Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
46 - сөз 4938 1 пікір 30 Сәуір, 2020 сағат 14:09

Қазақстанның аграрлық әлеуеті мол, бірақ...

Қазақстан аграрлық әлеуеті мол ел. Алайда сол мүмкіндікті толықтай пайдаланып отыр деп айта алмаймын. Егерде біз жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырғымыз келсе, онда түбегейлі реформа қажет.

Қазақстан 100% өзін-өзі асырап, артылғанын экспортқа шығаруға қабілетті мемлекет. Әсіресе ауылшаруашылық саласын дамытуды басты мақсат етіп алған жөн. Өкініштісі, бізде аграрлық сектор жалпы ішкі өнімнің 5-6 пайызын құрап отыр. Бұл мардымсыз. Оны қалай арттыруға болады? Жолдары көп.

Әрине жыл сайын мемлекет Агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамыту үшін жүздеген миллиард тенге бөліп жатыр. Және осы саланы дамытудың 2021 жылға дейінгі арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда. Дұрыс. Қолдаймыз. Алайда бәрі жақсы деуге болмас. Еліміздің әр аймағының ерекшелігі ескеріле отырып, соған сай дақылдар өсіріліп жатқаны белгілі.

Мәселен, оңтүстік жақта, күріш, пияз, қызылша, қияр-қызанақ, қырықабат, қауын-қарбыз, мақта дегендей. Ал солтүстік аймақтарда негізінен бидай өнімдері. Мал шаруашылығы өз алдына. Өкініштісі, бізде осы өндірілген өнімдерді өңдеу саласы жеткіліксіз. Даяр өнім шығаратын зауыт - фабрикалардың көбі қазір тоқтап тұр. Қаржы тапшылығын бастан кешіруде. Не болмаса ілдәлап жұмыс істеп тұрғандардың өзінде мықты менеджмент жетіспейді.

Мәселен Меркі қант зауытын алайық. Сол өңірде қызылша өсіретін 200 дей фермер қызылшасын осы зауытқа өткізеді. Егерде зауыттың менеджменті мықты болса, өз өнімдерін өткізу үшін жаңа нарық іздеп, өнімді ұлғайтуға мүмкіндіктер туар еді. 200 емес, 2000 фермердің өнімін сатып алуға болар еді. Әрине мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Елдегі ет өнімдерін өндірудеде осындай кемшіліктер бар. Ет өнімдерін өңдеп ішкі және сыртқы нарыққа шығаратын қаншама зауыттар тоқтап тұр. Біріншіден қаражаттың жеткіліксіздігі, екіншіден шикізатты зауытқа жеткізудегі кемшілік.

Сыртта Қазақстанның етіне сұраныс көп. Өкнішке орай, аяққа оралғы болған осындай кедергілердің кесірінен көп пайдадан қағылудамыз.
Елімізде, экспортты қолдауға бағытталған 500 млрд теңгенің 100 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы экспортына бағытталған. Бұл аздау. Неге?

Өйткені қазіргі АӨК өнімдерің экспортының 60%-дан астамы — шикізаттық өнім. Бізге сыртқа шикізат күйінде емес, таза өнім түрінде экспорттау тиімді. Түсетін пайда да екі есе болмақ. Егерде жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырамыз десек, онда шикізаттық экономикадан құтылғанымыз дұрыс.

Әсіресе өнімді өңдеу саласына көбірек мән берген жөн. Біз тек мұнай-газ және түсті металдар саласына ғана көңіл бөлмеуіміз керек. Өйткені олардың әлемдік бағамы үнемі секіріп тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласы қашанда басты назарда болған жөн.

Азаматхан Әміртайдың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2068