын мүмкіндік берген. Кавказға барып орныққан азиялық адамның ағзасында гендік деңгейде өзгерістер орын алады, осы гендік бейімделудің көмегімен сол азиялық адамның ұрпақтары шамамен 600-700 жылда толықтай кавказдық кейіптегі адам болып қалыптасып, өзгеріске ұшыраған. Мәселен, арғы тегінде араб болып табылатын біздегі қожалардың кейіптерінде сол арабтарға еш ұқсастық қалмаған. Олардың кейіптері барша қазақтар сияқты, азиялық нәсілде. Қожаларда соңғы кезге дейін қарадан, яғни жергілікті қазақтан қыз алыспау дәстүрі сақталып келгенімен, олардың түрлері қазақы болып қалыптасып кетті. Қожалар шамамен XII ғасырда келді біздің даламызға. Ал XVIII ғасырлардың тұсында олар қазақы болып үлгерген. Міне, осы деректің өзі ұлттар тарихын нәсілдік көзқараспен зерделеудің үлкен қателік екенін көрсетеді.

Жоғарыда аталған кавказдық ұлттар мен қазақтың, анығында арғы тегі бір халықтан. Қарашай, балқар және дигор ұлттары хунь-құң халқының алан-ұлан деген тайпасынан қалыптасса, құмық ұлты сол хунь-құң халқының құман тайпасынан пайда болды (құмықтар жайында бөлек мақалада айтамыз). Ал қазақ халқы болса, сол хунь-құң халқының негізгі бөлігі мен сақ-скиф тайпасының өзара араласып, біртұтас халыққа айналуымен пайда болған.

Енді осы жазбаны нақты деректермен нақтылай түссек,  Кавказды I ғасырда жаулап барған Алан тайпасында аш-тигор деген ру болғаны ақиқат. Ресей ғалымдарының тұжырымдауынша, аландардың ұрпағы – осетиндер. Осетин халқы – ирон және дигор деген екі этностан құралған, ирон мен дигор тілдері арғы түбінде өзара туыс емес. Ирон-осетин тілі иран тіліне жақын екенін және осетиндер құрамындағы дигор тобының аландардан екенін пайдаланған орыс оқымыстылары мұны былай бұрмалады: «Аландар ұрпағы – осетиндер, өйткені осетин дигорлары аландық аш-тигор руынан болады. Осетин тілі (ирон тілі) мен иран тілі туыс. Демек, аландар иран тілді болған. Ал алан тайпасы скиф-сарматтарға жатады, олай болса скиф-сармат халқы да (сақтар) ирантілді болған».

Ресейшілдер иран тіліне туыс ирон-осетин тілінің аландар ұрпағы дигор-осетиндерге еш қатысы жоқтығына көз жұма қарады. Бір-бірін «алан» дейтін түркітілді қарашай мен балқарлардың нағыз аландар екенін және осетин-дигорлар мен қарашай-балқардың сөздері ұқсастығын әдейі көзге ілмеді. Оны айтса, өтіріктерінің күлі көкке ұшатынын жақсы түсінді. Ресей ғалымдары «сақ-скифтер – иран тілді көшпенділер» деген жалған тұжырымдарын дәлелдеу үшін «аландар – скиф-сарматтық тайпа» деп бұрмалады. Алайда, алан тайпасының сақ-скиф емес, хунь-құң елінен екені тарихи деректерден анық көрініс табады.

V ғасыр мен I ғасыр аралығындағы атақты Хұң (хунь) империясы билігі силюань-ди тайпасында болған. Осы силюань-ди дұрысында "асылұйаң-дар" деген тайпа, яғни «Асылұяң» деп аталған (хұңдық "дар" жалғауын қытайлар "ди" деп қысқартып жіберген). Билеуші тайпаның адамдарын «асылұйаң-дар» дейтінін естіген қытай деректері оны «силюань-ди» деп көрсеткен. Демек, Хұң империясын билеген тайпа атауы – Асылұя.

Хұңдар – 24 тайпалы халық, «силюань-ди», «хуянь», «лянь», «сюйбу» деген 4 тайпа – мемлекет билігінде өз орындары бар, таңдаулы «ақ» тайпалар. Қалған 20-сы – өз көсемі мен жасағы бар қарапайым тайпалар. Хунь империясы билеушісін қытайлар «Шанью» дейді. Оны «шыңүй» деп түзесек, мағынасы нағыз патшаға лайық атау болып шығады («шың» – вершина, ал «үй» – дом, шыңүй – высочайший дом), шыңүй – «ханүй» немесе «патшаүй» деген мағынада. Демек, қытай жазбасындағы «шанью» – хұң тілінде «шыңүй». Билеуші  асылұяң (силюань) тайпасы тек таңдаулы 3 тайпамен ғана қыз алысып, беріскен. Қытай тілінің білікті маманы «хуянь» – құман тайпасы, «лянь» – ұлан (алан) тайпасы, «сюйбу» – сұрбөрікөкбөрі») тайпасы деп тұжырым жасайды.

Асылұя династиясының өз халқы қазақ екенін, яғни қазақ ұлтының хұң халқының үзілмеген жалғасы екенін осы атаулардың хунь-хұңдар заманынан еш өзгермей «қазақы» күйде бізге жетуі айқын дәлелдейді.  Қазақта «ұлан» атауы әскери термин ретінде қолданылады, мысалы, «Жас ұлан» әскери мектебі. Соған қарағанда, Хунь империясында ұлан (алан) тайпасы мемлекеттің әскери саласын басқарған деп тұжырымдауға негіз бар.

Хунь империясындағы ұлан тайпасын қытай жазбалары «лянь» деп көрсетсе, І ғасырда Кавказға барған сол ұлан тайпасын рим жазбаларында алан деп кездеседі. Рим жазбалары аландардың кеуделеріне айдаһар бейнесін жабыстырып алатынын, аландардың ол бейнені соғыс кезінде өздерін өзгелерден айырып тануы үшін және жауларын шошыту үшін қолданатынын атап көрсетеді. Сақ-скифтерде айдаһар бейнесі қолданылғаны жайлы еш дерек жоқ, ал хунь халқының жалғасы болған гунн елінде айдаһар бейнесі жаппай қолданыста болғаны анық дерек. Айдаһар бейнелі Қытай империясымен қоян-қолтық қарым-қатынаста болған Хунь-құң елінде ол бейненің қолданылуы заңдылық. Осы фактілер алан тайпасының анығында хунь-құң халқының ұлан деп аталатын таңдаулы тайпасы екенін айғақтайды.

Хұң халқының алан (ұлан) тайпасының кейбір тобы, әрине қазақ халқында сақталды. Олар – тарихи деректерде «алан-танаиды» деп көрсетілетін тана тайпасы (кіші жүзде) және құрамында байтана руы бар дулат тайпасы (ұлы жүзде). Венгр-мажарлары өздерін алан көсемі Дуланың екі қызынан тарататыны мәлім, осы дерек қазақтың алан (ұлан) тайпасы кейін Дула көсемнің есімімен аталып кеткенін дәлелдейді. Демек, қазақтың Дулат тайпасы сол алан (ұлан) тайпасының тап өзі.

Лев Гумилевтің хұңдар жайлы деректерінде мынадай жолдар бар: «Қытай билігі І ғасырда хуянь (құман) тайпасының көсемін алдап шақырып, оны шанью (шыңүй-патша) етіп сайлауға тырысқан. Алайда, ол адамның өзі де, тайпасы да оған көнбеген». Онда барша хұң халқы тек асылұяң (силюань) тайпасының өкілін ғана билеуші деп мойындағаны жазылған. Демек, біздің заманымыздың І ғасырында Кавказды жаулаған аландарды да бастап барған билеуші топ Асылұя династиясынан болғаны анық. Армиян жазбасында да ІV ғасырда аландарда «аш-тигор» руы болғанын айғақтайды. Осы атауды «Ас-тұғыр» деген жөн. Өйткені, кейінгі Асылұя династиясы көбіне қысқаша «Ас» немесе «Аш» атауларымен кездеседі және қазақ тілінде «тұғыр» сөзінің мағынасы «жоғарғы арнайы орын» дегенге саяды. Дигор ұлты таптық (сословиелік) құрылымнан тұрады (2), осы деректің өзі тигор-тұғыр руы Асылұя династиясынан екенін айғақтайды. Яғни, І ғасырда Кавказды жаулаған аландарды (ұлан, қытайша – «лянь») Асылұя тайпасының «ас-тұғыр» деген руы билеген.

Араб тарихшысы Әл Масуди аландардың VІІ ғасырда христиан дінін қабылдағанын, алайда олардың ІХ ғасырда священниктерін Византияға қуып жіберіп ескі сенімдеріне ауысқанын, ал таудың арғы жағындағы далада Ұлы Бұлғария ханы сол жүзжылдықта Ислам дінін қабылдағанын жазады (3). Бұлғар ханзадалары «ханасювеги», яғни «хан асүй бегі» деп аталғаны белгілі. Демек, Ұлы Бұлғарияны билеген – Асылұя адамдары.

Осы Әл Масуди деректерінен шығатын қорытынды:  Ұлы Бұлғарияда Ислам дінінің орнығуына қарсы кей ханзадалар қол астындағы жұртымен Кавказға кетіп, ондағы Алан елі билігін ас-тұғыр (аш-тигор) тобынан тартып алып, аландарды ескі «тәңірі» сеніміне қайтарған. Аландар ұрпағы – балқар мен қарашай ұлттары және осетиндер құрамындағы дигор этносы. Алан елін билеген сол бұлғарлық династия балқар ұлтын қалыптастырса, қараша халық, яғни  қарапайым аландар – қазіргі қарашай ұлты. Биліктен айрылған ас-тұғыр (аш-тигор) тобы көрші ир халқын бағындырып, осетин ұлтының негізін қалады (Әл Масуди аландарға көрші кашак (қазақ) және ир деген халықтары отар болғанын көрсеткен (4), ал осетиндердің негізгі бөлігі өздерін «ирон» деп атайды).

«Осетин» атауы грузиндік «Ас-етин» («ас еді») сөзінен шыққанын ғалымдар дәлелдеп кеткен. Яғни, ир халқын билеген ас-тұғыр (аш-тигор) тобын грузиндер «ас-етин» деп атағандықтан, халық атауы «осетин» болып орнықты. Қазір осетин ұлтының 80 пайызы – «ирон» деп аталатын иронтілді этнос (5), ал қалғаны – соларға сіңісіп, өз түркітілін  жоғалта бастаған аландық «дигор» ұлты. Кеңес өкіметінің бір көсемі Сталиннің дигор тілін қолдануға тыйым салуы дигор тілінің «ирондалуына» жол ашқаны анық. Патшалық Ресейдің шынайы билеушісі болған иезуид тобы халықтар тарихын жоспарлы түрде өзгертумен айналысты (6). Лениннің заманында үзіліп қалған сол сұрқай саясатты Сталин әрі қарай жалғастырған.

Қарашайлар мен дигорлардың үлкен бөлігі кейінгі заманға дейін балқар төрелерінің билігіне жүгініп келді. Балқарлардың сословиелік құрылымы Хұң империясы жүйесіне өте ұқсас (7), ең жоғары билік «Ұлыүй» төренің қолында. Осетиндер балқарларды «Астар» деп атаған екен. Осы деректер балқар ұлты аландарды билеген бұлғарлық Асылұя династиясынан қалыптасқанын көрсетеді.

Осы көрсетілген деректерден кавказдық балқар, қарашай және осетиндер құрамындағы дигор (тұғыр) ұлттары атақты Алан елінен екенін және арғы тегінде олар мен қазақтар бір халықтан тарайтынын айғақтайды.

 

 

Қосымшалар:

(1) – «Қазақ тілі – түрк тілдері тобына жатады, оның ішінде қыпшақ тобына кіреді. Ең жақын туыс тілдері – қарақалпақ, қырғыз, ноғай, татар, құмық, балқар, қарашай тілдері. Осы халық өкілдері бір-бірімен тілмашсыз-ақ оп-оңай тілдесе алады». (Қазақ тарихынан)

 

(2) – «Дигорлар – осетиндердің дигор тілінде сөйлейтін этнографиялық тобы. Ирон диалектісінде сөйлейтіндер дигор тілін сирек игерген және қатынас жасау тәжірибесінсіз оны түсінбейді. Керісінше, дигорлардың басым бөлігі ирон тілін түсінеді және оны игергендері де бар. Өйткені, Осетияда ирон тілі кең тараған және Кеңес заманында осетиндердің жалғыз әдеби тілі боп есептелген, сондықтан ол дигорларға да оқытылған.

Кеңес өкіметі орнаған кезден 1937 жылға дейін дигор тілі жеке тіл саналды, арнайы әліпбиі болды, оқулықтар мен басқа да басылымдар шығарылды. Алайда 1937 жылы дигор әліпбиі «контрреволюциялық» деп жарияланып, дигор тілі осетин тілінің диалектісі деп танылды. Ал озық дигор зиялылары репрессияға ұшырады. М.И.Исаевтың деректері сүйенсек, дигор диалектісінде ирон диалектісінде кездеспейтін 2500 сөз сақталған. Дигор сословиесі: ЦАРГАСАТА (дигор ақсүйегі), БАДИЛЯТА (дигор ақсүйегі), АДАМИХАТА (еркін қауым мүшелері – негізгі тұрғындар), КУМАЙЯГТА (бастарды, сөзбе-сөз – мал қорада туғандар), КОСАГТА (малайлар, құлдар). ХІХ ғасырдың екінші жартысында мұсылман дигорлардың едәуір бөлігі Түркияға қоныс аударды. Онда Қарс қаласы (Сарыкамыш және Хамами ауылдары) маңында тығыз қоныстанған. Дигор тектері: Адаевтар, Аршиевтер, Асеевтер, Батоевтар, Бетановтар, Бетрозовтар, Боллоевтар, Ваниевтер, Гегкиевтер (донифарлық), Дамбеговтер, Дашиевтер, Дзираевтар, Дзоблаевтар, Дзодзаевтар, Дигуровтар, Елеевтер, Камболовтар (донифарлық), Кануковтар, Кожиевтер, Колоевтер, Кочиевтер, Кульчиевтер, Левановтар, Сабаевтар, Созаевтар, Сагеевтар, Тайсаевтар, Таказовтар, Тамаевтар, Тубеевтер, Хачировтар, Хидировтар, Цамакаевтар, Цебоевтар, Цеовтар, Чибиевтер. Дәстүрлі дигор есімдері: Астан, Авдан, Саукуй, Царай, Кермен, Тамби, Фацбай, Басил, Галау, Дигис, Хуасдзау, Бараг, Уруймаг, Афсати, Ахсарбек, Дзала. Маирбек, Ахсара, Ахсартак, Марклен, Сабан, Цатталаг, Астемур, Саулаг, Урузмаг, Сафарби, Афакъо».  (Дигорлар тарихынан)

(3) –  «Қазіргі уақытта, яғни 943 жылы бұлғар патшасы мұсылман болды. Ол 922 жылдан кейінгі Мұхтадир Биллах заманында, түсінде аян берілген соң мұсылмандықты қабылдаған. Ислам пайда болғанда және Аббасидтер кезінде алан патшалары христиандықты қабылдаған, ал оған дейін олар көпқұдайшыл болған. 932 жылдан кейін христиандықтан бас тартты және Византия императоры өздеріне бұған дейін жіберген епископтар мен дінбасыларын қуып жіберген. Алан патшасы жорыққа 30 мың салт аттымен шығады. Ол қуатты, ержүрек, өте күшті және патшалар арасында берік саясат жүргізеді». (Ширван және әл Баб тарихы. Әл Масуди)

(4) - «Аландар патшалығынан кейін Кабх тауы мен Рум теңізінің (Византия) аралығында тіршілік ететін кашак деген халық бар. Оларға іргелес өзге үлкен тайпа отыр және олармен кашактар арасын өзен бөліп тұр. Бұл өзен көлемі жағынан Евфратқа ұқсас және жағасында Трапезонд тұрған Нитасқа құяды. Олар Ир.м деп аталады және ерекше адамдардан құралған. Олар – пұтқа табынушылар». (Ширван және әл Баб тарихы. Әл Масуди)

(5) - «Орыс тілінде ирондар да, дигорлар да «осетиндер» деп аталады,  грузинше – «оси». Бұл елдің «Осети» атауынан шыққан. Оси немесе овси деген грузиндік атау алан атауының «асы» бөлігінен пайда боды. Осетин тілінде осетиндердің ортақ атауы жоқ. Ирондықтар – «ир», ал дигорлықтар «дигор» деп аталады». (Осетиндер тарихынан)

(6) – «Оқиғалар жылдам өрбіді, иезуиттер құрған сценарий негізінде жүзеге асты. Уланған Иван Грозный ұзақ қиналып жан тапсырғаннан соң, таққа оның жарымес ұлы Федор Иванұлы отырды. Ал Кремльдегі билікті Борис Годунов алып қойды. Ол билікке келе салысымен, ең алдымен Симеон патшаны бүкіл атақтарынан айырып, үйінен, кішкентай Русінен қуып шықты. Шіркеу билікке Романовтарды келтірген ХVІІ ғасырдағы аласапыраннан бастап Ресей Русьтен алыстай берді – оның түріктік тамырына балта шабылды, славян мифтерін ойлап тауып, өздерін сендірді.

Енді аласапыранды (Смута) иезуиттердің ұйымдастырғаны ұмыт болды, соның өзінде олар патриархальды Русьпен күрес түріндегі инквизициясын жалғастырумен болды. Кремльдегі боярларды дворяндарға ауыстырды, крепостнойлық құқықты бекітті, тілдің славяндық диалектісін ойлап тапты, халықты тарихынан айырды. Бір сөзбен айтқанда, адамардың миына империялық амбициялар мен идеологияны құйды.

Иван Грозныйдың тұсында Мәскеу Русі қай тілде сөйледі? Түрікше деп жауап беремін. Үйреншікті естілмейді, алайда асықпаңыздар. Біз бен сіз сөйлеп жүрген славян диалектісі иезуит Лаврений Зизанияның қаламынан пайда болды. 1618 жылы осы жұмысты Мелентий Смотрицкий аяқтады, ол да иезуит. Ол шіркеулік приход мектептерінде славяндар деп аталған түріктерді жаңа тілге оқытқан "Грамматика" оқулығын шығарды. Карамзин, Соловьев, Рыбаков өздерінің тарихи еңбектерін жазған модельді иезуиттер дайындағанын көпшілігі біле бермейді. Яков Брюс оны ресейліктердің миына құйып отырды. Оның "Кабинеттік жылнамасы" қайдан пайда болғанын ешкім білмеді, алайда дәл осы басқаларына үлгі болды. Осы бойынша үш ғасырдан бері Ресей тарихы жазылып келеді.

Брюстің жетекшілігімен орыстың тұңғыш тарихшысы Василий Татищев ХVІІІ ғасырда Римнің дәстүрлі көзқарасы жүзеге асырылған, ал қисын мен деректері сорақы қарама-қайшылыққа толы "Ең ежелгі заманнан басталған Ресей тарихы" деген іргелі еңбегін жазды. Ғасырлар емес, патриархальды мыңжылдық жоғалды. Ең көрнектілері! Иезуиттер оларды шауып алып тастады, орнына ІХ ғасырды, Киевті, славяндар мен Киев Русінің байланыссыз "тарихын" ойлап тапты». (Мәңгілік көк аспансыз. Мурад Аджи)

(7) - «Шын мәнісінде, балкарлар мен қарашайлар әкімшілік жағынан екіге бөлінген біртұтас халық болып табылады. ХІҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы грузин дереккөздеріне балкарлар «басиандар» деген атпен енген. Осетиндер оларды астар деп атады. Балкарлар мен карашайлар арасында «алан» этнонимі күнделікті бір-бірін қарату сөзі ретінде сақталған. Биік таулы жағдайда болса да балқарларда феодализмнің дамыған көпсатылы сословиелік иерархиясы мен терең әлеуметтік-мүліктік жіктелу формасы қалыптасқан. Жоғары әлеуметтік топ – Таубилері (таулық князьдар). Таубилерімен тең емес некеден туғандар «чанка» деп аталған. Келесі айрықша сатыда Үздендер (дворяндар) тұрды. Олардан төмен таубилердің қарамағындағылар, ресми түрде 1867 жылғы реформалар нәтижесінде еркіндік алған Қаракиши (қара адамдар) тұрды. Ары қарай Азаттар – еркіне жіберілгендер, өздерін бостандықта деп есептейтін, анығында жоғары таптың өкілдеріне олардың жерін пайдаланғаны үшін тәуелді болғандар болды. Одан да төменде кейбір құқықтар мен жер телімдерін пайдалана алатын «холоптар» - Чагарлар орналасты. Ең соңғы сатыда Казак немесе Касаг (тексіздер, баспанасыздар) және Қарауашилер (қара бастар) – ешқандай құқығы жоқ, құл есебінде жүретін сарай малайлары тұрды.

Түрлі таптар арасындағы өзара қатынас қатаң реттеліп отыратын және жоғары әлеуметтік топтар мүддесі қорғалатын. Егер Таубилері той, ас және т.б. ұйымдастырса, уздендер, караккишилер және басқалар сыйлықтар жасау, қызмет пен құрмет көрсету секілді белгілі бір шығындарды көтерген. Қанды кек, ұрлық мәселелері мен өзге де кикілжіңдерде кінәлі болып қалған Таубилері басқалармен салыстырғанда жеңілдеу жазаланды немесе ешқандай жауапкершілікке тартылмайтын – феодальдық тиіспеушілік құқығы іске қосылатын. Некелер әдетте, қауымдық (қазақша айтқанда, тең-теңімен ғана қосылған) тұйық болды. Оның үстіне, қауымдар мен оларға көрші халықтар арасындағы көптеген сот істері, даулар мен кикілжіңдер, соғыс пен бейбітшілік мәселесі және т.б. халық форумы – Төреде шешілді, оған түрлі қауымдар қатысатын. Ерекше жағдайларда ол заң шығару қызметін де атқарған.

Әр ауылдың немесе қауымның өз Төресі болды, оның басында таубии – олий («Ұлыүй» дегені болар) отырды. Қажет жағдайда бірнеше немесе барлық Балқар қауымдарының форумдары шақырылатын, оны бәрінен де ықпалдырақ таубий – жоғары олий («биік Ұлыүй» болуы мүмкін, ал хұндарда «Шыңүй» делінгенін еске саламыз) басқарды. Қандай да бір даулы мәселелерде Балқария Төресіне кейде Қарашайдан, Осетиядан және басқалардан да жүгінетін.

Балқарлардың Ислам дінін қабылдау үрдісі ХҮІІ ғасырдан бастау аллды. Алайда, ХІХ ғасырда олардың наным-сенімі әлі де христиандықтың, Исламның және христиандыққа дейінгі дәстүрлердің күрделі жиынтығы болған. Магияға, қасиетті ағаштарға, тастарға, жебеуші құдайларға деген сенім сақталып келді. Қазіргі кезде балқарлардың барлығы дерлік мұсылман сүнниттер. Дәстүрлі шаруашылықтың жетекші саласы – жайылымға негізделген мал шаруашылығы (қой және ірі қара мал, ешкі, жылқы, ХҮІІІ ғасырдың соңына дейін шошқа)» (Балқарлар тарихынан).

Бекжан Әденұлы

Abai.kz

 

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5568