Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дін мен тін 4251 5 пікір 30 Сәуір, 2020 сағат 04:36

Санадағы шырмауық

Белгілі қаламгер Дидахмет Әшімханұлы тірі болса биыл 70 жасқа толар еді. Әдебиет пен журналистика майданында қатар тер төгіп, артында мол мұра қалдырған жазушы-журналист өмірінің соңғы күніне дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. Біз бүгін жазушының жазылғанына 17 жыл уақыт өтсе де өзектілігін жоймаған "Санадағы шырмауық" атты мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Редакция

Бүгінде қазақ баспасөзі мен қазақтілді журналистер жөнінде кімдер не десе, о десін, негізінен бір мәселенің басы ашық. Қолына қалам ұстаған қазақ азаматы осынау кең байтақ жердің заңды мұрагері, осы жерді мәңгі қоныс етіп қалар ертеңгі ұрпағының шын жанашыры, өз елінің төл перзенті, өз ұлтының сүйікті ұлы ретінде мемлекет туралы, қоғам туралы, билік басындағы әртүрлі мәселелер жөнінде, экономика мен әлеуметтік, рухани өмір хақында қандай бір ойлар толғаса да, көкірегінде өз елі мен жеріне деген, өз ұлты мен мемлекетіне деген мыс-қалдай болсын жанашырлығы жататыны анық. Ал, шын ниетпен, шын жанашырлықпен айтылған сөзден артық не бар? Әрине, кейде қызбалықпен артық-ауыс пікірге жол беріп алатын да сәттері болуы мүмкін. Бірақ бұны саналы оқырман салқынқанды қабылдар деп ойлаймын.

Қазіргі елімізде жүріп жатқан идеология төңірегінде көптен бері көкірегімді мазалап жүрген біраз ойларымды мен де осындай жанашырлықпен ортаға салсам деймін. Сондықтан төмеңде айтылатын кейбір сөздерім мен ойларыма түсіністікпен қараған жөн болар.

Ел Тәуелсіздігін алғанына, міне он екі жылдан астам уақыт өтті. Осы он екі жылда еліміз идеология саласында қандай ауқымды жұмыстар жүргізді? Қандай биіктерге қол жеткіздік? Iркілістеріміз бен серпілістеріміз қай жерде? Неден ұттық, неден ұтылдық? Алдағы уақытта бұл салада қандай жұмыстар жүргізуіміз керек?

Жасырып-жабары жоқ, Тәуелсіздігімізді ала салып біз негізгі жұмысымыздың басын өткенге тас лақтырып, топырақ шашудан бастаған сияқтымыз. Яки 73 жыл өмір сүрген Кеңестер Одағы мен коммунистік жүйеге негізінен сын көзбен қарап, оны қалай да қаралай түсуге ұмтылғандаймыз. Меніңше, Тәуелсіз Қазақстанның идеология саласындағы алғашқы қадамы осыдан басталғандай. Бұл жұмыстан қазақтілді журналистер де аянып қалған жок. Кейде асып түскен, артық кеткен кездері де көп болды. Қазақ журналистері жаппай өздері ұзақ жылдан бері қызмет істеп отырған баспасөздерінің атын өзгертуге көшті. Мәселен, санаулы ғана уақыт аралығында «Мәдениет және тұрмыс» – «Парасат» болып, «Білім және еңбек»– «Зерде», «Пионер» журналы – «Ақ желкен» болып шыға келді. Тираж жоғалтқаннан басқа, бұдан олардың не ұтқанын кім білсін. Бұл жұмысты тындырып алғаннан кейін, әрқайсысы «келмеске кеткен» КСРО-ның ұзақ жылғы кір-қоқысын қопаруға кірісті. Ешкімді аяп қалған жоқ, ештеңеден тайынбады да. Рас, Кеңестер Одағына деген бәріміздің де өкпеміз мол, ренішіміз көп еді. Әсіресе, ондаған жыл бойы елді жаппай орыстандыруға, ұсақ халықтарды тілінен, ұлттық салт-дәстүрінен айыруға бағытталған коммунистік идеология есімізге түскенде, әрқайсымыздың зығырданымыз қайнап шыға келуі заңды болатын. Сондықтан да, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы қазақ баспасөзінің жағдайын түсінуге әбден болатын шығар. Бірақ, өз басым бір нәрсеге келісе алмаймын. Тарихқа сын көзбен қарау-ға болады, бірақ, оны тұтастай сылып тастауға, тұтастай жоққа шығаруға болмас. Біз алғашқы жылдары осыған көбірек көңіл бөліп кеткен сияқтымыз. Қазір де одан толық арылып болғанымыз шамалы. Осы тұста мына бір ақиқатты еске алу артық етпес. Кез-келген дүниенің, кез-келген құбылыстың көлеңкесі мен күнгейі болады. Бұл жағынан 73 жыл дәурен сүрген Кеңестер Одағының күнгейі де, көлеңкесі де жеткілікті еді. Біз осы жүйенің көп жағдайда көлеңкесін көрдік те, күнгей жағына аса мән бермедік. Бұл тұста күнгейі дегеннен гөрі үйренетін жағы деген жөн болар. Ал, сонда ескі комму-нистік жүйеден біз не үйренуіміз керек еді? Iсті жүргізудің әдіс-тәсілдерінен!

Иә, Кеңестер Одағы бұл жағынан алдына жан салған жоқ. Соның арқасында ол өз ғұмырын 73 жылға созды. Соның арқасында ол соқа ұстаған мешеу елді жарты ғасырдың ішінде атомдық державаға айналдырды. I дүниежүзілік соғыста масқара боп жеңілген Россия арада 73 жыл өткенде, СССР атымен дүниежүзіндегі ең алдыңғы қатарлы, ең қуатты ел болуға жетті. Бас-тысы – оның идеологиясы мықты болды. Қаңдай маңызды ірі істерді қолға алғанда, Кеңестер Одағының идеологиясы бірінші кезекте жүрді. Мәселен, 20-30-жылдардағы тарихты, сол уақытта жарық көрген шығармаларды оқып отырсақ, Кеңестік идеологияға қайран қаласың. Ол уақытта үгіт-насихат жұмысы бәрінен де бұрын жүрген. Яки, коммунистер өмірді өзгертуден бұрын, ең алдымен сананы өзгертуді қолға алған. Нәтижесінде ел басына түскен небір ауыртпалықты, қауіпті кезеңдерде мемлекетті аман алып қалды. Ол жылдары коммунистік идеологияның кереметтей нәтиже бергені сондай, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ел мұраты, отан мүддесі үшін жұмыс істеді. Адамдарды осындай дәрежеге жеткізу үшін Коммуннстік партия ең алдымен өнер қайраткерлерін, өнер туындыларын өте шеберлікпен, ұтымды, әдемі пайдалана білді.

Байларды, молданы

қойдай қу қамшымен!

Бұл – 20--жылдардағы қара тобырдың «гимні».

Бұл «байлардың» ішінде, әрине, Павлик Морозов сияқты балалардың да әкесі кетті. Коммунистік идеологияның санаға сіңгені сондай, Павлик сияқты балалар өз әкесін де аяп қалған жоқ. Әрине, бұны ешуақытта ақтап алуға болмайды. Біздің айтайық дегеніміз, идеологияның аса қуатты тәрбие кұралы болғандығы. Коммунистік идеология діңді ұзақ жылдар бойы апиын деп бағалағаны белгілі. Ал, шын мәніндегі нағыз апиын коммунистік идеологияның өзі болды. Бұл апиын марксизм-ленинизм көсемдерін әркімнің санасына құдай дәрежесіне дейін көтере білді. Бүгінгі ұрпақтың бісмілласы Аллдадан басталса, ол уақыттағы адамдардың бірінші сөзі Ленин мен Сталиннен басталатын еді.

«Молланың айтқанын істе, істегенін істеме». Кеңестік жүйе туралы айтқанда, есіңе осы сөз түседі. Иә, Кеңестер Одағы мен Коммунистік партияның қанқұйлы саясатын еңді қайталаудың қажеті жоқ. Бірақ, олардың саясат жүргізудегі кейбір әдіс-тәсілдерін бүгінгі өмірімізге де оңтайлы пайдалану артық етпес еді. Айтпағымыз – ең алдымен, идеологияға басты назар аудару. Ал, біз қазіргі уақытта идеологияға басты назар аударып отырмыз ба? Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда біздің арамызда ең көп талқыға түсіп жүрген сөздердің бірі – осы идеология. Оны біреулер бар дейді, біреулер жоқ дейді. «Жоқ» деген әрине, бос сөз. Идеология бар, бар болғанда қаңдай? Және, Кеңестер одағында негізінен бір-ақ идеология, комму-нистік идеология жүрсе, бүгінде біздің арамызда идеологияның бірнеше түрі өмір сүріп жатқандай. Бұл жөнінде мен бұдан төрт-бес жыл бұрын «Түркістан» газетінің бетінде «Идеалогия бар. Бірақ, ол қандай идеология?» деген тақырыпта біраз ой қозғаған болатынмын. Бірақ, ол мақаламда мен негізінен күнделікті тұрмыстық идеология туралы ой қозғаған едім.

Идеологиясыз мемлекет болмайды. Ал, кез-келген мемлекетте ең алдымен мемлекеттік идеология жүреді. Бұл идеологияны екінші түрде ырықсыз идеология деп атауға да болар. Яки, жалпы көпшіліктің ырқынсыз, ерік құзырынсыз билік басы арқылы жүретін идеология. Бұл идеология мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын пәрменді жүргізуге бағытталған ең пәрменді қаруы, басты қондырғысы. Тәуелсіздік алғаннан бергі Қазақстанның негізгі идеологиясы – ел Тәуелсіздігін баянды ету, халықтық, ұлттық бірлікті нығайту, әлеуметтік-экономикалық жағдайларды жақсарту, көрші елдермен тату-тәтті өмір сүру, Республикаға сырттан инвестиция тарту сияқты аса маңызды мемлекеттік мүдделерді жүзеге асыруға бағытталды. Қысқасы, біздің мемлекеттік идеологияның ауқымы қазіргі жерді жекешелендіру мен сонау 2030-ға дейінгі аралықты қамтып жатыр. Мемлекет осындай идеологиясын жүргізу үстінде қалың қауымның, көпшілік жұрттың пірік-ойыменен, қалауы-мен санаса ма, санаспай ма, ол басқа әңгіме. Бірақ, ол осы бетінен, осы идеологиясынан қайтпайтыны белгілі. Өйткені, ол ықтиярсыз, ырықсыз идеология. Мемлекет осылай жүргізуге тиісті идеология.

Екінші – ұлтгық идеология. Мемлекеттік идеологиямен қабаттас, қатарлас, мұраттас жүретін идеология. Оның түпкі мұрат-мақсаты ғасырлардан бері ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп келе жатқан ұлттық кұндылықтарға жанашыр болу, оны көзінің қарашығындай сақтау, оны келер ұрпаққа аман-есен жеткізу. Сондай-ақ, ұлттық мәдениет пен әдебиетке, ұлттық салт-дәстүрге, ұлттық әдет-ғұрыптарға, тарихи-рухани мұраларға үлкен кұрметпен карап, оларға дер кезінде нәр беріп, қуаттандырып отыру. Бірақ, бұл әсте де жеке бір ұлттың мүддесін қорғап, басқалардың мұратын жоққа шығару емес. Демек, бұл таза ұлтшылдық сипаттағы идеология емес. Керісінше, ол арам пиғылсыз, таза ниеттегі, таза адамгершілік-ке құрылған интернационализмнің бірінші жанашыры, ең жақын досы. Егер, бейнелі түрде интернационализмді ұлт аспаптар оркестрі десек, оның бас дирижері – ұлттық идеология. Ұлттар мәдениетінің ықпалдастығын, бір-бірін толықтырып гүлдендіруін, дамытуын ол жоққа шығармайды. Бірақ, ұлттар мәдениетінің бір-бірін жұтып қоюына, бір ұлт мәдениетін екінші ұлт мәдениетінен артық қоюға ол түбегейлі қарсы. Ол ғасырлар бойы бүкіл адамзаттың игілігіне жарап келе жатқан, барлық ақыл-ой құндылықтарын кұрметтейді. Алайда, ол келісе алмаса, тек космополиттік ұғым-түсініктермен ғана келісе алмауы мүмкін.

Ата заң бойынша Қазақстан – зайырлы мемлекет, яки, «светское государство». Бірақ, бұл ұлтсыз сипаттағы мемлекет деген сөз емес. Ата заңда айқын жазылған «Қазақстан Республикасы» деген сөздің нақты мағынасы Қазақ елінің республикасы деген ұғымды береді. Бұл атауға ие болуға оның толық кұқы бар. Өйткені, қазір Қазақстанды мекендеп жатқан жүздеген ұлттың ішінде тек өз елінде, өз атамекенінде отырған жалғыз халық – қазақ халқы. Бұл жер, бұл атамекен қазақтарға ата-бабасынан қалған ең асыл мұрасы болып табылады. Заңдық тұрғыдан алғанда жеке адамдар жеке мүлкіне иелік етуге қаншама құқы болса, қазақ халқы да өзінің ата-бабасынан қалған мұрасына соншама иелік етуіне толық құқылы. Соңдай-ақ, қазақтың тілі мен ділі де, салт-дәстүрі мен рухани-мәдени жәдігерлері де оның ата-бабасынан қалған асыл мұрасы. Демек, бұларға да иелік етуге оның қақысы бар. Ұлтын ойлай білетін алдыңғы қатарлы зиялы қауым осы үшін өткен ғасырдың басынан бастап күресіп келеді және күресе де бермек. Бұл күрестегі оның басты қаруы, әрине, ұлттық идеология. Бірақ, осы тұста біз мынадай мәселені ескеруіміз қажет. Бүгінде ұлт зиялыларының көпшілігіне ұлттық идеологияны мемлекет, үкімет жасайтын сияқты боп көрінеді. Көбіңде соларға арқа сүйейді. Солардан пәрменді күш күтеді. Бірақ, біздіңше бұл қате ұғым, қате түсінік. Өйткені, билік басындағылар ең алдымен мемлекеттік идеологияның жағдайын ойлайды. Ұлттық идеология олар үшін екінші пландағы дүние. Мәселен, қараңыз, бұдан біраз жыл бұрын Президент ұсынған «2030» ұзақ жылдық стратегиялық бағдарлама дүниеге келісімен, ол бірден идеологияға айналып жүре берді. Бұл жөнінде БАҚ-та қаншама пікірталастар ұйымдастырылды. Iле-шала кітаптар жарық көрді, брошюролар дүниеге келді. Сондай-ақ, осы 2030 ұраныменен көшелерге қаншама жарнамалар ілінді. Дұрыс, қолдаймыз! Өйткені, бұл мемлекетіміздің аса маңызды іс-шарасы. Ал, енді осымен қатарлас демография және көші-қон мәселесіне қараңыз. Егер әріден ойласақ, бұл мәселенің маңызы бүгінгі, ертеңгі мемлекеттік мүдделердің ешқайсысынан артық болмаса кем емес еді. Солай бола тұра оны мемлекеттік идеологияның басты бағыттарының біріне айналды деп айта аламыз ба? Рас, бұл салада үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Бірақ, көзге көрінер, көңіл құптар идеология жоқ. Қандастарымыздың шетелден орала бастағанына, яки, көші-қон процесінің басталғанына, міне, он жылдан астам уақыт өтті. Бірақ, осы он жыл аралығында әлі күнге дейін көші-қон идеологиясы жасалмаған. Көші-қон концепциялары бар, бірақ, көпшілігі ойға қона бермейді. Осы тұста мынандай бір тарихи оқиға еске түсер еді. 1954 жылы Қазақстан тыңын игеру басталған уақытта жерге соқа түспестен бұрын қағазға нота түскен. Мәселен, сол жылдары дүниеге келген өнер туындыларын (әсіресе, музыка саласындағы) біз әлі күнге дейін ұмыта алмаймыз. Сол кездегі идеологияның барысымен дүниеге келген қаншама туындыларды біз әлі күнге дейін пайдаланып келе жатырмыз. Мысалы, сол жылдардың еншісіне тиетін «Тракторшы қарындас», «Тербеледі тың дала» сияқты қаншама әндерді қазіргі ұрпақ та айтып жүр. Сондай-ақ, прозада да, поэзияда да тыңға байланысты небір әдемі шығармалар дүниеге келді! Сол уақытта өмірге келген өнер туындылары тек қана Қазақстанның емес, байтақ Кеңестер Одағының рухани игілігіне айналды. Кейін алпысыншы жылдары космосты игере бастадық. Гагарин космоска көтерілген күннің ертеңінде біздің тамаша ақынымыз Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, жер енді» деген атақты поэмасы Алматының үстінен вертолетпен жерге шашылды. Одан кейін Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу барысыңда үлкен жұмыстар қолға алынды. Iле-шала комсомол жастар бригадасы туралы көптеген поэзиялық, прозалық, музыкалық шығармалар жазылды! Міне, Кеңестер Одағы кезіндегі идеологияның көрінісі осындай болатын! Ал, қазір ше? Көші-қон басталғалы он жылдан астам уақытта өнер саласында дүниеге келген қандай ірі туындыларды білеміз? Ауыз тұшынып айтатын ештеме жоқ.

Кеңестер Одағы кезінде тек идеологиялық жұмыспен айналысатын белгілі бір қызмет орындары болушы еді. Мәселен, әрбір Республикадағы Орталық Комитеттің үшінші хатшысы негізінен осы жұмысқа бас-көз болды. Облыстық, аудандық партия комитеттерінде де идеология саласына бөлінген арнайы хатшылар жұмыс істеді. Сондай-ақ, совхоздағы парткомдар мен комсомол хатшылары да одан қалыс қалған жоқ. Қазір, әрине, ондайды біз ұмытқанбыз. Бірақ, бұл бүгінде елімізде идеологиямен ешкім айналыспайды деген сөз емес. Баспасөз және ақпарат, Білім және ғылым  министрліктері мен облыс, аудан әкімішліктеріндегі ішкі саясат бөлімдерінің жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен ұлттық идеологияны қалыптастыруда жалғыз олардың жұмысы аздық ететіні белгілі.

Шындығында, ұлттық мұрат-мүдделерге қатысты барлық істің, барша күрестің басыңда қай уақытта да ұлттың зиялы қауымы тұрып келген. Тұра да береді. Ұлттық идеологияның негізгі тұтқасы солардың қолында болуға тиіс. Калың бұқара алдымен соларға үміт артуы керек.

Бұл істе, әсіресе, қолына қалам ұстаған азаматтардың көтерер жүгі ауыр. Қаламгер қауым қашан да қалың бұқараның бетіндегі қаймағы, түбіндегі қоюы, ар-ұяты, ақыл-ойы болған. Ұлттық мұрат-мүдделерден туындаған қиын түйіндерді шешуде олар қайбір заманда да аянып қалған емес. Қазақ үшін ең ауыр кезең XX ғасыр болса, сол ғасырдағы қазақ жазушылары мен журналистерінің ұлт мұраты жолындағы жанкешті күресі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болса керек. Бүгінде олардан калған дәстүр бар. Олардан қалған шығармашылық одақтар бар. Біздіңше, ұлттық идеологияға қатысты көп жұмыстың басында осы одақтар тұруы керек. Егер, Қазақстан Жазушылар одағының 700-ге жуық мүшесі болса, олардың әр қайсысы ұлттық идеология майданының бір-бір сарбазы болуға тиіс. Қазірдің өзінде олардың атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Дегенмен, бұл жұмыстардың стихиялық жағы басым. Мақсатты істерге мақсатты багдарлама болса, сол бағдарлама бойынша жүйелі жұмыс жүрсе деген тілек бар.

Егер, Жазушылар одағы басқа да шығармашылық одақтармен (Композиторлар, Журналистер, Суретшілер, т.б.) біріге отырып іс-қимыл жасаса, ұлттық идеологияның қадам басуы, қалыптасуы ширай түсер ме еді, кім білсін. Бір ғана мысал, Қазақстан Жазушылар одағы көші-қонға байланысты конкурс-тар ұйымдастырып, жақсы шығармаларға бәйгелер жарияланып, олар іріктеліп, озып шыққандар марапатталып отыратын болса, жақсы дүниелер сахнадан да, баспа өнімдерінен де көрінер еді. Әрине, бұл саладағы жұмыстың көпшілігі қаржыға тірелетіні белгілі. Ал, олар қолымызда қаржы жоқ, не істейміз деуі мүмкін. Алайда қазір өнер туындыларына меценат болып жүрген ұлтжанды азаматтар бар. Егер, игілікті іске соларды тарта білсек, мүмкін іс бір нәтижесін берер. Ұлттық идеология туралы бұл айтып отырғанымыз жеке ойлар. Алдағы уақытта ойға ой қосатындар болса, тіптен құба-құп!

Мемлекеттік, ұлттық идеологиямен қатар қазір Респуб-ликамызда жүріп жатқан үшінші идеология бар. Біз оны шартты түрде келімсектік идеология дейміз. Еліміздің болашағы үшін, бұл өте қауіпті идеология. Оның қауіптілігі сонда, оны ешкім көріп жатқан жоқ. Бірақ күн сайын жүріп жатқан идеологияның бірі осы. Ол сонда қандай идеология? Шеттен ағылып келіп жатқан неше түрлі ағымдағы, неше түрлі ойдағы, неше түрлі идея әкеп жатқан кітаптар мен өнер туындылары, көп сериялы телефильмдер, қарақшылық жолмен тарап жатқан әртүрлі аудио, видео таспалар. Бұлардың қауіптілігі сонда – оны кез-келген адам байқай бермейді. Оның бетіңде қалың бетпердесі бар. Ал, бетперденің ар жағында арам пиғыл бар. Ол пиғыл – қалай да біздің тәуелсіздігімізді әлсірету. Бізді ұлттық тамырымыздан, ата дінімізден, ана тілімізден айыру. Мемле-кеттік идеология мен ұлттық идеология күрессе ең алдымен, осы келімсектік идеологиясымен, яки сырттан келіп жатқан идеологиямен күрескені жөн болар еді.

Төртінші – діни идеология. Қазақстаңда басты екі дін бар. Ол – мұсылмандар және христиандар діні. Бірақ, бұлармен қатар қаншама басқа діндердің белгілі бір секталары бізде тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Еліміздің тәуелсіздігіне, ұлттық бірлігіне түсетін бір қауіптің үлкені осы. Оның түбі тұтастай бір халықты немесе ұлтты екіге я одан да көпке бөліп жіберуі әбден мүмкін. Ал, сенім бірлігі сәйкес келмеген жағдайда елде азамат соғысы тұтанып кетпесіне кім кепіл. Бұның бір мысалын осыдан жеті-сегіз жыл бұрынғы Руандадағы оқиғадан да байқаймыз. Осының бәрін көре, біле тұрып, мұндай идеологияға қалай ырық беріп отырғанымызға, не үшін күреспей отырғанымызға, күрессек күресіміз нәтижесіз болып отырғанына қайран қаламын.

Бесінші – күнделікті тұрмыстық идеология. Бұл жөнінде «Түркістан» газетінде жарияланған «Идеология бар. Бірақ, ол қандай идеология?» деген материалымда жан-жақты тоқтала келіп, соңғы оншақты жылда адам танымастай өзгерген коғамдық, тұрмыстық көріністердің (көшедегі шетелдік көліктерден бастап, үй-жайларға дейін) бүгінгі ұрпақ санасына, әсіресе, жас ұрпақ санасына стихиялы түрде әсер етер ықпалы жөнінде, соған орай қалыптасар мінез-құлық, дүниетаным, арман-мұрат туралы ой қозғаған едім. Қазір де оны қайталаудың артықтығы болмас. Сонымен, күнделікті тұрмыстық идеология дегеніміз не? Ең алдымен, идеология деген сөздің түпкі мағынасына үңілетін болсақ, оны тереңнен талдаудын қажеті шамалы. Идеология дегеніміз – күнделікті адамдардың санасына не сіңіп жатса, сол идеология. Бір ғана мысал: қазіргі мектеп оқушысы «кім болам» деген сұраққа баяғыдағыдай «космонавт болам, жазушы болам» дер ме екен?... Бір сөзбен айтқанда, күн сайын көз алдында өтіп жатқан материалдық байлықтың көріністері ұрпақ санасын уламай қоймақ емес. Демек бұны да байқатпай баспалап жүріп жатқан идеологияның бір түрі деп білген жөн. Демек, қазір көшеде кетіп бара жатқан адамның миына не сіңеді? Екі-үш қабатты әдемі үйлер... Неше түрлі шетелдік машиналар... Осы машиналар, үйлерді көрген кішкентай бала не деп ойлайды? Өскенде осындай әдемі машина мінсем, осыңдай жақсы үйде тұрсам деп армандайды. Қазірдің өзінде санаға сондай ұғым қалыптасқан. Демек, идеология жүріп жатыр деген сөз.

Демек, Қазақстанда идеология жоқ деген бос сөз. Ал, ұлт үшін, жалпы халық үшін жоғарыда аталған идеологиялардың арасында бізге пайдалысы қайсы? Міне, біз осы туралы ойлануымыз керек. Бірақ, бір нәрсенің басы ашық. Халыққа, мемлекетке аса қажетті идеологияның басында қай уақытта да ұлттың зиялы қауымы, өнер-мәдениет қайраткерлері болуға тиіс. Меніңше, біз әрқашанда мемлекеттік идеологияны сүйемелдей отырып, ұлттық идеологияны дамыта беруіміз керек. Бізден осыны ұрпақ күтеді, ертеңгі болашақ күтеді.

2003 ж.

Abai.kz

 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560