Жұма, 27 Қаңтар 2023
Абай мұрасы 2854 8 пікір 4 Мамыр, 2020 сағат 12:38

«Жаңа закон» өлеңі – анық Абайдікі

Патшалық Ресей үкіметі қазақ даласын мәңгі уысында ұстау қамында 1868 жылдың күзінде жаңа закон (арабша - низам) қабылдаған болатын. Қазақтың мінезі, елдің сиқы тез арада өзгеруіне осы заң себепкер. Неге? Себебі, ерік – жан қалауы, еркі жоқ ел қорғансыз. Тез тозады. Міне, Абай сол рухани сойқанның куәгері, әрі суреткері. «Жаңа закон» – ел мұңы мұңдаған қарлығаш жыры. Өлең өзегі – аталмыш заң салдарынан қазақтың азып-тозған хәлі. Бұл өзі беріде, 1970-жылдардың басында табылған туынды. Алғаш рет «Жалын» журналы (1971, №4) басқан, бастапқы үш шумағын алып тастап. Өлең Абайдікі деп дәлелдеуден бұрын жырдың қилы тағдырын сөз етпекпін. 

Көлемді (34 шумақ) өлеңді Омбы архивінен тауып алған, алғаш пікір жазған – академик Әлкей Марғұлан болатын. Бірінші бетінде «Джанга закон» деп аты жазылған ұзақ өлең 1884 жылы Семей қаласынан Омбы қаласының тұрғыны, қазақ арасында өскен орыс ғалымы Г. Н. Потанинге «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырымен бірге жіберілген. Архив шаңына 85 жыл көмілген шығарма Абайдікі деп Әлекең бірден-ақ айтқан. Бірақ қасаң саяси көзқарас, советтік ойлау жүйесі өлеңді Абай жинағына жолатпаған. Өстіп, ұмытылған. 

Осыдан бірер жыл бұрын «Жырды қайдан іздесем?» деп байыз таппай жүргенімде Тұрсын Жұртбай құрдасым кездесіп, жөн сілтеген еді. Өлең сол «Жалын» журналынан табыла кетіп, көп ұзамай әлеуметтік желіге салдық. Хош, резонанс болды ма? Жоқ, үн қатқан жан болсайшы. Егер Шекспирдің, Гетенің, Байронның немесе Пушкиннің бірер шумағы табыла қалса, бөркімізді аспанға атып, «Ой-хой! Пәлі!» десіп жабыла шуласар ма едік. Абайдың ең көлемді төл өлеңіне қалам ұстаған қауым селт етпеді...

Қасқайып тұрып, мінберден: «Абай мұрасы – қазақтың киесі», «Әлем қазақты Абай арқылы танымақ!», – дейміз. Өмір шындығында, көзбояшылық пен науқаншылық бет қаратпай тұр. Сол себептен көңілде сенім жоқ, «Жаңа закон» өлеңі архив сөресіне қайта кетуі әбден ықтимал. Қолға қалам алып, асылдың сынығындай мұраны қорғап қалуға әрекеттеніп отырған жайым сол.   

Осымен, өлең мазмұнын екшеп, саралауға көшейік. Ілкіде Әлекең оны тауып алып, жариялады, бірақ Абай жинағына кірмеді дегенбіз. Баспаға дайындалып жатқан жинақтың редакторы әдебиетші ғалым Ы. Дүйсенбаев: «Жоқ, өлең Абайдікі емес!» деп «үкім» кескен. Неге? Ұзақ өлеңін кіріспесін:

Орысқа қарағалы көп жыл болған,
Бір де еркек жоқ ел үшін еңбек қылған.
Патшаға барып жүрген жақсылары,
Шекпен үшін, шен үшін босқа ұмтылған, деп бастап, Абай әрі қарай былайша толғаған:

Хабар жетіп патшаға біздің жақтан,
Жаны ашып ойшылдарға ой ойлатқан.
Қазаққа осы жақсы, пайдалы деп,
Ойшылдар жаңа закон – низам тапқан.
Шығарған бір законды қазаққа деп,
Бұрынғыдай қалмасын азапқа деп.

Қазы, майор, тілмаш пен казак-орыс,
Елді иттей таламасын мазаққа деп.
Түзетемін десе де қазақ халқын,
Іштегілер көп білмес елдің парқын.

 Жаңа аты аталған әдебиетші ғалым:  «Абай бұлай жазбаса керек еді» дей келе, оның дәлеліне тап осы 14 жолды алған ғой. Ақ патша қазақтың қамын жеді, «жаны ашып» жаңа закон жазуға «ой ойлатқан» деген сөздер  үрей шақырып, баршаны шошытқан. Сол үшін кіріспені байыптап өтейік.  

Сөз басында патша ағзамды әспеттеу – көршіміз Ресейде ежелден қалыптасқан дәстүр. Дара билік тек патшаның ғана уысында (мұндай билік жүйесін – «монархия» дейді) еді. Заң, ереже, қаулы-қарар дегендеріңіз – тек патшаның ғана ықтияры. Сол себептен орыстың ақын-жазушылары (Крылов, Гоголь, Толстой, Салтыков-Щедрин және т.б.), барлық оқығандары патша ағзамға құдайдай сенді. Жамандық атаулы төменгі көп шенеуніктен десті. Патшаға қалың орыс шаруаларының хәлі беймәлім, егер оған шындық жетсе, жағдай түзелер деп үміт артты (біздің қазақта да әлімсақтан әділеттілік кепілі – хан билігі болған). «Қазы, майор, тілмаш пен казак-орысқа» қазақ иттей талануда деп мәлімдеп отырған Абай да ақ патша хабарсыз деп ойлаған болар. Орыс-түрік соғысы кезінде (1877-78) патша әскерін қолдаған хатын еске алайық. Қысқасы, кіріспедегі патшаға мадақ – сол заманның жазылмаған заңы, он екі жыл ұдайы болыс, яғни патшалық әкімшілік қызметкері болған Абайдың оны ұстануы табиғи құбылыс. 

Енді «Іштегілер көп білмес елдің парқын» деген жолға сәл бөгелейік. Қазақ халқы Ресей мемлекетінің территориясын «ішкі жақ», оның ел-жұртын «іштегілер» дейтін. Бұл жерде «іштегілер» – жаңа заңды дайындаған арнайы комиссия мүшелері. Заң дайындалуының тарихы қызық. Комиссия құрамына ұлықтар да, зиялы ойшылдар да кірген. Екі жақ мәмілеге келе алмай (бірі – реакцияшыл, екіншісі – прогрессшіл топ) айлар бойы айтысқан. Сол айтыс-тартысты Михаэлис және өзге де достарымен бірге Абай да қалт еткізбей қадағалап отырған. Заңға қатысты газет, журналда басылған материалдар арқылы. Алдыңғы үш шумақ осы ойға жетелейді.

Сөйтіп, «Жаңа закон» өлеңіне советтік шаблонмен қарау бүгінгі таңда, жұмсартып айтқанда, жарамсыз. Ә бастан ақ патшаға тіл тигізіп, оны улы сия, ащы тілмен түйреген Абай бейнесін іздеу – қиялға ұрынумен пара-пар.  

Енді ортаңғы шумақтарға ауысайық. Жаңа байыпталған кіріспе, ондағы сабырлы, майда тіл – алдамшы көрініс. Әрі қарай кілең кектенген, шиыршық атқан өлең жолдары тау селіндей жөңкіле бастайды. 

... Советник, аға сұлтан, қазылыққа,
Жаратпайды қазақты надан ғой деп.
... Кеңестен де қалыппыз жаңа тағы,
Қазаққа қойылыпты шен бермегі.
 ... Оязной мен судья – ендігі ұлық,
Олардың жалуанасы тым-ақ толық.
Еркі жоқ ел, иен мал кез болған соң,
Олар да қылмай қала ма астамшылық? – деген жолдардан үйреншікті сыншыл Абай көзімізге оттай басылуға тиіс. 

Орыстың ескі заңы қайсы, жаңа заңы қайсы? Олардың айырмасы неде? Осыған тоқталмай, өте шықсақ, өлеңнің түбірін көру қиынға соғады.

Ескі заң – 1822 жылғы «О Сибирских киргизах», «Степное положение» деген Ережелер. Олар қазақтың тұрмысына һәм ішкі өміріне әкелген өзгеріс жоқтың қасы. 1868 жылғы заң мүлдем өзге. Кең байтақ дала орыс меншігі делінген, ол аздай, ұлттың жан дүниесіне алғаш қол сұққан заң осы! 

Кенесары көтерілісіндей дүмпудің алдын алу деген желеумен қазақтың ғұрпылық заңы мен дін-шариғаты күшін жойды. Қазақ қазақ болғалы қалыптасқан реттегіш салт-сана, әдет-ғұрыпқа күйрете соққы берілді.  

Бақсақ, екі заң арасы жер мен көктей алшақ. Бірақ, тап осыған мән бере қарап, зерттеп-зерделген ғалымды көрген жоқпын. Абайдың сол кезден-ақ сорақылық көмбесі Жаңа закон деген жанайқайына қайтіп таң қалмасқа.  

Жаңа законға дейін қазақтан аға сұлтан, қазы (судья) һәм губернаторға советник сайланған, әртүрлі шен (майор, полковникке шекті) берілген һәм солар ұлт мәселесін шешетін Кеңеске (ресми атауы – «Азия департаменті») мүше де болған. Ендігі жерде ше?

Кеңесте бір кісің жоқ сенің мықты,
Жөн білмес надандыққа атың шықты.
Күзеті жоқ қой қорадай аралауға,
Бұрынғыдан енді артық болар тіпті, - дей келе, Абай былайша түйін түйеді:

Бүйтіп тұрса қазақта жан қалар ма,
Оның жайын кісі жоқ аңғарарға.
Қатыныңның өзінде еркі бар ма,
Оның да еркі ояз бен жандаралда!

Көрдіңіз бе, келешек ұлы ақын саяси еркіндік идеясын көтерген!

Осы идея  бес жыл кейінде, әйгілі өлеңінде «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп қайталанбай ма. Сөз басында еркіндік – жан қасиеті, қалауы деп айттық. Ол – ең басты құндылық, өзгесі – алдап-арбау. Еркі (ырқы) жоқ елге «өз заңыңмен тұр» деп ұлықтар құр көлгірсиді:

Қазаққа «өз заңыңмен тұр» десе де,
Еркің түгілі, көп ісің өзіңде емес.

Тарихтан мәлім, Орта Азия мен Батыс Сібір жандаралдары (Черняев, Гасфорт және т.б. генерал-губернаторлар) еркі жоқ елдің дәстүрлі дініне де ауыз салды. Осыған күйінген ақын: 

Ер, қатын жанжал болса анда-санда,
Бітіруші еді кітабымен указ молда.
Муфтиден бізді айырды, указ қалды,
Ендігі ерік ояз бен жандаралда! деп айтар ойын толықтыра түседі. «Ендігі ерік ояз бен жандаралда!». Сол заманның шындығы осы. 

Реті келген соң айтқан жөн, «орысқа қарау» және оған «бодан болу» екі түрлі ұғым. Біріншісі – ерікті, екіншісі – еріксіз. Көшпелі қазақ Абылайдың ақ туы желбіреген кең заманнан  1868 жылға дейін өзін бодан (орыстың «поданный» сөзі) деп сезінді ме? Жоқ, олай болмаған. Тек қана «орысқа қарадық» деп білген. Бодан болудың себеп-салдары басқа: рулық басқару территориялық жүйеге алмасты, бір. Дала демократиясына сәйкес билікке өз қабілеті арқасында келетін рубасы, билер орнына сайлау (шар салу) арқылы сайланған болыс, билер келді, екі. Өлеңнің шүу басында Абай: «Орысқа қарағалы көп жыл болған», – деген сөзінде осы айтылған астар бар.

Сөйтіп, «бөліп ал да, билей бер» жүйесіне жол ашқан – жаңа низам. Ол толық бодан етті. Қазіргі таңда Ресей патшалығына «300 жыл бодан болдық» деп жар саламыз, бұл – ағаттық. Бодандық датасы «Жаңа закон» іске асқан кезден  саналуға тиіс. Абай өлеңінен анықталатын маңызды ақиқаттың бірі осы деп ойлаймын. 

Жасалған шегіністен өлеңнің ортаңғы бөлігіне қайтып оралайық.

... Артында – помощник пен көп шенеунік,
Бөлтірік қасқырдай-ақ жабылмай ма?
... Қарасам осы күні ел түріне,
Қазақтан достық кетті бір -біріне.
... Қалаға шауып жатыр атын бұлап,
Ақыл айтар ақсақал қалды жылап, деп  кестеленген түйдек-түйдек өлең жолдарын ел бүлінуінің жылнамасы дерсіз. 1909 жылғы тұңғыш жинақта «Халық туралы» делінген (1884-86 ж.ж.) өлеңдер циклінен етене таныс суреттер. Айталық, атқамінер топ – «онбасы, елубасы өңкей залым». Болыс пен «құр масыл» билер жалтақ, көп тентекке жағынып әуре – «Орысқа көптің сөзі алынған соң, Көп жаман тәубесінен жаңылған соң» (бұл жерде «көптің сөзі» - арызқойлар қол қойған «протокол» деген мағынада). Би көбейді дегенше, дау көбейді де. Бір болыс елге үш би жеткілікті болса, жаңа законда – «Бір болыстан шығады дәл сегіз би». Сол сияқты «Жаманға жақсыны ұлық берді жығып». Ояз бен судьяның жалақысы (жалуанасы) «тым-ақ толық». Оның «артында помощник пен көп шенеунік». Бәрінің де ұпайы түгел, өйткені, олар – пара алушылар, яғни қазақ дауының «олжаласы».  

Осы суретті жеткізуші Абай емес, өзге ақын дегенге мен сенбеймін!   Онда «Жаңа закон» өлеңінде алғаш аталған осы мәселелердің кейінгі Абай поэзиясында бір-бір арналы тақырып болғанын қайтіп түсіндірмекпіз?

Түгендеп тексеруге уақыт  тығыз, өлеңнің соңғы бөлігіне ауысайық.

Шенеунік дознанияға ақша алады,
Тергеуші «куә айтты» деп бас салады.
Ақ, қараң табылмайды «көп» айтқан соң,
Көзіңнен аққан жалғыз жас қалады.
...«Ұрды, соқты, талады, пара алды» деп,
Қор боларсың, өтірікке есің шығып.
...Құр босқа күнде тергеу көбейген соң,
Тыныш жатып ұйықтауыңа төсек болмас.
...Ар кетті, ұят кетті, намыс кетті,
Законшілер тарттырды-ау көп бейнетті.
Ең болмаса қорықпайды Құдайдан да,
Жалған ант күнде ішеді, көзім жетті.

Ешбір кітапта, кинода жоқ цензурасыз Абай осы арада! Торға түскен торғайдай шарасыз ақын көз алдыңа келеді. «Ақ, қараң табылмайды көп  айтқан соң». Бұл жерде «көп» дегенді өтірік арыз жаудырып, жалған ант ішкен арсыз пысықайлар деп біліңіз. Архив құжаты Абай тергеуде жүрген алты жылда 500-ден астам адам куәге тартылды деп дерек береді. Оның жарым-жартысы Абайға қарсы жалған арыз бергендер. Яғни: 

«Ұрды, соқты, талады, пара алды» деп,
Қор боларсың, өтірікке есің шығып, дегені де өз басынан кешкені. Жүйкеге қаншалықты ауыртпалық түскенін осы шумақтан шамалай беріңіз. Жасы 40-тағы Абайдың неліктен екі бірдей өлеңін «Қартайдық, қайғы ойладық» деп бастағаны, көзге шұқып айтатын қатал сыншыға айналғаны ендігі жерде бізді таң қалдырмаса керек. 

Өлең қай жылы жазылған? Абайды тергеу (дознания мен допрос) алты жылға (1878-1884 ж.ж.) созылған дедік. Албырт ақын қатты қысым көрген, өзі айтқандай, тергеуші «бас салған» – бастапқы үш жыл. Өлеңнің жазылу мезгілі – 1879-80 жылдар деп тұжыруға арқа тірек ғылыми негіз осы.  

Сөйтіп, өлең мазмұны жайлы сөзіміздің тобықтай түйіні: «Жаңа закон» – ешбір кінәсі жоқ, шүбәсі мен күдігі жоқ анық Абай өлеңі. Шығарма әлеуметтік және жеке бастың хәлдері өзара жымдасып, бірі біріне кіріге өрілуімен ерекшеленеді. Бұл да – Абай стилі!

 Айтылмай қалып бара жатқан бірер сөз. 1884 жылдың наурыз айында Омбыға «Жаңа закон» өлеңі жіберілген конвертте: «Семипалатинского уезда, Чингизской волости, А.К.» деген адрес жазылған. Сөз жоқ, күшті дәйек. Бірақ онсыз да өлең авторы кім деп бас қатыру қажет емес! 1880 жылдары екі тілге бірдей сауатты, әрі орыстың заңына жүйрік, әрі саяси өлең өрген ақын, әрі үйқамақта жүрген Абайдан өзге кісің қайсы? Жоқ, бір Шыңғыс болысы емес, Семей шаһарында да ондай кісі болмаған (қазақтан шыққан кімің де болса, белгілі), бұл дәлел өтінбейтін ақиқат. Бұл – бір.

Екіншіден, «Өлеңнің көркемдік жағы нашар, Абайдың бізге мәлім шығармаларынан көш төмен» дейтіндер көп. Ей, шырақтар, бұл шығарма – ауыр жылдар жаңғырығы, ақынның «ерте ояндым, ойландым» деуінің куәсі. «Сегіз аяқ» сынды шедеврдің егесі, сондай-ақ, «толық адам» ілімі иесі  ғұлама – кейінгі Абай, әзірге өлең авторы – ақындық додадан аулақ, ұлт қасіретіне алғаш бойлаған жігіт Абай. Осы айырмашылықты мықтап ескеруді өтінемін.

 Қорытынды: «Жаңа закон» өлеңі – Абай мұрасына қосылған сүбелі олжамыз. Болыс Абай (1878 жыл) мен оқымысты Абай (1884 жылы) арасы ойсырап тұрса, енді осы олқы толықты, үзілген жіп жалғанды. Халық мұңы алғаш мұңдалған туынды қадірін сезінейік, оған жол ашайық, ағайын!  Оны жинақтан тыс қалдыру – Абайға ауыр жаза деп білемін. 

Асан Омаров

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Анық-қанығы

Жақиянов: Маған ашық жала жабуға кірісті...

Ғалымжан Жақиянов 3051
Адасқандар

Мобилизация: Келімсектердің сенері - «дядя Вова!»

Жайберген Болатов 2195
Айқай

Елде ұлттық идеология өте әлсіз...

Бейсенғазы Ұлықбек 1872